Жаңа есімдер анықталмақ
Қазақстанның 100 жаңа есімі жобасына келіп түскен 2112 адамнан 300 үміткер таңдалды.
«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы бойынша өткен баспасөз мәслихатында ҚР Ақпарат және коммуникациялар вице-министрі Алан Әжібаев:
– «Рухани жаңғыру» мақаласын жүзеге асыру бағытындағы бағдарламалардың бірі – 100 жаңа есім жобасы. ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірлесе отырып, қатысушыларды іріктеу бойынша ауқымды жұмыс жүргізді. 7 маусымнан қыркүйек айына дейін жобаға 2112 үміткердің өмірі туралы мәлімет келіп түскен болатын. Жұмыс тобы мен сарапшылар жұмысты аяқтау соңында интернетте дауыс беру үшін 302 адамды таңдап алды, – дейді.
Вице-министрдің айтуынша, онлайн дауыс беру 18 қазанда басталды. Дауыс беру 10 қарашаға дейін жүрмек.
Еске сала кетсек, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасын жүзеге асыруды ұсынды. «Ұлт мақтанышы біздің бұрынғы өткен батыр бабаларымыз, данагөй билеріміз бен жырауларымыз ғана болмауға тиіс. Мен бүгінгі замандастарымыздың жетістіктерінің тарихына да назар аударуды ұсынамын. Бұл идеяны «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы арқылы іске асырған жөн. Еліміздің Тәуелсіздік жылнамасы жазыла бастағанына небәрі 25 жыл болды. Бұл тарих тұрғысынан қас қағым сәт десек те, еліміз үшін ғасырға бергісіз кезең. Әрине, жасалған жұмыстардың маңызы мен ауқымына ешбір күмән жоқ. Дегенмен, осы қыруар істі атқарған, ел дамуына зор үлес қосқан азаматтардың өздері мен олардың табысқа жету тарихы әдетте құрғақ фактілер мен цифрлардың тасасында қалып қояды. Шын мәнінде, Қазақстанның әрбір жетістігінің артында алуан түрлі тағдырлар тұр», – деген болатын. Бұл жобамен Ақпарат және коммуникация министрлігі мен Қазақстан xалқы Ассамблеясы Хатшылығы айналысып, маусым айының басында El.kz интернет-порталы базасындағы 100esim.el.kz сайтында өтінім қабылдау басталған еді.