Ұстаз ұртындағы құрма
Алма Қыраубаева
Қожа Ахмет Иассауидің ұстазы Арыстан баб бір түйір құрманы ұртында талай жыл сақтап жүріп, шәкіртіне тапсырған екен. Алланың аманатын шәкіртінің қолына ұстатқанына бұ дүниеде ең үлкен іс тындырдым деп кетіпті.Ұстаздың ұртындағы Құрма – оның жиған білімі, рухани, адамдық қасиеттері. …Бұрын ұлттық кадрларға деген көзқарастың қиын тұсында жоғары оқу орнын бітірген адамның төлқұжатындағы тіркелген жеріне қарап, басы алтын, аяғы күміс болса да ауылына жіберетін. Кең Қазақстанның әр түкпірінен келген, білімі болғанымен, сүйеуі жоқ сары үрпек балапандай, талай жігіттер құм-құмның арасына барып, сіңіп жоғалып та кеткендері болды. ІІІығармашылық адамына өсу үшін өзіндік орта керек екені ескерілмеді. Ал Алматыда тіркеліп алған, көбіне өзге ұлттың өкілдері қамшыласаң да, сыртқа бармайды. Амалын тауып үстел басына ие болып, ғылыми атақ қууына олардың мүмкіндігі зор еді.
Осы күндерде 1968 жылдан әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің қазақ әдебиеті кафедрасында қызмет істеп жүрген Тұрсынбек Кәкішев әдеби үйірме жүргізетін. Үйірмеде небір талапты жігіттер бар. Олардың білімі мен мәдениеті басқалардан ерекше екенін танып алған үйірме жетекшісі оқуларын бітірген соң әлгі балаларды соңына ертіп, Оқу министрлігіне тартты. Сондағы жігіттердің айтуынша, алдыңда атақаздай бастап бара жатқан – Тұрсынбек аға, соңына имене ерген жасөспірімдер: Жанғара Дәдебаев, Серік Негимов, Болатжан Әбілқасымов, Балтабай Әбдіғазиев, Ж.Әбішевтер болатын.
Оқу министрінің сол кездегі орынбасары Әуезхан Қанафиннің алдына әлгі жігіттерді қаздай тізіп отырғызып қойды да, болашағы бар, білімді, елге тұтқа болар азаматтар екенін, сондықтан Алматыда қалдыру керектігін айтты. Әуезхан Қанафин: «Жақсы мұғалім ауылға керек емес пе?», – депті.
ХХ ғасырдың 50-ші жылдары әдебиеттану ғылымына бір топ жас жігіт келіп, сол кезеңде репрессияға ұшыраған аға ғалымдардың орнын басып, өздерін бірден танытқан болатын. Бұл шоғырдың ішінде З.Ахметов, М.Базарбаев, З.Қабдолов, А.Нұрқатов, С.Қирабаев, Р.Бердібаев сияқты белгілі азаматтар жүретін. Солардың ортасында Тұрсынбек Кәкішев бар болатын.
Әділін айтқанда, ұлылар мен алыптар тобы ұлттық әдебиеттанудың іргетасын қалап, өмірге әкелсе, оның керегесін керіп, уығын қадап, жоғары дәрежедегі ғылым ретінде қалыптастырған – осы үркердей топ. Бұл топта өзінің өте маңызды еңбектерімен ерекше көрінген ғалым – Тұрсынбек Кәкішевтің болғанын ашық айту керек. Оның еңбектері бірнеше саланы қамтиды. Ғалым қазақ әдеби сынын тереңінен зерттеп, оны жеке ғылыми салаға айналдырды, арнайы пән ретінде білім жүйесіне енгізді. Тұрсекең архив жазбаларын ақтарушы ғалым болды. Соның арқасында көптеген жаңа деректер тапты, «Садақ» журналын жария етті, қаншама тың ойлар мен тұжырымдар жасады. Әсіресе, Сәкен Сейфуллиннің мұрасына қатысты, Мағжанның тағдырына байланысты өте мәнді де маңызды мәліметтер тапты, екі ұлы ақынның арақатынасын ашып көрсетті.
Тұрсекең – өр мінезді, ұлтжанды азамат. Турашыл ол өмірге әр түрлі құбылыс пен оқиғаға сын көзбен қарай білді, ойын бүкпесіз, тура айтудан тайынбайтын.
Сейіт ҚАСҚАБАСОВ,
Қазақстан ҰҒА,
ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері.
Сонда Тұрсекең: «Жақсы әдебиетші Алматыға да керек», – депті.
Университеттің бір факультетін қатарлас оқып бітірген, сыралғы жолдастың айтқан сөзінен қайтпайтын, өзі сенбей айтпайтын сырын жақсы білген Ә.Қанафин қанша қиын болса да келіскен. Содан сайдың тасындай әлгі жігіттерді алып, М.Әуезов атындағы әдебиет институтының директоры Әди Шәріповке келген. Оларды аспирант, лаборант етіп Ә.Шәріповке де өткізіп ғылыми тақырып беріп, өзі жетекші болып, қорғатып шығарған. Бұл оқиға бір емес, талай рет қайталанған. Екінші бір дүркінде келіп орналасқан жігіттер Құлбек Ергөбеков, Шәкір Ыбыраев, Бақытжан Майтанов, Анарбай Бұлдыбаев болатын.
Т.Кәкішевтің жәй адамның қиялына кіре бермейтін бұл ірілігін көріп, Әуезов институтының «қалтқысыз жұмыс істеуіне жаны күйетін сергек» кісілер: «Институтқа жерлестерін тықпалап жатыр», – деп арызданған. Тексерушілер қарап жіберсе, Қазақстанның картасы түгел екен, сонымен, әңгіме тәмам болған.
Сондағы жігіттер: Жанғара Дәдебаев, Серік Негимов, Балтабай Әбдіғазиев, Болатжан Әбілқасымов,Шәкір Ыбыраев, Құлбек Ергөбек, Бақытжан Майтанов, Анарбай Бұлдыбаев. Сол азаматтардың бәрі ғылым қайраткерлері, көрнекті тұлғалар. Сондай-ақ, университет сахнасынан әдемі сопрано даусымен ән шырқаған Гүлнәзияны (бүгінде Әду келіні) консерваторияға ертіп апарып, тыңдатқанын көзімізбен көрдік. Алматыдағы «таныстығын, тамырлығын пайдаланып», талантты шәкірттеріне жол тауып беруден жалықпады.
Тұрсынбек Кәкішевтің тікелей жетекшілігімен және оппоненттігімен бүгінге дейін елуге жуық докторлық, кандидаттық ғылыми еңбектер қорғалып шыққан. Дайындалып жатқандары қаншама! Олардың ішінде Өтеген Күмісбаев, Дандай Ысқақов, Жандос Смағұлов, Нұрболат Жуанышбеков, Асқар Егеубаевтар бар.
Артында сұрауы жоқ қалып бара жатқан біраз ақын-жазушыларды тірілткен. Саттар Ерубаевтың таңдамалылары, Сабыр Шәріповтің екі томдығы, Жиенғали Тілепбергеновтің, Елжас Бекеновтің шығармалары
Т.Кәкішевтің жанашырлығымен жарық көрген. Қалтасына жылан салып жүретін шығыстың бір данасынан: «Қалтаңыздағы жыланнан қорықпайсыз ба?» – дегенде, дана айтыпты: «Батырлықтың бірнеше түрі бар. Әуелі қауіптің мөлшерін білмеген адам батыр болады. Екіншісі – қорықса да, білдірмейді. Үшінші – білімнен туған батырлық. Білімді адамның саралап білгенін, біліксіз адам батырлық дейді. Қорықпайтын себебім сол», – депті. Жиырма сегіз кітаптың, 600-ден астам мақаланың туындыгері Т.Кәкішевтің қорықпайтын себебінде содан іздеген дұрыс, абзалы. 1994жылы Сәкеннің 100 жылдығы тойланды. Жезқазғанда басталған Сәкен тойын Ақмолада жалғастыру оңай емес-ті. «Қысылтаяң кезде бір-ақ жерден атқарса болмай ма?», «Сәкеннің Ақмолаға қатысы қаншалықты дәрежеде?» дегендей күдікті сұрақтар туып, ел азаматтарына жүгіріс болған. Тіпті, «Сәкен кім еді?» дейтін әр түрлі орталарға дәлелі мен сөзін бірде өткізіп, бірде өткізе алмай қалып, іштей қыстыққан кездер де аз болмаса керек. Әйтеуір, Сәкен тойын Ақмолада өткізуге шешім қабылданған. Бірақ оның қажеттілігін жете ұғып болмағандар жағы да көп еді. Сонда алаңда лықсыған халықтың алдындағы Тұрсынбек Кәкішевтің сөзі ашуы кемерінен асқан кезде қаһарланып өз баласын қамшының астына алатын айбынды атаның әрекетіндей шықты. Кең аспанда саңқылдаған дауыс:
– Неден қорқасыңдар! Неден жасқанасыңдар! – деп алып, Сәкен Сейфуллин деген қазақта дара туған тұлғаның халыққа сіңірген сансыз еңбегін, қоғамдағы өрелі қызметін, сұлулық нышанына айналған қасиетін, жаны таза, ары таза жанды саясаттың шырғалаңына қалай салғанын, тартқан азабын, «Тар жол, тайғақ кешудегі» қиын тағдырын, Ақмолада Совдепте істеген жылдарын, атылғанын айтты. Аяушылық сезіммен емес, ар биіктігін айтты. Қазақшалап бастап, орыс тіліне көшті. «Сөздің қуаты – шындығында» екенін ұқпаған адам жоқ. Сәкен Сейфуллин сынды алып тұлға алаңнан қарап тұрғандай әсерленді.
Сілтідей тынған халықтың біразы үнсіз жылады.
Жастық шағымда ғылымның қадірін ұқтырған бір адам болса, ол ұстазым – Тұрсынбек Кәкішев. Себебі ол кісі ғылым туралы ғана емес, алдымен сол ғылымдағы адамгершілік пен адалдық туралы айтатын. Дұрысы адам өміріндегі туралық пен әділдікті ту ету арқылы ғылымдағы мән-жайды баяндайтын. ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиетінің тарихы, сын жанрының қалыптасу жолдары туралы дәріс оқығанда қазақ халқының бұралаң тарихы әдебиет тарихымен бірге әдіптелетін. Идеологияның қайнаған қазанындағы «итжығыс тіршіліктің арасынан» құр сүлдері шыққан әйгілі тұлғаларымыздың іс-әрекеті архивтік құжаттар, партияның жасырын-ашық қаулы-қарарлары арқылы өрілетін.
Асылы Тұрсекеңнің тумысынан тура айтатын мінезі оның архивке жүгіну дағдысын қалыптастырған деген ойдамын. Ғалымның барлық еңбектерінде тарихи, архивтік құжаттардың сөйлеп тұратыны кездейсоқ құбылыс емес. Ол тұп-тура Тұрсекеңнің мінез қырларымен ұштасып жатыр. Қырыққа жуық кітап жазған қазак әдебиеттану ғылымында Тұрсекеңдей ғалым бірді-екілі ғана. Әрине, ғылыми еңбек санмен емес, сапамен бағамдалатынын ескерсек, бұл жерде толымды-толымды тақырыптарды сан-тарауға тармақтап алып кетуге болады. Бұл жұмыстың алда атқарылатынына да сеніміміз мол.
Шәкір ЫБЫРАЕВ,
фольклортанушы, филология ғылымының докторы, профессор.
Іштегі суық намыс кенеттен көтерілген асқақ рухтың тегеурініне шыдай алмай, жас болып шықты. Сол күні Сәкен тойына жиналған жұрт Кәкішевті халық қаһарманындай сезінді. «Әр азамат елінің бір-бір тұлғасына осылай еге болса, дүниеміз түгел болар еді-ау» десті.
Университет аудиториясындағы мөлдіреген қыз-жігіттер бітімі бөлек, сөзі ерекше профессордың лекциясында оның Сәкенге деген сүйіспеншілігін қызыға тыңдап отырады. Ләйла Мұхтарқызы да «Сәкенге берілгеніңді құрметтеймін» деген екен. Сәкен – Т. Кәкішевтің бүкіл өмірін арнаған адамы. Тек қана Сейфуллин өмірі мен шығармашылығы жөнінде көптеген кітап, мақалалар жазды.
Желтоқсан оқиғасында «Ерден еркек қалды, көлеңкеңнен үркек қалды» заманды да көп болып көрдік. Бұл әркімнің жүрек жарасы ғой. Сонда жоғарыдан келген қысымға мызғымаған, үрейдің ырқына берілмеген адамдар болды. Оның бірі сол кездегі ҚазМУ-дың филология факультетінің деканы Тұрсынбек Кәкішев еді. «Мүк басқан, түк басқан ұлтшылдык» туралы ештеңе айтылған жоқ. «Қырып-жойған» жиналыстар, бірін-бірі көзге түрткен ғайбаттаулардан бұл факультет аман болды. Алаңдағы жастардың суретін деканның алдына жайып тастағанда, «танитын студенті жоқ» болып шықты. Жазықсыз балаларды көзге түсірмей, күрке тауықтай қанатының астына басып отырды. Абайсызда шетке шығып қалғаны болса, 103 қайта айналып кеп, ешбір сырғытпасыз орнын тауып жатты. Тағдырдың талқысына түскен шәкірттің тауқыметін реттеуге әкімшілік пен факультеттің екі арасында неше рет жүргенін, неше баспалдақты аттағанын елестету қиын. Соңында, жұрт деканның жүрек талмасымен ауруханаға түскенін естіді.
Темекі достан да сол жолы айырылыпты. Бір әңгімесінде «Ауруханадан шыққан соң да тартып жүрдім. Бір күні екінші қабаттағы үйіме көтеріліп келе жатыр едім, жүрегі бар болғыр шаншып кетті. Қолымдағы темекіні « Дәу де болса, сен кінәлісің ғой» деп лақтырып жібердім. Содан қайтып, қолыма алғам жоқ», – дейді. Бұл кісі – досынан айырылмайды, айырылса, қайтып қарамайтынын осыдан-ақ сезесіз. Ұстаз Кәкішев кешіре алмайтын бір нәрсені шәкірттері анық біледі. Ол – екі сөйлеу.
Ұстаз Кәкішев жасамайтын бір қылық – кісі сыртынан ұсақ әңгіме айтпайды. Кісімен келісе алмай, дауласып, тіпті дауыс көтерісіп қалған кездерін де көргендер бар, соңынан сөз айтқанын естігендер жоқ. Тірлігі айқын, пікірі анық, жасырып- жабары жоқ адам болғандықтан да айбынды көрінеді.
Тұрсынбек Кәкішұлы қазақ әдеби сынының бастау-көздерін тапты, туу, қалыптасу заңдылықтарын ашты, даму жолдарын анықтады. Сынтану ғылымының негізін қалады. Әдеби сын тарихы бойынша қазақ әдебиеті тарихында алғаш рет арнаулы және жалпы теориялық лекциялық курстар дайындады, олардың оқу бағдарламалары мен оқулықтарын жазып, жарыққа шығарды, қилы замандарда халық үшін жанын қиған ақындар мен жазушылардың әдеби мұрасын жинап, баспадан бастырып, ел игілігіне ұсынды. Сәкеннің көркем бейнесін жасау мақсатында көз майын тауысып Алматы мен Мәскеу, Бішкек пен Ташкент, Орынбор мен Қазан архивтерін ақтарды. Сәкеннің табаны тиген, тіпті “азап вагонында” жүріп өткен жерлерді түгел шарлап шықты. Ресей, Қытай, Түркия, Моңғолия, Иран, Польша, Франция елдерін аралап, олардағы қазақтардың тұрмыс-салты мен әдет-ғұрпын, сөз өнері мен қол өнері үлгілерін зерттеп, зерделеді. Нәтижесінде бірнеше зерттеу, эссе кітаптарын шығарды, теле және радио хабарлар тобын дайындады. Қазақ әдебиеттануында жаңа ғылыми бағыттың негізін қалап, оны бір тұтасқан салаға айналдырды, ғылыми мектебін қалыптастырды. Отандық ғылымға еңбек сіңірді. Қоғамдық ойдың жаңғыруына, жаңарып дамуына үлкен үлес қосты.
Жанғара ДӘДЕБАЕВ,
әдебиет зерттеушісі, академик.
Т. Кәкішевтің ұстазы – Есмағамбет Ысмайылов. Үлкен ұстаздан бел жазбай еңбектенуді, ғылымға берілуді қалап алған секілді.
1960 жылы қазақ әдебиетінің 1917-1929 жылдар арасындағы қайнап тұрған мәселелерінен кандидаттықдиссертация қорғап, 1971 жылы қазақ әдеби сынының туып-қалыптасу жолдарын анықтаған докторлық диссертация жазған, отыздай қалың кітапты дүниеге әкелген профессор Кәкішевтің шығармашылық жолына зер салсақ, әр жыл сайын кітап шығарып отырған екен. Бірде үй ішінде түрегеп жүріп ойланатынын, жазғанда төгілген ойдың ырқымен тапжылмай, он алты сағатқа дейін жұмыс істей беретінін естігеніміз бар.
Қағазға түскен үнсіз сөздер ертеңіне аудиторияға кірісімен жанданып, қуаттанып, бірде зұлпықардай жарқылдап, ұйқыдағы сананы оятса, бірде сүңгі болып еріншек ойларды түрткілейді. Бірде мәуелі ағаш болып қызықтырады. Мынадай бір қанатты сөз бар екен: «Өзі болмайын деген адамды болдыра алмайсың. Бүкіл елді бірден биік деңгейге тағы жеткізу қиын. Бірақ өз жан дүниеңнің мәуелі ағашын жетілдіруге болады. Оның жемісінен жұртқа дәм татқызудан артық бақыт жоқ».
Университетке «қазақ әдебиетінің тарихы Бұқар жыраудан, сыны кеңес дәуірінен басталады» деген сеніммен келген студенттер профессордың лекциясында жаңа бір әлемге кіреді. Әдеби сын жазба әдебиетке тән жанр болғанымен, жақсыны ардақтау, жамандықты мінеу сияқты эстетикалық таным-түсініктер халық шығармашылығына да, ежелгі жазба әдебиетке де ортақ екенін, сын тарихы көне бастаулармен сабақтасатын дүние екенін алғаш осында естиді. «Көркем туындыға таптық тұрғыдан қарап, алла-құдай араласып кеткендерін, діни мерездер» деп тапқан кезде ең зор теперішті көрген дарын — Иасауи. Тіпті үріккеніміз, шошынғанымыз сонша, өмір бойы Түркістанда жасап, өзінің бар шығармасын сонда жазғанын ескермедік. Мәйіті сонда жатқанын ғана емес, Әзірет Сұлтандай әлемдік мәні бар кесенесі түрғанын да көзімізге ілмедік. Небір зиялыларымыздың өздері «Хикметтер» деген еңбегінің атынан шошып, қадір-қасиетіне жетпеді… Сонымен, қалыптасып қалған қате түсініктен құтылғанда ғана өз тарихымыздан өзекті арналар табамыз. Қазақтың сыни ой-пікірін зерттеген уақытта еуропалық тұрғыдан қарау, бейімдеу қатерлі де қате. Әр халық өзінің көркемдік таным-білігінен өнікті ой тапқанда ғана адамзат әлеміне бекер келмегендігін түсінеді, ұғады», – дейді.
Студенттер ұстазының 50 жыл-дардан бастап, алашқа ортақ мұраттарды көтерудің, ылғи алғы шебінде болып келе жатқанын бірі біліп, бірі білмеуі де мүмкін. 1956 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінің бетінде, қазақ тілі мен қазақ мектептеріне Орталық Комитеттің қаулысымен (10 желтоқсан) төнген қатерді жан-жүрегімен сезініп, шырылдай дауыс көтеріп, халық қасіретіне үн қосқан азаматтар Р.Бердібаев, Т.Кәкішев, М.Дүйсеновтер болатын. 1988 жылы қайта қүрудың кездерінде аяулы арыстарымызды құрбандыққа берген бұрынғы партиялық қателіктерді жөндеу керектігін, алаш қозғалысының қайраткерлік іс-әрекеттеріне дұрыс баға берудің ңажеттілігін алғаш батыл көтерген кісілердің бірі. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының да белсенді жанашыры, айбынды қолдаушысы болды.
Әр ұлт ең әуелі өзін-өзі сүюі керек. Сосын барып басқа ұлт пен ұлысты аялауға тиіс.
Намысты нанға сатуға болмайды.
Ұлт мүддесін екінші қатарға қоятын қателікті енді бізге ешкім де кешірмейді.
Ұлттық идеология жасау үшін басқа ұлт өкілдеріне зиян келмейтіндей, қазақ мүддесін аяқ асты етпейтіндей етіп жүзеге асыру керек.
«Уәде – Құдай сөзі» екенін ешуақытта ұмытпау керек.
Зиялысы келіспей ел оңбайды.
Тұрсынбек Кәкішев.
Ұлы қорғаннан – маңғаз Парижге дейін шаң қапқан жолмен ырғалып та, әуесімен зымырап та бара жатып, халқының тағдырын талай салмақтағанына күмән жоқ. Қазақстанда қазақ диаспорасын зерттеуге арналған жоқ институттың бар жұмысын мойнына салып алып, тарих тәлкегімен сан тарапқа жол тартқан қазаң рухының шашылып қалған дәнектерін неше рет жиып әкелген көптеген мақала жазып, радиохабар, документальды фильмдер жасады. Илья Жақановты қанаттастыра жүріп, диаспораның рухани мұрасын жинақтауда көп іс атқарды. Жиырма баспа табақтың «Моңғол қазақтары» штабы жақында жарық көрмекші. «Қазақ әдебиетінің қысқаша тарихын» француз тіліне аударып бастыруды қолға алды.
«Шетелге барса, бума-бума кітап көтеріп әкеледі», – дейді ере жүрген кісілер. Оның шет жағасын ғана көзімізбен көргеніміз бар. Қытай сапарынан «Қазақ қиссаларының» 12 томы, елу шақты «Мұра», «Шалғын» журналдарын әкеліп, зерттеу керектігін тапсырып, қыруар жұмысты мойнымызға артып тастаған. Өзі тоққобдидан жаңа ғана заряд алғандай, тынымсыз еңбекқор кісі жанындағыларды да зарядтаудан тынбайды. Олар бір-біріне беріп, дамылсыз электрлендіру жүйесі жүріп жатқандай болады.
Профессор архив ақтарған адамды туысындай тәуір көреді. Өз өмірінің көп жылдарын өткізген архив-үйінің суық қабырғаларынан ыстық сәлем әкелгендей сезінетін шығар. Сәкеннің 1937 жылғы тағдырына қатысты құжаттарды іздеу, бір ғана «Сандалтқан «Садақтың» шаң басқан беттерін табу, «Санадағы жаралар» кітабының материалдарын жүйелеу – бәрі архивпен байланысты дүниелер. Ленинград кітапханаларынан «барон…» белгісі бар, осыдан жүз жылдай уақыт бұрын шыққан кітапшалардың арасынан Т.Кәкішевтің сарғайған сұраныс қағазын көріп таң қалғанымыз бар. Ол жерлерді де барлау-шыдай байқай кеткен. «Бәлен кітапханада бәлен бар» деп шәкірттерін жұмсап отырғанын жиі естисің.
Арқалы кісіні көптің буы көтереді (Қалталы кісіні ақшаның буы көтереді). Мінез – адамның жан дүниесі. Ұстаз мінезінің сирек кездесетін, қалыптан тыс жағдайларын көру қызықты. Ағайдың кейде ақ көңілдің қақпасын ашып жіберіп, қолға іліккен сезімді шашып-шашып тастайтыны бар. Біреуге ұнап жатады, біреуге ұнамайды. Адам баласы өзінің пенделік қалпын көрсетпесем деп әуре, байқағанға, ол кісі пенделігін көрсетіп істейді. Ондайда: «Қолыңмен істегенді мойныңмен көтеру керек!» – деп, қастарын тікірейтіп қоятыны бар. Халықтың тілегінде идеал тұлғаға айналғаны сондай, жай адамға тән нәрсе – Кәкішевке тән емес…
Мақтау сөз – біздің мақтансүйгіштік болмысымыздың арқасында айналымда жүрген жалған тиын ғой (Ларошфуко). Мақтануды жаратпайды. Артық мақтағанда жауын көргендей жақтырмай қарайтыны бар. Жанына ылғи «оппозиция» ұстап отырғанды ұнатады. Айналасындағы жігіттердің қайшы пікірлерін тыңдағанда, жарқырай түсіп рахаттанып кетеді.
Профессор Тұрсынбек Кәкішев — Халықаралық жоғарғы мектеп академиясының және Ш.Айтматов академиясының академигі, Қазақстан Республикасының ғылымға еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағының Сәкен Сейфуллин атындағы сыйлығының иегері, көптеген арнаулы кеңестердің мүшесі, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің кафедра меңгерушісі.
Бірақ осы атақтың бәрі халықтың құрметіне жетер ме екен? Тұрсынбек Кәкішевті білмейтін қазақ жоқ, теледидардан айтқан салмақты сөздері арқылы таныс болып, әр үйдің туысына айналған кісінің жүрген жерінің бәрінде ақсақалдар алдына келіп сәлемдеседі. Аналар ақ жаулығын маңдайына тигізеді.
Мына тынымсыз тіршілікте әр пенденің бірдемесі жоғалып жатады. Жоғалғанын газетке жариялап, иесінің кім екенін ақша төлеп таныстырады. Ол – өмірдің заңдылығы. Ал оның заңдылыққа бағынбайтын тұстары да бар екен. Ағаның жоғалтқан заты өзі іздеп табады. «Бас пайдасынан аса білген жерден бастап адамның адам ретіндегі нағыз өмірі басталмақ», – дейді бұрынғы өткен ойшылдар. Тұрсынбек Кәкішев – шәкірттер ұғымында, халықтың азаматына, білімнің беделіне айналған тұлға.