Азаматтық дарын
20.10.2017
1166
0

Рахманқұл БЕРДІБАЙ


Әлі есімде, 1956 жылы Жазушылар одағының органы «Қазақ әдебиетінде» көптен тұншығып айтылмаған, әр адамның көңіл түкпірінде орныққан бірсыпыра мәселелерді батыл көтерді. Мұның тосындығы – тіпті іштей қолдап отырған кейбіреулер «мынау дұрыс болған екен» деп айтуға батылы бара бермейтін. Міне, сондай жағдайда қазақ зиялыларының ішінде санаулы адамдар ғана үн көтеріп, атсалысып, «Қазақ әдебиетіне» мақалалар жазып, тілеулестігін білдірді. Бұл кезде мен «Қазақ әдебиеті» газетінің сын бөлімінің меңгерушісі және осы материалдарды ұйымдастырушының бірі болып едім. Менің осы тақырыптағы алғашқы мақалам 1956 жылы 22 сәуірде «Қазақ әдебиеті» газетінде «Ең үлкен байлық» деген атпен жарияланды. Кімдер қолдағаны әлі күнге дейін есімде, қазақтың бірсыпыра зиялы, отаншыл азаматтары газет көтерген мәселені қолдап әрі дамытып, өз тараптарынан қосымша материалдар айтып, жұртшылықтың көңіл түкпіріндегі мәселелерді қозғады. Міне, сол кезде Тұрсынбек Қазақстан Компартиясының Орталық Комитетіне қарайтын Партия институтында қызмет істейтін. Партия институты дегеннің өзі Орталық Комитетпен үндес, саясаты бірдей мекеме болатын.

Бір күні редакцияға Тұрсынбек газетке жазған мақалаларды қолдаған бірнеше жолдастарының қолы қойылған мақала әкелді. Онда қазақ тілінің өрісін кеңейту керек, өзара абитуриент бөлімдері ашылсын деген сияқты мәселелерді көтеріпті. Бұл Орталық Комитеттің жанындағы партия институты қызметкерлерінің сөзі болып шыққаны ерекшелеу естілді, әсерлі болды.
Кейіннен Орталық Комитет институт қызметкерлерін жинап алып, Қазақстан компартиясының идеологиялық хатшысы «топтасып неге мақала жазасыңдар, «Қазақ әдебиетінің» ұлтшылдық позициясын неге қолдайсыңдар?» деп көп әуреге салғанын естідік.


«Алматыда сақтаулы «Садақтың» үш санының фотокопиясын Уфаға музейге мәңгілікке қонақ етіп жолдауыңызды сұраймын.
«Ғалияда» оқыған қазақ шәкірттерінің топтаса түскен бір фотосын жіберемін. Мүмкін болса солардың есімін, фамилияларын анықтап жіберіңіз.
Содан соң Б.Майлин, Ж.Тілепбергенов, Н.Манаев және басқаларының суреттерін табуға тырысыңыз.
…Мен ойыммен де, көздеріммен де алаңдай қарап, Тұрсынбектен хат, хат ішінде затлы жазбалар, фотолар күтемін, шырағым!
Сарғайтпа қартыңды!».

Сайфи Құдаш,
татар-башқұрт ақыны, Башқұрт АКСР-інің халық ақыны.


Тағы еске түсетін бір жай – М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында бірге істедік. Марқұм
М.Дүйсенов бар еді. Сонда әдебиет тарихын жасаудың принциптері талқыланып жатады. Әрине, «қандай көзқараспен нені қараймыз?» деген әңгімелер күн тәртібіне қойылады. Сонда қазақтың әдеби сынының тарихын Тұрсынбек алғаш рет қолға алған еді. Ол кезде сын тарихы білдей университеттің оқу жоспарында жоқ. Тұрсынбек мұрағатты білетіндігін танытты, институтта оқып жүрген кезден бастап мұрағат қазынасын іздеуге дағдыланған. Қазақтың бұрынғы басылымдары «Айқаптағы», «Қазақ» газетіндегі тағы басқа газет-журналдардағы материалдарды жинап, солардың негізінде ол қазақ әдеби сынының тарихы бар деген мәселені дәлелдегісі келді. Бірақ бұл мәселе институттың жоспарында болған жоқ. Жоспарланбаған тақырыпты зерттедің деп институт басшылығы кінәлады. Осы талабы үшін таяқ жеді. Ел қатарлы тиісті мөлшерде ғылыми жұмысын орындап, «жоспарым орындалды» десе, «тереңдемедің, жаңалық ашпадың» деп отырған кісі жоқ. Ел сияқты тып-тыныш жүре беруге болар еді.Бірақ Тұрсынбек олай етпеді. Сол зерттеуін докторлық диссертация негізіне айналдырып, кітаптар шығарды. Осындай табандылықтың арқасында ғылымға «Қазақ әдебиеті сыны» деген пән қосылды. Сол кезге дейін тасада қалып қойған бір жанрды қозғауға атсалысты. Міне, осыдан да оның азаматтық тұрғысы сезілген еді. Ақыр аяғында Тұрсынбекті әдебиет институтынан шығарып та жіберді.Сонда не үшін дейсіз ғой, жоспарды орындамағаны үшін. Сонда әдебиеттің бір жанрын қатарға қосқанына рақмет айтудың орнына қорлық көрсетті. Жоспар әшейінгі сылтау, айтқанға көнбеген оны сол кезде қырына алған топтар болатын…
Ұлттық мүддеден гөрі жеке бастарының қамын, қызығын ойлағандарға көлденең келіп қалды да, ғылыми кеңесте жасырын дауыспен сызып тастады. Тұрсынбекті аттестациядан өткізбейді. Ішкі кесек ойын тарта сөйлеп, тиісті жұмысын орындап «мен пәлен баспа табақ жаздым» деп күпінуіне болатын еді. Ол кезде адамдар солай да істейтін-ді. Оған Тұрсынбек бармады. Бұл оның намыстылығынан.


Тұрсекең уыздай жас жігіт. Қынаптан суырылған қылыштай қылпып тұратын. Үстінде жылт-жылт еткен көкшіл костюм, сол өңдес көйлек, галстук. Әр жерін еміс-еміс қырау шалған қара шашы да біртүрлі көгертіп көрінетін. Тостағандай көздерін айналасына төңкере қарайтын. Бір жиында оқшау тұрған маған: «Сен әлі университетте оқып жүрсің ғой. Әдебиетшілер арасында мұндай-мұндай бола береді. Басың жас. Әлі талайын көресің. Шыда, сабыр ет», – деді. Артынан, ұзамай сөз сөйледі. Орынсыз сыналған маған шырылдап араша түсті. Ол кезде – Ғылым академиясында аспирант еді. Жуырда ғана оның жазған алғысөзімен Саттар Ерубаевтың «Менің құрдастарым» атты романы жарық көрген болатын. Жастар таласып-тармасып, жабыла оқып жатқанбыз. Осындай абыройы аспандап тұрған жас ғалымнан араша тапқаныма төбем көкке жеткендей қуаныштымын.
Одан бері де талай жылдар өтті. Өзі айтқандай, буырқанған әдебиет айдыны еш тыншыған емес. Қашанда ақ көбігі көкке шапшып, бұрқырап жатады. Талай-талай буырқанған айтыстың төрінен бурыл шашын әнтек дудыратып Тұрсекең сөйлейді. Ешкімнің бет-жүзіне қарамайды. Ойындағысын ақтарады. Ұзақ жыл шұқшия зерттеп, әбден көзі жеткенін ғана айтады. Қилы тағдырларды одан әрі қиындатқан жоқ. Қиын гәптерді орынсыз оңайлатқан да жоқ. «Арсы-күрсі күрес үстінде» өтіп жатқан өмір майданы оның қаламынан барша болмысымен өз қалпында көрінді. Еш боямасыз, «шыңғырған шындық» қалпында көрінді. Алпыс жыл ғұмырын ақиқат жолындағы арпалыстарға арнады.
Соңындағы өзі түлеткен түлектердің қатары қалың. Алды өзімен тұстас ғылым докторлары, профессорлар, академиктер. Бір кезде Тұрсынбек Кәкішев бастап берген өмір, өнер, әдебиет, ғылым, парыз, парасат туралы өрелі жиындар ешқашан толастамақ емес. Өмір жалғаса береді. Оны әлі талай еске түсіреміз. Талантына тағзым етіп, тәрбиесінен тәлім іздейміз.

Әбіш КЕКІЛБАЙҰЛЫ,
Қазақстанның халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері.


 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір