«МЕН ТАҢДАРҒА ҒАШЫҚ ЕДІМ НҰР АТҚАН…»
Еңбек жолын қатардағы монтерліктен бастап, байланыс министрінің орынбасарлығына дейін көтерілген, «Қазақтелеком» компаниясының алғашқы вице-президенттерінің бірі болған, бар саналы ғұмырын қазақ елінің телекоммуникация саласына арнаған, «Халықтар достығы» орденінің иегері, республикамыздың «Құрметті байланысшысы» Өсербай Қарасаевтың есімін Қазақстанның байырғы байланыс қызметкерлері жақсы біледі.
«Белестер», «Өмір өрнектері» атты қос кітабы жарық көргелі, жазу-сызу төңірегінде жүрген әдебиетшілер қауымына қаламгер ретінде таныла бастады. Жарық көрген туындыларының топан кітаптар тасасында қалмай, әдеби жыл қортындысында кәнігі сыншылар назарына ілігуі Ө.Қарасаевтың қалам қарымынан хабардар етсе керек. «Теңіздің дәмі тамшыдан белгілі» демекші, сөзім жалаң болмас үшін бірер өлеңіне тоқтала кетейін.
«Жалғыз бейіт күре жолдың бойында,
Құлпытассыз тат темірмен қоршалған,
Жалқы сұрақ жолаушының ойында,
Бұл кім екен ен даладан енші алған?
Жүргінші ме аударылған көліктен,
Мас біреу ме, джип мініп желіккен,
Бір қорымға ауылдағы қойылмай,
Бұл араға жерленді екен неліктен?».
(«Жалғыз бейіт»).
Айдалада құлазып жападан-жалғыз тұрған жұпыны бейіт – көбімізге таныс көрініс. Бұл неғылған мола, неге елден ерек жалғыз тұр деген сұраққа былайғы жұрт аса бас қатыра қоймайды. Тұманды теңіз төсінде қалт-қалт етіп жүзіп келе жатқан желкенді жалғыз қайықтың Лермонтов өлеңіне («Белеет парус одинокий») арқау болғаны сияқты, күре жолдың бойындағы құлпытассыз, тат темірмен қоршалған жалғыз бейіт жүрегі сезімтал, ақын жанды Өсербай Қарасаевтың көңілін мазалап, өлеңіне өзек болған екен. Терең ой да, мұңды сезім де бар. Ең бастысы – шумақтары шымыр, ұйқастарының төрт аяғы нық, артық-кем, олпы-солпы жері жоқ, шебер тілмен жазылған сәтті өлең десек артық айтқандық болмас.
Ө.Қарасаевтың мынау өлеңіне де оқырман назарын аудара кеткім келеді:
Көшемізде иттер үріп тынбайды,
Жарығы жоқ үйлер үнсіз тыңдайды.
Жаңбыр жауып, жел тербеген теректер,
Теңселеді, сықырлайды, сынбайды.
Өзім ғана мұңаяйын бұл жақта,
Беймезгілде Сіз көрмеңіз мұндайды.
Түн түнерді, ай мәңгіге батқандай,
Жаңбыр селдеп бізге жылап жатқандай.
Ойлар ауыр бас көтертпес батпандай,
Біреу миға шеге қағып жатқандай.
Жүрек сыздап дір етеді үмітпен.
Қапияда өзіңді іздеп тапқандай…
(«Күзгі жаңбыр»).
Өмір бойы техникалық мамандықтың жолында жүрген, басшылық қызметтер атқарған жоғары лауазымды шенеунік емес, нағыз суреткердің қолынан шыққан дүние. Жаңбырлы түнде жаны жабырқап, әлдекімді аңсай күткен лирикалық кейіпкердің ішкі көңіл-күйін табиғатпен астастыра суреттеу кез-келген қаламгердің қолынан келе бермес. «Ағаштарды жел тербеді» деп сыдыртып өте шықпай, жел тербеген теректердің әр қимылын «теңселеді, сықырлайды, сынбайды» деп суреттеуін ақынның асқан байқампаздығы деп бағалағанымыз жөн. Тынбай үрген иттер мен жаңбыр үнін «жарығы жоқ үйлер үнсіз тыңдайды» дейді Ө.Қарасаев. Жаңбырлы түндегі әр дыбысқа құлақ түрген үйлердіде тірі адам сияқты сипаттайды. «Жаңбыр селдеп бізге жылап жатқандай» деген өлең жолдары да жансызды жандыға теңеудің керемет үлгісі! Жаңбырлы түнді біреуге мұңын шағып ағыл-тегіл еңіреп тұрған адамдай суреттеу – тек жүрегі нәзік, сезімтал ақынның ғана қолынан келетін іс.Бас көтертпес батпандай ауыр ойлар қинаған адамның сол сәттегі хал-күйін «біреу миға шеге қағып жатқандай» деп бейнелеуі де өте ұтымды шыққан.
«Елде туып, ерте оянған,
Бірі едім мен баланың.
Тербетілген бесігінде,
Құм шағылды даланың», –
деп өзі жырлағандай, қарапайым ауылда туған қыр баласының сөз әлеміне құштарлығын оятқан туған жерінің сан бояулы табиғаты болса керек.
«Жырлаған махаббатты, Күн мен Айды,
Сағынып еске аламын Тұманбайды.
Қазіргі кей ақынның жырын оқып,
Көңілім бұрынғыдай жұбанбайды.
Жайлаған Қошалақтың құм етегін,
Ел-жұрты әлі іздейді Жұмекенін.
Кезінде қадірлемей жүрген қауым,
Ұлының бүгін білді кім екенін»,–
дейді ақын«Іздеу»деген өлеңінде. Осы өлең шумақтарынан-ақ, рухани ұстаздары осал емесін ішіміз сезеді. Тұмағаңның тұма жырының тұнығына бас қойып, «жұмбақ ақын» Жұмекеннің талантына тәнті болғаны айдан-анық. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дегенді халқымыз бекер айтпаса керек…
2014 жылы «Белестер» деген атпен «Арыс» баспасынан жарық көрген өмірбаяндық кітабын оқып отырып, 1937 жылыдүниеге келе сала Өсербай Қарасаевтің тағдыр талқысына тап болғанын білдік. Әкесі Қарасай бригадир бола жүріп, аш-жалаңаш ауыл адамдарына орылған егіннің масағын жинауға рұқсат еткені үшін «Халық жауы» атанып, НКВД-ның абақтысына қамалады. Балалық шағы соғыспен тұспа-тұс келген ол ел басына түскен ауыр жағдайды көппен бірге бастан өткереді. 4 жасында әкесі майданда қаза тапса,10 жастан асар-аспастан, анасы Жаңылғанымнан айырылады.
Соғыста көз жұмған әкесінің жерленген жері тек 2008 жылы ғана, Ресей Федерациясының Қорғаныс министрлігі орталық мұрағатының сайтынан табылды. Сонда Өсербай ақын бала құсап көңілі босап, жылдар бойы іште жатқан шер-шеменін шығарған…Әкесі Қарасай Мағзұмов 1943 жылдың 6 ақпанында оққа ұшыпты. Орлов облысы Колпнян ауданы Денисовка хуторынан топырақ бұйырыпты. Туған бауыры – марқұм Шаяхмет ағасынан қалған жалғыз ұл –Виктор екеуі әке бейітін іздеп барды. Ит тұмсығы батпас ну орман ортасында екі үйі ғана қалған ескі қоныс екен. Бауырластар бейітіне барар жолды трактор жалдап тегістетіп, ескерткіш орнататын жерді ағаштардан аршып, тынбай жауған жаңбырға қарамай қыруар іс тындырды. Олар қаза тапқан 32 жауынгердің бәрінің атын тасқа қашап жаздыртып, Ресейдің бес-алты облысын басып өтіп,жол азабын көре жүріп жеткізген ескерткіш белгіні қойып келді.
…Балалық шағы Ұлы Отан соғысымен тұспа-тұс келіп, бала боп емін-еркін ойнай алмаған оның жастық шағы да тіршілік үшін күреске толы болса керек.1956 жылы Азғыр орта мектебін үздік бітірген ол арман қуып, Алматыға келеді. Байланыс техникумында оқи жүріп, техникум ғимаратын қазандықпен жылытатын от жағушы болып істейді. Оқу мен еңбекті қатар алып жүру де оңай шаруа емес. Өйткені іргетасы 1930жылы құрылған, байланыс мамандарын дайындайтын Қазақстандағы алғашқы оқу орынында білім сапасына талап қатаң. Онда ылғи соғыс жылдары Мәскеу мен Ленинградтан келген мықты оқытушылар сабақ беретін. Сабақ тек орыс тілінде жүреді. Оқуға бірге түскен 33 баланың тек 19-ы ғана диплом алып шығады.Соның бірі –Өсербай Қарасаев.
Техникумды бітірген бойда жас маман ең әуелі 8 ай бойы монтер боп істейді. Ауыр да лас жұмыстан қашпай, өзінің еңбекқорлығын, біліктілігін көрсете білген ол көп ұзамай, участок бастығының орынбасары боп көтеріледі. Оның кәсіби шеберлігін жетілдіріп, қайда қиын іс болса сонда жұмсап, шынықтырып, шыңдаған еңбектегі алғашқы ұстазы – талантты инженер Владимир Иосифович Слепой еді. Ол – Байланыс академиясының түлегі, Ұлы отан соғысына қатысқан майдангер, «халық жауы» ретінде саяси қуғын-сүргін көрген қарт коммунист болатын. Сол Владимир Иосифович жап-жас қазақ жігітінің болашағынан үлкен үміт күтеді. Бір таңғаларлығы, төрт жыл жұмыс істеп, үйленіп, үш бөлмелі пәтер алып, балалы болған кезінде де Өсербай Қарасаев жоғары білім алуды армандайды. Байланыс министрлігінде қатардағы инженер бола жүріп, Ташкенттің Электротехникалық байланыс институтының Алматыдағы филиалын бітіргеннен кейін, байланыс саласында ол атқармаған жауапты іс қалмаса керек.
…Өсербай Қарасаев зейнет демалысына шықса да қол қусырып қарап отырмай, «Связь в Казахстане на рубеже тысячелетий» деген кітаптың жарық көруіне мұрындық болды. Ұзақ жылғы тәжірибесі мен білімін бағалаған компания басшылары «Қазақтелеком» филиалдары директорлары кеңесінің хатшылығын сеніп тапсырды.
«Көз салсақ өткен өмір белесіне,
Неміз бар қалдыратын келесіге?
Алданып қызыл-жасыл елесіне,
Жармастық біз өмірдің кемесіне,
Кім кепіл босқа өтті-ау демесіңе?», –
деп «Өмір белестері –Узоры жизни» атты, қос тілде 2016 жылы шыққан кітабында артта қалған өмір белестеріне ой көзімен шолу жасайды.
«Бұл қандай күш тауларымды құлатқан,
Бұл неткен мұң жүрегімді жылатқан.
Кең дүниеге еніп едім үмітпен,
Су ішсем деп бір мөп-мөлдір бұлақтан.
Мен таңдарға ғашық едім нұр атқан,
Енді бүгін есеңгіреп отырмын,
Басым қатып жауабы жоқ сұрақтан»,–
деп, жан-дүниесін жасырмай жайып салыпты.
«Нұр атқан таңдарға ғашық», кең дүниеге «бір мөп-мөлдір бұлақтан су ішу» үшін ғана келген Өсербай Қарасаев таяуда 80 жасқа толады екен…
Заря ЖҰМАНОВА,
жазушы.