Лондонда өткен театр фестивалі
ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Дулат Исабековтің 75 жасқа толған мерейтойы қарсаңында Лондон қаласында (Ұлыбритания) 2017 жылдың 1-7 қазан аралығында «Қазақ өнерінің фестивалі» атты апталығы Қазақстан Республикасының Мәдениет және Спорт министрлігі мен «Самрұқ-Қазына» TRUST қолдауымен сәтті өтті.
Бұған дейін де Лондон қаласында Д.Исабековтің шығармашылығына арналған өнер фестивалі 2014 жылы үлкен деңгейде өткізілгені баршаға мәлім. Ол кезде драматургтің «Өкпек жолаушы» пьесасы ағылшын тілінде қойылып, Кембридж университетінде «Гауһар тас» атты әңгімелер жинағының тұсауы кесілген еді. Ал, 2015 жылы «Біз соғысты көрген жоқпыз» атты кітабы ағылшын тілінде жарық көрді. Сол жылы Қызылорда қаласының Н.Бекежанов атындағы қазақ драма театрының ұжымы «Өкпек жолаушы» спектаклімен өнер көрсетіп қайтқан болатын.
Биылғы жылғы іс-шара Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында көтерілген қазақ өнері мен мәдениетін, әдебиетін шетелдерге насихаттау мәселесімен тығыз байланысып, Қазақстан Республикасының Мәдениет және Спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының тікелей ұйымдастыруымен жүзеге асырылды. Республикамыздың екі бірдей үлкен ұжымы М.Әуезов атындағы академиялық драма театры мен Корей академиялық музыкалық комедия театры әлемге әйгілі Ұлыбритания астанасы Лондонға баруға көктемнен бастап қызу даярланды.
Ұлыбританиядағы Қазақстан елшісі Ерлан Ыдырысов фестивальдің ашылуына арнайы келіп, отандастарына сәттілік тіледі. Британ-Қазақ қоғамының төрағасы Руперт Гудман да қазақстандық өнерпаздардың Лондон қаласында басталған өнер күндерінің табысты өтуіне тілек білдірді.
Фестивальді М.Әуезов атындағы академиялық драма театры Е.Обаевтың режиссурасымен қойылған «Жаужүрек» спектаклімен ашты. Заманауи спектакльдерді қоюға арналған Лондон театрларының көпшілігінің сахнасы шағын болып келеді. (Лондондағы үлкен сахнасы бар театрларда тек қана мюзикльдер қойылады). Ол сахнада небәрі жиырма шақты актердің ойнауына мүмкіндік бар. Ал, М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының «Жаужүрек» спектаклі үлкен сахнада ойналатын кең тынысты қойылым. Кішкентай сахнада бір күн бойы репетиция жасаған театр актерлері Е.Обаевтың мол тәжірибесінің арқасында тығырықтан шығудың барлық амалын қарастырып, спектакль басталғанға дейін тыным тапқан жоқ. Драмада патшалық Ресей империясының Қазақ елін біртіндеп отарлау үрдісі, яғни алып империя мен өз жерінде қысым көре бастаған қазақтың кереғар қарым-қатынасы, қайшылықты іс-әрекеттеріндегі тартыстары Балуан Шолақ бейнесі арқылы берілген. Бұл рөлде ойнаған Е.Біләл Балуанның шығармашылық қырымен қатар, елі мен жерінің азаттығы үшін ешнәрседен қаймықпайтын күрескерлік қасиетін ашып көрсетті. Сонымен бірге қазақ даласында үстемдік етіп отырған
С.Троицкий рөліндегі Д.Ақмолданың ойыны да ерекше есте қалды. Актер ойынында талай қулық-сұмдықты басынан өткізген, айналасына асқан сақтықпен қарайтын айлалы адамның мінезі жан-жақты ашылды. Спектакльде ойнаған актерлердің барлығы да Паң Нұрмағамбет – А.Бектемір, Әкесі – О.Қыйқымов, Жаршы – Б.Тұрыс, Долгоносов – А.Сатыпалды, Қалампыр – Ш.Асқарова, Балқаш – Г.Шыңғысова, Елизавета – А.Сатыбалдиева, Екатерина – Н.Қарабалина, Татьяна – С.Бакаева, Ақылбай – Ж.Толғанбай, Сүтемген – А.Шаяхметов, т.б. өз рөлдеріне терең бойлап жарасымды актерлік ансамбль түзді. Ғалия қыз айтатын «ГауҺартас», Балуан шырқайтын «Қараторғай» әндері спектакльдің лирикалық бояуын қалыңдатып, сұлулыққа толы көркем пафосқа бөледі. Үлкен сахнада спектакль декорациясы әр көрініс сайын өзгеріп отырса, бұл жолы барлық оқиға бір ғана декорацияда қойылды. Осындай қиындықтардың болғанына қарамастан, спектакльдегі Балуанның тәуелсіздік жолындағы күресі мен азаттық үшін арпалысы ерекше толқытты. Өзге ел көрермендері қазақ тілінің әуезділігіне, актерлеріміздің әдемілігіне, шынайы ойындарына, пластикалық икемділіктеріне, ұлттық үлгіде тігілген костюмдеріне, олар шырқаған әсем әнге ерекше ықыласпен қол соқты.
Фестиваль аясында Д.Исабековтің ағылшын тілінде «Аққу-Жібек» атты пьесалар жинағы мен электронды нұсқадағы «Әңгімелер жинағының» тұсауы Лондонның Лордтар палатасында кесілді. Әдебиет пен өнер қайраткерлері бас қосқан бұл жиында алғашқы сөз алған Лорд Уриглесорс әдеби байланыстардың маңызына тоқталып, Д.Исабековтің ағылшын тіліне аударылған шығармаларының оқырмандар жүрегінен орын алатынына шүбә келтірмеді. Бұл кеште жазушының әңгімелері мен пьесаларынан ағылшын тілінде үзінділер оқылды. Д.Исабековтің баяндамасы тыңдаушыларды зор әсерге бөледі. Жазушының шығармашылығы жайында әдебиет зерттеушісі Сара Коплейдің мазмұнды баяндамасынан кейін лорд Иванс пен Р.Самэлус жаңадан тұсауы кесілген кітап туралы пікірлерін ортаға салды.
Фестивальдің келесі күні Корей академиялық музыкалық комедия театры Д.Исабековтің «Актриса» пьесасын көрсетті. Басты рөлде ойнаған орындаушы А.Пяк өз кейіпкерінің жан дүниесіне терең бойлап, актерлік шеберлігімен тәнті етті. Режиссер Е.Ким бұл драмаға жаңаша оқылым жасаған екен. Пьесада өнерге бар жан-жүрегімен берілген театр актрисасы Айгүл Асанова жеке өмірінде жолы болмай көп қиындықтарды басынан өткізеді. Ал, бұл спектакльде асқан дарынымен, еңбексүйгіштігімен өнердің биік шыңдарын бағындырған Айгүл – А.Пяк өзінің жарымен ұрсысып қалғаннан кейін диванға жатып ұйықтап кетеді. Оның өмірінде болған оқиғалардың барлығы да алғашқы жары Ерленнен (Р.Цой) ажырасуы, одан соң Самат режиссерге (А.Махпиров) тұрмысқа шығуы, өзіне бұрын ғашық болған қазіргі Коммерсант жігіттің (С.Ким) табалауы, өнеріне жастайынан тәнті болған жас жігіттің (Б.Югай) гүл әкеліп, сөз салуы түсінде баяндалады. Осы сахналарда өнер мен отбасы тізгінін қатар ұстаған қазақ әйелінің қайсарлығын, оның өнерге деген тазалығын, өміріндегі қиындықтармен күресе білген талант иесінің тағдырын А.Пяк шынайы бейнеледі. Қойылымда «Балқадиша» әні лейтмотив етіп алынып, орайымен пайдаланылған. Би сахналары да спектакльдің көркемдік келбетін аша түскен. Әсіресе, актрисаның буырқанған сезім шарпылыстары мен нәзік толғаныстарын бимен беретін тұстары әдемі әсерге бөлейді. Спектакль соңында ұйқысынан оянғанда жары қайта оралып, шешіп кеткен сақинасын саусағына тағады. Өте қарапайым шешім болса да, қазақ әйелі үшін отбасының ынтымағын сақтау, шаңырағын шайқалтпау алғашқы орында екенін режиссер жеткізе алған. Ең бастысы бұл спектакльде актриса тағдыры арқылы қазіргі замандағы «суреткер мен қоғам» мәселесі көрсетілген. Ұлт-
аралық келісім мен береке-бірліктің ұйытқысы болып отырған Қазақстан Республикасында осындай ұлт театрларының жеке шаңырағы көрерменге ерекше әсер қалдырды.
«Bridewell» театрында «Аққу-Жібек» спектаклінің ағылшын тіліндегі премьерасы 4-6 қазан күндері болды. Театр ұжымының әртүрлі ұлт өкілдерінен құралғаны бағдарламадан бірден байқалды. Аққу-Жібекті – Ранхи Ю (корей), Төлеген – Симон Штахе (неміс), Бекежан – Хосе Гардиа (испан), Нөкер І–Джеймс Арон (ағылшын), Нөкер ІІ – Ник Майерс (ағылшын). Осындай бірнеше ұлттан құралған актерлерге қазақ халқының ерекшелігін, дүниетанымын, салт-дәстүрін түсінудің оңайға түспегені алғашқы сахнадан бастап-ақ білінді. Ертегінің түпкі идеясын жеткізу мақсатында режиссерлер Х.Гардиа мен А.Маньковскі виртуалды тәсілді пайдаланып, құммен жасалатын суреттер арқылы пьеса мазмұнын баяндауға тырысқан. Қобыздың әуенімен қалықтап ұшқан аққулардың Бекежан бастаған нөкерлердің жебесінен қанаттары сынып, мерт болғаны суретпен беріледі. Спектакль соңында Төлеген мен Жібектің – аққуға, Бекежан мен нөкерлердің – қарғаға айналуы актерлердің пластикасымен және сахна төріне ілінген экрандағы суреттермен бірігіп тұтасады. Сөйтіп, Д.Исабековтің тағы да бір пьесасының ағылшын тілінде тұсауы кесіліп, театр репертуарынан орын алғаны мәртебемізді көтере түсті.
Іс-шараның соңғы күні Д.Исабеков әдебиет сыншыларымен, жергілікті журналистермен, баспасөз қызметкерлерімен дөңгелек үстел өткізді. Бұл бас қосуда жазушы өзінің жеке шығармашылығына қатысты және жалпы әлемдік әдебиеттің өзекті мәселелеріне байланысты қойылған сауалдардың барлығына жауап берді. Сөз басында драматургия мен театр өнерінің отаны саналатын ұлы Шекспир елінің сахнасында пьесасының қойылып, ағылшын тіліндегі кітабының шығуын тәуелсіздіктің жемісі екенін атап көрсетті.
Ал, Қазақстаннан барған өнер шеберлерінің алған әсерлерін тілмен айтып жеткізу мүмкін емес. Ежелден-ақ мәдениет пен өнердің құтты мекеніне айналған Ұлыбритания елінің атақты драматургтері К.Марло, В.Шекспир, Б.Джонсон, У.Уичерли, Д.Фаркер, Д.Лилло, Дж.Г.Байрон, Б.Шоу сынды, т.б. алыптардың отанында болу кімді болса да ғажап сезімге жетелері сөзсіз. Әсіресе, Шекспирдің «Глобус» (1599) театрын қайта қалпына келтіріп, дүниежүзінен ағылып жатқан туристердің іздеп баратын мәдени орындарының бірі етіп көркейтіп, мемлекет қазынасына пайда келтіріп отырғанын көрген кезде үйренеріміз көп екенін жадымызға түйдік.
Талай ғасырды тарих қойнауына тоғытқан атақты «Друри-Лейн», «Ковент-Гарден», «Лицеум» т.б. театрлардың әлі күнге дейін жұмыс жасап тұруы қайран қалдырады. Ал, дәл қазіргі кезде Лондон театрларына бара салып билет алып, кіріп кету мүмкін емес. Мысалы, атақты «Лицеум» театрындағы «Арыстан патша» мен «HER MAJESTRY S` THEATRE» («Патшайым театры») репертуарында бірнеше жылдардан бері аншлагпен қойылып жатқан «Операның елесі» мюзикліне билетті бір ай бұрын алуға тура келді. Бұл спектакльдердегі сахна механикалары, компьютермен басқарылатын жарық беру, қуатты дыбыс күшейткіш техникалары мен сахна еденінің неше түрлі қалыпқа түсуі, декорациялардың көз ілеспес жылдамдықпен ауысуы, актерлердің оркестр сүйемелдеуімен жанды дауыспен ән салып, кез келген күрделі пластикалық әрекеттерді еркін орындай беретін шеберліктері ғасырлар бойы қалыптасқан театрлық мектептің мықтылығын танытады. Осындай дүниежүзілік мәдениеттің жауһар үлгілерін өз көздерімен көрген актерлеріміз асқан серпіліспен, ереше бір тың күшпен елге оралды.
Иә, қашанда әдеби-мәдени байланыстар ел мен елді жақындастыратын алтын көпір. Елбасымыз еліміздің сан ғасырлық дәстүрін, ата-баба салтын, әдебиеті мен өнерін өзінің бар болмысын сақтай отырып, мәңгілік ел болудың нақты жолдарын көрсетіп берді. Олай болса, Д.Исабековтен басталған игі бастаманың болашақта жалғасын табары сөзсіз.
Бақыт Нұрпейіс, Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясының «Өнертану» факультетінің деканы, өнертану докторы, профессор.
ПІКІРЛЕР1