Сын симфониясы және Сайлаубек
Осыдан он жыл бұрын белгілі сыншы Сайлаубек Жұмабек ұлы Санжарбек екеуі көлік апатынан қаза тапқан еді. Сол кезеңде жарқылдап жүрген жаннан қапияда айрылып қалған қаламгер қауым әдебиет сыншысын қатты жоқтаған. Сайлаубексіз өмір жым-жырт, көңілсіз қалғандай әсер беріп, жазушы қауымды ауыр мұң басқалы да он жыл жылжып өтіп кеткен екен…
Жанғара Дәдебаев,
сыншы, филология ғылымының докторы, профессор
Қазақ әдеби сынының тарихы тереңде. Әдебиет туралы ой әдебиетпен бірге туып, әдебиетпен бірге жасауда. Сондықтан әдебиеттің тарихы секілді әдеби сынның тарихы да ғылыми таным таразысына тартылып, арнайы қарастырылып келеді. Іргелі зерттеу еңбектер жазылуда. Сынның тегі мен түрі сарапталды, қоғамдық мәні, көркемдігі пайымдалды. Кандидаттық, докторлық диссертациялар, монографиялар жазылды.
Алайда қазақ әдеби сынының теориясы мен қолданбалы мәселелері, әдеби талдаудың, әдеби шығарманы сынаудың әдіснамасы, сыншының талдау және бағалау шеберлігі, сыншы шығармашылығының көркемдік және эстетикалық болмысы туралы қазақ әдебиеттануында қолға ұстап, қажетке жаратқандай арнайы зерттеу бүгінге дейін жүргізілген емес. Бұл ретте әдебиет сыншысының жолын таңдаған жанның арнайы әдеби білімімен қатар эстетикалық танымы мен талғамы, теориялық дайындығы, әдеби шығарманы талдау және бағалау шеберлігі аса маңызды екендігінде сөз жоқ. Тиянақты әдеби білімі жоқ кісі өмірде көргендері мен білгендерінің негізінде ақын немесе жазушы ретінде еңбектеніп, қатардан озбаса да, көштен қалмай жүре беруі мүмкін. Сында жай да, жағдай да басқа. Әдебиет саласында терең теориялық білімі жоқ жан сын сарайының ішіне кірмек түгіл, оның қақпасын қағуға да жарамайды. Сыншыда әдеби-теориялық терең білімге қоса әдеби-эстетикалық талғам-таразы болуы шарт. Талғам-таразы қалам ұстаған қайраткерлердің бәрінде де болуы ықтимал. Сыншының әдеби-эстетикалақ талғам-таразысы – өзгеше талғам, өзгеше таразы. Ол әдебиеттің тарихы мен теориясы саласындағы терең білім жарығымен анықталып, соның таразысымен өлшенеді. Бұл жерде басқа мөлшер, өзге өлшем жоқ. Ал әдеби шығарманы талдау шеберлігі мен бағалау тұрғысы дегенде, тек қана сыншы шеберлігі, сыншы тұрғысы туралы ғана айтуға блады. Әдеби сынның дамуы, әдебиет сыншысының кәсіби қалыптасуы үшін осы қасиеттер мен олар туралы әдеби ойлардың бәрі де маңызды. Алайда сын саласында мұндай ізденістер үшін соқпақ болмаса, айдау жол болған емес. Сыншы мұзды мұхит төріндегі мұзжарғыш секілді әдеби сындағы бағыт-бағдарын өзі анықтады, мұзды өзі жарды, мұхитты өзі кешті, әдеби талдауларын өмірден, әдебиеттің тарихы мен теориясынан тапқан білімдері мен біліктеріне, шығармашылық ізденістері мен эстетикалық нысаналарына сай жасап, өздігінше жол тапты. Осындай жағдайда кәсіби сыншы болып қалыптасып, жетілген самородный, бітімі дара, табиғаты таза шығармашылық тұлғалардың бірі – Сайлаубек Жұмабек.
Сайлаубектің ортасы, әдеби жақын айналасы айбарлы болды. Асқар Сүлейменов, Төлеген Тоқбергенов, Зейнолла Серікқалиев, Қалтай Мұхамеджанов, Сейдахмет Бердіқұлов, Шерхан Мұртаза, Тахауи Ахтанов, Ғабит Мүсірепов секілді сөз өнерінің өнегелі, өрелі өрен жүйріктерімен бірге қызмет етудің, қатар жүрудің, сұхбаттас болудың тағылымы, тәлімі мен тәрбиесі аса маңызды болғанында сөз жоқ. Сайлаубекті осы ортаның жарығы жарқыратты. Өзі де оттай шалқып, шоқтай жайнады. «Сын пернесі» (1989), «Ғабит Мүсірепов» (1989), «Жұлдызы нұрлы суреткер» (1993), «Жүрегі – мұң, жүрегі – нұр» (1989), «Қазығұрт перзенті» (1998), «Сын әуені» (2001), «Шерхан Мұртаза. Жұлдызы нұрлы суреткер» (2002), «Тахауи Ахтанов. Талант тектоникасы. Роман-портрет» (2003), «Сын симфониясы» (2005), «Қалтай Мұхамеджан.Титан драматург. Шығармашылық портрет» (2007) және басқа еңбектерінде автордың сол ортада тебіренген күйінің лаулаған жалыны, саулаған жарығы бар.
Сыншы талантының жарығы да, жалыны да ерекше. Әдеби шығарма табиғатында барды көріп, дұрыс тани білу – қасиет. Әдеби шығарма табиғатында барды көріп, тани білумен қатар оны саралап, талдай білу – өнер. Алайда сыншының міндеті әдеби шығармадан нені көріп, нені таныса, тек соны талдап, соны сараптау ғана емес. Әдебиет сыншысы, алдымен, көреген болуы шарт. Көреген болу – көздің емес, көңілдің қасиеті. Ол көркем әдебиеттің, өнер мен мәдениеттің, тұрмыс пен салттың, тарих пен философияның ғасырлар бойы жинақталған асыл үлгілері мен қағидаларын, жалпыадамзаттық сипатқа иеленген рухани құндылықтарды көңілінде балқытып, көкірегінде қорытып, зердесіне құя білген зергер жаннан ғана табылмақ. Сонда ғана сыншының әдебиет пен өмір туралы, әдеби шығарма туралы оның тек өзіне ғана тән эстетикалық мұраты, шығармашылық ұстанымы айқындалмақ. Осындай эстетикалық мұраттың, осындай шығармашылық танымның сыншысында ғана әдеби шығарманың келісті келбеті, әдемі әлемі, тамаша табиғаты туралы өзгелерде жоқ, тек оның өзінде ғана бар ерекше таным болмақ. Ол сондай таныммен ғана әдеби шығармада бар және жоқ, сондай-ақ болуға тиіс құбылыстар мен ерекшеліктерді, басқаша айтқанда, көркем әдебиеттің бүгінгісі мен ертеңгісін, осы шағының болмысы мен келер шағының сипатын қатар, салыстырып көре алады. Әдебиет сыншысының көреген болуы керектігі туралы ойымыздың мәнісі осында. Зейнолла Серікқалиев, Төлеген Тоқбергенов, Сағат Әшімбаев сынды Сайлаубек Естайұлы да әдебиет сынын шынайы әдеби көркем сын деңгейіне, одан әдебиеттану деңгейіне көтеруге ұмтылған осындай қайраткер болмыстың сыншысы еді. Ол әдеби шығармадан, алдымен, шындық болмыстағы қоғамдық, әлеуметтік мәні бар құбылыстардың терең ашылуына назар аударды. Қоғамдық мәні зор өмір шындықтарының сырын терең ашып, шынайы суреттеген әдеби шығарма ғана эстетикалық мәні маңызды талдаулар мен бағалауларға негіз бола алады деп білді. Қоғам үшін мәнді, мағыналы шындық құбылыстарды суреттеу жазушыдан өмір шындықтарын терең білуді, қоғамның әлеуметтік даму заңдылықтарын, сұраныстарын жете зерделеуді талап ететіні сөзсіз. Өмірді терең, жете білмейтін жазушы шынайы көркем шығарма жаза алмақ емес. Сыншы туралы да осыны айтуға болады: өмірді терең білмеген сыншы әдеби шығармада көрініс тапқан өмір шындықтарының қоғамдық мәнін жете тани алмайды. Сыншы өмір шындықтарын әдебиет пен өнер заңдылықтарынан терең білмесе, кем білмеуге тиісті. Сонда ғана оның сыны сындарлы болмақ. Сайлаубек прфессионал сыншы ретінде берік ұстанған қағидалардың бірі осындай болды. Сыншы жазушы шығармасының сюжеттік өзегі болған шындық құбылыстарды ірі не ұсақ деп жіктеуге бара бермеді. Шығармада суреттелініп отырған шындық құбылыстың қоғамдық, әлеуметтік, эстетикалық маңызы мен мәніне назар аударды.
Сыншы «дүниежүзілік әдебиетте Антон Чехов қалдырған эстетикалық принцип өмірдің өзіне, оның небір елеусіз жәйттеріне жүгіну, боямасыз-қоспасыз жазу» екендігіне сүйсіне отырып, Қалаубек Тұрсынқұлдың «Бүйрек», «Анды-Қарақыз» шығармаларынан осы ұстанымның бойды балқытып, ойды толқытқан шынайы да шырайлы көрінісін тауып марқаяды. Жазушы шығармаларында, рас, өмірде болған оқиғалар суреттеледі. Дегенмен автордың шығармасындағы шындық – көркемдік шындық. Шынтуайтқа келгенде, өмірдің шындығынан суреткердің қаламынан туған көркемдік шындық әлдеқайда шынайы. Боямасыз, қоспасыз жазу туралы сыншы сүйсінісі, айналып келгенде, көркемдік шындықтың шынайылығына деген сүйсініс болып табылады. Содан да болу керек, Қалаубек Тұрсынқұлдың «Бүйрек» әңгімесіне қатысты ол: «Шығарма, сөз жоқ, адамзат баласының бойындағы ең бір асыл, ең бір аяулы, ең бір қастерлі, ең бір өмірлік ұлы сезімдердің көркемдік кардиограммасы», – деп, поэтикалық тұжырым жасайды. Әдеби шығарманың көркемдік шындығын эстетикалық қабылдаудан туған әдемі әсер мен әдеби-эстетикалық терең талдаудан туған қуатты ойдың жараса ағылған тамаша жарасымы сыншы тұжырымына мейлінше сәулетті сипат берген. Сыншы әдеби шығарманың өмірлік құндылықтарға эстетикалық қатынастарын пайымдай отырып, өз талдаулары мен сараптауларында ғылыми тарихилық ұстаным тұрғысынан да қол үзбейді. Әрине, әдеби шығарма, оның көркемдік-идеялық әлеміндегі әр құбылыс толып жатқан басқа құбылыстармен сан саладан байланысып, сабақтасып жатады. Оларды қай тұрғыдан, қай бағытта, қандай қатынаста және қандай деңгейде қарастыру қажеттігі сыншының алдына қойған мақсаты мен міндеттеріне сәйкес анықталады. Сайлаубек Естайұлы өз шығармашылығында жалқы жайын айта отырып, жалпыдан, жалпы жайында ой толғай отырып, жалқыдан қол үзген емес. Сондықтан оның ойлары мен толғаныстарында, талдаулары мен сараптауларында жалпының мәні мен жалқының сыры, көркемдік шарықтау биіктері мен ғылыми парықтау иірімдері жұп жазбай, тұтасып жатады.
Сайлаубек үнемі шарықтаған шығармашылық ізденіс үстінде болды. Сыншы ізденісі қажырлы, тынымсыз еңбекпен ұштасып жатты. «Көтеріліс және көркемдік танымдар генетикасы», «Талант тектоникасы», «Сын симфониясы» секілді әдебиеттану мен сын үшін академиялық жүйеде тосын, ерекше, тіпті оқыс көрінетін мәселелерді көтеруі, сынға жаңа ұғымдар, түсініктер қатарын алып келуі осы тектес көркемдік эстетикалық, шығармашылық ізденістердің тереңдігі мен шығармашылық ойлаудың ерендігінен еді. Осындай ерекшелік сыншының жеке шығармашылық тұлғалар туралы туындыларына да тән. Бұл ретте автордың Шерхан Мұртаза, Қалаубек Тұрсынқұл, Тахауи Ахтанов, Қалтай Мұхамеджан хақындағы ірі де іргелі, бір текті шығармаларын арнайы атап көрсеткен дұрыс. Аталған қаламгерлер шығармашылығы жайындағы еңбектерінің бірін автор «эссе» деп атайды, екінші біреуіне «шығармашылық портрет» деп айдар тағады, келесісін «роман-портрет» деп айшықтайды. Сыншы, осылайша, әдеби көркем сын айналымына сыры бір, сипаты бөлек ұғымдарды енгізді. Автордың көрсетілген кітаптары зерделеу пәні жағынан өзара сарындас. Бірақ бәрі де әдеби көркем сын саласындағы жаңа, дара тұрпатты шығармалар болып табылады. Анығын айту керек, жазушының шығармашылығы туралы роман-портрет жазу сын саласында тек Сайлаубек Жұмабектің ғана қолынан келді. Бұл – сын тарихында бұрын соңды болмаған жаңа құбылыс, сыншының талант даралығын танытқан шығармашылық жаңа үлгі.
Cыншының шығармашылық туындыларының бәрі ғылыми ұстанымға, ғылыми бағалауларға негізделе тұра, суретті, образды. Баяндау, сипаттау, талдау мәнерінде де шығармашылық құштарлық құшағында құлпырған суретті өрнектер мол. Осы ерекшеліктерді негізге алғанда, сыншының Шерхан Мұртаза, Қалаубек Тұрсынқұл, Тахауи Ахтанов, Қалтай Мұхамеджан туралы еңбектерінің бәрін де тектес деп қабылдауға болады. Ал нақты ат, затты атау айту қажет болса, автордың «роман-портрет» деген жанрлық анықтама бағытында негізделген термин сөзіне назар аударған оңды. Расында да сыншының Тахауи Ахтанов шығармашылығы жайында жазған туындысының жанрлық табиғатын «роман-портреттен» артық ашатын лайықты терминді табу оңай емес.
Сыншы «Талант тектоникасына» Ахтанов Ахтановтың көзімен деген айқындауыш атау қосады. Мұның мәнісі автордың Тахауи Ахтановтың шығармашылығын Ахтановтың өз көзімен талдап, өз көзімен пайымдауында. Бұл – cыншының өзі іздеп тапқан жаңа ұстаным, сыншының өзіне ғана тән дара тұрғы. Осы жерде ескеретін бір жай бар. Ол – Ахтанов шығармашылығына Ахтановтың көзі мен Сайлаубектің көзінің бір көз екендігі. Ахтанов шығармашылығына Ахтановтың көзімен қарайтын – Сайлаубек Жұмабектің өзі. Мұндай батылдыққа сыншының сыншысы ғана тәуекел ете алады. Өйткені мұндай шығармашылық мақсатқа жету үшін білім мен білік, талап пен талант, еңбек пен ізденіс қана емес, осылардың бәрінің төбесінен қарап тұрғандай биік қасиет қажет. Оның аты – Ахтановтың өзі мен шығармашылығына, шығармашылық тұлғасына деген азаматтық құрмет пен адамдық сүйіспеншілік. Сыншы Ахтановты, Ахтановтың шығармашылығын, Ахтановтың шығармашылық мұратын, шығармашылық ойы мен ойлауын, көркемдік-эстетикалық әлемінің жарығы мен жарқылын осындай құрметпен, осындай сүйіспеншілікпен барлап, қабылдады. Бұл – Сайлаубек талантының сыншыл һәм сыршыл ерекшелігі. Бұл – Сайлаубек Жұмабек табиғатының адамдық, азаматтық, адамгершілік, кісілік қасиеті. Талантқа құрмет, талантқа деген сүйіспеншілік жоқ жерде сын да, сыншы да жоқ. Сайлаубектің сын саласындағы шығармалары жазушыға, жазушы таланты мен жазушы табиғатына деген құрмет пен сүйіспеншіліктен туды.
Жазушының еңбегі, жазушының таланты, жазушының шеберлігі туралы әдебиеттанушы да, сыншы да аз айтып жүрген жоқ. Соған қарамастан бұл мәселелер туралы айтылған, жазылған ойлардан айтылмаған, жазылмаған, шешілген мәселелерден шешілмеген, шешімін күтіп жатқан міндеттер әлдеқайда көп. Зерттеушілер де, сыншылар да бұл мәселелер аясындағы күрделі, іргелі құбылыстар туралы, көбінесе, жалпы айтуға бейім. Мұны айып санаудың жөні жоқ. Қалпы айтқаннан жалпы айтқан көш ілгері. Жалпы сипаттағы іргелі мәселелер туралы нақты айтуға ұмтыла отырып, қапелімде, қалпы айтып қою қиын емес. Ең бір қолайсызы – еңбексіз, талантсыз, шеберліксіз жазылған шығармадан көркемдік кесте іздеп тапқан болу. Тіпті талантты қаламгердің талантсыз шығармасын тамашалаудан да сақ болған абзал. Талантсыз жазылған шығарманы тамашалау талантты өсірмейді, өшіреді. Сондықтан да Сайлаубек Естайұлы мұндай тамашалаудан бойын да, ойын да аулақ ұстады. Үстірт, таяз жазылған шығарманы тас-талқан етіп сынауға да бармады. Ондай сыннан әдебиетке де, сынға да ғибрат болар пайда жоқ деп білді: алтын қаламының ұшын тасқа салуға қимады. Жүрегін жылытпаған шығармаға да, көңілі толмаған жазушыға да бірқалыпты сабырмен қарады. Жазушылық мұратының адалдығымен, суреткерлік табиғатының тазалығымен, кісілігінің ірілігімен, дарынының даралығымен жанына жарығын түсірген, сезімін тербеген, жүрегін тебіренткен, ойын балқытқан қаламгерлердің шығармашылығына жайбарақат қарап отыра алмады, жазды: сырын айтып, эссе жазды; шынын айтып, шығармашылық портрет жазды; сынын айтып, роман-портрет жазды. Сүйгені мен сүйсінгеніне ғана мойын бұрды. Сүйгенін оқып, сүйгенін жазды. Меніңше, Сайлаубектің өзі көзі тірісінде көңілі толып айтқан «Талант тектоникасы» да осы болу керек.