Өнер – тұмары еді
Бекжан ТҰРЫС,
актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
Театр әлеміне қадам басып, өнер өмірін кеше бастаған кезеңдерден бері Әшірбек ағаны білетінмін, бірақ ол кісі бізді таныған жоқ. Мүмкін көзге түспеген болармыз. Қырыққа толған шағымда бенефис өткізуге бел будым, Әш-ағаны шақырдым. Сол күннен бастап Әш-аға мені тани бастады. Содан кейін барып Әш-аға менің көп ойындарымды көре бастады, одан кейін барып мен туралы жаза бастады, мен туралы айта бастады. Көрген жерде ақылын айтып, сәттілік тілеп тұратын.
Театрда мені режиссерлер көбінесе шалдардың рөлдеріне салып жүрді. Сол кезде Әшірбек Сығай маған: «Әй, Бекжан сен үлкен амплуалы кең актерсің, сен қазір Ақанды, Ричардты, Сырымды ойнайтын кезің, бұл штампқа апарып соқтырады, сен осыдан қашсаңшы», – деп ренжитін. Мен айтамын: «Әшірбек аға, менің ойнағым келмейді емес. Ақанды да, Сырымды да ойнағым келеді. Әрине өз Ақанымды шығаратын едім. Өйткені мен дипломдық жұмысымда Ақанды ойнаған кезде жаман ойнаған жоқ болатынмын. Рөл берілген кезде жұмыс болғандықтан, жоқ мен ананы ойнауым керек деп бас тарта алмаймын. Табиғатымда жоқ», – дедiм. «Сонда да осы жағын ойластыр, штампта қалып қалмашы», – дедi.
Бірде Әуезов театрында Әшекең өзі тәржімалаған «Жүрейік жүрек ауыртпай» спектаклінің прьемерасы өтті. Сол қойылымдағы шалдың рөліне үш актер түстік. Сәбит Оразбаев, Құман Тастанбеков және мен. Сәбит аға ойнады, Құман аға ойнады енді менің кезегім келгенде Әшірбек ағаға айттым: «Ағаңызбен досыңыздың ойынын көрдіңіз, енді мені де сынап көріңіз аға», – деп ем: «Көреміз, көреміз», – деді. Көзді ашып-жұмғанша спектакль де өте шықты. Кейін көргенде айттым: «Сәбит аға өз жасында, Құман аға да өз уақытында, мен жаспын қалай болды «шалым» аға», – дедім. Сөйтсем, Әшірбек аға: «Әй Бекжан, сен шал боп туған адамсың ғой өзі», – дегені бар.
Әшірбек Сығай болмысынан сөзге шешен еді ғой… Ойының оралымы бөлек, өнер атты қасиетті ұғымды жүрегіне тұмар қылып таққан адам ғой. Сол сұлу сөздеріне ғашық болатынмын.
Шашылып түскен тіркестер
– Аймауытовты телефонға бола ма? – дейді әкімшіліктен сөйлеп тұрған қыз.
– Аймауытовыңыз кім? Сұрап тұрғаныңыз Жүсекең Аймауытов болса, ол кісі әлдеқашан о дүниелік емес пе еді? – дейді театр директоры.
Таң-тамаша қалған хатшы қыз өзіне-өзі күбірлеп:
– Вот здорово, Аймауытовқа «звонда, звонда» дейді. Сонда қалай? – деп телефон тұтқасын тұғырына қоя салады.
«Аймауытов театрына звондап айтыңыздар, бүгінгі спектакльге әкім барады» дегенді шала түсінген хатшы қызға не дерсіз!
***
Белгілі режиссер Асқар Тоқпановты көре сала танымал драма артисі:
– Асеке, өткенде Сырымды қалай ойнадым? – деп тықақтап болмапты.
– Ой, ойнауын сен ойнадың-ау, ұялауын мен ұялдым ғой, – депті жұлып алғандай, табан астынан тауып сөйлейтін шешен режиссер.
Әшірбек Сығай.
«Ойын-оспақ, әзіл-сықақ десек те…».