Рухы биік таза жан
Төлен ӘБДІКҰЛЫ,
жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты
Адамның өлшеулі ғұмыры таусылған күні тірілермен мәңгілікке қоштасатыны жалпыға белгілі ақиқат. Бірақ рухани әлемге енген кезде осы ақиқат аздап өзгеріске ұшырайтын секілді. Өйткені адам тіршілікте тірі адамдармен ғана өмір сүре алмайды. Жаныңа жақын бақилық жандармен де сұхбаттасып, өткен-кеткенді еске түсіріп, шүйіркелесетін кездер болады. Ендеше олар сен үшін ешқайда кеткен жоқ,сенімен бірге, санаңда және олардың саған ықпалы тірілерден кем емес. Мен үшін сондай жандардың бірі – Әшірбек Төребайұлы Сығаев.
Әшірбек – шығармашылық әлеуетімен, азаматтық батыл ұстанымымен, кісілік келбетімен халыққа әбден танылған тұлға. Әрине, мұндай атаққа адам бір күнде жетпейді. Ол үшін ұзақ жылдарға созылатын қажырлы еңбек, терең білім, «ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» керек. Ол да бір кезде албырт, болашақтан үміті мол, бірақ әлі ештеңе бітіріп үлгірмеген жас болатын. Консерваторияның актерлық факультетіне оқуға түсті. Тумысынан ақжарқын, әзілкеш, әдемі тенор даусы бар, өнерпаз жігіттің болашағына ешкім күмән келтірген емес. Алайда сол кездің өзінде оның бойындағы қаламгерлік қабілет таныла бастаған. Ақыры сол қалам оны біржола шығармашылық әлеміне алып келді. Драмматургия жанрын, театр өмірін, актерлардың шығармашылық ғұмырын зерттеді.
Біздің алғаш етене таныстығымыз 1979 жылдан басталған-ды. Екеуміз Орталық комитетке бірдей қызметке алындық. Ол – Алматыдағы өнер басқармасының бастығы, мен «Қазақфильм» киностудиясының бас редакторы болатынмын. Бізді қызметке шақырған мәдениет бөлімінің меңгерушісі Михаил Иванович Есенәлиев. Адамгершілігі биік, парасатты кісі еді. Бөлімде өңкей жазушылар – Әбіш Кекілбаев, Марал Ысқақбаев, Илья Шуховтар істейді екен. Біздің қызметтегі қарым-қатынасымыз өзге бөлімдерге ұқсамайтын. Өзге жігіттер – Орталық комитеттің этикетіне сай, түймелері түгел салулы, галстуктері қисаймаған, екі оқтауды қатарынан жұтып алғандай, сіресіп бара жатқанда, біз қиқы-жиқылау, анекдот айтып, езуіміз жиылмай жүреді.
Бірде асханада отырғанда ғылым бөлімінде істейтін Казаков деген жігіт біздің қасымызға келіп:
– Сырттарыңыздан сіздерге қызығып жүремін, сондай көңілді жүресіздер. Не туралы айтасыздар, отыруға бола ма қастарыңызға? – деп өтінгені есімде.
Ішіміздегі ең жасымыз – Әшірбек. Өзі актер, өзі әнші. Қалжыңсыз жүре алмайды. Көбірек жыртақтайтын екеуміз болармыз. Бұрын ұстаз, мектеп директоры болған Марал бізді алғашқыда жөнге салмақ болып еді, сонысынан ештеңе шықпады ғой деймін.
Әшірбек бас қосқан кештерде отырыстың гүлі еді. Әнді айтқанда профессионал әнші ме деп қаласың. Сөзге шебер, әзіл-қалжыңы атқылап жатқан фонтан секілді. Кейде ышқырын ұстап, басын қылқитып, «р»-ды айтпай, Ленин болып ойнағанда, апырмай, осы актерлықты бекер тастап кеткен жоқ па деп ойлайсың.
Әдетте шығармашылыққа ден қойған адам, қызмет, шаруашылық, ұйымдастыру жағына шорқақтау болады. Әшірбек екі жағына бірдей еді. Істеген жерінде өз саласын тастай қылады. Мәдениет министрінің орынбасары болып жүріп, кетіп қалғаннан кейін, екі-үш жылдан соң, келесі министр қолқа салып, өзіне бірінші орынбасарлыққа шақырғаны есімізде.Мұның бәрі оның білімді де білікті маман екенін білдіреді. Мәдениет саласындағы қызметкерлердің, жалпы шығармашыл қауымның арасында беделі үлкен болды. Өйткені, Құдай берген талантының сыртында, тура айтып, тура жүретін, бастықтарға жағымпазданбайтын, азаматтық принципінің беріктігімен, адамгершілігінің биіктігімен ерекше еді.
Бірақ қалай десекте, Әшірбек, ең алдымен, әлемдік өнер тарихын, драматургия жанрын, сахна табиғатын бес саусағындай білетін талантты театр сыншысы. Шығармаларын қазақ өнерінің энциклопедиясы десе болғандай. Қазақстанда ол зерттемеген бір де бір театр, бір де бір өнер қайраткері жоқ шығар.
Әйгілі Серке Қожамқұлов, Қапан Бадыров, Сәбира Майқанова, Қаукен Кенжетаев, Әзірбайжан Мәмбетов, Райымбек Сейтіметов, тағы басқа өнер саңлақтарымен сан рет сұқбаттасып, етене араласып, әр қайсысы туралы жеке-жеке зерттеу еңбектерін жазды. Олар Әшірбекке өмірде айта бермейтін ішкі сырларына дейін айтатын. Өйткені, оның тазалығына, талғамына, кісілік қасиетіне, талантына кәміл сенетін.
2000 жылы Әшекеңнің «Сахна саңлақтары» атты кітабы Мемлекеттік сыйлыққа ие болды. Шынын айтсақ, сыйлық алудың да жолы көп. Қайсы біреулердің қалай алғанын көзіміз көрген. Ал Әшірбектің кітабы шаппай бер бәйге атындай кедергілерге жолықпай, қара үзіп, бірінші келген. Сыйлық комиссиясының ішінде кежегелері кейін тартып, ештеңені ешкімге қимай отыратын талай кірпияз мүшелердің өзі бірауыздан мақұлдап, қолдағанына куә болғанбыз.
Халық ұлтқа айналу үшін алдымен өнер арқылы мәдениет жасауы керек. Әлемді билеп отырған жетекші ұлттардың бәрі өнерді дамыту арқылы этностық деңгейден ұлттық деңгейге көтерілген. Өнердің өзінің даму тарихы бар. Ол тарих кейінгі ұрпаққа рухани азық болу үшін зерттеліп, зерделеніп, қағазға түсуі керек.Оны жасау бір емес, бірнеше ұрпақтың міндеті. Сол міндеттің негізгі бөлігін жалғыз өзі жасаған Әшірбек секілді болып көрінеді маған.Қазақ театры немесе жекелеген артистер төңірегінде материалдар қажет болса, Әшірбек жазған жиырмаға жуық кітаптың ішінен өзіме керегімді тауып алып отырамын.Ол материалдар әлемдік өнер ұстанымдарымен салыстыра отырып зерделенген, бүгінгі заманауи ағымдармен астастыра отырып талданған тұтас ғылыми еңбек болып шығады.
Әлі есімде, қазақ өнерінің мақтанышы Асанәлі Әшімовтің 60 жылдығында,ұмытпасам, Шымкентте Әшірбек қағазсыз, ауызша баяндама жасады. 45 минут шамасында жасалған баяндамада оның сөйлеу мәдениеті, өнер табиғатын терең түсінетіні, әбден төселген шешендік қабілеті айқын көрінген еді. Қазақ өнерінің бүгінгі ахуалы аясында Асанәлінің театрдағы, кинодағы шығырмашылық ерекшелігі, әр образды жасаудағы жаңалығы, өзінің кісілік, азаматтық келбеті, тұлғалық қасиеттері туралы жасаған талдаулары көркем шығармадай әсер еткен.
«Хабар» телеарнасынан беріліп жүрген «Жансарай» атты хабары да аз уақыттың ішінде көрерменге кеңінен танылды. Өйткені, Әшірбектің хабарды жүргізудегі табиғи еркіндігі, сұқбаттасқан адамына қойған сұрақтарының бүгінгі заман шындығын, әлеуметтік, мәдени проблемаларды көтерген жүрекжарды сипаты жұрттың көңілінен шығатын.
Онымен бірге өткен күндер – әсіресе, Әбіш, Марал, Әшірбек, мен – төртеуміз бірге қызмет істеп, бір отбасының адамындай араласып, сырласып, жүрген шақ бүгінде маған қызықты да бақытты күндер болып елестейді. Сол күндерді нұрландырып, шуағын шашып тұрған Әшірбектің бойындағы тазалық, адамгершілік, досқа деген шынайы ықылас деп білемін. Тойымыз болса, тек Әшірбек басқаратын. Елге барып, аунап-қунап қайтқымыз келсе, Әшекеңді алып кетуге тырысатынбыз. Өйткені, Әшірбекпен бірге жүру, оның көтеріңкі көңіл-күйінен, әзілінен тамаша әсер алу Құдайдың рахаты еді…
Шашылып түскен тіркестер
…дәл осы шақ қазақ сахна өнерінің толқын алмастырып, көбінше егде, ересек шеберлердің орнын жас өнерпаздардың еншілеп жатқан кезеңдері. Бұл – сахна өнеріндегі аса бір кірпияз, кінәмшіл сәт. Қадау-қадау корифейлер бақилық болып, алпыстың ар жағына жетіп жығылған көзі тірілердің осынау табиғи процеске үрке қарап, үрпиісіп тұрған сәттерінде жалын жүректі жастарымыздың сахна төріне қарай өршелене құлаш сермеп, қол созған кезеңдері. Сол сәттер сызатсыз өтсе екен дейміз. Дәстүр жалғасы өзінің шынайы шырқынан айырмағай деп тілейміз…
…Тұлғаға зәру сахна нағыз шоқтықты таланттарды тосып, шарқ ұрғандай. Өзінің тұғырында әзер тұрғандай…
…Актер, режиссер болу оңай емес. Талант – Жаратушыдан. Тамада боп жүргеннің бәрі тағы талант емес…
Әшірбек Сығай.
«Актер өнеріндегі кәсіби шеберлік».