ӨТКЕННІҢ РУХЫ КЕЛЕШЕКТІҢ  ДЕ  ИГІЛІГІНЕ ЖАРАЙДЫ
08.09.2021
765
0

Константин Симонов атындағы және халықаралық «Алаш» әдеби сыйлықтарының иегері, ақын Нармахан Бегалыұлы поэзиялық туындыларымен қатар сын мақалаларымен де оқырманға етене таныс.  49 жыл баспасөз саласында табан аудармай қызмет істеген қаламгер руханияттан ешқашан қол үзген емес.  Шым-шаһарда тұратын шайырмен тілдесе отырып, поэзияның құдіреті, кешегі, бүгінгі прозалық туындылардың ерекшелігі туралы әңгімелестік.

Поэзия – Тәңірдің өзі таңдаған әулие жанр

– «Кеудемдегі сағыныштың мұңымен,
Сені іздеймін, тұңғиыққа үңілем.
Елесіңді алып қашып алысқа,
Сөйлейді әлем қараңғының тілімен»,
– дейсіз, аға, бір жырыңызда. Ал осылай жырлаған ақын өлең өлкесінен не іздейді? Сіз үшін поэзия дегеніміз не?

«Адам Ата мен Хауа Ана жұмақстанда бір-бірімен тек өлең арқылы тілдесе түсінісіпті. Алла Тағала олардың бойындағы осы мүмкіндікті пейіштен қуыларда кері қайтарып, «Енді мұны бұдан былай өзімнің рақымым түскендерге ғана сыйлаймын», –  депті», – деседі. Тылсымы тым тұңғиықтағы бұл әңгіме шынайылығымен тәнті етіп, жарықтықтарымыздың тұқым-тұяғына ұласқан ұлағатты сабақтастығымен қайран қалдырады. Тектен-текке түзілмеген тәмсілдің тән-тінін абайласаңыз,  әдебиет әуелде өлеңмен басталғанына қанығып, ой тұжырымдайсыз. Көркем жазу әлеміне енуге ынтыққандардың бәрі дерлік алғашқы адымын жыр жолымен ашатыны сол баяғы атам заманғы көсем көштің ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан сабақтастығы, тәлімді тұспалы. Сөзімізге түр кіргізе түйіндесек, поэзия –  Тәңірдің өзі таңдаған әулие жанр.  

Поэзияның сиқырлы сипатын, қоғамдық өмірдегі орнын, эстетикалық мазмұнын жай сөзбен сыпаттау қиын. Өйткені бүкпесіні де, бүктесіні де қыруар. Сөйте тұра қуанғаныңда да, мұңайғаныңда да көңіліңнің кілтін тауып, жан-дүниеңмен жып-жылдам жымдасады. Көпшіліктің кәдесіне жиі жарайтыны, тартылған сымдай қатайған жүйке-жүйеңді босататыны, мейірбандыққа тәрбиелейтіні  сондықтан, тәңіри тазалығынан.

– Саф поэзияның тәңіри тазалығына қазақ жырларынан мысал келтіріп көрсеңіз, аға?

– Уақыттың қатерлі сынағы туғызған қос үрей шақта Мағжан ақын жазған екі жолға назар тіктейікші:

Төбемде қос қарағай шулай-шулай,

 Төменде толқын өлді тулай-тулай…

Сізге қайдам, осы екі тармақ биік өнердің ескерткішіндей елестейді маған. Жаратылымындағы үйірілген үйлесім де, күлтелексіз кемелдік те, додаға түскен дертті дүние де тозақтан өтіп келгендей көрінеді. Төбеде шулаған қос қарағай – биліктің биігіндегі Парламент пен Өкімет, төменде тулаған толқын – қилы-қилы қиындықтағы халық емес пе екен? Нұқ пайғамбардың кемесіне татитын талшық іздеп, мен бүгін оң мен солыма қарайлаймын.  

Мағжанның әлгі екі жол өлеңі –  бүгіннің де, ертеңнің де, болашақтың да даусы. Көп сөздің көбігін сапырмауымен өнеге, динамикалық образға толылығымен үлгі. Оқырманын жайдақы жабықтырмай, көзін ашып, жүрегін жуады. Туы жығылмайтын мұндай туынды тумаса да туғаныңдай ыстық, «Әншейінде би ағалар, түйе ауғанда қайда едің?» – деген ауызекі сөйлемді тіліңнің ұшына байлайды. Лирикаға тән ерекшеліктің бәрін қапысыз қамтуымен сүйіндіреді.  

 Өзінде бармен көзге ұрмайтын тұтас тұспалымен-ақ сурет салатын туындылар халықтық поэзиямызда жетіп-артылады. Бір ғана мысалды місе тұтыңыз:

 Қымыз құйып сапырған ақ тегене,

Күнің өтіп барады – ә, әттегене!

 Мезгіл өрмегінің жүзі ауғанын түйсіндіретін осы екі тармақ есіме түссе, ұлтымыздың көшпелі тұрмсындағы ұнамды ұшырасулары, таңдайды жұла тіл үйіретін қымыздың қырдағы қыдырманы да қызара бөрткізгені, жиын-тойдағы көпшіліктің де тамсанған таңсық асына айналғаны, алшақ қонған ауылдардағыларды жақындастырғаны, бірі қуанып, бірі қуарып отырғандардың таразысын теңестіргені ойыма оралады.    

Поэзиямыздың дамуындағы бұлайша тұспалдау тәсілі бардан ауысу, балдан жұғысу заңдылығын сақтап, ажарын аздырмай, гүлін солдырмай, бір сырлы, сегіз қырлы туындылармен тұшындырды. Өмірден ерте озған Құдаш Мұқаштың «Аманатын» оқыңызшы:

Қайғы деп мұны сезінбе,

Жыл қосар әлі-ақ араны.

Аяулы сәулем, өзіңде

Домбырам қалып барады.

 

Сүйесең кетер сырғанап,

Ілулі тұрсын тұсыңда.
Мен жоқта келген бір қонақ

Шертемін десе, ұсынба.

Нәзік дірілімен тербететін махабаттың мың құбылтар ғажайып сиқырын, соған қосарласа сай-сүйекті сыздата сырқырататынын әркім-ақ бастан кешірген шығар. Әлі де солай бола бермек.

Жоғарыдағы жүзден жүйрік озған екі шумақты кісі бетіне қарамайтын ұяң, ұялшақ қызымның да, қыршын жас келінімнің де, назарын төмен салып тыңдайтын зайыбымның да алдында, иін тірескен көпшіліктің ортасында да қылаң сақал шағымда талай-талай дауыстадым. Қисық жауап қайтара қыңыр сөйлегендерін естімедім, қайта имандарының иығы биіктеген сайын бүтінделе түскендей көрінетін. Пушкин туралы Александр Блоктың жазғаны жадымда жаңғыратын: «Нельзя сопротивляться могуществу гармоний, внесенной в мир поэтом». – «Ақынның әлемге енгізген үйлесімдерінің құдіретті күш-қуатына қарсыласуға болмайды». Енді Пушкиннің өзіне құлақ түріңіз: «Век может идти себе вперед. Наука, философия, гражданственность могут усовершенствоваться, изменяться. Но поэзия остается на одном месте» –   «Ғасыр алға өзінше құбыла қарқындауы мүмкін. Ғылым, философия, азаматтық кемелденуі, өзгеруі ықтимал. Ал поэзия өз мәнінде қалады.» Осылайша ой толғаған Александр Пушкиннің «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» жырына қызығуы, сұлбасын Орал қаласында хатқа түсіруі, «Ер Тарғын» жырының кейіпкері Ақжүністің  шаппа-шап шендестірулерін  француз жазушысы, әлем таныған Проспер Мерименің сонау ХІХ ғасырда тәржімелеуі, Шортанбай Қанайұлының өлеңдерінің  зар заманда Америкадағы кітапханада қымбат қазына ретінде сақталуға қойылуы – ауыз әдебиетіміздің әрі мен нәрі қандай екенінің кепілді көрсеткіштері. Ақжүніс сөзін француз қаламгері қандай деңгейде аударғанын білмеймін, түпнұсқаны Наталья Рыкова тәржімесімен салыстырайық. Төгілме жырымыз – төрт аяғын тең басқан жорғадай, әр жолы – алтын шегелермен шегеленген күміс тағадай:

Бұқар барсаң, қолаң бар,

Қолаңды көр де шашым көр.

Зергер барсаң, қасында

Алтыннан соққан түйме бар,

Түймені көр де басым көр!

Молдаға барсаң, қасында

Қиюлы жатқан қалам бар,

Қаламды көр де қасым көр!

 

Қара жерге қар жауар,

Қарды көр де етім көр.

Қар үстіне қан тамар

Қанды көр де бетім көр!

Түпнұсқаның кенеуі кеткен, борша-боршасы шыққан, жүнін жұлған тырнадай орысшасы:

Видишь снег?

Тело мое белей его.

Видишь на снегу кровь зарезанного барана?

Щеки мои алей ее.

Взойди на эту гору,

Ты найдешь там обгорелый ствол дерева;

Но косы мои черней его.

Около султана всегда есть муллы,

Которые много пишут,

Но мои брови черней их чернил.

Оқыдым да меселім қайтты, тауым шағылды. Біреулердің отына жылынғымыз келіп, мемлекет есебінен қыруар қаржы шығындап, біраз ақынымыздың өлеңдерін таяуда бірнеше шетел тіліне аударттық, ол туындыларды да қазақтың болмысынан бейхабар тәржімешілер жоғарыдағыдай ми батпаққа батырмады ма екен, біреулердің таңсығы біреулердің қаңсығына айналып кеткен жоқ па деген ой мазалайды мені.

– Сіз аударманың қандай болғанын қалайсыз?

– Аудармашы түпнұсқадағы  образдылықтың түпсіз тұңғиығына, сезімнің шексіз байлығына бейнеттене бойламаса, ұртын алып мұртына жалғайтын шалағайлық өзгенің адалын арамдап, оқырманның басына шырмау салады. Ысылған, тәжірибелі тәржімеші екі тілді төл еміп, тәлімді өнеге танытпақ. Шекспирдің бір пьесасының орысша тақырыбы – «Укрощение строптивой». «Укрощение»-нің қазақшасы – жуасыту, үйрету бастықтыру; «строптивый» – қыңыр, ешкімнің дегеніне көнбейтін, асау, шәлкес деген мәнді білдіреді. Аталмыш тақырыпты ана тілімізге «Асауды жуасыту», «Асауды үйрету», «Асауды бастықтыру» деп аудара салсақ, ешкім шет көрмес еді. Мұхтар Әуезов мұның біріне де тоқтамай «Асауға тұсау»  деп еміндіре, ел тарта тәржімелепті. Тіркесінде болбырлық, селсоқтық, жігерсіздік жоқ, есесіне «асау», «тұсау» сөздері өлеңнің ұйқасындай серпінді, құлаққа сіңімді.

Аудармашылықтың ыстығына күйіп, суығына тоңатын кісі басқа тілдегі мағынасыз сөздерді де өз тілінде ептеп-септеп сөйлетеді. Юрий Казаковта «Трали-вали» деген әңгіме бар. Тақырыбының өзі –   мағынасыздықты, түкке тұрғысыздықты, белгісіздікті меңзейтін, септелмейтін сөз. Сайын Мұратбеков сол мәнсіз тақырыптың қанын бетіне ойната, барын базар ете қазақшалапты: Трали-вали – Қиру-ширу. Сізге түсініктірек болу үшін бір мысал келтірейік: «Этому бездельнику все трали-вали» – «Бұл сандалбайға бәрі қиру-ширу».

Аудармашылық ақынның шеберлігін шыңдайды, жетілдіреді. Дабысы жер жарған Борис Пастернак бір жылдың екі айында тек аудармамен айналысатын болған.

 

Жамбыл – дүниежүзілік поэзиядағы ерен құбылыс

– Жамбыл  Жабаевтың  175 жылдық мерейтойы республика көлемінде аталып өтуде. Дегенмен жыр алыбы – Жамбылдың шынайы ақын ретіндегі тұлғасы әлі де тасада қалып келе жатқандай. Бұл тұрғыда сіздің ойыңыз қандай?

– Су сұраған дала ақ сағымымен теңіз  толқынын өрнектеп, нөсер сағынып жатады екен. Кәдімгі майда толқындардың судырлаған суреті жібек сағыммен бірлесе көшкеніне таң қаласың. Бұл көрініс  ымырт үйіріліп, ыстық ауа түн қойнында ентігін  басқанда ғана ғайыптанады. Ертеңіне сағыныш қайта басталады. Шаң басқан шалғын мен мұңайған гүлдердің мұндай сәттегі жұбанышы – ақ маржан тамшылар. Ағыл-тегіл ақтарылған  жаңбырдан кейінгі керілген кемпірқосақ қандай әдемі десеңізші! Шыңылтыр аспаннан да шаң кетіп, көңіл көкжиегі кеңи түседі. Табиғатпен  бірге өзің де еңсе көтеріп, жаңарып қалғандай сезінесің. Сұлу дүниеге ғашықтық бойды да, ойды да түгел баурағанда, арқа сүйер асқар тауларыңды, өзіңнен бұрын ақ нөсердей құйып өткен  ардагерлерді еске аласың. Солардың бірі – Жамбыл Жабаев.

Жамбыл – жаңбыр жыр! Ол дүниежүзілік поэзиядағы ерен құбылыс. Өлеңдері оқушысын мөлдірімен сусындатса, кейде аспанында найзағай ойнатып, су жүректердің зәре-құтын қашырады. Ақындық дарыны осы құдіретімен қымбат.

Халық поэзиясының өзіне дейінгі өнегелі үлгілерін жете меңгерген Жәкем әр жол өлеңін әсем өрнектермен нақыштап, оюлап жеткізуге күш салған. Бұл саладағы ерлігінің теңдесі жоқ. Ауызша айтыста тыңдалған тапқырлық пен жазба әдебиетінде көбірек кездесетін образдылық Жәкеңнің жырларында жымдасып, бір-біріне түр беріп тұрады. Тыңнан табылған теңеулер еріксіз еліктіріп, жаныңда жалын ойнатады.

Сақалым темір күрек борға малған,

Селеудей шашым селдір зорға қалған.

Аузыма ақ жабағы жапсырғандай,

Кәрілік немді қойдың қорламаған?

Қарттықтың буы буынына тараған адамның халін мұнан артық суреттеу мүмкін де емес шығар. Аз сөзбен осындай тұтас  сурет салу, оған әзіл мен мысқылды, өкінішті қоса дарыту кез келген таланттың маңдайына жазылмаса керек. Алғашқы жолға назар аударыңызшы. Өзіміз күнделікті қолданып жүрген қарапайым сөздерден соншалықты шымыр метафоза жасалған. Бір сөзін де өзгерте алмайсыз. Ырғақ пен дыбыс, ұйқас үндестіктері де үйлесімді. Ақын сақалды борға малған темір күрекке балау арқылы қазақ өлеңіне ерсілік етпейтін жаңалық ашыпты. Сыртқы ұқсастықты салыстыру арқылы жасалған жаңа метафораны жатырқамай қабылдайсыз. Шумақтың екінші, үшінші жолындағы теңеулердің қолданылу шеберлігі де қызықтырмай қоймайды. Екінші жолда селдір шаш селеуге тікелей теңелсе, үшінші жолда шендестіру элементі басым. Қызыл ерінге ақ жабағы  қарама-қарсы қойылу арқылы қарт кісі портретінің штрихы ұтымды беріледі. Бүкіл ақындық тілдің жеңісі болып саналатын метафораның, теңеу мен шендестірудің, метонимияның Жамбылдың өлеңдерінде мол кездесуі халық поэзиясынан көл-көсір нәрленгенін  анық аңғартады. Ақын бұрынғыны қайталамайды. Ақындық тілдің өзіне дейінгі үлгілеріне жаңа сипат береді. Ол бірде:

Қардың басын  қар алар,

Ханның басын ел алар.

Қараңғы түн түнегін,

Нұрланып атқан таң алар.

Төренің басын топ алар,

Жауыздың басын көп алар.

Көп толқыны қозғалса,

Кімдер тоқтау бола алар! – деп шешендік сөз үлгісімен жырласа, соған іле-шала азаматтық лириканың деңгейіне тасып шыға келеді. Ең ғажабы – ақын өлеңдерінде теңеу, метафора, метонимияның бір-бірін үстемелеп, бір-біріне қуат беріп тұруы. Олардың бояуы, дыбыс үндестігі – ашық, сөз бен сөздің байланысы – балталасаң да мызғымайтын  берік.

Судай аққан жас көрдім,

Ағыл-тегіл сорғалап.

Қамауда тұрған бас көрдім,

Көгендеген қоралап, – деген шумақтың алғашқы жолындағы теңеу екінші жолдан қызу алса, үшінші, төртінші жолдардың ауыспалы мағынада, яғни метонимиялық жолмен жасалуы жырды жұп-жұмыр ете түскен. Дәл осындай тегеурінді жолдарды оқығанда, ұйқастың бір сөзді қайталау арқылы жасалғанын да байқай бермейсіз. Ақын бұл жерде ішкі және сыртқы ұйқасты негізгі ойды дамытуға қолданған.

Жамбыл өлеңді домбырамен айтты. Өлең жолдарының буын санын түгендеуге ол артық сөз қолданбай, бөтен сөзбен былғанудан қорықты. Мәселен:

Мынау тұрған Абайдың суреті ме?

Өлең сөздің ұқсаған құдіретіне…

Ақыл, қайрат, білімді тең ұстаған,

Өр Абайдың төтеген кім бетіне? – деген шумақтан бір де бір артық сөз таппайсыз. Сөз алтынынан сомдап құйылған поэзия осылай  болса керек-ті.

 Өрелі жүйріктің өлеңдеріндегі сурет пен әрекеттің қабысуы сүт пен қаймақтай.

Сіз бе еді ақын аға Майкөт деген?

Бір сөзі бір сөзіне қайшы етпеген.

Саңқылдап сарайыңнан өлең шықса,

Именіп талай ақын бәйпектеген.

Бұл шумақта әдеп те, кішілік ізет те, өлеңге қойылатын талап та, дәріптеу де, таланттыны мойындау да бар.

Көзіңмен көрмегенді Жәкең сөзімен көрсетеді. Өмірде өзіміз ұшыраспаған ақын Ғали Ормановты Жәкең арқылы тани кеттік:

Шөлге шыққан бұтадай,

Бойың қысқа мыртиған.

Қара шолақ бұқадай,

Суға тойып тыңқиған.

Жамбыл Жабаев шығармалары ақындық өрнегімен ғана емес, ұлы адамгершілік, отансүйгіштік қасиетімен де қымбат. Қазақ поэзиясында көсемдер образын Жәкеңнен артық жасаған ақынды әлі ұшыратпадық. Оның Екінші дүниежүзілік соғыс  жылдарында дүниеге келген «Ленинградтық өрендерім», «Сүйікті Отанымның ұлдарына», «Ленинград жастарына», «Жау ажалы жақын», «Москва – менің қамалым» сияқты жырлары қан майданда жауынгерлермен бір сапта жүрді, плакат болып басылды.  Жеңісті жақындатуға үлкен үлес қосты. Жәкеңнің өз ұлы Алғадай туралы жоқтауынан оптимистік сарын, болашаққа шексіз сену айқын аңғарылады. Ол бізге өзінің осы сенімімен де қымбат.

Ертеректегі бір өлеңінде жыр алыбы былай деген екен:

Батаңды маған бер, әке,

Тіліме менің ер, әке!

«Жапаның ұлы ақын боп,

Жақсы істепті», – дер әке.

 Иә, Жамбылдың ақын болғаны біз үшін қандай жақсы! Қазіргі поэзиямыз да шырқау биікте.

Ар жағында ұлы ызғар сезіліп тұр,

Жылтырайтын дүниенің беті ғана, – депті Жұмекен Нәжімеденов.

Абай жазды ақ көңілін дәптер ғып,

Қасым жазды, жүйрік деген ат бердік.

Ал сен кімнің рөлінде ойнайсың?

Арзан, арзан, арзан, арзан  актерлік.

Бұл да – Жұмекең. Құлқы құлдыраған ақпа құлақ оқырмандардан сақтасын Құдайым.

Абайды толайым түсінуіміз ұзаққа созылып еді, Жұмекеңді жүрегімізге жайғастыруымыз одан да ұзайтын секілді.

 

Қызыл шақа шығармаларға суықпын

– Аға, ал кешегі, бүгінгі қазақ прозасы туралы не айтар едіңіз? Қазіргі прозалық туындылардың көркемдік негізі қандай деңгейде?

 –   Қазақтың жазба көркем прозасы ХХ ғасырдың алғашқы жартысында шым-шымдап басталып, шырайын шындықпен түзеді. Жазушыларымыз оқырманның көңілін аққа ұйытуға ұмтылды. Қараңғылыққа қамшы болып тиді, қадірлісін қанаттыға қақтырмауға, тұмсықтыға шоқытпауға, жаңа өмір құруға үндеді.

Тұңғыш романымыз – «Бақытсыз Жамал». Бұл шығармада өктемдіктен өксіген, өкшесімен от басқан қазақ қызының қанды көбік жұтқан хәлін Міржақып Дулатов шынайы бейнеледі. Жүсіпбек Аймауытовтың осыған үндес «Қартқожа», «Ақбілек», Бейімбет Майлиннің «Қазақ қызы» (кейін «Азамат Азаматич» деп өзгертілген) романдары, Мұхтар Әуезовтің 1921   жылы жазылған «Қорғансыздың күні» әңгімесі – алғашқы әлеуметтік психологиялық туындыларымыз. Бұлардағы әйел кейіпкерлердің образдары  – ауыз әдебиетінде көп жырланған Баян, Қыз Жібек, Еңлік, Қамар тағы басқалардың тағдырлары тақылеттес, жазушы шеберлігімен оқырманның қыбын таба әр қырынан толықтырылған тұлғалар, бірақ көшірме емес.

Жазба көркем прозамыздың іргесін бекіткен сол ардагерлеріміздің біреуі де алғашқы адымдарында батыстық әдебиет алпауыттарына ессіз еліктемегені, есесіне ескілікті ескі әңгімелердің, құлақ құрышын қандырған ертегілеріміздің, би-шешендеріміздің тілін тоздырмай, жаңа биіктерге көтеруге тілеу қосқаны сүйсіндіреді. Жазу үстінде бейберекет шабылып-шашылудан, шалағай шатпақтаудан тартындыратын мұндай қасиет казіргі қаламдасымыз Тынымбай Нұрмағанбетовтың жазуына да тән. Баяндауларында еңірете етегіңді толтыратын  немесе ішек-сілеңді қатыратын, кейде күлкіңді ішіңе жылы ұялататын, енді бірде төбеңнен құдық қазғандай еңсеңді езетін сөйлемдер жиі ұшырасады. Алдынғы ағаларынан айырмашылығы – қаламының ұшын уақыт өткірлегені, жазу мәдениетінің жетілгені. Бұл жөнінде сарабдал сыншы Амангелді Кеңшілікұлы: «Құдайлық сәулені ол адамдардың тағдыры арқылы таниды», – деп, нысанаға дөп  тигізді.

Тәуелсіздігіміздің тұсында оқығандарымнан маған әр кітап сайын өсетін Тұрысбек Сәукетайдың ауыздан-ауызға көшкен романдары; арзан сөзге алданбайтын Тынымбай Нұрмағанбетовтың «Мешкейі», «Жыланның уы», «Періштелердің өлімі»; туған тілімізді жаңа тіркестермен байытуға ынталы Дәурен Қуаттың «Көрдемшесі»; шығармашылық түйсігі психологиялық ақуалды суреттеуге бейім Несіпбек Дәутайдың «Кісі ақысы»; Мархабат Байғұттың мысқылға малынған «Иттің құқы»; ащы шындықты айқын суреттегіш Нұржан Қуантайұлының «Қараөзегі»; прозаны қарапайым халық тіліне жақындатуды жақсы көретін Думан Рамазанның «Көші» қатты ұнады.

Прозадан ой тұжырымдарын, шешендік өрнек-нақыштарды, тың теңеулерді іздейтін, жаттайтын әдетім ертеректе қалыптасты. Бұл жәйт көркемдік жинақтауыма көмектесіп, тапқандарым іштей сырласуымның кәдесіне жарауда. Тыңдаңызшы: «Кесірленбе, кесірің алып кетеді» (Жүсіпбек Аймауытов); «Теңіздей терең халық түбінде алмастай асыл ойлар жатыр» (Ғабиден Мұстафин);  «Темір пештің үстіндегі қара құман шырт-шырт түкіріп қояды» (Ғабит Мүвсірепов); «Ата-бабаңнан қалған жер түгілі беліңдегі балаңның бесігін қоятын жер таппайсың әлі» (Ғабит Мүсірепов); «Бозторғай жұмыртқасын әнмен шайқайды» (Тәкен Әлімқұлов); «Кірпігіңіздің ұзындығы, қайқылығы сонша, әр талына шәйнек ілуге болғандай екен» (Жұмекен Нәжмеденов); «Әйелді құртатын ешкім емес, көзі мен сөзі» (Жұмекен Нәжмеденов); «Әр томар әр ағаштың моласындай» (Қалихан Ысқақ)… Сізге мұның бәрін көкірегімде қатталған, сүрідей сақталған қазынамнан бөліп беріп, жатқа айтып отырмын. Өткеннің рухы бүгіннің де, келешектің де игілігіне жарайтынының бір дәлелі – бұл. Кей сөздердің орны ауысса, баламасы қолданылса, ағаларымның аруағынан кешірім өтінемін.

Жазушы өзгені де, өзін де қайталамасын, әйтпесе қаламынан қасиет қашады. Әйтсе де ілкінің ізін жаңғыртуға, жаңартуға ерікті. Мәселен, Жүсіпбек Аймауытов «Қартқожа» романында: «..тамыздың тамып тұрған ыстық кезі» десе, Дулат Исабеков «Дермене» повесін:  «Қара қарғаның миы қайнайтын шаңқай түс», – деп бастапты. «Ыстық» сөзін ауызға алмапты, қаламына іліктірмепті. Әйткенмен шақшадай басыңды шарадай ететін алапат аптапты сүйегіңе сіңіргендей суреттепті. Ізденістің ізін көркейту деген осы.

Екі қаламгердің де көргені – бір көрініс, оқырманға тартқан сыйы әр түрлі. «Шілденің шіліңгір ыстығы» тіркесін қайта-қайта жазып, оқырманды мезілендіріп, ерқашты қылғандарға бұл да сабақ.

Прозамыздың да, поэзиямыздың да қызыл қырманының таудай болғанын қалаймын. Дегенмен оқырманға құрмет тәлімін танытпайтындардың шикілі-пісілі қызыл шақа шығармаларына суықпын.

– Әңгімеңізге көп рақмет!

Сұхбаттасқан Мөлдір РАЙЫМБЕКОВА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір