«СӘКЕҢМЕН ӨТКЕН 23 ЖЫЛ – ҒҰМЫРЫМНЫҢ ЖАЗЫ ЕКЕН…»
06.10.2017
1593
0

Шәрбану Бейсенова,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, танымал жазушы:

– Шәрбану апай, халқымыздың сүйікті пер­зент­терінің бірі, танымал қоғам қайраткері, бел­гілі әдебиет сыншысы, сіздің Құдай қосқан қосағыңыз – Сағат Әшімбаев ағамыз тірі болса, биыл 70 жасқа толатын еді. Өкінішке қарай, қырықтың қырқасына шығар-шықпастан, орта­мызды ойсыратып, өмірден аққан жұлдыздай өтіп кеткелі де біраз уақыт болды. Содан бері, жұбайыңыздың атын да, отын да өшірмей, көп­теген игі істерді қолға алғаныңыздан хабардар­мыз. Кеңірек айтып өтсеңіз.
– Расында Сәкеңнің маңдайына 44 жыл ғана ғұмыр жазылыпты. Одан қапыда айрылып қалғанымызда мені қатты қинағаны – тағ­дыр­дың Сағатқа деген әділетсіздігіне деген өкініш еді. Сәкең тағдырдың осындай қатігездігіне лайық па еді?! Жоқ! Табиғатынан жаны жұмсақ, ізгілікке құштар, жақсылық жасауға ғана бейім, жайсаң, ақпейіл азамат еді ғой. Оны бірге оқыған, қызметтес болған, жақын араласқан сырлас дос-жарандары жақсы біледі. Несін айтайын, қатты есеңгіреп қалдық.
Осы өкініш ой-санамда берік орнығып, бір жағынан мені ширықтырса, екінші жағынан Сәкеңнің аяқтай алмаған істерін, орындалмаған армандарын қолымнан келгенше жүзеге асыруға міндетті екенімді ұғындым. Сәкеңнің көзі тірісінде “Сын мұраты”, “Талантқа тағзым”, “Парасатқа құштарлық” атты үш жинағы жарық көрген. Төртінші кітабының атын “Шындыққа сүйіспеншілік” деп өзі қойып, материалдарын жинақтап, дайындап бөлек папкаға салып, баспаға тапсыруға үлгермепті. Әуелі осы дайын қолжазбаны шығарудың жолын іздеп, баспалардың табалдырығын тоздырдық.
Сәкең қайтқан уақыт Кеңестер Одағы тарап, өндірістің бәрі тоқыраған кезең еді. Қай баспаға барсақ та “қағаз жоқ” деген сылтау сөз немесе “біз сын кітаптарын шығармаушы едік” деген желеу алдымыздан кесе көлденеңдеді. Үміт үзбей келесі есікке барамыз. Сөйтсе дағы ара­мызда сөз ұғар азаматтар баршылық екен. Ол кітабы өзі қайтқан соң екі жылдан кейін, 1993 жылы “Жазушы” баспасынан жарық көрді.
Сәкең өзі ғұмыр кешкен қоғамнан тысқары тұрмаған жан. Қоғам дамуындағы түрлі қай­шылықтарға тап болды. “Телевидение және радио хабарларын тарату жөніндегі комитеттің” төрағасының орынбасары және төрағасы кезінде басынан түрлі дүрбелеңді өткізді. Ба­сына қандай сынақ түссе де өзінің ұстанған бағытынан, шыншылдығынан, ұлтының мүддесіне деген адалдығынан айнымады. Оның, сол уақытта комитет төрағасы ретіндегі атқарған істері, “Парыз бен қарыз” жобасы ар­қылы ел тағдыры жайлы көпшіліктің рухын көтеруге арналған хабарлары, бәрі-бәрі көрермендер тарапынан кең қолдау тапты. Алайда осының бәрі Сәкеңе үлкен қиындық­тармен келетінін көпшілік қайдан білсін?!.
“Парыз бен қарыздың” әр хабарынан кейін билік тарапынан қатты қысым болып, сөгістен сөгіс алып жататын. Осының бәрі Тәуелсіздікке қол жеткізу жолындағы қиян-кескі кезеңнің көріністері екен. Сондай тартысты шақта Сәкеңнің ғазиз жүрегі кілт тоқтады…
– Сағат ағаның Қазақ телевидениесінде жасаған ұланғайыр еңбегінің бағалануы жайлы айтып өтсеңіз. Оның қоғам алдындағы еңбегі қан­дай да болмасын құрметке лайық деп ойлаймыз. Қандай марапаттаулары бар еді?
– Ол тіршілігінде атақ-марапат іздеген адам емес. Сәкең қайтқан соң елдің жарқын келешегі үшін атқарған жанкешті еңбегін бағалайтын зиялы қауымның ұсынысымен 1992 жылы 10 ақпанда “Сағат Әшімбаевты мәңгі есте қалдыру туралы” ҚР Министрлер Ка­бинеті Қаулы қабылдады. Сол Қаулының негізінде Сағат Әшімбаевтың тұрған үйіне мемориалдық тақта орнатылды. Бұл – Сағаттың есімін есте қалдыру жөніндегі алғашқы шара еді.
Араға жыл салып, 1993 жылы 12 мамырда ҚР Министрлер Кабинеті тағы бір Қаулы алды. Онда: “Алматы облысы, Нарынқол ауданының Жамбыл селосындағы орта мектепке белгілі әдебиет сыншысы, көсемсөзші және мемлекет қайраткері Сағат Әшімбаевтың аты берілсін” делінген. Туған ауылындағы, өзі оқыған білім ошағы қазір Сағат Әшімбаев атымен аталады. Министрлер кабинетінің осы екі Қаулысының қабылдануына қозғау салған, ұсыныс жоба – хат әзірлеген сол кездегі телевидение және радиохабарларын тарату жөніндегі комитеттің басшылары мен ұжымы болатын. Оларға айрықша алғыс білдіремін.
Осының бәрі Сәкеңнің қоғам алдындағы өлшеусіз еңбегіне көрсетілген құрмет деп білемін. Бірақ, бір күнгі тіршілікке не жетсін?!. 1997 жылы Сәкеңнің туғанына 50 жыл толуына орай, 15 тамызда Сағат Әшімбаевтың есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында Алматы қаласы, Медеу ауданындағы бір көшеге Сағат Әшімбаевтың атын беру туралы қала әкімінің қаулысы шықты. Кавалерийский деген көшеге Сәкеңнің аты берілді.


Орайлы сөз

«Сағат Әшімбаевтің шын жылап шыққан көздің жасындай қажырлы ойы шарқ ұрып тапқан ақиқатқа, көңілі шын бекіген тұрлау-тиянаққа барынша адал болатын. Сөзі мен өзі бөлінбегеніне, аузы айтқанды қолы істегеніне халқы куә. Бораған сөз, шылқыма демагогияның заманында күндіз қолыңа шам алып шарласаң да таптырмас сол асыл, сирек қасиеттердің адамын, иесін жоқтағандай іздеп, құлазиды екенсің. Сағынады екенсің…».

Тұрсынжан ШАПАЙ,
сыншы


– Осының бәрі ресми орындардың атқарған игі шаралары ғой. Ал, өз тарапыңыздан Сағат аға­ның жақсы атының ұмтылмауы үшін не істедіңіз?
– Сәкең қайтқаннан кейін көпке дейін оның артында қалған қағаздарын, жұмыс дәптерлерін, бума-бума папкаларын ашып қарауға дәтім бармай жүрді. Кітаптарына да қол тигізбедім. Өзі қатарлап қалай жинаса, солай тұрды. Әлі де солай тұр.
Сәкең өте жинақы, ұқыпты еді ғой. 50 жыл­дығы қарсаңында бума-бума папкаларды ашып қарағанымызда бір буманың ішінен әр жыл­да­ры, тіпті ертеректе (1967 ж., 1968 ж., 1969 ж.) газет-журналдарда жарияланған мақалалары­ның қиындылары шықты. Солардың әрқайсы­сымен мұқият таныстым. Көбі әр кезеңде жа­рық көрген жаңа туындыларға жазған ре­цен­­­зия­­лары екен. Ол уақытта рецензия баспасөзде көп жазылатын. Соларды алдыңғы жинақтарына кірген материалдарымен салыстырып қарасам, кітабына кірмеген дүниелері өте көп болып шықты. Солармен таныса келе, жастық шағында албырттықпен жазған осы мақалаларынан елу жылдығы қарсаңында бір кітап құрастырып шығаруға болатынын ұғындым. Барлығын машинкаға бастырып, әзірледім. Қолжазбаның машинкаға басылған екі дана нұсқасын папкаға бөлек-бөлек салып, сол кездегі ақпарат министрі, абзал азамат Алтынбек Сәрсенбайұлының қабылдауына бардым.
Қолжазбаның жайын баяндап, бұрынғы кітаптарына енбеген дүниелері екенін егжей-тегжейлі айтып едім: «Тастап кетіңіз. Сізге хабарын артынан береміз». – деді. Қуанып кал­дым. Сонда да: «Бір баспаға апарыңыз десеңіз, сол араға өзім апарып өткізсем» – деп едім, Алтекең бетіме жылұшырай қарап: «Апай, баспагердің қолжазбаны бізден алғаны жөн», — деді байсалды үнмен. Мен сонда өзімнің сенім­сіздік танытқандай болғаныма қатты ыңғайсызданып қалған едім. «Еш алаңдамаңыз. 50 жылдығына шығаруға тырысамыз», — деді. Айналайын, айтқан сөзінде тұрды. Сәкеңнің бұл кітабы 50 жылдығына орай 1997 жылы “Ақиқатқа іңкәрлік” деген атпен “Ана тілі” баспасынан жарық көрді.
Осы арада Сәкең қайтқаннан кейін жарық көрген еңбектерін түгел атап өткім келіп отыр. Сәкеңнің 60 жылдығы қарсаңында шығармалар жинағының үш томдығын әзірлеген едік, екі томы 2006 жылы Астанадағы “Елорда” бас­пасынан, бір томы 2007 жылы “Раритет” баспа­сынан “Азаматтыққа адалдық” деген атпен жарық көрді. Үш томдық шығармалар жинағы осылай екі баспадан бөлініп жарық көргенімен мерейтойлық кітапқа лайық әдемі безендіріліп жарық көрді. Соған атсалысқан азаматтарға алғымымыз шексіз.
Кейін 2010 жылы тілеулес азамттардың ұсы­ныстары мен қолдауларының арқасында “Сын сымбаты” жинағы және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да “Өнегелі өмір” сериясымен “Қазақ университеті” баспасынан 2015 жылы тағы бір кітабы жарық көрді.
– Сағат ағаның 70 жылдығына қандай дайындықпен келдіңіз?
– Ол кісінің артында қалған мұраларының ішінде осы күнге дейін қолымыз бармай келгені – күнделіктері. Қырық бес дәптерден тұратын күнделіктерін жиырма алты жыл бойы ешкімге ұстатпай, көзімнің қарашығындай сақтап кел­ем. Биыл, 70 жылдағы қарсаңында сол күнделік­терінен бір жинақ құрастыруды жөн көрдік. Сәкеңнің күнделіктерін жариялаудағы мақсаты­мыз, жазбаларында оның өзін-өзі қалай тәр­биелегені, өзіне қандай талап, қандай мақсат қойғаны, сол арқылы оның рухани өсу жолы анық көрінеді. Бұл күнделіктері де кітап болып, жарық көрер деген үмітіміз бар.
Сәкеңнің 70 жылдығына орай үш томдық шы­ғармалар жинағын шығару туралы министр­лікке ұсыныс түсірген едік. І томы биыл, ІІ то­мы келесі жылы, одан кейін ІІІ томы жарық көрмек. Мұнда бұрынғы жинақтарына кірмеген, 67-68-69-жылдары жазған мақалаларының табылғандарын түгел қостық. Табылмағандары да бар. Барлық шығармалары толық қамтылды дей алмаймын. Алдағы уақытта толық шығар­ма­лар жинағын шығаратын да кез болар. Жақ­сылықтан үмітімізді үзбейміз. Қалып қалғандары сол уақытта қамтылар деген ойдамыз.
– Көркем әдебиеттің жас баланы қайраткер дәрежесіне дейін көтеретінін айтқан, қателес­песем, Фейхтвангер болса керек. Ел танитын үлкен тұлға деңгейіне жеткен Сағат ағаның бала­лық шағы болашағының іргетасы болды ма? Не себепті сыншылық жолға түсті деп ойлайсыз?
– Оның балалық шағы ауылда өтті. Сәкең әжесінің бауырында өскен бала. Жанының жұмсақтығы содан болар. Ол әйел адамға қара­та қатты сөз айта алмайтын, дауыс көтеріп сөле­мейтін. Әйел адамға деген құрметі, сый­лас­тығы әже тәрбиесінен бастау алғандай. Ол жастайынан төңірегіне байыппен, байсалды қарауға үйренген. Оқыған шығарманы егжей-тегжейлі ұғынып, байыппен талдап, зердесіне сіңіре білген. Осы қасиеті оны филология фа­куль­тетіне түскен соң оқыған шығармаларын парасатпен, талғаммен талдай білуге жете­леді.
Ол қандай кітапты болса да оқып қоя сал­майтын, ол кітаптың ұнаған тұсын, сөз тіркес­терін, кейіпкер әрекетін күнделігіне жазып отыратын, сол пікір жазу дағдысы біртіндеп сыншылыққа алып келді. Кітап оқу мәдениеті өте жоғары еді. Ешуақытта кітаптың бетін бүк­темейтін, арасына тілдей қатырма қағаз қыс­тырып қойып оқитын.
Жоғарыда 1993 жылы өзі оқыған мектебіне аты берілгенін айтым ғой. Сол кездегі мектеп басшылғымен ақылдасып, бір сынып бөлмесін “Сағаттану кабинеті” деп жабдықтадық. Ұш­қан ұясы, өскен ортасы, студенттік кезі, атқар­ған қызметтері, жазушылық, журналистік ең­бектері, шығармалары туралы мол дерек жи­нақталған стенд бала ұғымына сай безен­діріл­ген. Арнайы әдіскер мектепке келген қонақтарға Сағат Әшімбаев мұралары жайлы деректерді келтіре отырып, тартымды әңгіме жүргізеді. Мектептің алдына 50 жылдығын атап өту қарсаңында ескерткіш бюсті орна­тылды. Ескерткіш айналасы гүлмен безен­ді­рілген.
Сондай-ақ, Сәкең 1970 жылы бітірген, әрі бел­гілі бір жылдары өзі қызмет жасаған ҚазҰУ-да аса үлкен игілікті шара атқарылды. Универси­тет ректоры Ғалымқайыр Мұтанов мырзаның ұсынысымен және басшылығымен 2015 жылы университеттің журналистика факультетінде Сағат Әшімбаев дәрісханасы ашылды. Дәрісханада өсу жолын, еңбектерін көрсететін арнайы көрме жасалған. Және студенттер Сағат Әшімбаев жүргізген “Парыз бен қарыз” хабар­ла­рының толық нұсқасын сабақ үстінде көріп, хабар жүргізу тәжірбиесінен үйрене алады. Талапты жастарға осындай мүмкіндік жасаған университет басшылығына ризашы­лығымыз шексіз.


«Жүк ауырын нар көтерер, Сөз ауырын ер көтерер» демекші, сөз ауыры – сынды да сындарлы азамат қана көтере алар.
1.01.1979 ж.
Ақиқатты айтқан адам айыпты емес, ақиқатты көріп тұрып көзін жұмған адам қауіпті.
Білгенін де, білмегенін де білдіртпейтін адам…
Талантты адам қынсыз қылыш сияқты.
31.10.1979 ж.
Алдағылардан емес, болашаққа баратын кейінгілерден қорқу керек!
30.10.1979 ж.
Тіл арқылы әдебиет жасалып қана қоймайды, әдебиет арқылы тіл де дамиды. Демек, әдебиеттің дамуы тілдің дамуының негізгі факторы. Ал бұл екеуінің қос-қабат дамуы – ойдың дамуының қозғаушы күші.
Сөз асылы сөзден туады.
22.12.1979 ж.
Алдағылардың жөні бөлек қой, сөйтсе де болашаққа баратын кейінгілерді қатты сыйлау керек…
Творчестволық өсу үстіндегі адам ғана өз кемшілігін көре алады. Ал, өз кемшілігіңді көру, сезу, мойындау, сөйте отырып одан қорытынды жасауға тырысу нағыз білімділіктің белгісі. Надандар ғана өз кемшілігін мойындамайды.
Жылаған адамның бәрі қорықаннан жыламайды.
Қара сиырдың сүті қара емес.
Айғайы көп, айтары жоқ жазушылар бар.
8.01.1980 ж.


– Сағат ағаның сыншы ретінде ерекшелігі қандай еді? Сыншы болған соң тек кітапты, авторды сынауды мұрат тұтты ма? Әлде оның сыны әдебиеттің насихатына, автордың өсуіне қызмет етті ме?
– Сәкең сыншы екенмін деп ұр да жық сын жазбаған. Ол оқырман назарын жаңадан жазылған қай шығармаға, қандай кітапқа аудару керектігіне мән берген. Кез-келген авторға құрметпен, жанашырлықпен қарап жазғаны сезіліп тұрды. Сағатты әріптестері әділ, әдепті сыншы деп бағалайтын. Сағаттың сынының ерекшелігі – ол тек шығарманың мазмұнын баян­дап, кейіпкерлеріне онды-солды баға беру емес, шығарманың философиялық, психоло­гия­лық тұрғыдағы ізденістері мен түйген ой­лары жайлы терең талдаулар жасауды алып кел­ді. Жалпы, оның әдебиет әлеміндегі тұлғасы жайлы әдебиетші әріптестерінің айтқаны жөн. Әйтпесе, менің пікірім біржақты болуы мүмкін ғой.
– Енді әңгіме арнасын Сағат ағаның жеке ба­сына, балаларына берген тәрбиесіне қарай бұрсақ. Сағат аға қандай әке, қандай жар еді?
– Сәкең балажан, солай бола тұра, бала­ла­рына өте талапшыл болды. Олардан оқуға жауап­кершілікті сезіне білулерін қадағалап, әр ісін елеусіз қалдырмайтын. Өтірікке жаны қас еді. Балаларын әдептілікке, турашылдыққа, шыншылдыққа баулып отыратын қазақы тәрбиені ұстанған. Мейірімді әке болды. Үйге келген кісіге ілтифат танытып, құрметтеу керегін құлақтарына құйып, өсірді.
Сәкең қайтқаннан кейін балаларым жасып, өзімнің де еңсем басылып қалғандай болды. Сонда балаларды жігерлендіріп, күш-қайрат беру үшін «Не десем екен?» деп көп ойлағанып, бар айтқаным мынау еді: «Әкелерің жаманды­ғынан өлген жоқ. Тірі жүргендер мықтылығынан тірі жүрген жоқ. Ажал – хақтың ісі. Әкелеріңнің ғұмырында, істеген істерінде сендер ұялатындай жағдай жоқ. Жүздерің ашық, төменшіктемей, бастарыңды жоғары ұстап жүріңдер. Кез-келген топқа, жиынға жасқанбай кіріңдер, өйткені сендер Сағаттың ұлысыңдар!».
– Сағат аға өте кітапқұмар жан болған деп естиміз. Үлкен кітапханасы бар дейді. Ол да артында қалған мұрасы ғой. Сол кітапханасы жайлы айтсаңыз.
– Иә! Сәкең өте кітапқұмар еді. Кітапты оқи да білді, жаза да білді. Үш бөлмелі пәтері­міз­дің ең үлкен бөлмесінің екі қабырғасы тола кітап болды. Сәкең қайтқан соң мен сол бөл­меге кіре алмай қалдым. Отбасы біз ғана емес кітаптары да жетімсіреп қалғандай, біздің иеміз қайда деп үнсіз сұрайтындай көрінуші еді… Кітапханасы орнында. Өзі бардағыдай күтіп ұстап отырмыз. 50 жылдығының алдында ауылдағы аты берілген мектепке біршама кітап апарып бердік. Биыл 70 жылдығы қарсаңын­да, кітаптарына толық есеп жүргізіп, әр кітабын жеке алып, сүртіп сапасын тексеріп, түбі сөгіл­гендерін жөндеп қойдық. Сонда әр кітабына өзі қолын қойып, сатып алған уақытын жазып отырғанын көрдім. Кейбір кітаптарын балаларға арнап алып, аттарын жазып кетіпті. Балалары­нан үлкен үміт күткен. Қазір кітапханасындағы кітап қоры – 3 000, ауыл мектебіне берген кітабы – 2 000. Күш-қуатым барда оның мұра­ла­рын сақтау менің борышым. Арғы жағын бір Аллаға, сосын ұрпақтарына тапсырамын ғой.
– Апай, биыл сіз де жетінші белеске аяқ басып отырсыз. Ендігі әңгімені сіздін шығарма­шы­лығыңызға карай бұрсақ. Кейбір ауызы дуалы ғұламалар балалық шақта бақытсыздыққа тап болып, жастайынан тағдыр тауқыметін тарт­қан­дар ғана мықты жазушы болады деп жатады. Әр жылдары баспасөзде жарық көрген сұхбат­та­рыңыз­ды оқи отырып ұққаным, бала кезіңізде сіз­дің де төрт құбылаңыз түгел болған екен: үйде ата-ананың мейірім шуғанына шомылып, мек­тепте ұстаздардың аялы алақанында өсіпсіз. Сағаттай азаматқа сүйікті жары болып, сүйкімді ұлдарын өмірге әкеліпсіз. Сіз не себепті жазу­шы­лық жолды таңдадыңыз? Әдебиет атты осынау киелі әлемнің табалдырығын қалай аттадыңыз? Әлде Сағат ағаның әсері болды ма?
– Айналайын Заряжан, мына сөзіңнен Бикен Римова апамыздың бір әңгімесі есіме түсіріп отыр. Ол кісі өзі туралы айтқанда “Қазы­ның қасында жатып піскен ет дәмді” – деп, күлдіріп отырушы еді. Сағат ағаңнан әлдене жұқ­қан да шығар. Бірақ мен университетке дейін балаңдау болса да әңгіме, новелла жазып жүрдім. Арманшыл болдым. Облыс орталы­ғындағы қазақ мектебінде оқыдым. Мектебімізде облыстық газетте қызмет жасайтын ақын, жазушы, журналист ағайлармен жиі кездесу өтетін. Облысқа іссапармен келген жазушылар біздің мектепке соқпай кетпейтін. Маған сол кездесулер қатты әсер етті. Әңгімелерімді об­лыс­тық “Коммунизм туы” атты газетке апара­тын­мын. Дәптерге сықай жазылған менің балаң дүниелерімді көңілдерін бөліп оқыған ағайларға әлі күнге дейін ризашылығым шексіз. Менің мектеп қабырғасында жүргенде-ақ әңгімелерім облыстық газет бетінде жарияланған. Сол жарияланымдардың арқасында журналистика факультетіне қабылдандым. Оны ойдағыдай бітірген соң 1968 жылдан бастап баспасөздегі еңбек жолым басталды. Өзімнің сүйіп таңдаған мамандығым бойынша 1998 жылға дейін отыз жыл аянбай еңбек еттім. Жаздың ыстығына, қыстың аязына, балалардың жастығына қара­май жұмыстан қалмадым. Іссапарлардан бас тарпадым. Сол кезде маған қамқор, арқасүйер болған Сәкең еді. Қолдап, жігерлендіріп отыр­ды. Сүйікті мамандығымнан қол үздірмеді.
– Шәрбану апай, студент кезімде “Мәдениет және тұрмыс” журналында жарияланған “Туған үйдің түтіні” деген әңгімеңізді қатты ұнаттым. Содан бастап сіздің кітаптарыңызды іздеп жүре­мін. Өзіміз қақ ортасында жүрген өмірді арқау ете отырып, әсерлі де сыршыл әңгіме жазатын баяғы апамды қазір жоғалтып алғандаймын. Кейінгі жыл­дары сіз тарих аралап кеттіңіз. Бұл арнаға не­лік­тен бет бұрдыңыз? Құпия болмаса соны ай­тыңыз­шы. Тарихи тақырыпты беделді тақырып деп қызықтыңыз ба? Әлде басқа себебі бар ма?
– Өнегелі өмірлерімен тарих бедерінде із­дері қалған жандар туралы жазуыма түрлі жайлардың қозғау салғаны рас. Небір атақты деген қаламгер ағаларыңның шығармаларында әйелді жеңіл ойлы, жеңіл жүрісті, дүниеқоңыз, тұрлаусыз, ұябұзар, көрсеқызар етіп көрсету белең алып кеткендей. Ұлпандай қазақ әйелінің бейнесі жоқтың қасы. Әйел адамды тек нәпсінің құлы етіп көрсетуге менің іштей үлкен қарсы­лығым бар. Содан шығар менің намысты, еріне адал, “ерімнің табанына кірген шөгір менің маңдайыма кірсін” дейтін аналар туралы жазуға ойысқаным. Оларды тарихтан басқа, қайдан іздерсің?! Халық жауы деген жалған жаламен Сібірге айдалған күйеуінің артынан жаяу-жалпылап іздеп барып, бірнеше жыл Сібірдің ерікті тұтқыны болған Мархума сынды апала­рым­ды жазуды жөн санадым. Осындай абзал жандар жайлы неше кітап жазылса да артық емес дер едім.
От басын ардақтап, ерінің арын таптатпауға, елін қорғауға келгенде Сүзге және Сүйінбике патшайым сияқты жаны нәзік әйелдің намысы­ның қара тасты қақ жарардай өткірлігін, сезімі­нің тұрақтылығын, ойының тұнықтығын, ең бастысы, бодандыққа қарсы күрескендерін көрсеткім келді.
Қазір “Ұлы Дала арулары” атты тұтас кітаптар сериясын шығарсам деп армандаймын. “Сүйінбике – Ұлы Дала аруы” сол топтаманың алғашқы кітабы. Ойымда осы бағыттағы бірнеше кітаптың жобасы бар. Дерек жинау үстіндемін. Осы ізгі мақсатымның орындалуына Тәңірімнен медет тілеймін.
– Әдетте ақын-жазушыларға өздерінің кін­дік қаны тамған жердің құрметті азаматы деген атақ беріліп, сый-сияпат көрсетіледі. Ал сізге қайын жұртыңыз Райымбек ауданының бас­шы­лары – биыл «Райымбек ауданының құрметті азаматы» деген атақ беріп, арнайы төсбелгі та­быс етті. Бұл сіздің адал жар, мықты келін бол­ғаныңыздың айнымас айғағы деп түсіндік. Сіздей келіндер көп бола берсе екендеп тіледік іштей.
Өмірдің кезекті бір белесіне көтерілдіңіз. Кейінге көз тастасаңыз, тындырған істеріңізге көңіліңіз тола ма?
– Өкініштерім де жоқ емес. Абай атамыз айтқандай: “Ат шаба алмас мінімнен” демекші, ыр­ду-дырдумен уақыттың қадірін сезінбеп­піз…
Сәкеңмен өткен 23 жыл – ғұмырымның жазы екен. Уайымның не екенін білмеппін. Сәкеңсіз өткен 26 жыл – үздіксіз күреспен, өзімді-өзім қайрап, жігерлендірумен, өзімді-өзім жеңумен, алдымнан үздіксіз ұшырасып отыратын қиындықтар мен кедергілерді жеңіп, жол ашуға ұмтылумен өтіп келе жатқандай. Бір жығылып, бір тұрып, біреулерге жағып, біреу­лерге жақпай, өтіп бара жатқан ғұмыр… Менің әр ісім, әр әрекетім қиындыққа тап болып, үлкен еңбекпен орындалатындай. Оның несін айтайын, оны басына түскен адам ғана білер. Бір апам: “Өмірдің алды үміт, соңы өкініш”-деп отырушы еді. Сол рас па деп қаламын кейде.
– Әсерлі әңгімеңізге рахмет, апай! Мерей­тойы­­ңыз құтты болсын! 100-ге жетіңіз. Оқыр­мандар ойынан шығатын кітаптарыңыз көбейе бер­сін!

Әңгімелескен
Заря ЖҰМАНОВА.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір