Әке аманаты
Мұрат Мұхтарұлы
Күні кеше біз – Әуезовтер әулеті – әкеміздің зиратына барып тәу етіп, оның рухына құран бағыштап қайттық. Кез келген адам өмірдегі ең жақын адамын жоғалтқанда ауыр қайғыға душар болады. Ол қасіретті, әсіресе, ата-анаң дүниеден озғанда жан-жүрегімен сезінесің. Мұндай ауыртпалыққа мен ең алғаш әкем қайтыс болғанда, ал екінші рет 1968 жылы анам Фатима Ғабитова дүние салғанда тап болдым. Әкем 1961 жылдың 27 маусымында, Мәскеуде қайтыс болды. Мен ол кезде Мәскеуде оқып жүрген болатынмын. Жасым 18-де еді. Әкем ауруханада операцияға дейін екі аптадай жатты. Күнде барып тұрамын, әкелік ақыл-кеңесін айтудан жалықпайды. Кейде ол өзінің ізін басып келе жатқан қазақтың талантты жазушылары – Тахауи Ахтанов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Зейнолла Қабдоловтарға хат жазып беретін. Мен оларды тиісті мекен-жайға жолдап тұратынмын. Ол хаттар кезінде басылым беттерінде жарық көрді. Соларды оқып, оның астары мен мазмұнына мән бересің, ол өзінің өмірден кететінін сезгендей әсерде боласыз. Сосын әлгі жазбаларда әкем қазақ әдебиетінің болашағы туралы ой қозғап, қаламдас бауырларына өсиет айтқан.
Негізі, әкем Семей облысына қарасты «Бөрілі» деген ауылда дүниеге келген. Айтайын дегенім, әкемнің ең соңғы хаты 25 маусым күні Семейде тұратын К.Оразалин деген ақсақал мен сол кездегі облыстық атқару комитеті төрғасының орынбасары Фарида апайға арналып жазылды. Ол хатты әкем әлгі кісілерден маған өзінің туып-өскен жерін таныстыруды өтінді. Сосын маған хатты табыстап жатып: «Семейде жүрген кезіңде алған әсерлерің туралы күнделік жаз» деп тапсырды. Сол күні екеуміз алдағы сапарларымыз туралы жоспар жасадық. Мен әкемнің операциясынан кейін Семейге барып келетін болдым да; ол сырқатынан жазылған соң Алматыға қайтып, одан кейін Шолпан-Атаға баратын болып келістік. Бірақ ол сапар жүзеге аспай қалды. Мен әке аманатын 1963 жылы ғана орындадым.
Жазушының соңғы хаты
Қымбатты Кәмен!
Мынау Мұрат Әуезов менің туған балам. Москва университетінде оқушы еді. Қазір жазға Семейге, содан әрі Абай ауданын – әкесі туған жерді, елді көруге бара жатыр. Өзіңе саған, Балташқа бар дедім. Осы ауданды аралатып, елді, жерді көрсетіп танытуға өзің бар, Балташ бар көмек етулеріңді сұраймын. Өзін сен өз үйіңе түсірсең деймін.
Мен ауырып Москвада больницада жатырмын, жайымды Мұрат айтар. Үйіңе көп-көп сәлем. Мұхтар Әуезов.
Елдегі бар ағайынға мың сәлем. Балташтікіне жайды ұғындырып өзің алып барарсың.
25.06.1961.
Сол тұста біз Мәскеуде «Жас тұлпар» атты ұйым құрдық. Сондағы ұстанған мақсатымыз – отаршылдық саясатқа қарсы шығып, ұлттық сана-сезімді қалыптастыруға үлес қосу. Ол кезде бұлайша атой салу – өзіңе-өзің қару кезенгенмен бірдей болатын. Сондай қиналған кезде әкем түсіме енетін. Мен ол түстерді ешкімге айтпайтынмын да, жорытпайтынмын да. Әкемнің бір жылы жымиысы болатын, түсіме сол қалпында енуші еді. Сосын 1975 жылдардың басында, баспадан жаңа шыққан кітабымыз кеңестік гильотинаның құрбаны болған кездері өзімді жапан далада жалғыз қалғандай сезініп, іштей күйзелдім, күңірендім. Сөйтіп жүргенде түсімде әкемді көрдім. Сол жымиған қалпы. Оның жүзінен: «Қамықпа балам. Бәрі жақсы болады» деген рай байқадым. Ылғи да солай. Әкем түсіме енсе, одан кейін барлық шаруаларым дөңгеленіп жүре береді.
Менің бір қуанатыным, бағыма орай әкем де, анам да шын мәніндегі педагогтар болды. Сол ең алғаш хат танып жүрген кезде анам шұлық тоқып отырып, «маған «Абай жолын» оқытатын. Менің әлгі романды ежіктеп оқып отырғанымды көргенде, әкем балаша қуанатын. Зады, әкем балалардың тәлім-тәрбиесіне зор мән беретін. Інім Ернар екеумізді театрға апарып, түрлі спектакльдерді көрсететін, сосын бізден оның мазмұнын сұрайтын. Қолы тиген күндері табиғатқа алып шығып, серуендетіп қайтатын.
Бірде әкем Ернар екеумізді екі айға Қырғызстанға алып барды. Бізді қырғыз ағайындар сонау Қордайдан күтіп алды. Әкем кезінде қырғыздың «Манас» эпосын қорғап қалған адамдардың бірі ғой. Сондықтан да қырғыздардың арасында ол кісінің абырой-беделі зор. Сол жолы біз Түгелбай Сыдықбеков, Әбдімомынов және атақты манасшы Саяқбай Қарабалаевтың үйлерінде болдық. Мен «Манасты» ұйып тыңдап, әкемнің қасына келіп, құлағына сыбырлап: «Мен ана кісінің айтқандарын түсінемін» дегендегі әкемнің балаша қуанған сәті көз алдымнан еш кеткен емес. Әкем қырғыз бауырларына мақтанып айтып, бір марқайып қалған еді. Осы сапарында әкеміз Ернар екеумізді суда жүзуге үйретті. Спортқа баулыды. Әйтеуір, ол бізді білімді де мәдениетті азамат етуге тырысып бақты.
«Мұхтар Әуезовтің романы, ең алдымен поэзия сазына толы, сиқырлы, сұлу алыс жағалауға жетелейді. Ол алыс жағалау – біз үшін – кеңістік пен уақыт қойнауындай…».
Андре Стиль, француз жазушысы.
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.