Ұлылық үлгісі
29.09.2017
2711
1

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев:

«Уақыттың өткен тарихтың өзіне түзету енгізетін, әр тұлғаны өзіне ғана лайық тұғырына қондыратын, қандай да бір оқиғаларға қатысты қалыптасқан көзқарасқа лайықты бағасын беретін ғажайып құдіреті бар. Уақыттың осындай дәйекті, қатаң сұрыптауында сынын бермейтін: ұрпақ талқысына төтеп беретін үлкен тұлғалар, ұлы оқиғалар бар. Әуезов, міне, осындай төрелігін уақыттың өзі айтқан тұлға».


Әбдіжәміл НҰРПЕЙІСОВ,
Қазақстанның Халық жазушысы

Мұхтар Әуезов – ұлы Абайдан кейін біраз уақыт дағдарысқа ұшырап, тоқайрап қалған күллі қазақ әдебиетін қайта қозғалысқа келтіріп, тағы бір жаңа сапалы парасатты биік сатыға көтеріп тастаған ХХ ғасырдың алып тұлғаларының бірі. Қашан көз жұмғанша қаламы қолынан түспеген, қазіргі өскелең әдебиеттің бар жанрына білек сыбанып араласып, бір ғана проза емес, драматургия, сын саласында және әдебиеттану ғылымы саласында да қопарып жұмыс істеп, қазақ халқының рухани қазынасын қолма-қол байытқан ірі қайраткер. Әуезовтің арқасында қазіргі қазақ әдебиетінің абыройы мен ажары артып, айбарлана түсті. Бұл – даусыз!

Жасыратыны жоқ, осы кісіні еске ала бастасам болғаны, өз басым әрқашан өзіме-өзім көңілім толмай, ақын ағамыз айтқандай: «Өкінем ұқсата алмай келемін деп». Осындай күдігі мен қаупі күшейген кезде кісінің өзіне де, өзімен тұстас құрбылары жөнінде де сын көзімен сығалап қарайтын әдеті ғой. Өйткені, ол біздің баршамыздың тіршілігіміз бен творчествомызға қолма-қол араласып, ыстық-суығына бірдей күйіп-пісіп отыратын. Ол кісі барда, күні кеше ғана бізді жұрт алдында «жас жазушы» деп таныстыратын еді; ал, қазір бізді «жас» деп те, «кәрі» деп те атамайды. Соған қарап жас пен кәрінің арасына келген кісіні атайтын атау қазақ тілінің сөздік қорында жоқ па екен деп қаласың. Не қылса да менің қатарларым кәрілік пен жастықтың арасындағы осынау көңілсіз, қоңырқай қырқаның басына көтеріліп алып, екі өмірдің ортасында ойлы көзін төңірегіне тастап тұр. Шынында да қазір менің қатарларым кәрілерге қарағанда жас, ал жастарға қарағанда кәрі. Басынан кешкен кешегі алаңсыз ақжарқын күнін ойлап қимай қиналатын, ал алдағы көлеңкелі көңілсіз күнін әлі де болса мойындай қоймайтын адам өмірінің әрі-сәрі шағына аяқ бастық.

Кешегі күні арамыздан кеткен хал­қымыздың ардагер ұлдары – Мұх­тар Әуезов, Ахмет Жұбанов, Қа­­либек Қуанышбаев, Қасым Аман­­жолов, Тайыр Жароков, Ілияс Ома­ров, Қажым Жұмалиев, Қаныш Сәт­баев, Мұқан Төлебаев, Күләш Бай­сейітова – жасыратыны жоқ, ке­зінде солардың бәрі де хал­қы­мыз­дың қабырғасын қайыс­тырып кет­кен бір-бір ірі тұлға. Бүгінгі ұрпақ олар­ды көрген жоқ. Олардың сыр-си­паты мен кескін-келбетін сырттай ша­малап естіп біледі, ал біздер олар­мен аз-кем аралас-құралас өмір сү­ріп қалдық. Олар халық жиналған шар­шы топтың құрметті төріне шы­ғып, кең маңдайы көпке қарап жар­қы­рап отырғанда, ол кездің дәл осы бү­гінгідей жас буыны – біздер босаға жақтан сығалап тұратынбыз. Олар­­дың кескін-келбетін көрдік, са­ли­қа­лы, сындарлы сөзін тың­дадық, үнін ес­тідік. Адам өмірінің аумалы-төк­пелі кезеңінде олардың бірде балаша мәз болып қуанған қуанышына куә бол­сақ, енді бірде реніші мен ыза­сы­ның үстінен шы­ғып қап, қабыр­ға­мыз қосыла қайы­сып қоя бере­тін.
Мұхтар Әуезов ертеректегі кә­рі әже­лердің тіліне салып айтқанда, аруағы бар жазушы еді ғой. Былай­ғы өмірге үлкен ауыр денелі кісінің бар тұл­ғасында баяулық басым бо­латын. Жарқыраған кең маңдай­дың төменгі жағында сәл нәрсені жақтырмай шы­тынай қалатын салқын қабақ ас­тында бір түрлі мүлгігендей боп баяу ғана ашып, жұмып жүретін кі­шілеу қоңыр кө­зін сіз шабыт тұ­тан­ғанда көрсеңіз! Не айтатыны бар, жазу столына отырып, қолына қағаз, қарындаш ұстаса болғаны, құдды алар аңын көрген мұзды балақ қы­ранша Мұхаңның көз жанары жай­нап қоя беретін. Мұқан Төлебаев кө­шесінің бас жағындағы тып-ты­ныш кабинеттің төрт қабырғасына осы­нау биік көк аспан астындағы көл-көсір дүниедегі сан-салалы құ­былысты – тартыс-талас пен ұрыс-қағысты, алыс-арпалыс пен адам бойындағы ашу-ызаны, махаббат пен жауыздықты, нақақ төгілген қан мен кінәсіз көз жасты, қасіретті, күйік­ті, сүйіспеншілік пен жиір­кеніш­ті сыйғызып алып, арғы-бергі за­манда жасаған адам өмірін құді­рет­ті ақын қиялымен үйіріп дөңге­ле­тіп отыратын сияқ­ты еді.
Иә, достар, творчестволық ша­быт үстінде Әуезов дәл осындай еді. Алатаудың күн түскен шұғы­ла­лы ете­гінде, өздеріңіз жақсы білетін Мұ­қан Төлебаев көшесінің жо­ғарғы жа­ғында бетін бері бұрып тұрған екі қа­бат әсем үйдің қора жоқ беттегі кең кабинеттің қақ төрінде отырып та, ол түу-түу сонау Абай үй тіккен Ақ­шоқы маңының көк­тем тынысын, жұбайын ша­қы­рып сұңқылдаған бәбісек көкек үнін, іргесін түріп тас­таған үй жаны­нан кішкентай шымыр тұяқтарымен топырлап басып жү­гіріп өткен бала мінезді жас төлдің қы­лығын жан-тәнімен сезіп оты­ра­тын. Оны айта­сыз ба, ол тіпті Шың­ғыс­таудың қат­ты жел тездеткен жы­лы жауы­нымен батар күннің сар­ғыш сәулесі қалай сұрғылт тартып, тағы бір сәттен соң күңгірттене ба­рып мұңды қарақошқыл қызғылт реңге кірген ең бір елбіреген нәзік бояуды жан-тәнімен тебіреніп си­паттады. Мұ­хаңнан басқа кісі бол­ған­да тіл шор­қақтық-ақ ететін жер. Әсіресе, көкірегің сезгенді қағаз бе­тіне түсірер жерде әлгі табиғат сурет­терінің әрі қашып, ажары кетіп қа­лар еді. Ал табиғаттың тұла бойын­дағы тап әлгіндей бар-бар бояуды Мұхаң шыр­қын бұзбастан дәл өз қалпында дірілдетіп әкеп қағаз бетіне түсір­ген­де, кәне айтыңдаршы, құрысқан көн­ше қасаң жанды біреу болмаса, қан­дай кісі тебіренбей оқушы еді?!
Ал біз осы құдіретті жазушының да стол жанында қиналғанын көрдік. Әсі­ресе, ол жаңа шығарма бастар ал­­дында аса қатты қиналып, қоңыр жүзі түнеріп, қабағы түйіліп кететін. Бір отырып, бір тұрып, тынышсыз­да­нып, тақа болмаған соң әлдекімнен ке­шірім сұрағандай боп: «Әуелі бұл шір­кінді бастау қиын», – деп тұрып ке­тетін.
Өздеріңізге белгілі, әрбір ірі жазу­­­шының көзі тіріде уайымы көп бол­ған. Әрине, ол ішер ас, киер киім қа­мы емес. Неғұрлым шеберлігі ұс­та­ра түскен сайын солғұрлым шы­ғар­ма жазудың да қиындап бара жат­қан жайы ғана қинап қоймаған. Ірі жазушыны туған елдің әдебиеті мен мәдениетінің тұтас қамы қатты тебіренткен. Күнделікті күйбең-күй­бең күйкі өмірдің қамын ойлап, күйіп-пісіп жүретін мінез кішкентай жазушының бойына шақ әрекет. Ұлттық мәдениеттің тұтас қамын ой­лау үшін әдебиетші ең алдымен өзін азамат сезінуің керек қой.
Иван Сергеевич Тургенев ақ бас атақ­ты жазушы болған бір кезінде жас Гаршиннің тырнақалды шығар­ма­сын оқыпты. Сонда ол: «Кәрілікке кісі амалсыз бас иеді. Сол кезде өз бойын­дағы өнерін шын сүйетін әр­бір егде тартқан үлкен жазушы ер­тең­гі күні өзінің орнын басатын мұра­герін көзі тіріде көрсе – қандай ба­қытты болар еді», – деп жазған-ды.
Қызғаныш – кішіліктен шығады. Ал үлкен жазушы осы дүниеден ер­теңгі күні өзім кетсем өмір де бітеді деп ойламаған. Қайта кейінгі ұрпақ­тың ішінен иығы көрініп келе жат­қан ірі талантты тап жаңағы Тур­ге­невше әрқашан аңсап күткен. Өйт­кені, келешек ұрпақ соңырағы күні аға буынның ісіне қатал үкім шы­ғаратын жазалаушы жендет емес. Аға қолынан сусып түскен қаламды қа­ғып алып, тірлікте айтып үлгір­ме­ген әлі талай ойы мен арманын үзілген жерінен ілгері жалғап әке­те­тін өз творчествосының заңды жал­ға­сы деп қараған.
Өздеріңізге мәлім, Мұхтар Әуезов дү­ние салардың алдында бір­неше жыл бұрын қазақ әдебиетінің бүгіні мен болашағын қатты ойлап те­бі­ре­ніп кеп, қазір біздің «жәр­меңкеден қай­тып оралған шағымыз», – деп тір­лікте әркімнің-ақ аузы бара бер­мейтін ащы шындықты өз тұстас­тары­ның ішінде алғаш айтқан еді. Ке­меңгер ұстаз қазақ әдебиетінің ер­теңгі күнгі ауыр жүгін ізін басып ке­ле жатқан артындағы жас інілері­нің иығына салып тұрып: «Кәне, қарақтарым, тізелерің дірілдемей ме?» – деп қырағы көзімен бар­ша­мыздың бас-аяғымызды бір шолып өткендей болған. Сонан былай қа­раған жерде ол қолына қалам ұстаған әрбір талапкер жасты қырағы көзінің жанарынан шығармай, әдебиет бо­сағасынан аттап басқан апыл-та­пыл қадамының әрбір сүйемін қадағалап бағып отырды.
Әуезов қазақ әдебиетінің абырой ға­на емес, айбары да еді ғой. Жа­сы­ратыны жоқ, Әуезов барда әуес­қой­лардың бәрі өзін әдебиетші санай қоймайтын.
Әдебиет – әдеп! Әдеп – әдебиет! Бұл екеуі аты ғана ұқсас ұғым емес. Бірінсіз-бірі ғұмыр сүре алмайтын бауырлас, туыстар ұғымдар. Әде­биетші болу үшін адам шартты түрде әдепті болу керек.


Әуезовтің «Курляндия» кітабы туралы хаты

Әбжамел!
Июльдің басында демалысқа шығам деп едім ғой. Сондықтан рецензияңды тапсырғаннан кейін, кемінде бір ай отырып, көрсетілген кемшіліктерді алаңсыз жөн­дей берерлік уақытым болса деп едім. Өзіңнен кейін издатель­с­твоның кісілері 10-15 күн тағы ұстайды. Демек, неғұрлым ертерек тапсырсаң, менің де уа­қытым молырақ болар еді. Ал өз тарапымнан бұл том­­ды бітіріп, редакцияға бе­ріп кетпесем, тағы бол­май­ды, өйткені сол кеткеннен 2,5 айда бір-ақ ора­лам.
Онсоң ұсыныстарыңда, қорытындыңда мына бір жайларды ойлануыңды өтінер ем:
1. Спецредакция жақсы-ақ болар еді. Бірақ соған рес­­ми түрде өзің қатыспайтын болсаң, білгір деген үл­кен­дерді тарта алмайтын болсақ, сонда қалғандардың ішінен (қалғандары біршама жастары кіші болады ғой) кімнің атын атар едің? Өзіне тиер атағы жоқ, татырлық ақысы да жоқ осындай жауапты, әрі діңкеге тиетін жұ­мысты төзіп, елеулі пайда келтіріп істейтін ер-аза­ма­тың кім болады? Мен өзім соның кім болатынына қи­налар ем. Ал шұғылданып отыруға шыдамы жетпей, ат үсті желе-жортып шығатын кісіге бергенде не өне­ді?! Осыны бір ойланып көрші.

2. Әрине, рецензияда кемшіліктердің сыйпатын көрсетесің, жөнделсін дейсің. Ал енді рецензияңды, ауыз­ша да айтқан кеңестерді (баспа тарапынан да бола­тын кеңестерді) тыңдай, қабылдай отырып, сол кем­шілік­тер­ді өзім жөндей алар ма едім? Сен осыны, аудар­маның шық­қан да, шыға қоймағанын сәттерін де салыстыра оты­рып, дәлдей көрсетсең еді.

3. Өткен жолы кемшіліктердің бірқатар сипатын (ха­­рактерін) айттың. Сондай қателер некен-саяқ бол­са, он­да оның жарасы жеңіл. Ал енді қоюырақ болған күнде – екінші мәселе. Менің түсінуімде осылар мол деген пікір ту­ған тәрізді өзіңде. Есімдіктердің орынсыз қолданылуы­нан, бір сөздің жиі қайталануынан тілдің жұ­пыныланып, кедір-бұдыры көбірек болып шы­ғатыны өзім редакциялап берген данасында біршама азайса керек еді. Тағы ай­тайын, осы жағын ескере түсші. «Жақсысы ешқайда қаш­пас, жұмысын жеңіл­детіп, кемшілігін баса айтайын», – деп, соңғы жағын тым қоюлатып жібе­ретін болсаң бө­тен адамға мұның әсері әлде қалай боп кетеді дегенім ғой.
Қысқасы, оп-оңай, дау-дамайсыз өте салсыншы де­меймін. Бүгін бұқпантайлап өтіп кете қоярсың, бі­рақ ертең, кітап шыққанда, қайда барып тығыларсың?.. Жазып көрсетудің үстіне, тәптештей өзіме айтатының да көп болсын.
3.V.1960 ж. Мұхтар.


Мұхаң көз жұмғанша қазақ әде­биет­шілерін, әсіресе, артында ізіне ерген жас буындарды әдептілікке бау­лыды. Үлкен талант әдебиет май­данына айқайлап келмейді дейтін Мұхаң. Өйткені, әдебиеттен ешкім үлкен емес. Содан соң «мен келе жа­тыр­мын, маған жол бер!» – деп жо­лында тұрғандарды желкесінен жұл­қып тастап, есіктен кірмей жа­тып төрге ұмтылмайды. Өйткені, суы­рылып озып келе жатқан шын жүй­рікке халықтың өзі ізетпен иіліп жол береді.
Мұхаңды мен аз білдім деп те, көп білдім деп те айта алам. Аз біле­тінім, өз басым осы бір мейлінше бі­лім­дар, мейлінше кемеңгер қара сұр кісіден сырттай сескеніп, қай­бар­тып жүруші едім. Аз тілдестім. Ал көп білетінім, қазақ әдебиетінің ар­ғы-бергі тарихында ең бір шын көңіл­мен сүйіп оқыған жазушым болды. Осы кісі 1949 жылдың көктем айы­ның бір күні түс ауа бергенде мені қасына ертіп опера театрына бар­ды. Бұнда Москвада болатын қа­зақ әдебиеті мен өнерінің онкүн­дігінде көрсететін үлкен концертті комиссия мүшелерінің назарынан өткізеді екен. Зәулім театрдың кең залында он бес-жиырмадай ғана кі­сі. Атақты ақын, жазушылар, белгілі артистер. Ілгері қарай озып барып, алдыңғы қатарда отырған Мұхаңның сол жақ қасына мен де жайғастым. Күләш Байсейітова, Байғали До­сым­жанов, Әнуарбек Үмбетбаев, Ша­бал Бейсековалар соңыра мос-
к­валық­тардың алдында айтатын бір-бір әндерін шырқады. Енді бір кезде қазақтың ұлттық аспаптар оркестрі сахнаға шықты. Қолында шыбығы бар, кішілеу денесі қаншырдай қат­қан бұйра шашты біреу дирижовать етті. Кейін білдім, ол Ахмет Жұба­нов екен. Ұмытпасам, «ә» дегеннен «Адай» күйі дүркіреп ала қашты. Мен есі-дертімнен айрылып, аңта­ры­лып аузымды ашып қалған екем. Күй біткен соң Мұхаң менің осы бір оғаштау түріме бұрылып қарады да, «сен бұрын оркестрді тыңдамап па едің?» – деп сұрады. «Жоқ», – деп мен шынымды айтып едім, Мұхаң қа­пелімде кілтиіп жақтырмай қалды. Сәтте суытқан салқын түрін әрі қа­рай шұғыл бұрып: «Пәлі, роман жа­зып жүр. Ал өзі шіп-шикі бала ғой», – дегенде мен құлағыма дейін дуыл­дап қызарып кеттім. Ұят қысқан бойым­ды қай тесікке тығарымды біл­медім. Мұхаңның бүйдеп менің жа­сымның жастығын ғана айтпа­ғанын білем. Роман жазған адамда табиғат берген таланттан басқа тол­ғамы терең білім болу керек екенін аң­ғартты. Шынында да адам баласы жасаған арғы-бергі замандағы әде­биет пен мәдениет мұрасында ол біл­мейтін бір нәрсе болмауға тиіс қой. Ал мен болсам басқаны былай қойғанда, қазақтың ұлттық аспаптар оркестрін де әлі көрмеген, білмеген боп шықтым. Рас, әскер қызметінен таяу арада ғана босап келдім. Оның арғы жағында Арал теңізінің алыс түк­піріндегі балықшылар колхо­зында туып-өстім. Бар бітіргенім – онжылдық мектеп. Бірақ бұның бәрі себеп пе? Білімсіз кісі, жазушы бол­мақ түгіл, жазушы болам деп ой­лауға хақысы бар ма? Шала сауатты баланың қолынан кейін шалағай ро­ман шығатынын ойладық па? Ол-ол ма, роман әдебиеттегі ең бір күр­де­лі қиын жанр. Оның қиындығын білімдар, мәдениетті жазушы ғана бі­леді. Ал онан мүлде бейхабар адам­ға екі дүние бір қадам…
Жаман өнеге – жұқпалы ауру тә­різді. Байқаймын, менің творчест­во­лық жолымды романнан бастаға­ным кейін сол кездегі қазақ әде­бие­тіне келген жас жазушыларға біраз ке­ліссіз әсер етті. Роман әдебиет жан­рының қиын асуы деп ілгеріде айт­қаным бар. Сол асудың басына кейін кез келген бала-шаға шығып, қа­сиетті биіктің де қадірін кетіре бастадық па деп қорқам. Қайсыбір жастар осы күні шағын шығарма жазам деуді қомсынып, аузын ашса – роман жазып жатырмын дейтінді шығарды. Жасыратыны жоқ, шала сауатты жас жазушының қолынан шыққан шалағай романды көрсем, «осыған да менің әсерім тимеді ме екен?» деп қарағаннан қарап тұрып өзім қысылам.
Ол кісі әдебиеттегі шалағайлықты жаратпайтын. Шығарма жазудың бар жауапкершілігін басқа жұрттың бәрінен де артық сезінді. Қазақ жазу­шылары үшін тарихи тақы­рыптардың қиындығын қаттырақ айтатын. Сондықтан да ол Абай жө­нінде әуелі мақала жазды. Сонан соң үлкен монографиялық ғылыми ең­бек жазды. Сонан соң универ­си­тетте Абайтану дейтін арнаулы пән жүр­гізді. Абай жайлы роман жаз­бастан бұрын ол ұлы ақынның өмірін, твор­чествосын, әлеуметтік көзқарасын, ойшыл-демократ азамат болғанын ғылыми тұрғыда жан-жақты зерттеп шықты.Осыдан кейін ғана романға отырды. Демек, Әуезов тарихи та­қырыпты күрек басына ілінген бір шеңгел топырақтай оп-оңай аударып тастаймын деп ойлаған жоқ.
Біздің Әуезовтен үйренеріміз көп.
Әуезов Абайдан кейінгі қазақ әдебиетінің қалыптасуы дәуірінде алғаш рет лирикалық, психологиялық биік өрелі прозаны жазуды үйретті. Тек біз бәріміз бірдей ұстаз ағаның көп қырлы қасиетін дұрыс ұғынып, дұрыс қабылдап, қажетті жерінде кәдемізге жарата алып жүрміз бе? Әуезовтен кейінгі он жыл ішінде үлкеніміз бар, кішіміз бар тарихи тақырыпқа көп жазып кеттік. Қазір қалам ұшы тимеген арғы замандағы аты бар бір қазақ баласын табу қиын. Халқымыздың ежелгі көне тарихына назар аударып, жас ұрпаққа сол кездердегі ата-бабаларымыздың келешек үшін қалай арпалысқанын ұғындырғанымыз, әрине дұрыс-ақ. Тек соның бәрі қаншалық тарихи шындық тұрғысынан толғанып, тап бір Әуезовше жеріне жеткізіп, жан-жақты зерттеліп, илеуін қандырып, ше­шімін тауып жатыр. Халық жүре­гінде әбден қалыптасып болған ірі та­рихи тұлғалар көркем шығармада Әуезовтің Абайынша шоқтығы шы­ғып дараланды ма? Бұның бәрі көңіл­дегі күдіктер, тыным бермей жүр­ген сұрақтар ғана.
Арамыздан Әуезов кеткелі біраз бо­лыпты. Ұлы жазушының көзі тірі ке­зінде өз арамызда етек алып кет­кен елпілдек қошеметімізден біраз тиылып, ендігі жерде оның қала­мы­нан шыққан ғажайып шығар­ма­лар­дың әлі күнге дейін қайталап оқыған сайын құмарың қанбай, қайта-қайта тамсанта түсетін құдірет-күші неде? Неге, неліктен бұлай? Не бір шілде айы­ның шыжғырған ыстығында, Абай адасатын атақты ақ түтек боран­ды оқи бастасаң-ақ, осының ал­дында ғана ыстықтап көлеңке сая іздегеніңді ұмытып, тұла бойың қыс ызғарын теп-тегіс сезіп қоя беретіні несі, осы?
Осындай тағы талай сұрақтарға сіз бен біз басқа да барша сыншы, әебиетшілер қауымы боп жауап із­деуі­міз керек. Сіз болайық, біз бо­лайық, қазақ деген халықтан шық­қан кемеңгер жазушының твор­чество­дағы құдіреті мен сиқырлы шеберлік сырын нақ бір ғұламаларша сарылып іздестіруіміз керек.


М.Әуезовті сырттай да, іштей де жақсы білемін. Өйткені, тығыз араластық, бірге жүрдік. Оның әр туындысы мен үшін ыстық және соншалықты жаныма жақын. «Абай жолы» – барлық түркітілдес халықтардың, оның ішінде көшпелі халықтардың адамзат мәдениетіне қосқан зор үлесі. Ұлы жазушы Батыс, Шығыс классиктерінен көп нәрсе үйренді, үлгі алды. Алайда, оған қатты әсер еткен Абай еді. Әуезов қазақ әдебиеті тарихында қалыптасқан озық дәстүрлерді ілгерілетуші, алдыға қарай қозғаушы, дамытушы болды. Осы орайда, ол әдебиет тарихын зерттеуші, сөз өнеріне аса зор үлес қосқан жазушылығымен, жаңа сапада жазған тың дүниелерімен қазақ «асыл сөзі» мәртебесін жаңа биікке көтерді. Оның халық даналығынан нәр алған, өмір өзенінің тұнығынан суарылған тағы­лымы мол, тартымды шығармалары қайта­лап оқыған сайын рухани дүниемізді байыта түседі. Осындай рухани қазы­насы бай ұлт бақытты.

Зоя КЕДРИНА.


 

ПІКІРЛЕР1
Казак кызы 01.10.2017 | 10:58

Мине, керемет! Колына каламды енди гана устаган жастар алдымен осы шыгарманын тилин кызыктап, ойын тусинип, сырын зерделеу керек. Улы адамнын улги, онегесин тек, каламына гана емес, тула бойына жуктырып, сол улги, онегеден омириме сонбес шырак жагамын деп биик муратка умтылган Эбекендей асыл азаматка тагы бир тагзым!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір