Сәкен Жүнісовке ескерткіш тақта орнатылды
Осы аптада Алматы қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сәкен Нұрмақұлы Жүнісовтің өзі тұрған үйіне ескерткіш тақта орнатылды. Тағылымды шараға ақын-жазушылар мен режиссерлер, драматургтер және қоғам қайраткерлері қатысты. Сәкен Жүнісов көзі тірісінде халқы «Сәкен сері» деп еркелеткен қазақ әдебиетіндегі аса көрнекті тұлғалардың бірі. «Құрмет», «Халық достығы» ордендерімен марапатталған.
Шараны Қазақстан Жазушылар одағының басқарма Төрағасы Нұрлан Оразалин ашып, Сәкен Жүнісовтің ұлт әдебиеті мен мәдениетінде алатын орны жайлы терең сөз қозғады. Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Есмұхан Обаев пен драматург Сұлтанәлі Балғабаев қазақ прозасының Құлагері атанып кеткен жазушының драмалық шығармаларына ерекше тоқталды. Жиынды жазушының бауыры, режиссер Орал Жүнісов әсерлі естеліктерімен түйіндеді.