ЖАСТАРДЫҢ САЯСИ БЕЛСЕНДІЛІГІ МАҢЫЗДЫ
Жас кезде адам қызба келгенімен, жастық жалынының арқасында ертеңгі ғұмырына үлгі боларлық істер атқарып жатады. Әйтсе де, қызуқандылықты салқын ақылға жеңдіргеннен ешкім ешқашан ұтылмасы анық. Әсіресе, теңіздей терең саяси өмірде жас адамның бойына ең бірінші керегі – ұстамдылық. Болашағынан үміт күткен ел, ең алдымен қоғамдағы жастар мәселесіне көңіл бөледі. Қазақстанда да жастар саясаты бар екені және қоғамның дамуына белгілі бір дәрежеде үлес қосып келе жатқаны шындық. Елдегі жастар саясатының ахуалы, қазіргі жастардың саяси танымы турасында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Философия және саясаттану факультеті, саясаттану және саяси технологиялар кафедрасының 4 курс студенті Пердехан ШӘМШИЕВПЕН әңгімелескен едік.
Пердехан ШӘМШИЕВ,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Философия және саясаттану факультеті, саясаттану және саяси технологиялар кафедрасының 4 курс студенті
– Елдегі жастардың негізгі саяси ұйымдары ретінде қайсыларды атар едіңіз? Ол ұйымдардың қызметіне баға берсеңіз?
– Қазіргі таңда елімізде жастардың қоғамдық ұйымдары баршылық.
Бірақ бұл ұйымдар әлі саяси ұйым деңгейіне жете қойған жоқ. Мұндай қоғамдық ұйымдар қатарына «Нұр Отан» ХДП жанындағы «Жас Отан» жастар қанаты, «Жасыл ел» ЖЕЖРШ, «Қазақстан Жастар конгресі» ЗТБ, Қазақстан Республикасы Президентінің Халықаралық «Болашақ» стипендиясы түлектерінің қауымдастығы, «Ауыл жастар одағы» ҚБ, «ҚСА республикалық студенттік қозғалысы» ҚБ, «Қазақстанның жас депутаттар қауымдастығы» РҚБ, «Студенттік құрылыс жасағы» РШ ЖМ, «Қазақстан Жастар Конгресінің Мемлекеттік қызмет мектебі» ЖҚБ, «Жарқын Болашақ Белесі» ҚБ, «Астана қаласының жастар мәслихаты» ҚБ, «Жігер» ҚБ, «Қарсы» ЖҚҚ» ҚБ, «Дипломат» ҚҚ, «Есірткісіз болашақ» КҚ, «Proдвижение» ҚҚ, «Пікірсайысшылардың республикалық қауымдастығы» ҚБ жатады.
Аталмыш жастардың қоғамдық ұйымдарының қызметіне баға берер болсам, жылдан-жылға позитивті тенденциялар байқалуда. Мемлекет жастар саясатына басты назар аударып келеді. Мұның айқын дәлелін Елбасымыздың сөйлеген сөздерінен көруімізге болады. Бірақ соған қарамастан жастардың қоғамдық ұйымдарының қызметінде белгілі бір кемшіліктер де көрініп тұр.
Біріншіден, жоғарыда айтып кеткенімдей, жастардың ұйымдары әлі саяси ұйым деңгейіне жеткен жоқ. Бұл қоғамдық ұйымдар белгілі бір ЖОО деңгейінде ғана әрекет етіп келеді. Олардың қалалық, облыстық және республикалық деңгейдегі белсенділігі төмен.
Екіншіден, горизонтальды белсенділік төмен деңгейде. Яғни жастардың түрлі қоғамдық ұйымдары бірлесіп белгілі бір мәселені шешуде салғырттық көрінуде.
Үшіншіден, осы жастардың қоғамдық ұйымдарының басшыларының вертикальді және горизонтальды белсенділігінің төменділігі. Ұйым басшылары белгілі бір ЖОО шеңберінде ғана әрекет етіп келеді.
– Жоғары оқу орындарындағы саясаттану пәні жастардың саяси білімін қаншалықты арттыруда? Студенттердің саяси танымы турасында өз пікіріңізді айтып өтсеңіз?
– Білім берудің мемлекеттік стандарты бойынша барлық жоғары оқу орындарында саясаттану пәні оқытылады. Мұндағы басты мақсат – жастардың саяси сауаттылығы мен белсенділігін арттыру. Мұның бәрі саяси мәдениеттілікті қалыптастыру үшін қажет. Саясаттану салыстырмалы түрде жас пән болғандықтан жастар арасындағы жаппай саяси сауаттылық жайлы айту әлі ерте. Жастардың саяси білімінің артуына біршама уақыт қажет. Дегенмен, бұл мәселеде белгілі бір прогресс байқалуда. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында гуманитарлық ғылымдарға, оның ішінде саясаттану ғылымына ерекше назар аудару көзделген. Демек, мемлекет қоғамның ғана емес, жастардың да саяси сауатты болуына мүдделі. Демократиялық мемлекет құру үшін қазіргі жастардың саяси сауатты болуы маңызды. Ол мемлекеттің басты мақсаттарының бірі.
– Еліміздегі қазіргі жүргізіліп отырған жастар саясаты көңіліңізден шыға ма? Жалпы, бүгінгі жастар саясатына өзгерістер мен толықтырулар енгізу мүмкіндігін берсе, ең алдымен неден бастар едіңіз?
– Елімізде жүргізіліп отырған жастар саясаты артықшылықтар мен кемшіліктерге ие. Басты артықшылық – мемлекет жастарға көңіл бөлуде. Бұл бағытта іс-шаралар жүргізіліп келеді. Басты іс-шара жастар саясаты саласының құқықтық институциялануы болып табылады. Яғни жастар саясатын жүзеге асыру үшін
мемлекеттік деңгейде нормативті-құқықтық база қалыптастыру маңызды. Бірақ осы мәселеде мынадай кемшілік көрінуде: жастар саясаты бағытында түрлі бағдарламалар қабылданғанымен, оларды жүзеге асыруда олқылықтар жіберілуде.
Жастар саясаты жастарды саяси құрал ретінде емес, олардың негізгі мәселелерін шешуге бағытталуы керек. Жастарды тұрғын үй, жұмыспен қамту, өмірде өз орнын табу және өзін-өзі дамыту мәселелері толғандырады. Сондықтан жастар саясаты осы бағыттарға сәйкес қалыптастырылуы орынды.
– Қазіргі жастардың саяси мінезі туралы сөз болғанда, сізді не толғандырады?
– Жастардың басым көпшілігі тәуелсіз Қазақстанда дүниеге келген. Сондықтан жастардың саяси белсенді болғаны маңызды. Ал қазіргі таңда жастардың басым көпшілігі саяси белсенді емес. Мұндай саяси мінез жастардың мүлдем саясатқа қызығушылығының жоқ екенін білдірмейді. Жастар әлеуметтік желіде, тұрмыстық деңгейде саяси белсенді. Ал бұқаралық деңгейде біз саяси белсенділікті байқамаймыз.Меніңше, мемлекет бұл мәселеде жастарға көп көңіл бөлуі тиіс.
– Бүгінгі көз алдыңыздағы жастардан ертеңгі мықты саясаткер тұлғалар шығуы үшін қандай идеология қажет?
– Мемлекеттік идеология мәселесі әрқашан актуалды. Әсіресе, мемлекеттің болашағы болып табылатын жастарды тәрбиелеуде мемлекеттік идеологияның орны ерекше. Себебі, идеология қоғамды біріктіруші, бағыттаушы және реттеуші қызметін атқарады. Жастардың белгілі бір мақсатқа жету жолында бірігіп бағытталуы мемлекеттің болашағын айқындайды. Ендеше, бізге жастардан ертеңгі мықты саясаткер тұлғалар шығуы үшін қандай идеология қажет?
Меніңше, қазіргі жастардан ертеңгі мықты саясаткер тұлғалар шығуы үшін ұлттық мүддені көздейтін мемлекетшіл идеология қажет. Яғни болашақ саясаткер ұлттық мүддені жеке мүддеден жоғары қоюы керек. Мемлекеттік идеология елімізде жоқ деген пікірге мен келіспеймін. Еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі жүргізіп отырған ішкі және сыртқы саясаты, нормативті-құқықтық база, жүргізіліп отырған іс-шаралар барлығы мемлекеттік идеологияны құрайды. Осы саяси-құқықтық іс-шаралар арқылы қоғам басқарылып, бағытталып келеді. Әсіресе, қабылданып отырған стратегиялық құжаттар (Қазақстан-2030, Қазақстан-2050) мемлекеттік идеологияның маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Қытайдың ұлы реформаторы Дэн Сяопинның басты қағидасы «шындықты іс жүзінен іздеу» мемлекетіміздегі идеологияның бар екендігін
дәлелдейді. Сондықтан жастардан болашақ саясаткерлерді қалыптастыруда идеологияны шеттен іздеудің қажеті жоқ. Жастар қазірдің өзінде мемлекеттік идеология негізінде бейсаналы түрде тәрбиеленіп келеді. Мықты саясаткер болғысы келетін жастарға мемлекеттілігімізді қалыптастыруда атсалысқан саясаткер тұлғаларымыздың тәжірибесін үйренуге кеңес берер едім.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен
Нұрлайым БАТЫР.
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.