ҚҰНДЫЛЫҚТАР ЖҮЙЕСІ ӨЗГЕРГЕН
22.09.2017
2358
0

Жалпы саны енді ғана он сегіз миллионға жеткен халықпыз. Күні кеше он сегіз миллионыншы бақытты сәби дүние есігін ашқанда, өз шаңырағымызға нәресте келгендей бөркі­мізді аспанға атып қуанғанымыз ақиқат. Жер көлемі жағынан ұлан-ғайыр аймақты мекендеген халық үшін бұл, әрине, көп көрсеткіш емес. Қай қазақ болсын көбеюді, нық аяққа тұрған халық болуды арман­дайды. Елдегі әлеуметтік жағдай, ана мен бала жайы үкімет тарапынан жиі талқыға түсетін мәселеге айналды. Кешегі демографиямыз қандай еді, ал бүгін қай халде, ертең қандай болмақ деген сауалдардың жауабын әлеуеттанушы Айсұлу ТҰРСЫНБАЙҚЫЗЫ айтып берген еді.


Айсұлу ТҰРСЫНБАЙҚЫЗЫ,
әлеуметтанушы

– Тәуелсіз Қазақстандағы де­мо­г­рафиялық саясаттың өсу кезеңдеріне көз жібергенде, қандай ой қорытар еді­ңіз?
– Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері демографиялық саясатты қолға алып келеді. Себебі, біз демог­ра­фия­сыз ешқандай салада алға бас­пайтындығымызға көзіміз жетті. Сон­дықтан ең бірінші демог­ра­фия­лық саясатта біз шетелден өзі­міз­дің отандастарымызды елге кө­шіруді қолға алдық. Егер, үңілетін бол­сақ, 2016 жылға дейін бір мил­лионға жуық отандасымыз елге кел­ген екен. Мұның өзі үлкен же­тіс­тік. Алайда, бұл көштің қазір бая­ғыдай емес, бәсеңсіп қалғанын бай­қаймыз. 2005 жылдардағыдай емес, қазір отандастарымызды кө­шіру мәселесі тоқтап тұрған сияқты. Демографиялық мәселе науқаншыл­дық болмауы керек. Бұл кейбір жыл­дары жақсы қарап, кейбір жыл­дары оны ұмытып кететін нәрсе емес. Еліміздегі кез келген саясат­тың бір бөлшегі демографиялық сая­сатпен ұштасып жатуы тиіс деп ой­лаймын. Сондықтан бұны біз ұдайы күн тәртібінен алып тастауы­мызға болмайды.
– Бұрынғы қазақтың демог­ра­фия­сы туралы сөз болғанда, бүгін біз­ге үлгі немесе сабақ боларлықтай не­ні айтар едіңіз?
– Мәселен, кеңестік кезеңдегі Қа­зақстандағы туу көрсеткішін ала­тын болсақ, ол кезде туу көрсеткіші қа­зіргіге қарағанда жоғарылау бо­латын. Кеңес Одағына дейінгі ке­зең­ді алсақ, ол кезде туу көрсеткіші бұдан да жоғары еді. Бірақ ол кез­дегі тағы да бір еске алатын дүние – халықтың өмір сүру ұзақтығы өте қысқа болды. Бұған табиғи, тағы да басқа факторлар әсер етті.
Қазір құндылықтар жүйесі өз­гер­ген заман. Бұдан он-он бес ға­сыр емес, осыдан он бес-жиырма жыл алдынғы құндылықпен қазіргі құндылықтың өзінде айырма­шы­лықтар бар. Мысалы, он тоғыз бен жиырма бес, яғни отбасы құру жа­сындағы жастар немесе тууға қа­білетті жиырма екі мен жиырма ал­ты жастағы жастарды алып қа­райтын болсаңыз, бастапқы кезеңде бұларда өзін-өзі дамыту, жоғарғы жалақы, тұрмыс жағдайын түзеу мәселесі, содан кейін барып бала, отбасы деген сияқты құндылық­тар­дың жүйесі түзіледі. Бұдан бай­қай­тынымыздай, бізде бала бірінші буын­дағы негізгі құндылықтан тү­сіп қалған.
– Салыстырмалы түрде алып қа­ра­ғанда, қала мен ауылдағы бала туу көрсеткішінде айырмашылықтар бар. Сондай-ақ, мұндай айырма­шы­лықтар еліміздегі аудандар арасында да кездеседі. Мұның себебі неде жә­не қала мен ауылды теңестіру үшін не істеу қажет?
– Бұл жерде солтүстік пен оң­түс­тікті салыстыру дәстүрі мысал ре­тінде қарастырылады. Бұл да құн­дылықтар жүйесіне алып келеді. Мы­салы, оңтүстікте кемінде отба­сын­да бес-алты бала болатын болса, ал солтүстік үшін төрт баланың өзі көп балаға жатады. Қала мен ауыл арасында да дәл осындай мысалды келтіруге болады. Қалада төрт бала көп балаға жатса, ал ауылда бұл аз көрсеткіш саналады. Ауылда неге туу көрсеткіші жоғары? Бір жағы, бұл жерде бала санына байланысты отбасылар жәрдемақы алады. Жәр­демақы алу үшін отбасында бала санын көбейтіп отырады. Бізде, өкінішке орай, жәрдемақы көлемі өте аз. Тіпті, бір баланы қамтамасыз етуге жетпейді. Бірақ соған табыс көзі ретінде байланып қалғандықтан бізде көбіне кедейлік қақпанына түсіп отырады. Әрине, жәрдемақы үшін ғана бала туады деген де орын­сыз шығар. Бірақ сондай тұжырым да байқалады. Сондықтан ауыл хал­қына шетел тәжірибесіндегі, ұзақ­қа бармай-ақ Ресейдегідей әр бала ту­ғанға берілетін аналық капи­талды, ақша көлемін өсіру керек. Ал қала халқында туу көрсеткіші неге ауылдағыдай емес дейтін бол­саңыз, тағы да бұл жерде құндылық, екіншіден, материалдық жағдай алға шығады. Неге бірінші орында материалдық жағдай емес? Себебі, біз көптеген әлеуметтанулық зерт­теу­лерден байқаймыз, халықтың тұр­мыс жағдайы олардың отбасын­дағы бала санына әсер етпейді. Яғ­ни жоғары табысты адамдарда ба­ла саны көп болуы керек деп ой­лаймыз ғой. Бірақ бізде керісінше жағ­дайларды байқаймыз. Қайта та­бысы төмен отбасыларда табысы жо­ғары отбасыларға қарағанда бала са­ны көбірек. Сондықтан бұл жерде тағы да айналып келгенде мәселе құндылыққа келіп тіреледі. Бұл енді жекелеген жағдайлар. Ал объективті қарайтын болсақ, қалада әсіресе, көпшілік жас отбасылар бала санын тұрмыстық жағдайға әкеп тіреп қоя­ды. Яғни «менің үй жайым, кө­лігім, табысым болғаннан кейін бала санын көбейтемін» дейді. Бұл да бір жағы бүгінгі күннің әлеуметтік шындығы. Яғни баспанасыз қан­шама отбасылар жүр. Тіпті, бұл от­басы құруына жалпылама кедергі бо­лып жүрген жастар да бар. Мы­салы, «баспанам болса, бүгін үйле­не­мін» деген секілді. Сондықтан бізге кешенді бағдарламалар керек. Бізде көп балалы десе қайы­рым­дылық жа­ғынан ғана жанымыз ашып қа­рай­мыз. Көп балалыларды мүсіркеп, аяй­мыз. Ал негізінен, біз сананы өз­гертіп, көп балалыларға үлкен күш ретінде қарауымыз қажет. Мы­салы, сіздің жұмысқа тұруыңыз­ға да отбасындағы бала саны әсер етуі ке­рек. Тұрмыстық, көші-қон, басқа да кез келген әлеуметтік өмі­ріңізде бала саны сіздің артық­шы­лығыңыз болуы керек. Көп балалы­ларға де­ген көзқарасты өзгертуіміз керек. Ол үшін көп балалылардың мате­риал­дық жағдайын жақсартуға да атсалысуымыз қажет. Тек аналық капи­тал­ға ғана тіреп қоюға бол­май­ды. Басқа да тетіктер арқылы көп балалылықты қолдауымыз керек. Мы­салы, неге көп балалы отбасы­лар­ға бизнес ашуға, кәсіппен ай­налысуға, шағын отбасылық кә­сібін ұйымдастыруға көмек­тес­пес­ке? Отбасылық кәсіп, әсіресе, алысқа бар­май-ақ Түркияда жолға қойыл­ған. Сондай кәсіптерді игеруге
атсалысуға біз неге көп балалы отба­сыларды тартпаймыз?
– Мұның бәрі мемлекет тарапы­нан жасалатын жағдайлар. Сіз өзіңіз айт­қан халықтың құндылықтар жүйе­сін қалай қалпына келтіреміз?
– Дәл қазір халықтың құнды­лық­­тар жүйесіне әсер ету өте қиын. Се­­бебі, қазір нарық заманы. Сіздің әлеуметтік статусыңыз жалақыңыз­дың көлемімен немесе сіздің табы­сыңызбен, тағы да басқа материал­дық құндылықтармен анықталады. Себебі, нарық заманы сондай. Оған балама ретінде біз интеллектуалдық капиталға көбірек көңіл бөлуіміз ке­рек. Қазір соған қарай қадам ба­сып келеміз. Үш тіл білетін, IT тех­но­логияларды жетік меңгерген жаңа буын жастар бұл сананы бұза ала­ды. Болашақ тек материалдық емес, интеллектуалдық капита­лы­мызға байланысты. Бір тілмен айт­қанда, сізді қоғам басыңыздағы миыңыздың көлеміне байланысты сый­лайды. Сол секілді, көп балалы от­басылардағы балалардың біліми-ин­теллектуалдық капиталын арт­тыруға да атсалысуымыз тиіс. Көп балалы отбасылардың ішінде неге бір-екі бала ғана жақсы оқиды? Қазір көбіне табысы аз отбасы­лар­дағы білім алуға деген ұмтылушылық жоғары деген тенденция бар. Яғни тенденция осылай бұзылуы керек. Сонда халықтың саны сапалы түрде артады.
– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен
Нұрлайым ЖАҚЫПҚЫЗЫ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір