Ер Едіге қайда жерленген?
Әлі күнге дейін ұлттық версиялары толық зерттелмеген «Едіге» тарихи-қаһармандық эпосы – түркі халқына ортақ мұра. Ш.Уәлиханов айрықша көңіл аударып, «Едіге» жырының қазіргі күні Шоқан жасаған нұсқасын қалыптады. Эпос нұсқаларын зерттеуге академиктер В.Бартольд, П.М.Мелиоранский, В.В.Радлов, В.М.Жирмунский, Қ.Сәтбаев, М.Әуезов, тікелей атсалысқан. Едігенің есімі бұрынғы Совет энциклопедиясына (ҚСЭ, 4 том, 105-бет), қазіргі ұлттық энциклопедиямыз «Қазақстанға» енді (3 том, 345-бет).
Қазіргі күні «Едіге» тарихи-қаһармандық эпосының оңтүстіктегі Түрікмен, Өзбек Республикаларынан бастап, Сібір татарларына дейінгі түркілер арасында барлығы, алыс шетел Түркия мен Румыния жерлеріндегі түркілерде сақталғаны айқын болып отыр. Елуге тарта нұсқасы бар. Олардың кейбіреулерінің көлемі жиырма бес, отыз мың жолға жетеді. Ұлттық нұсқалардың бәрінің түйіні: «Едіге деген ер екен, елдің қамын жер екенге» барып тіреледі. Яғни Едіге – күллі түркі халқының сүйіктісі.
Қазіргі батыс тарихшылары адамзат тарихындағы ұлы қолбасылардың бірі деп есептейтін Витовт билеген Литва мен Польша ХІV ғасырдың аяғында әбден күшейіп, Батыс және Оңтүстік орыс жерлерін, Украина мен Белоруссияны дәргейіне қаратқан еді. Литва, Польша, Мажарстан, Швеция жан-жақтан төніп, Ресейді қайтарымсыз бөліп алу алдында тұрған болатын. Мәскеудің «шаруасы шешіліп тұр» деп есептеген Витовт төрт жылғы мұқият дайындықтан соң, алты мемлекеттің біріккен әскерін, оған қоса немістің Тевтон орденді рыцарларын бастап келіп, Алтын Ордаға тұтқиылдан тап берді. Едіге өзінің сайыпқыран қолбасылығы арқасында олардың ту-талақайын шығарды. Мәскеу Едігенің 1399 жылғы 12 тамыздағы Борсықтыдағы ұлы жеңісінің нәтижесінде ғана аман қалды. Бұл жөнінде белгілі орыс тарихшысы Н.Гумилев: «Самый большой выигрыш от битвы на Ворскле получила Москва. Порожение Витовта спасло ее от угрозы литовского захвата, а литовский князь даже потерял на время Смоленск (1401)», – деп мойындайды [Гумилев Л.Н.От Руси к России. – Москва: АСТ, 2004. Ст. 226]. Ұлы тарихшы мойындағанымен, Кеңес өкіметі мойындамады. Едігенің өмір жолын кеңес тұсында зерттеуге тыйым салынғандықтан, көп нәрсе бүгінгі күні күңгірт күйінде қалып отыр. Бұл жерде отарлық езгі кезінде Алтын Орда тарихына берілген теріс баға «Едіге» эпосын да, оның басты кейіпкері Едігені де толық танып білуге кері ықпал еткендігін ұмытпауымыз керек.
Едігені көзімен көрген араб тарихшысы Ибн Араб-Шахтың, Әли Жездінің, Еуропа тарихшысы Г.Клавихоның еңбектері бүгінгі күнге жетіп отыр.
Оны өте жақсы білген сол заманның тарихшысы: «Правил он всеми делами Дештскими около 20 лет. Дни его (царствования) были светлым пятном на челе веков, и ночи владычества его яркой полосой на лике времен», – деп жазды [Ибн Арабшах. Чудеса предопределения в судьбах Тимура // История Казахстана в арабских источниках. – Алматы: Издательство «Дайк-Пресс», – 2005. – Т. 1. 37-б.].
1399 жылы 12 тамызда Борсықтыда, 1408 жылы Мәскеуге, кейінгі Литва билеген Киевке шабуыл жасауда, Хорезмді қорғауда Едігенің басшылығымен өткен майдандар – оның дүниежүзі тарихындағы ұлы қолбасылардың бірі екенін нақтылы айғақтайды.
Тарихшылардың айтуынша, Едіге – Алтын Ордада да ислам дінінің біржола орнығуына зор ықпал еткен тұлға. Италияның көпесі әрі саясаткері Иосафат Барбаро бұл мәселеге байланысты: «Магометанская вера стала обычным явлением среди татар уже около ста десяти лет тому назад. Правда, раньше только немногие из них были магометанами, а вообще каждый мог свободно придерживаться той веры, которая ему нравилась. Поэтому были и такие, которые поклонялись деревянным или тряпичным истуканам и возили их на своих телегах. Принуждение же их принять магометанскую веру относится ко времени Едигея, военачальника татарского хана…», — дейді. Тарихи деректерге жүгінсек, Едіге балаларды құлдыққа сатуды тоқтатқан. Бұл жағдай Сирия мен Египеттегі құл базарларына бірден теріс ықпал еткен.
Шығыс тарихшылары оны «Жошы ұлысын өз дегенінше биледі», «Дешті елінің, Сарай мен Қырымның шынайы билеушісі», «Дешті Қыпшақ пен өзбек елінің әміршісі», «патшаларды өз қолымен ауыстырып отырды» деп жазады. Орыс жылнамаларында «Ұлы князь» деп аталады. Яғни Мәскеудің, Литваның ұлы князьдарымен пара-пар есептеледі. Еуропалықтар оны «Дешті Қыпшақ әміршісі», «Татария императоры», «Алтын Орданы билеуші» дейді.
Мемлекетінің абыройын асырып, іргесін қайта бекіткен көреген саясаткер, сайыпқыран қолбасы туралы халық эпосы:
Кеспе-кеспе сары алтын
Кесіп олжа қылдырды.
Еділ жұртын жидырып,
Үлкен бір той қылдырды.
Ағаларды алдырып,
Кеңессіз өскен бұл жұртты
Кеңесті жұрт қылдырды,
Қаланы қайта тұрғызды,
Жерін елге толтырды,
Ортасына ару орда қондырды, – дейді [Идәгә. – Казан: Татарстан китап нәшрияты, 1988. 171-б.].
Ол ақылдылық пен қайырымдылықтың үлгісі есебінде жырларға қосылып, бірте-бірте түркі халықтарының қасиетті әулие адамына айналды. «Сего света держава на великих местех, счастливои осподарь, умнои как Бюрека, ум ся у него родил, вере надежа, людем подпора, Богом возлюблен, а от людеи почтен, над судьями судья, а великие люди слову его были рады, иных осподарей вернее был и салтанов – Едигеи князь» (грамота Мусы-бия Ивану ІІІ – Посольская книга, 1984, с. 39).
Осындай да, осындай болған әйгілі тұлғаның қай жерде өлгенін, қайда жерленгенін әлі күнге дейін анықтамай отыруымыз елдігімізге сын.
Едігенің қай соғыста, қай жерде өлгенін де өткен заман тарихшылары жазып кетті. Ибн Арабшахтың жазуынша, Тоқтамыстың ұлы Жалил-ад-динмен болған соғыста өледі [Жирмунский В.М. Тюркский героический эпос.– Ленинград: Наука, 1974.Ст. 373].
Академик В.М.Жирмунский Едіге Тоқтамыстың баласы Қадырбердімен болған соғыста өлді деген қорытынды жасайды. Мұны дәлелдеуде араб тарихшысы әл-Айнидің (Элайнидің) төмендегі дерегін келтіреді: «У Тохтамыша был сын, по имени Кадир-берди, который постоянно воевал с Идики из-за царства. В этом, т.е. 822, году (1419г. н.э.) Кадир-берди (снова) пошел на Идики; а Идики (со своей стороны) выступил против него. Встретились они, и произошли между ними бой велики и сражение ожесточенное. С обеих сторон было убито много народу; Кадир-берди (сам) был убит во время схватки, и соратники его бежали. Идики также был поражен множеством ран, и войска его также обратились в бегство. Идики бежал, предполагая что Кадио-берди победил. Покрытый ранами, он прибыл в одно отдаленное место, спешился там и сказал одному из бывших с ним лиц: «Ступай и разведай, в чем дело; если найдешь кого-нибудь из нашего войска, укажи ему (путь) сюда». Тот отправился и, производя разведки, встретился с одним из эмиров Татарских. Это был один из сторонников Тохтамыш-хана, у которого он был старшим (эмиром). Поведал ему тот человек про дело Идики; тогда он (эмир Тохтамыша) спросил: «Где он?». Тот указал ему (путь), и он пришел к нему (Идики). Увидев его, Идики стал поносить и стращать его. Тогда тот сказал ему: «День был в нашу пользу, и мы сделали свое дело, (теперь) сделай ты все, что можешь» (букв. «что бы ни исходило от рук твоих»). Затем он приказал бывшим при нем людям напасть на него (Идики) с мечами, и они разрубили его на куски» [Жирмунский В.М. Тюркский героический эпос.– Ленин-
град: Наука, 1974.Ст. 372-373].
Өз елінің тарихына жетік Қадырғали Жалайыр бұл айтылғандардың қалтарыс-бүкпесін былай деп аша жазады: «Кейін он бір жыл өткенде Қадырберді хан Қырым әскерімен келіп, Еділ дариясынан кешіп өтіп, Едіге бимен соғыс қылды. …Едіге би жаралы болды. Қадірберді хан да жарақат алды. Екі жақ әскері бірін-бірі аямай кескіледі. Ичкили ұлы Хасан Едіге бидің ақта атын (ереуіл атын) ұстап тұр еді. [Сол] Қадірберді ханға «Едіге мұнда жатыр» деп хабар берді. Ол жетіп келіп, оны өлтіреді. Қадірберді хан да сол жарақаттан кейін бірнеше күннен соң опат болды» [Қадырғали Жалайыр. Шежірелер жинағы. – Алматы: Қазақстан, 1997. 115-б.]. Атақты тарихшымыз тағы да: «Ол уақытта Қадірберді хан Едіге бимен соғыс қылды. Жайықтан шыққан Елек суы еді. Онан жоғары үш Бөрте шығады. Ол үш Бөртенің орта Бөртесінде Қадірберді ханмен Едіге би қатты соғыс қылды», – деп өлген жері мен кім өлтіргеніне дейін жазып кеткен. Тағы да айтады, 63 жасында дүниеден озып еді дейді [118-б.]. Хижра есебінен қазіргі күнтізбеге көшкенде Едіге 1357/58-1419/20 жылдары өмір сүрген болып шығады. Ал Елек пен ортаңғы Бөртенің арасы қазіргі Ақтөбе облысының Мәртөк ауданына қарасты аумақ. 2016 жылы Мәртөк ауданы әкімінің шешімімен өлген жеріне белгітас қойылды.
Аталған деректер «Қадырберді өліп, жаралы Едіге Ұлытауға келеді, Майлы деген жерде өледі», – деген қазіргі кейбір негізсіз сөздерді жоққа шығарады. Ортаңғы Бөрте мен Ұлытаудың арасы тура салғанда 2000 (екі мың) шақырым екенін ескерсек, соғыста өлген адамды онда жеткізудің ықтималдығы азаяды. Бұл – бір. Екіншіден, Ұлытауда «Едігенің биігі» болса, патшалы Ресейдің ескі картасында, Атырау мен Ақтөбе облысының шектескен тұсында «Едіге» / Идеге/ деген жер атауы бар. Сондай-ақ, Ақтөбе облысының шегінде, Байғанин ауданы аумағында «Едігенің жалы» деп аталатын төбе бар. Мұндағы ел аузындағы тарихи аңыз бойынша да батыр осында жерленген. Үшіншіден, Едігенің жалындағы мола 1869 жылғы Патшалық Ресей оқымыстылары жасаған «Атлас Оренбургского края» деп аталатын құпия картада «Могила Едиге» деп таңбалаулы. Төртіншіден, 1904 жылы Ресей тарихшы-картографтары сызған «Карта Темирского уезда Уралской области» деген картада да Едігенің осы моласы аққа қарамен таңбаланған. Бесіншіден,1983 жылы кеңес өкіметі оқымыстылары ғарыштан түсірген картада бұл «кладбище Едиге» делінген. (Мұның себебі, уақыт өте келе мұндағы бейіттер саны көбейіп, қорымға айналған). Алтыншыдан, оның кірпішін зерттеген археолог профессор Рахым Бекназаров 14-16 ғасыр аралығына жатқызды (бейнежазбасы бар). Яғни Едігенің заманына сәйкес келіп тұр. Жетіншіден, арғы-бергі басқа карталарда Қазақстанның басқа жерінде «Едігенің моласы» деген таңба жоқ. Сегізіншіден, Мәшһүр Жүсіп Көпеев Едігенің сүйегі Ұлытауда жоқ дейді. (қараңыз: Едіге батыр. Жинақ. – Алматы, 1999 ж., 136-б.). Тоғызыншыдан, Ұлытаудағы бейіт арғынның атақты биі Едіге Танашұлыныкі деген пікірлер айтылып жүр. Оныншыдан, «Едіге» атты тарихи-қаһармандық эпос та жоғарыда айтылғандарды жоққа шығармайды, тек қазақ версиясында ғана емес, эпостың қарақалпақ тіліндегі атақты Қияс жырау нұсқасында әкесі Едігені іздеп Ақсақ Темір еліне барған Нұраддин балаға хан қайдан келдің дегенде:
«Жерім жырақ үш айшылық
шөл майдан,
Шыққан жерім – Қарғалы,
Елек, Кеңсайдан», –
дейтіні бар. Бұл өзендер Ақтөбе қаласының қақ ортасын айқыш-ұйқыш тіліп өтіп жатыр.
Басқасын былай қойғанда, Едігенің Елек пен Ортаңғы Бөрте арасында өлуі (Қ.Жалайыр), моласының әр ғасырдағы үш бірдей картада таңбалануы (1869, 1904, 1983 ж.ж.), моласының кірпішінің 14-16 ғасыр аралығына жатуы (археолог профессор дәлелі), нақты айғақ екенін ескерсек, батырдың асыл сүйегі – Ақтөбе облысы аумағында, Ноғайты «темір жол стансасынан жиырма шақырым жерде тұр». Бұл – белгілі тарихшыларымыз бен археологтарымыздың келіп тексеріп, қол қоюын ғана күтіп тұрған іс.
Егер осы мәселе түпкілікті шешілсе, күллі түркі жұртының бас қосатын киелі орнына айналар еді. Осы уақытқа шейін айтылып келген «Едігенің сүйегі анда жатыр, мында жатыр» деген тарихи дерегі аз дау-дамайлы сөзге нүкте қойылар еді.
Бекежан АХАН,
философия ғылымының докторы, профессор.
Жұбаназар АСАН,
филология ғылымының докторы.
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.