Әдебиет айдыны
«Әркім жәннатты өзінше елестетеді. бала күнімде ол менің көз алдыма кітапхана болып елестейтін», – дейді Борхес. Кітап оқу, «бұрын-соңғы әлем әдебиетін таусып оқыған кітапжегіш» атану үшін де оқуға деген махаббат сол бір кітапхананы жәннаттай көретін бала күннен қалыптасуы керек сияқты. Оған әсер ететін себептердің де маңызды екенін айтпасқа болмайды. Пушкиннің әкесінің бай кітапханасы болашақ ұлы ақынның француз, ағылшын, неміс әдебиетін он жасқа жетер-жетпес кезінде-ақ сіңіруге мүмкіндік берді. Прагада тұрып жатқан ақсақал жазушымыз Мұхтар Мағауиннің Абай өлеңдерін бала кезден-ақ жаттап өскенін ерекше айтатыны сондықтан шығар. Бәлкім, жазушының әдебиетке, сөзге деген құштарлығы мен құрметі Абай арқылы келген болар. Абай өлеңдері, Абай кітабы арқылы.
Шілде күнтізбе бойынша жылдың ортасы болғаныменен, басылымдар үшін бір жыл аяқталар мезгілдей әсер сыйлайды. Оқырмандардың газет бетіне көп қарайламайтын кезі басылым қызметкерлерінің де демалыс жариялауына орай тудыратындай. Екі көңіл-күй қабысқан уақытта газетіміздің санын әлем әдебиетіне арнадық. Ғылым мен әдеби әдіс-тәсіл бәсекеге түсіп жатқан уақытта әдебиет тамырын тура басу да қиын. Бүгінгі әлем әдебиетіндегі ағымдардың ішкі бәсекесі қандай, ағым мен тәсіл жазушының еркіндігіне бұғау болмай ма? «Желқазық» айдары осы бір сауалдарға жауап іздейді.
Әлем әдебиетінің қазіргі көшіне ілесе алмай отырғанымыз қанша айтылып жүрген, жауыр болған тақырып болса да, осы сұрақпен бетпе-бет келгенде тағы бір рет еріксіз сөз қылуыңа тура келеді. Әлем әдебиетінің жаңалықтарынан мақұрым отырғанымыз бір бөлек, әдеби мәтіндердің аударылмай жатқаны да қолыңды байлайды, ойыңды тұсайды. Қазақстанды әлемге таныту деген үлкен бір құштарлық белең алып тұрған кезең әдебиетке неге сонша тосырқай қарайтынын түсіне алмай далмыз. Қазақстанды әлемге әдебиет арқылы да танытуды қолға алса, ақын-жазушыларға әжептәуір жұмыс табылып қалар еді. Абай клубы шығарып отырған француз ақындарының өлеңдер топтамасын аударып отырған Әбубәкір Қайранның еңбегі соған айқын дәлел болса керек. Бірілі-екілі кітаптар емес, жыл сайын жаңа жазушылардың есімімен танысып отырсақ, газетіміздің «Әдебиет айдыны» қосымшасы да түрлене түсер еді.
Жылына үш-төрт рет шетелге шығып келетін жазушылардың тізімі де тұрақты. Бірақ олар өздерімен жаңа ақын, жаңа жазушы әкелмейді. Жаңа автор таппауының себебі не? Оның да жауабы қиын.
Варгас Льосаның «Романмен қоштасқан әлем» новелласында оқырман жайы сөз болады. Бұл да бүкіл әлемде басталған үлкен құбылыс. Болашақ оқырмандар бүгін қалыптасады. Олардың көз алдына кітапхана не боп елестейді, бәрі соған байланысты.