«Әкемді археолог екен деп ойлайтынмын»
Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары әдебиет әлеміне аяқ басқан Дүкенбай Досжан қаламынан он роман, жиырмаға жуық хикаят, жүзден аса әңгіме дүниеге келді. Ол дүниені ешкімге ұқсамас өзіндік бояу-белгімен көрген қаламгер. «Әкем – Сарыұлы Досжан көне Қаратау ішінде 1894 жылы туып, ғасыр басындағы дүрбелеңнің неше атасын басынан кешірген аса қажырлы кісі еді. «Қажырлы» дейтінім – 1932 жылғы қаратабан аштықта ел тамақ іздеп берісі Ташкент, әрісі Ауған жағына ауа көшкенде, бұл кісі екі білегіне сеніп, аң аулап, жер ойып, жүгері егіп, жиырмадай отбасыны бір өзі асырап көшпей қалыпты. Соғыстың алдында, соғыстан кейін Ақүйік өзені бойындағы «Ынтымақ» колхозының төрағасы болған. «Жасыңыз үлкейіп қалды, екі тау арасының мал-жанына ие болыңыз» деп әскерге алмаған, бронмен қалдырған. Мен дүниеге келгенде әкем 48 жаста екен», – дейді Дүкенбай Досжан әкесі жайлы «Жазмыштың жазуы» атты хикаясында.
Бүгінгі сұхбат та әке туралы. Дүкенбай Досжанның ұлы Ардақ Досжан әке тәлімі, әке өнегесі жайлы жүрек сөзін бізбен былай бөлісті…
Ардақ Дүкенбайұлы Досжан
– Дүкенбай Досжанов қазақ даласындағы өзендер бойына халқымыздың бекініс, қала салғанын айтып мақалалар жазды. Қазақтың өзге ұлттарға ұқсамайтын салт-дәстүрін ұлықтап көркем әңгіме, хикаяттар тудырды. Қаламгер ретінде ғана емес, әке ретінде Д.Досжанов өткенді қадірлеу, бұрынғыны құрмет тұту сезімдерін бойыңызға қалай сіңірді?
– Кішкене күнімде әкемді археолог екен деп ойлайтынмын. Неге десеңіз, жаз бойы іссапарға кетеді. Жаз соңында үйге келеді. Қорап-қорап тиын, қыш құмыра бөлшектері, көне жәдігерлерді мұқияттап сұрыптайды. Сосын оларды хаттап, музейге тапсырып жүргені. Сол сапарлардың нәтижесінде «Отырар», «Жібек жолы» романдарын жазды. Көне қалалар туралы, тарихымыз туралы аңыздарды майын тамызып әңгімелейтін. Атажұртымыз – Жаңақорған ауданындағы құмды өлке. Сол құмы алтындай шағылысып жататын ауылға бізді ертіп барып: «Байырғыда бұл жерде қалың жыныс орман болған, тоғайы сыңсып жататын. Тоғай ішін аң патшасы арыстан, жолбарыс мекендеген. Бұл далада ордалы жыландар патшалық құрған. Көне қалалар салтанат қылған. Керуен жолдары созылып жатқан», – деп, талмай, ерінбей әңгімелейтін. Ал мұндай тарихты, әңгімені құлағына құйып өскен бала, әрине өткенге үлкен құрметпен қарайды…
– Қазақта «Әке көрген оқ жонар» деген сөз бар. Сіздің әкеден алған тәлім-тәрбие, үлгі-өнеге қандай еді?
– Әкем бізге еңбекті сүюді үйретті. Әкемнің библиографиясын қарасаңыз, қаншама тағылымды мақала, ғажап әңгіме, сүйекті шығармалар жазып кеткеніне куә боласыз. Мысалы, артына мол шығармашылық мұра қалдырған Лев Толстой жазуға арнайы уақытын бөлген. Әкемнің арнайы бөлетін уақыты болмады. Күндіз – жұмыста. Түрлі іссапарларға көп шықты. Үйге кештетіп келеді. Түнімен жазуына отыратын. Әкемізге қарап өскен біздің бойымызда да осы еңбексүйгіштік мінез бар деп есептеймін. Іссапарлардан, елден келгенде қай жерге барды, қандай қызық көрді, кімдермен танысты – бәрін бүкпесіз әңгімелеп беретін. Біздің де әңгімемізді, көрген-түйгендерімізді мұқият тыңдайтын. «Бала екен ғой» деп жүре тыңдаған жері жоқ. Үлкен кісідей ақылдасып отыратыны ұнайтын. Әкем сонымен қатар, әр күнін хаттап, күнделік жазды. Бізге де күнделік жазуды үйретті. «Сезімдеріңді сол сәтте қағазға түсіріп үйреніңдер, кейін ол сезім ештеңе болмағандай ұшып жоғалады» деп отыратын.
Әкемнің тағы бір мінезі – өте балажан адам еді. Оныншы сыныпта оқып жүргенде, қаңтар айында шешеміз Мәриям қайтыс болды. Арада екі ай уақыт өткенде, сәуірде әкем маған жоғары білімді Қазақстанда емес, Мәскеуде алғаным жөн екенін айтып, ақыл қосты. «Қандай жағдайда да білім ізде», – деді әкем. Шешем болса, дүние салды, соңымнан ерген қарындасым бар, сондықтан тәуекел еткім келмеді. Сонда әкем маған: «Мен сенің әкеңмін. Болашағыңды ойлаймын. Жердің орбитасынан шығуыңа мен көмектесемін. Сол үшін жөн сілтеймін. Ал ашық космосқа шыққан соң ғарыштағы қоқыс боласың ба, әлде жердің серігіне айналасың ба – өзің шешесің», – деді. Содан, әкемнің тілін алып Мәскеуге барып оқуға түстім. Әкем бұл қадамыма қатты қуанды. Содан бері біздер – балалар әкем көрсеткен жолмен жүрдік, бірақ одан арғы тағдырымызды өзіміз таңдадық. Оқуға түсерде, үлкен өмір бастарда әкеміздің жылы сөзі демеу болды, бірақ жазушылығын, даңқын пайдаланған жоқпыз. Мен де осы күні балаларыма әкемнен естіген өсиетімді айтамын: «Мен зымыранның бірінші сатысы сияқтымын, сендерді ғарышқа ұшырамын. Әрі қарай еңбектеріңе, алған тәлім-тәрбиеге, білімге байланысты өз жолдарыңды табасыңдар», – деймін.
Әбіш Кекілбайұлы
Жақсылық диқаншысы
Адам естелікпен өмір сүреді. Ескеріле жүрсек деп ұмтылады. Өткен ғасырдың 60-жылдарының басында қаздай тізіліп Алматыға келіп, біріміз – ғалым, біріміз – атақты жазушы боламыз деп, арманның биік асуына баспалдақ қойған кезде ұшырасқан, шүйіркелескен, кейінше арамыздан қыл өтпестей боп достасып кеткен; Әуезовтің сөзімен айтсақ: «толыспаған толстойлар мен шала шекспирлердің» бірі – осы Дүкенбай Досжан еді. Жүрегіне сөз қасиеті қонған, табиғатына тарта туған, «болсын» деген ілгері тілеумен жүретін, баладай – аңқау, анадай – адал, ерекше дарын иесі – сөзден сөйлем, сөйлемнен – сурет көркемдеген жақсылықтың диқаншысы болып елестейді көзіме. Мұндай кісі зұлым болмайды, жаулық жасамайды. Жасайын десе де қолынан келмейді. Жан әлемі шыны секілді – арға-бергісі көрініп тұрады. Қызғаныш, аярлық, пасықтық сезімнен ада-күде өз шайтанымен өзі өмір бойы алысып, жауласып өтуге бар. Үнемі басқыштап биіктеуге ұмтылады. Кемелденуден ұмтылады. Дүкенбайда бәрімізден ерекше бір қағаз бар. Ол – республикалық кітап палатасының «Ең көп оқылатын жазушы» деген куәлігі. «Бұл менің саусағымның сүйел болып, көз майымның сарқылып кітап жазғанымның қарымтасы ғой», – деп мақтанады кісіге. Дүкенбайда бәрімізден ерекше бір мінез бар. Ол – күншуақта жалаңбас сағаттар бойы отырып ой кешуді ұнатады. Сол ойының ізін суытпай қағазға түсіргенше сырт дүниені мүлде есінен шығарады. Жазушылықты, шығармашылықты базбіреулер бәйге жарысына теңеп жатады. Меніңше, Дүкенбай шығармашылығы бәйгеден гөрі, ат үстінде ойқастап қол төңкерген жорыққа келеді. Қалыбы бөтен, екпіні дүлей қол. Әр қырқаның басынан бұлт болып көтерілген шаңды, жер еңбегін тесіп жібергендей дүбірді сезсек – ол мына Дүкенбай Досжан бауырымыздың ұлы жосқыны деп танығанымыз жөн.
– «Жазушының баласы» деген ат сізге қандай жауапкершілік жүктеді?
– Үлкен адамның баласы болған жақсы, бірақ жауапкершілігі де зор. Әкемнің маған үйреткені, менің балаларыма үйреткенім – тегімізді құрметтеу, кір келтірмеу. Әркез әкемнің атына жаманат келтірмеуге тырыстым. Бұл күні әкемнің екі немересі бар. Азамат және Алтай. Біздің отбасымыздың дәстүрі солай, балалардың аты «А» әрпінен басталады. Бұл дәстүрді әкеміз ойлап тапқан. Қарындасымның да аты «А» әрпінен – Алуа. Бұл дәстүр осы күні немере-шөбереге дейін жалғасып келеді.
Әкем жасы кіші болса да, үлкен болса да, үйге кісі келсе, құрақ ұшып амандасатын. Атамыз Досжан 1976 жылы қайтыс болған ғой. Сонда әкем біздерге: «Шіркін, әкемнің көзін көрген адам кезіксе, алдынан жүгіріп шығар едім. Әкемді көрген жандардың әкем туралы жақсы әңгімесін естігім келіп тұрады», – дейтін. Әкем айтқан осы сөздің қадіріне енді жеткендеймін. Әкемнің көзін көрген жандарды көрсем, «әкем жайлы әңгіме тиегін ағытар ма екен» деп мен де елеңдей қаламын…
– Кеңес үкіметі дәуірінде «Қазақ тілі құрып барады!» деп парақша таратқан студент Дүкенбай Досжановтың тілді қадірлеуі, қазақтың ділін қадірлеуі сізге қалай байқалады?
– Балалығым, жастығым Кеңес Одағы деп аталған мемлекетте, әсем Алматыда өтті. Ол кезде Алматыда қазақ мектебі санаулы. Біздің үй №12 мектептен алыс болған соң, қаланың орталығында тұрмағаннан кейін орыс мектебіне бардым. Мәскеуде орыс тілінде жоғары оқу орнын бітірдім. Одан кейін екі жыл Ресейде әскери міндетімді өтедім.
Дегенмен, қазақ тілін жақсы білемін деп есептеймін. Себебі, ата-анамыз әркез қазақ тілін ұмытпауымызды қадағалады. Шешем Мәриям Қазақ Қыздар университетінде қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі болған. Ғажап ана ғана емес, тәлімді ұстаз еді. Әкем жазушы ретінде, әңгімешіл жан есебінде ұдайы қазақ тілінің түрлі бояуын қолдана отырып, сөз сөйлеп отыратын. Одан бөлек, ала жаздай қарындасым екеуміз ауылға баратынбыз. Қызылорда облысындағы туыстар бізге тілдің қаймағын әбден татырды.
Шынын айтқанда, Жоғары оқу орнында да ғажап ұстаздар кезікті. Әлі күнге таңғаламын. Кеңес Одағы Жазушылар одағының шақыруымен бізге, 3-4 қазақ тобына Рымғали Нұрғалиев, Мұхтар Мағауин арнайы келіп, қазақша дәріс оқып беретін. Төте жазу, қазақ тарихы, қазақ тілінің сабақтарын Мәскеуде жүріп те оқыдық.
– Дүкенбай Досжанов атына көше немесе мектеп беру мәселесі қалай шешімін тауып жатыр?
– Бұл – өте маңызды мәселе. Әкемнің оқырмандары, достары, жалпы қаламгерді қадірлейтін жандардың да осы сауалды қоятыны белгілі. Бұл мәселе туралы мемлекеттік органдармен ақылдастық. Үкіметтің шешімі бойынша, көше, мектеп атын беруі үшін тұлға дүниеден қайтқан соң, бес жыл уақыт өтуі керек екен. Сол заңнан ешкім аттаған жоқ. Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Кеңтөбе деген әкем туып-өскен өлкеде жаңа мектеп ашылған. Сол мектептің ашылуына әкемнің қосқан үлесі қомақты. Сол мектепке әкеміздің атын береміз бе деп үміттенемін. Ауыл халқы да, ақсақалдар мен оқырмандар, әкемнің қаламгер достары да сондай жақсы жаңалықты күтіп жүргенінен хабардармын. Қазір қазақтың қалалары тез ұлғайып келеді. Кей қалалардың кейбір көшелерінің аттары тіптен ешқандай мағына бермейді. «Сол көшелердің біріне әкеміздің атын берсе, шіркін!», – деп ойлайсың. Бір жылдан кейін әкемнің дүниеден қайтқанына бес жыл толады. Уақыты келгенде бұл мәселені көтереміз. Әкемнің оқырмандары, қаламдас достары, тілектес жандар әкемнің атын мәңгі есте қалдырған сондай шараларға куәгер болып, атсалысамыз деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге рахмет!
19 қыркүйекте, сағат 16.00-де Қазақстан Жазушылар одағының Әдебиетшілер үйінде, жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Дүкенбай Досжановтың туғанына 75 жыл толу мерейтойына орай еске алу кеші өтеді.
Келем деушілерге есік ашық.
Әңгімелескен Қарагөз СІМӘДІЛ.