Ақын рухына тағзым
30 тамызда көрнекті ақын Кеңшілік Мырзабековтың құрметіне ақынның өзі тұрған үйіне ескерткіш тақта орнатылды. Аталмыш шараға ақынның туған-туыстары мен көзі тірісінде етене араласқан елімізге танымал ақын-жазушылар мен қоғам қайраткерлері қатысты.
Жиынды қалалық тіл басқармасының басшысы Мамай Ахет басқарды. Шарада сөз алған ақын
ның ұлы, сыншы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Амангелді Кеңшілікұлы жиналған қауымға алғысын білдіріп, ескерткіш тақтаны орнатуға тікелей көмегін көрсеткен қала әкімі Бауыржан Байбекке ерекше ілтипатын жеткізді. Шарада алғашқы болып сөз сөйлеген Жазушылар одағы басқармасының Төрағасы Нұрлан Оразалин көзі тірісінде жақын араласқан досы туралы естеліктерімен бөлісті. «Кеңшілік Мырзабеков өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының басында қазақтың өлеңіне өзінің өзгеге ұқсамайтын өрнегімен, өзгеше даусымен, өрісі кең қанатты жырларымен келген болатын», – дей келе бүгінгі көрсетіліп жатқан құрмет өлеңнің жеңісі, ақынның жеңісі екенін, халқы оны қандай жағдайда да ұмытпайтынын тілге тиек етіп, бұл тақтаның бұрынырақ орнығу керек болғанын да айтып өтті. Шарада сөз алған танымал ақын Серік Тұрғынбекұлы ескерткіш тақтаны орнатуға септігін тигізген жандарға алғысын жеткізіп, ақынға арнаған өлеңін жиналған қауымның алдында оқып берді. Мемлекеттік сыйлықтың иегері Темірхан Медетбек өз биігінде өзі ғана ілесе алатындай іздер қалдырған осындай үлкен тұлғаның үйінің тұрған қабырғасына ақын рухы келіп, қайта қоныс теуіп жатқандай көрінгенін жеткізді. Ақын, аудармашы Қуанышбай Құрманғалиев та естелігімен бөлісті. Ақын, драматург Иранбек Оразбаев ақынға арнаған өз өлеңін оқыды. Шарада сөз алған белгілі ақын Аманхан Әлімұлы алдындағы ақын ағасының көзін көріп, бірге жүргені үшін өзін бақытты санайтынын жеткізді.
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.