Әрбір жеңісім – келесі жеңіске бастама
25.08.2017
1694
0

Бұрынырақта, жау шапқыншылығында ер азаматтармен бірдей иық тірестіре ерлік жасаған қыздар аз болмапты. Ал қазір нәзік жанды арулардың қауіп-қатерге басын тіккеніне сенуден бұрын, елестетудің өзі қиын көрінеді. Өйткені, қазір жаңа ұрпақ түсінігінде қару көтеріп, жаумен айқасатын заман келмеске кеткен. Сондай сәтте олардың жүрегіне елжандылықты қалай сіңіреміз деген сауал туады. Бүгінгі кейіпкеріміз, нәзік жанды болса да, батырлықтың үлгісін көрсетіп жүр. Ол жауына қару кезеніп, майданға шықпай-ақ, боз кілемнің үстінде қарсыластарының жауырынын жерге тигізіп, әлем чемпионы дәрежесіне дейін көтерілді. Тәуелсіз Қазақстанның гүлденіп, төрткүл дүниеге танылуына үлес қосып жүрген Самбодан спорт шебері, әлем чемпионы Мереке Құдайбергенованы Елбасы ұсынған «100 жаңа есім» жобасына кіруге әбден лайық деп ойлаймыз. Әлем чемпионымен қиындығы мен қуанышы қатар жүретін спорт саласы төңірегінде әңгімелескен едік.


Мереке ҚҰДАЙБЕРГЕНОВА,
Самбо, қазақ күресінен спорт шебері,
белбеу күресінен әлем чемпионы

– Нәзік жандылар үшін спорттың сіз айналысып жүрген түрі  ауырлық етпей ме? Не себептен атаулы спорт түрін таңда­ды­ңыз?
– Өз басым, таңдап алған спорт түрі нәзік жандылар үшін ауырлық  етпейді деп ойлаймын. Себебі, қанша жаттығулар жасап, жарыстарға барып жүрсем де  кішігірім жарақаттар болмаса, аса қатты өміріме қауіп төнетіндей жағдай орын алған емес.Мен бұл спорт түріне өз жүрек қалауыммен және спортқа деген қызығу­шы­лығымның арқасында келдім. Сон­дық­тан маған бұл спорт түрі ешқандай ауырлық тудырған емес. Керісінше әр жарысқа барып келген сайын  шыңдалып, жеңіске деген құлшынысым еселей түсуде.Қазіргі таңда,  байқап қарасаңыз, кез келген еңбек саласында нәзік жандыларды кездестіресіз және олардың әр салаға қосқан үлесі өте зор. Біздің қазіргі спорт саласына қосып жүрген еңбегіміз соғыс кезінде көкірегін оққа тосқан  Әлия мен Мәншүк апаларымыздың, тек­тілік үлгісіндей болған Зере әжеміздің  ерлігінің қасында шаңның тозаңындай болып көрінеді.
Мектеп қабырғасында оқып жүргенде спортқа деген қызығушылығым ерекше болды.  Сыныптас ер балалармен футбол, бас­кет­бол ойнауға әуес едім. Сол қызығу­шы­лық­тың арқасында күреске қалай келгенімді өзім де байқамай қалыппын. Бір жағынан мен тұратын ауылдағы спорт мектебінде қыз балаларға арналған спорттың күрес түрі ғана болды.
– Халықаралық, отандық турнирлерден  қанжығаңыз бос қайтып жүрген жоқ. Биылдың өзінде бірнеше жүлде иеленген екенсіз. Әйтсе де жеңіс болған жерде жеңі­ліс те қатар жүреді. Сізді үнемі бірінші болу­ға итермелейтін қандай күш?
– Әрине, өмірде ақ пен қараның қатар жүретіні секілді жеңіс пен жеңіліс те қатар жүретіні ақиқат.Менің  де жеңілген сәттерім көп болды. Сол кездерде маған сенім артқан ұстаздарымның жүзіне қарауға ұялатынмын. Бірақ олар маған ешқашан мойымауды, мықты бола білуді, әрбір жеңілістен сабақ алуды  үйретті.Мені үнемі бірінші болуға итер­мелейтін – ол өзіме деген сенімділік, алға қойған мақсатқа жетуге деген ұмтылыс.Көп жа­рыс­­тарда өз бағымды сынап жүріп жеңіл­ген сәтте босаң­сы­мауды, мақсатыма жетуге  ұмтылысымды бәсеңсітпеуді үй­рендім. Әрбір жеңісім – келесі жеңіске бастама болды.
– Бүгінде спорт саласы күрделі әрі қай­шылықты жағдайларға тап  болуда. Мәселен, Халықаралық аренадағы допинг дауы осы сөзімізге дәлел. Допингті спортшылар жаттықтырушыларының айтуы бойынша қолдана ма,  әлде өздері өз күші­не сенбегендіктен пайдалана ма? Сіз бұл туралы не айтар едіңіз?
– Кез келген жаттықтырушы өз шә­кір­ттеріне сіңірген еңбегінің еш болғанын қала­майды. Спортшылар да өз еңбек­терінің босқа кеткенін қала­май­тыны анық. Біздің спорт­шы­ла­ры­мыз­дың, со­лар­дың ішінде өзімді қоса алғанда, до­пингті қолдануды қажеттілік деп санамаймын. Себебі,  біздің а­т­а­-­ба­­ба­лары­мыз­дың өзі қара қүш иесі болған. Біз қазы-қарта, жал-жая, құрт-май жеп өскен халықпыз. Шетелдік сараптамаларға салсақ қазы-қартаны да допинг қатарына қосыпты.Қазақтың қай баласына қазы-қарта жеуге тыйым сала аламыз? Ал допинг қол­данған  спортшылар болса, олар үшін жауап бере алмаймын және «олардың допинг қолдануына нақты себеп мынау» деп те болжам айта алмаймын. Мен барлық спортшылардың атынан сөй­леу­ден аулақпын. Өз басым ешқандай күш беретін дәрумендер мен екпелер алып көрген емеспін және ондайдан аулақ жүремін. «Спорт – ол салауатты өмір салтын ұс­тану» деп алып, артынан допинг қол­дансақ, өзімізді қалай спортшымыз дей аламыз? Егер спортшы өз-өзіне сене алмаса оған спорт саласында орын жоқ деп есептеймін. Біз өзіміз де, шәкірт­тері­міз де жеңіске тек өзіңе деген  сенімділік пен таза еңбектің арқасында ғана жетуге болатынын естен шығарған емеспіз.
– Биыл алған жүлделеріңіз туралы айтып өтсеңіз. Басқа қандай сайыстарға қатыспақ ниетіңіз бар?
– Биыл әлем чемпионатында белбеу күресінен 3 орын, ТМД ойындарынан  1 орын иелендім. Алда Азия ойындарына қатысу ниетім бар. Әрине, бұл ойындар маған оңайға түскен жоқ. Жарыстың оңайы болмайды. Әсерімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Қай кезде де қазақ­тың туы желбіресе көзіме жас келіп, қуанышымда шек болмайды.
– Ерекше есте қалған сайысыңыз туралы айтып берсеңіз.
– Мен үшін есте қалған сайыстар, әри­не, аз емес. Соның бірі – 2013  жылы жастар арасында өткен әлем чемпионаты. Бұл сайыс өзіндік қиыншылығымен менің есімде қалып қойды. Өйткені, жа­рыс болардан алдын, жарысқа екі күн қалғанда аяғымды шы­ға­рып алдым. Осылайша Астана қал­а­сында ауруханаға түстім. Дәрігерлер ма­­ған күресуге болмайтынын айтты. Мен «қалайда жарысқа барамын» деп Аста­на қаласынан сынықшы іздедім. Ая­ғым үш жерінен шыққан екен. Сынық­шы­ға аяғымды салдырып, жарысқа бар­дым. Әлем чемпионаты Ресейде  өтті. Сол жерде финалға өтіп, чемпион болдым. Қан­ша қиын болса  да, чемпион болғаннан кейін бәрін ұмытып кеттім. Сол кезде бауырлас қырғыз, өзбек елінің азаматтары келіп қолымды алды. Жаттықтыру­шы­лар да аяғым шыққанына қарамастан қайтпай күрескеніме таң қалып жатты. Осылайша Қазақстаннан белбеу күресі бойынша қыздар арасынан ең алғаш әлем чемпионы атандым. Әрине, бұдан бас­қа да жарыстар көп. Әрбір жарыстың өз қиыншылығы бар. Ал 2017 жылы мен үшін ең қызықты жарыс соңғы барған биылғы жарысым болды. 2017 жылы 11-16 тамыз аралығында Ресейдің Ульянск қаласында  ТМД ойындары бол­ды. Сол жарыста  мен 76 кг.  салмақта Қа­зақ­стан­ның абыройын қорғадым. Финалда орыс қы­зымен сайысқа түстім. Онымен үшін­ші рет шығуым еді. Финалда Ресей мені қысқысы келді. Былтыр әлем чемпионатында ол қызбен күрескен едім. Былтыр да мені қысқан болатын. Биыл есемді қайтару үшін бар күшімді салдым. Финал қиын болса да барымды салып, орыс қызын ұттым. Қазақстанның туын жел­біреткенімде қуанышымда шек болмады. Сол жарыста жалпы команда есе­бін­де Қазақстан екінші орын алды. Әри­не, он бір мемлекеттің арасынан екінші орын алу оңай болған жоқ. Бірақ Қазақ­стан­ның атынан барған барлы­ғымыз да аянып қалмадық.
– Болашақта жанкүйерлеріңізді қандай жаңалықпен қуантқыңыз  келеді? Алға қойған мақсаттарыңызды айтып өтсеңіз?
– Менің жанкүйерлерім, ең алдымен ата-анам, бауырларым, ұстаздарым, дос­тарым және спорт жанашырлары  деп білемін. «Баласы көкпар шапса, анасы үйде отырып тақымын қысады» деген қара сөз бар. Менің жеңісіме ең алдымен қуанып  отыратын – осы кісілер. Барған жарыстарымнан жеңіспен  оралып, осыларды қуантып отыру менің де бір мақса­тым секілді. Алдағы уақытта болатын жарыстардан жүлделі орын алып, жан­күйер­лерімді қуантамын деген сенім­демін. Келешекте алға қойған мақсатым –  қазақтың спорт саласына өзімнің айтарлықтай үлесімді қосып, елімнің көк байрағын тек биіктерден желбірету.
– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Нұрлайым ЖАҚЫПҚЫЗЫ.


ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір