Қазаққа ортақ құндылық
Қазақтың тауы да, тасы да киелі. Ғасырлар бойғы ұлтымыздың сан қилы тарихының куәсі болған атамекеніміздің қойнауы сырға толып тұр. Сол көнекөз топырақтан сыр суыртпақтап, өткенімізден сабақ алу үшін жеріміздегі қасиетті орындарды зиярат етудің болашақ ұрпаққа берері мол. Осы орайда «Туған жер» бағдарламасы аясында еліміздегі қасиетті нысандардың тізімі жасалып, мемлекет қамқорлығына алынып жатқаны көңіл қуантады. Бұл игі істің басы-қасында жүрген «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, саясаттанушы Берік Әбдіғалиев мырзамен аз-кем әңгімелескен едік.
Берік Әбдіғалиев,
«Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының
директоры, саясаттанушы
– Өзіңіз басқаратын «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы еліміздегі 100 киелі нысанның тізімін жасаған екен. Әңгімемізді сол жайында өрбітсек…
– Қазақ – ежелден кіндік қаны тамған жерін, оның әрбір тауы мен тасын киелі санаған халық. Ата-бабаларымыз табиғатпен сырласып, оның тілін ұққан. Тіпті, ескі зираттарды қарасақ, тек таспен ғана белгі қоятын болған. Жерді де тектен-текке қазуға, қопаруға тыйым салған. Халқымыз көшпелілер мәдениетін қалыптастырған ғой. осыдан-ақ бабаларымыздың дүниетанымының өте кең әрі терең болғанын аңғаруға болады. Өкінішке қарай, қазір адамдар ұлттық дәстүрден, ұлттық қасиеттерден ажырап барады. Қоршаған ортаға деген құрметіміз мүлде төмендеп кетті. Өйткені, табиғатқа жасалатын қиянаттың барлығы да адам қолымен жасалуда.
Еліміздің қай түкпіріне барсаңыз да, киелі жерлер көптеп кездеседі. Ал оның неліктен қасиетті саналатынын көбіміз біле бермейміз. Біздің орталықтың негізгі мақсаты – сол орындардың тарихын зерттеп, оның мән-мағынасын аша түсу. Қасиетті, киелі жерлерді жүйелі түрде тіркеп, оларды халыққа насихаттау. Осы арқылы болашақ ұрпақтың рухани санасын тәрбиелейміз. Бұл тізім елімізде тұңғыш рет жасалып отыр. Әрине, бұл өте күрделі әрі қызықты жұмыс. «Рухани жаңғыру» «Туған жер» бағдарламалары аясында Спорт және мәдениет министрлігінің қолдауымен Ұлттық музейдің жанынан «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы ашылып, арнайы ғылыми-сарапшылар тобы құрылды. Олардың қатарында ғалымдар, өлкетанушылар, қоғам қайраткерлері бар. Сол кісілермен ақылдаса отырып, бүкіл аймақтарда, облыстарда жұмыс топтарын құрдық. Осы жоба барысында әр аймақ, әр облыс өз тізімдерін жасап, ұсынуда.
– Қазақстанда киелі орындар өте көп қой, оларды санасақ, мыңнан да асуы мүмкін. Жалпы, нысандарды іріктеудің шарттары қандай?
– Бұл тізім Елордада немесе шенеуніктердің кабинетінде отырып жасамайды. Оны әр өңірдің жергілікті халқы анықтап береді. Қазірдің өзінде 600-ге жуық қасиетті нысан тіркелді. Бұл тек басы ғана. болашақта Мәдениет министрлігінің ұйымдастыруымен бүкіл аймақтарды қамтитын республикалық этномәдени экспедиция жүреді. Біз негізінен, нысандардың архитектуралық немесе археологиялық ерекшеліктеріне емес, тарихи маңызына мән береміз. Әрбір нысан қазақ халқының өткен өмірімен тығыз байланысты. Еліміздегі қасиетті, киелі саналатын жерлер жайында ел аузында жүрген көптеген аңыздар бар. Соларды тереңірек зерттеп, оның мән-мағынасына үңілсек, талай сыр жатыр. Жалпы бұл тізімге халық ерекше қастерлейтін табиғи, мәдени мұра, діни сәулеттің айрықша түрлері, қазақтың тарихында өшпес із қалдырған саяси оқиғалармен байланысты орындар кіреді. Мысалы: Ұлытау мен Түркістанның ортасында Таңбалытас деген ескерткіш бар. Бүкіл қазақ, яғни сол кездегі барлық рулар «енді қазақ, елі боламыз» деп серт беріп, сол тасқа тамғаларын салған. Ол таста 500-ге дейін белгілер болған. Бұл туралы Әлкей Марғұлан да жазып кеткен. Ғалымдар да зерттеген. Бірақ ол ескерткіш бүгінде жоқ. Геологтар 1960-1970 жылдары жабылған дейді. Ол нысан ұлттық бірліктің белгісі. Әзірет Сұлтан, Арыстанбаб, Бекет ата, тағы сол сияқты әулиелердің кесенелері де тізімге енуде. Бұл іріктеуге тек діни жерлер ғана емес, Жошы хан, Алаша хан, Райымбек батыр, Есет батыр және т.б. көптеген тарихи тұлғалардың есіміне байланысты жерлер, сондай-ақ жоңғар шапқыншылығы өткен Орбұлақ, Бұланты, Ордабасы сияқты орындар да кіреді. Алтайдағы мұзтау, Алатаудағы Хан тәңірі, Ұлытау сияқты қазақ халқының ежелден қастерлеп келе жатқан ұлттық нышандары да бұл қатарда бар. Тізімдегі әр ескерткіштің өзіндік маңызы бар. Олар сонау ерте замандағы бабаларымыздың өмірінен хабар беретін нысандар. Біздің міндеті-
міз – олардың қай жерде орналасқанын анықтау ғана емес, қазақтың рухани қасиеттерін жаңғырту.
– Қасиетті жерлерді терең зерттеу арқылы халықтың рухани санасына, отансүйгіштік, ұлтжандылық сезімдеріне әсер ету мүмкін бе?
– Әлі сүйегі қатпаған, жаңа қалыпта-сып келе жатқан қазақ қоғамына бүгінгідей жаһандану заманында қалқан болатын ұлттық идеология қалыптастыру – ең маңызды мәселелердің бірі. Қазіргі кезде әр түрлі діни ағымдардың пайда болуы, жастардың өз-өзіне қол жұмсауы, нәрестесін қоқысқа немесе дәретханаға тастап кететін көкек аналардың көбеюі, адам құнының жоғалуы деген сияқты халқымызға жат әрекеттердің қоғамда жиі байқалуы – ұлттық санамыздың тозып, рухани кеңістігіміздің әлсірегенін байқатады. Әрине, бұның себептерін біз интернеттен, әлеуметтік желілерден және т.б. іздеп жатамыз. Ал шын мәнісінде, бұл ұлттық болмысымыздан біртіндеп ажырап бара жатқанымыздың белгісі. Сондықтан уланған санамызды сауықтырып, осы тығырықтан алып шығудың жолын қарастыруымыз керек. Осы тұста еліміздегі қасиетті жерлерді дәріптеудің, оларды халыққа насихаттаудың маңызы зор деп санаймын. Біз өткен тарихымызды қастерлеп, өз құндылықтарымызды дәріптеу арқылы болашақ жастардың рухани санасына әсер етуге тиіспіз.
– Бұл жоба еліміздегі ішкі туризмді дамытуға септігін тигізе ме? Жалпы, осы бастаманың тиімді тұстары қандай?
– Бұл жоба аясында ескерткіштер қалпына келтіріледі немесе онда баратын жолдар жөнделеді деп айта алмаймын. Бұл біртіндеп реттелетін жұмыстар.Біздің ең басты мақсатымыз да, міндетіміз де еліміздегі қасиетті жерлерді насихаттау арқылы халыққа рухани тәрбие беру. Негізгі бағытымыз осы.
Ұлт болып қалыптасу жолында көптеген қиындықтар бар. Соларды оңтайлы жолмен шешуге тиіспіз. Мәселен, тарихымыз да әлі толық зерттелген жоқ. Қасым хан, Хақ Назар, Есім хан, Кенесары және Кенесарының батырлары, Тәуке, Тәуекел хандардың кім екенін білмей, олардың ерліктері мен еңбектерінен хабардар болмай, Алашты зерттемей жатып, өзіміздің бойымыздағы отансүйгіштік, ұлтжандылық сезімдерін ояту еш мүмкін емес. Сонау тас дәуірінен бастап, бүгінгі «Қазақ еліне» дейінгі ескерткіштердің барлығы да біртұтас тарих. Ал біз Шыңғыс ханды қазақ қылумен айналысу секілді илюзиямен өмір сүрудеміз. Ұлттық, тарихи сана-сезім қалыптастыру үшін алдымен өз-өзімізді танып алуға тиіспіз.
Дамыған елдердің барлығы да ұлттық салт-дәстүрлері мен ұлттық құндылықтары арқылы әлемге танылды. Біз де құндылықтарымызбен өзгелерден ерекшеленуіміз керек. Алып мемлекеттермен тең дәрежеде көрініп, өз қолтаңбамызды қалдыруға тиіспіз. Жалпы, бұл жобаның ең негізгі міндеті – еліміздегі қасиетті жерлерді ұлттық құндылықтар қатарына енгізу болып табылады. Еліміздегі қасиетті нысандар барша қазаққа ортақ құндылық. Сондықтан бұл жобаның жұмысын ұлттық бірлікке шақырудың, ұлттық сананы жаңғыртудың бір жолы деуге болады.
– Әңгімеңізге рахмет! Жобаларыңызға сәттілік тілейміз!
Дайындаған Гүлім Нұрланқызы.
ПІКІРЛЕР1