АТ ҚОЮҒА ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚ РЕТІНДЕ ҚАРАҒАНЫМЫЗ ЖӨН
11.04.2022
3774
0

Қайбір жылы қайран Бейсеннің (Құранбек) «Қарекет» хабарын тамашалап отырып таңғалып едік. Бағдарламаның басты тақырыбы – жаңылмасақ, «Ерекше есімдер» болатын. Таңғалған себебіміз – студияда ақ жаулықты Олимпия апа, Делегат деген дардай жігіт, аяғын тапыл-тұпыл басқан Саддам атты балақай отырды. Есімізге еріксіз Дулат Исабековтің «Балаға ат қоюға келгенде қазақтан өткен «нахал» ешкім жоқ…» деп басталатын «Бонапарттың үйленуі» түсті…
Бұл тұрғыда қазір де қарыштап дамып кеткеніміз шамалы екен. Бұрын Элеонора, Чапай, Съездер қаптаса, бүгін, керісінше, араби есімдер көбейді: Раяна, Севара, Фирдаус…
Рас, замандастарымыздың арасында балаларының есімін Білге, Құбылай, Құрманғазы, Ақтамберді, Бөрте деп қойып жатқандар да бар. Брақ олар аз.
Жақында әлеуметтік желілердің бірінде драматург Сая Қасымбек: «Көне түрік қыздарының әдемі, тың есімдері керек», – деп жазды. Сонда сол жазба астындағы пікірлер ішінде Нарқыз, Ақмөр, Кермеқас, Бегайым, Дүрия, Сұқсыр, Шағанай, Айпері, Гүлпері, Гүлғасыл, Айымқал сықылды біраз есім аталыпты.
«Біз жалпы ат-есім қоюға қаншалықты маңыз беріп жүрміз?» деген сауалды белгілі этнограф-ғалымға қойған едік.

Тәттігүл Қартай,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, этнограф


Тәттігүл Қартай

Қазақ халқының ат қою дәстүрін балаға ат қою, келіндердің ат тергеуі, халықтың лақап ат беруі; адам есіміне ие болған сөзге қарай байырғы түркі есімдері, қазақы есімдер, ислам есімдері, түркі-қазақ сөзі мен араб, парсы сөздерінің қосарлануынан тұратын есімдер деп жүйелеуге болады.
Байырғы қазақтар мен бүгінгі қазақтар­дың балаға ат қоюында ерекшелік көп. «Заманына қарай адамы, адамына қарай есімі» де өзгеріске бет бұрған кезең. Балаға ат қою дәстүрі тарихи дәуірлердің ауысуы­на қарай өзгеріп отырады. Тарихи қо­ғам­ның өзгеруімен бірге келетін әлеу­меттік-мәдени үдерістер адам өмірінің барлық қырына ықпал етеді, тіл, жазу, сөз қорындағы өзгерістер де өз әсерін тигіз­бей қоймайды. Мысалы, Тоныкөк, Күлтегін, Кетбұға, Күлшора, Мойыншора, Бумын, Естемі, Ертұғрыл, Қият, Сұлық, Құртқа, Бөрте деген есімдер байырғы түркі дәуіріне саяды. Ертетүркілік Түргеш қағандығын билеген Сұлу қаған (715-738) есіміндегі Сұлу сөзі ерте түркілік дәуір өткеннен кейін ер бала емес, қыз есіміне берілген. «Қорқыт Ата жырларын» негізге алсақ, ерте түркілер дәуірінде Қорқыт, Байындыр, Бұқаш, Дерсе, Ұлаш, Қарашық, Қазан, Қиян, Ерен, Бижан, Икенек, Домырұл, Ұлан, Торалы, Бәрік, Бұрла, Байбұра, Бану Шешек сияқты түркіше есімдермен қатар, жыр желісінде Мәлік, Ораз, Фатыма, Мелек, Рүстем, Аруз, Әлмүш деген ислам аттары кездеседі. Бұл Қорқыт заманында балаға ат қою дәстүрінде түркілік пен исламдық ұстаным қатар жүргендігін көрсетеді. Қазақтар арасында балаға Омар, Оспан, Әбу, Әбубәкір, Қали, Әнуар есімдерінің қойыла бастауы да қазақ даласына ислам дінінің таралуымен бірге орта ғасырларда орныққан. Бұл кезеңде ата-бабаларымыз ислам есімінен негізінен тарихта аты қал­ған тұлғалардың есімін таңдаған.
Көшпелі мал шаруашылығы, жайылым иемдену, дәстүрлі қазақ тұрмысының ба­сым заманында төрт түлік малмен, мерзімдік қоныс, көш жолдарын игерумен байланысты қойылған есімдер (Қойлыбай, Қойшыбай, Жолшора, Жолшыбай, т.б.) көшпеліліктен отырықшылыққа ауысуына байланысты қолданыстан шығып қалды. Балалары тұрмаған жағдайда Жүзжасар, Жүзбай, Тұрсын, Итемер, Итемген, Ақо­рын, Тұрақ; пердесімен туылса Пердеш, Пер­небек; қалы, меңі бар болып туылса Аққалы, Меңдіқара, баланың дене мүшесінде белгі болса атын Нышанкүл, Нышаналы; қыз бала қатарынан туылған жағдайда Оңбер, Оғылту, Дәметкен және ұл сөзі қосарланған есімдердің берілуі байырғы магиялық наным-сенімдермен астасып жатты. Қыздарға қойылған Шайгүл, Жұпар, Қырмызы, Қызғалдақ, Жауқазын, Теңге, Тұйғын, Торғын, Дүрия, Айымжамал, Сақыпжамал, Ақсұлу, Қойсана, Ағылгек, Көкілгек, Шәйғаным, Ырысалды, Ырымкеш, Үрімхан, Үрліхайым, Бибіһаят сияқты көне есімдер заманына қарай сұрыпталып, көбі есімге ие болудан шығып қалды. Кең­ес өкіметінің орнауы, дәстүрлі қазақ ауы­лы келбетінің өзгеруі себепті көптеген көне есімдер ығысып, жаңаша есім қою си­пат алды. Тотемдік, Тәңірлік сипатқа ие аушы құстардың, қоңыр аңдардың, тау аңдарының, түз тағыларының атын қою да байырғы қоғамның, аталарымыздың ұстанымында десек болады.
Балаға дүниеге келген жеріне қарай Мұхит, Талас, Ертіс, Орал, Арал, Сырлы­бай, Сырбай, Дария, Гүлдария, Рабат деп жер-су аттарын қою да тарихи дәуірлердің еншісінде қалып барады. Балаға ат қоюға тарихи оқиғалар да әсер етеді, соғыс жылдарында туылған балаға Майдан, ағайын-туыс соғыстан аман оралсын деп Еламан, Амангелді, соғыс бітсін, тынсын деп Тыным, Ақтыным деп ат қою кездесті. Ал ұл баланың есіміне өскенде сыйлы болсын деп «бай», «бек», «хан» сөздерін, қыз бала есіміне өркендеу, өсу символы ре­тінде «ай», «күн», «жұлдыз» «гүл» сөзін қо­сарлау ғасырлар бойына жалғасын тапты.
Келіндердің «ат тергеуі» қазақ халқына тән отбасылық құндылық, дәстүрлі этикет, күйеуінің туыстарына деген ізет­тілік белгісі. Жаңа түскен келінге ат қоюға кейде енесі көмектескен, кейде өзінен үлкен, өзінен бұрын түскен келін қандай ат қойса, кіші келін де солай атаған, тапқыр, пысық келіндер өздері-ақ ат қойып алған. «Ат тергеу» дәстүрі бұл күнде аймақтық ерекшелікке айналғаны, қазақы аймақта ғана сақталғаны белгілі.
Қазіргі кезеңдегі балаға ат қою дәс­тү­ріндегі өзгеріс Тәуелсіздік алған жыл­дар­дан бастау алды. Тарихи тұлғалардың, атақ­ты адамдардың жақсылығы дарысын деп есімін ырымдап бала атына қою қайта жаңғырды. Ислам дінінің жаңаша қарқынды сипат алуына орай Құран, хадис сөздеріне, араб сөзіне басымдық берілді. Сонымен қатар шетел жаңалықтарын жақсылық деп қабылдап алуымыз ба­ла­ға ат қоюдан көрініс тапты, араб, пар­сы халықтарына тән есімдер, батыс ха­лық­тары­ның есімдері қала халқына да, ауыл хал­қына да сәнге айналды.
Қазақы отбасылық дәстүрде балаға ат қою рәсіміне баланың атасы мен әжесі немесе әулеттің үлкені ие болған. Ата мен ененің көзі тірі болса ұл мен келіннің балаға атты өзіміз қоямыз деуі, бертінге дейін болмаған жағдай. Балаға есім таңдау әулет үлкенінің еншісі болу құндылығы да бұл күні жойылу қаупінде екені, жаһанданудың ат қою дәстүріне әсері бары ащы шындық.
Қазақтың тарихта қалған Керей, Жәнібек, Бұрындық,Қасым, Бұйдаш, Тақыр, Мамаш, Хақназар, Есім, Тәуекел, Жәңгір,Тәуке, Болат, Жолбарыс, Ера­лы, Нұралы, Айшуақ, Шерғазы, Сә­ме­ке, Абылай, Әбілмәмбет, Кенесары, Әбілқайыр, Бөкей, Шығай т.б. хан-сұлтандарының, батыр, би-шешен, жырау­лары, яғни тарихи тұлғаларымыздың түркі, қазақ сөздерінен таңдалған есімдері «мен қазақпын» деп ұрандатып тұрғандай!
Қазақ халқының ұлттық ерекшелігі, дәстүрлі ұстанымы адам атынан, тегінен көрініс тауып тұрғаны дұрыс. Балаға ат беруге «ұлттық құндылық» ретінде қа­ра­ға­ны­мыз, сол жауапкершілікті әрқайсымыз сезінгеніміз жөн.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір