Жарасбай жырлары
18.08.2017
1688
0

Жарасбай Нұрқанов есімін ертеден етене жақын көріп өскендіктен бе, осыдан өмірден өткенін алты жыл бұрын естігенде, қатты опынғаным есте. Онда әрине, өмірден неге өтті дегендіктен емес, жақсы поэзияның арқауы сетінеп, жібектей есілген желісі оқыс үзілгендігіне деген өкініш болатын. Енді міне, ақынның туғанына сексен жыл толуына орай оның артында қалған мұра­сы­мен қайыра қауышып, жаңаша жүздескендей болып отырмын.
Ақын жары Қазина Нұрқанова екі адам­ның бірінің қолынан келмес қуат қарымын жұмсап «Қызылжар», «Көкжиек» атты жыр жи­нақтарын құрастырып, «Замана үні» атты естеліктер мен шығармаларын жиыстырып, жарыққа шығар­ды. Мұнысы ақын рухына деген құрмет, оның талантына тағзым, жалпы қаламгерлікке деген адал көзқарас деп қабыл­данса керек.
Бар өмірім өлеңмен өтсе менің,
Туған елді жырлауға жетсе лебім, –
деген із­гі арман жетегіне ерген ақын поэзиясын көктей өтсек, оның осынау арманын алға ұс­тап, үнемі осы мақсатты темірқазық ете біліп бағам­дар едік.
Атың сенің елге мәлім,
Естіген жұрт қызығар.
Сен дегенде менің әнім,
Үзілмейді Қызылжар.

Туған жердің ажарына,
Шіркін көңіл ынтызар.
Аңсарым да, назарым да
Саған ауған, Қызылжар…

Аңсап жүрген кеудемізде
Ақ жалын бар, Қызылжар.
Алты алаштың зердесінде
Мағжаның бар, Қызылжар!
О, Қызылжар, Қызылжар!
Міне, ақын қаламы туған өлке – Қызыл­жа­ры туралы осылай толғанады, дәл осылай тебіренеді:
Мұхит қой маған сенің «Қарасуың»,
Қайың-тал жағасында жарасуын!
Телміріп соған сонша қарап тұрған,
Өзіңнің оқып келген Жарас ұлың.

Туған жер көкорайлы Көктерегім,
Есейіп, ержігітің боп келемін.
Әзірге қолда барым, қошеметім –
Өзекті жарып шыққан отты өлеңім.
Жастық шақтың отты сезіміне орап берген жыр шумақтарынан сол жалынды әсердің әлсіремеген әсерлі қалпымен келіп қойын­да­сып кеткен көңіл-күйі сені де бейтарап қал­дыр­майды. Сен де өзіңнің туып-өскен «Көк­терегіңді» көксейсің, тағы бір көріп, мақпал шалғынын құшып, армансыз аунап-қунасам, сөйтіп те бір құмардан шықсам-ау дейсің.
Бұл – Жарасбай сағынышынан төгіліп түс­кен өлең жолдарының оқырман жүрегін дөп басқан сыршылдығы, нәзік лиризмге бойлай түскен сезімталдығы. Сендіре білетін сер­гек­тігі, ің­кәр­лі көңіл көкжиегін кеңейте түскен шы­на­йылылығы демекке керек. Шынайылық жоқ жерде көркем әдебиет көмескілене бермек. Ақын өз дәуірінің барометрі, оның бүл­кілдей соққан қан тамырын дөп басар сергек сезім иесі де осы шыншылдығында ғой.
Жарасбайдың мына бір уытты шумақ­та­рын тебіренбей оқу мүмкін бе?
Шіркін-ай, ауылым-ай, ауылым-ай,
Ауылда жүрген менің бауырым-ай.
Айнала қара боран қиыншылық,
Ауылға мына күннің ауырын-ай.
Осы бір өксікке толы жыр жолдары тек Жа­­расбай ақын жырлаған өз ауылына ғана қа­­тысты ма екен? Жоқ! Бүгінгі кемшіліктен сор кешкен ауыз суға жарымай, өлім-жітім зарын толғаған кез келгеніміздің ауылымызға ортақ қасірет емес пе екен?!
Жарасбай Нұрқановтың соңында қалған мол мұрасын моншақтай тізіп беру мүмкін де емес, ол мақсатымыз да емес. Оның ән текс­терін жазуға да ерекше ден қойғанын аңғар­дық. Солардың бірсыпырасы ән әлемінде өзін­­дік олжа салғаны сөзсіз. «Ерте солған гүл­дер» ән-реквиемінің жөн-жосығы бөлек. Бұл әннің авторы композитор Ерсайын Нарымбаев еді. Көгілдір экран арқылы бұл аза әнін «Астана – Опера» әншісі Азамат Жыл­тыр­көзовтің орындауында да тыңдағанымыз бар. Ән тексті өзінің өткір де мұңлы, өксікті кезеңдерді еске түсірер текті де тегеуірінді қал­пымен жан жүректі жылатады.
Неткен заман еді, мұндай суық лебі,
Сол бір сұмдық мазалайды мені.
Қос үрейлі күндер, қорқынышты түндер,
Жазығы жоқ жандар, алып кеткен кімдер?
Кінәсі жоқ жандар, кімдер кінә таққан,
Күнәсі жоқ жандар, кімдер жала жапқан?
Аққа күйе жаққан, айтыңдаршы, кімдер,
Күрсінеді таулар, тұнжырайды көлдер.

Қайырмасы:
Отыз жетінші жыл,
Қасіретім бұл!
Тарқамайтын шер,
Айықпайтын мұң.
Гуілдейді жел,
Мүжілгендей тас.
Көңілімізде шер.
Көзімізде жас.
Өңкей асыл боздақ, болды-ау күйі қараң,
Олар көрген азап өлімнен де жаман.
Елін сүйген ердің жау атанған кезін,
Ей, қазағым менің, жан-тәніңмен сезін.
Қарауытып арман, қалың тоғай түнер,
Орнымыздан біздер тұрайықшы түгел.
Тағзым етіп тұрмын, қыбыр етпей үнсіз,
Егілмейтін іштей, кім бар екен мұңсыз?
Қайырмасы.
Неткен заман еді, мұндай суық лебі,
Сол бір сұмдық мазалайды мені.
Қос үрейлі күндер, қорқынышты түндер,
Жазығы жоқ жандар, алып кеткен кімдер?
Ерте солған гүлдер, аянышты бәрі.
Ең аяулы жандар, есте болсын мәңгі!
Аза күнгі зарым, азалы жыр, әнім,
Аруақтарға дұға, қабыл етсін тәңірім!
Бұл – Жарасбай ақынның адал жүректі, ақ ниетті жандардың азалы жан сезімінен тө­гі­ліп түскен жыр тілінде сөйлеген сөзі еді. Біз сол үшін де ақын азаматқа ақ алғыстан басқа айтарымыз жоқ.
Жаралы, қаралы, азалы жылдар нәубетін жырлай білген ақын үні бізбен бірге жасай бер­мек. Өйткені, ол дәуір биігінде тұрып бү­гін­гі ұрпаққа тіл қатты. Онысы ешкімді де бей-жәй қалдырмаған, қалдырмайды да. Сон­дықтан да замана үнімен жарыса шыққан ақын үн-жыры жүрегімізде бізбен бірге ілгергі кү­ндер биігінен көріне бермек, дәуірден дәуір­ге ұласа бермек.

Төлеген Қажыбай.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір