ЖАРҚ ЕТІП ШОҚҚА АЙНАЛДЫ…
18.08.2017
821
0

Серікбай Оспанұлы


БҰЛТТЫҢ ҚЫЗЫЛ БҰТАҒЫ
Бұлттың қызыл бұтағы
Жарқ етіп алтын шыбыртқы,
Жап-жарық етті ымыртты.
Теректі дауыл шулатып,
Еңкейтіп,
Иді шыбықты.

Жел бұлтты үйірді,
Шүйілді малға үйірлі.
Қап-қара сиыр – қара бұлт,
Тамшысы – соңғы иінді.

Кенеттен жауын құйылды,
Құйып бір өтіп тиылды.
Біреулер қабақ түйгенмен,
Біреулер бұған сүйінді.

Жұлмалап бұлтты, қырқаны,
Түнеріп аспан тұр тағы.
Жарқ етіп шоққа айналды,
Бұлттың қу қызыл бұтағы.
Ойлантып ұлттың тағдыры,
Ойлантып бұлттың тағдыры,
Жарқ еткен әлде
Ерлердің
Жарылған жүрек тамыры?!

Шіріген бұтақ сыныпты,
Қой-ешкі, лақ ығыпты.
Дауылдың күші-ау
Қып-қызыл
Ұстатқан бұлтқа шыбыртқы?!

Таң алды.
Күн көзі ашылған,
Ашулы терек басылған.
Ойнайды жалт-жұлт ойыншықтар
Жапырақтардан шашылған.

Шағында кеше шабытты
Табиғат мінез танытты.
Ал бүгін адам, құстар да,
Жыры мен сырын ағытты.

Елемей жүр ед шалдықты,
Күншуақ шалды қалғытты.
Еңкейген шыбық шынығып,
Шалқайып тұра қалыпты.

***
Туыппын мен шомылып таң нұрына,
Еш өкпелей алмаймын тағдырыма.
Тереңдерден жасымнан сыр тыңдатып,
Өлең құйды көкірек-сандығыма.

Ұялатқан кеудеме тұлпар-жырын,
Көріп өстім торғайдың сұңқарлығын.
Өлең болып өрілді атқан таңым,
Өскен гүл мен туған Ай, шыққан Күнім.
Өнегелі көп болды дара тұлға –
Өзен – тұлға,
Тау – тұлға,
Дала – тұлға!
Қайтқан құсқа ілесіп кете жаздап,
Келген құстың жүрдім мен қанатында.

Баланың да,
Әр сөзі дананың да
Тәрбиелеп,
Ойлантты нала-мұң да.
Болдым Ана көзінің қарашығы,
Сұлулардың ұйықтадым жанарында.

Батырды да,
Туған ғой ақынды да,
Сыйға тартты Торғайым әр күн мұра.
Ақ сөйлеуді аңғарып ақындардан,
Келді ұқсағым батырға, ақылдыға.

Бөтен елдің қызықпай гүл бағына,
Туған жердің ынтықтым қырларына.
Тұнығынан шайырлар шөл қандырып,
Сүйеп өстім арқамды жырларына.

Думанына ілесіп бұла күннің,
Тұлпар мініп қанатты туған ұлмын.
Қарияның қайралып ақылына,
Ақиқатына Ананың суарылдым.

Туыппын мен шомылып таң нұрына,
Нұры әлемнің бағдаршам тағдырыма.
Барса деумен келемін болашаққа
Есімім еріп жаным жаңбырына.

Гүлі, сыры – жанымның жаңбыры – жыр,
Күн сәулесі, онда аппақ таң нұры жүр.
Мүмкін емес өлуі өлеңімнің,
Өйткені, елім, өзіңмен тамыры бір.

***
Қаласа жоқты бар қылған,
Келеді жарым ақ маңдай.
Жанарындағы жарқылдан
Қуат ап ақ таң атқандай.

Қызыл арайы жүзіне,
Жанарына да от жаққандай.
Әр басқан оның ізіне
Гүл өсіп шығып жатқандай.

Ақ көйлек
Бастағы ақ шәлі
Ақ таңнан тауып жарасым,
Қазбауыр қазақ аспаны
Аймалай берді даласын.

Жетім бір қозы жүр, міне,
Оны да айдап өріске,
Көкжиекке күнді ілді де,
Кірді үйге аппақ періште.

***
Қалың тоғай көз тартады көркімен,
Тіл қатты ол да, қайыңға сыр шертіп ем:
– Сырық жаса,
Құрық жаса!
Кейде мен
Балта сабы болғаныма өкінем.

Бұл басымнан талай-талай өтті азап,
Өсіп-өніп тұрғанымнан жоқ ғажап!
Егер шіри бастағанымды аңғарсаң,
Лапылдайын,
Жарқылдайын,
Отқа жақ!
***
Өлең аз ба көктем, жаз, күз, қыс жайлы,
Табиғатсыз арман биік ұшпайды.
Жер бетіне жақын ағаш тамыры
Қырандардың тұяғына ұқсайды.

Бар сурет орман-тоғай ішінде,
Жанар шалар көрмейтінді түсіңде.
Керек екен ағаштардың тамыры
Жерден мықтап ұстап тұру үшін де!

***
Біздің Шилі жаралған құс бағына,
Өзен-көлі айналған құштарына,
Қарау ғажап аққудың жүзгеніне,
Суды сызып қонғаны, ұшқанына.

Күн қызуы жерде өртпен кеп тоғысып,
Қапырық боп тұр маңай көптен ысып.
Аққу қонды айдынға
Мен сүйген қыз
Ақ бантигі секілді кеткен ұшып.

Еске түсті бір кезгі арман ізгі,
Аппақ ару – сол арман алға жүзді.
Жасаурайды жанарым
Таба алмай қап
Ұшқанда аққу соңында қалған ізді…

Табиғатқа тағзым
Ештеңе жоқ сенде торға қамаулы,
Берді таңың көзімдегі алауды.
Ай бетінен көріп алғаш жазуды,
Жұлдыздардан үйренгенмін санауды.

Өстім ерке, өзіңдеймін – еркінмін,
Жастық шақта желіңе ұқсап желпіндім.
Алыс кетсем, ажырамай арамыз,
Сағыныш боп көз алдымда сен тұрдың.

Сен үйреттің түйсінуді, тануды,
Ойлануды, іздеп бәрін табуды.
Ою ойып тереземе аязда,
Көрсеткенсің қалай сурет салуды.

Бәрін-бәрін жайып салдың алдыма,
Түсінбесем сені өзімде бар кінә!
Деген де сен «бұлттай жөңкіп бет алды,
Жел айдаған қаңбаққа ұқсап қаңғыма».

Кең даланың орман-тоғай, қырынан
Төгілдіріп небір күй мен тұнық ән.
Ғашық етіп өнерге өзің
Үйреттің
Жұп болуды,
Айрылмауды жұбынан!

Дархандықты танытып сан жауды күн,
Сұлулықты көріп білдім тау гүлін.
Қиындыққа төзе білуді үйреттің,
Ізгілікке, іңкәрлікке баулыдың.

Үлгі-өнеге – көкейімде тұр бәрі,
Өшпес өмір сол күйінде – жыр бәрі!
Кеңдік сыйлап шетсіз-шексіз паң дала,
Биіктікке бастады тау шыңдары.

Анық сенде шаттық бары, мұң бары,
Сыңсып кейде сыр шертті ауыл құмдары.
Жігер беріп соққан содыр дауылың,
Буырқанған борандарың шыңдады.

Көрсетті алғаш тік тұруды жас шыбық,
Арайланған таң шапағы шашты үміт.
Сен үйреттің жасауды елге қайырым,
Сен үйреттің жасауды елге жақсылық.

Аңның, құстың, жәндіктердің, Адамның
Бәрін- бәрін алаламайды адал Күн.
Жаралдым да Күннен, нұрдан, табиғат,
Емшегіңді еміп өстім, нәр алдым!

Өн бойымда өзің берген жалын жүр,
Мен есейдім сен туралы жазып жыр.
Бір күндері топырағыңа сіңемін,
Тәнім де бір,
Өзіңменен жаным бір!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш e-mail не будет опубликован.

Пікір