Кино – тәкаппар өнер
Бұрындары халық рухани азық іздеп, мәдени құндылықтарға шөліркеген кезде кітап оқитын. Содан кейін адам санасы дамып, кітапта жазылған хикаяларды ел кезіп жүріп ашық алаңдарда сахналайтын болды. Көзбен көрген дүние оларды бұрынғыдан да ынтықтыра түсті. Ал телевидениемен егіз ұғымдай дүниеге келген кино жыл өткен сайын адамдарды өзіне тарта түсуде. Тіпті, бүгін кез келген актердің өмірбаянын жатқа айтатын ұрпақ пайда болғаны жасырын емес. Сонда «кино құдіреті неде?» деген сауал алдымыздан шығады. Бүгінде отандық, сонымен қоса бірқатар шетелдік кинотуындыларда төбе көрсетіп жүрген актер Ержан Нұрымбет киелі өнерінің арқасында халық сүйіктісіне айналды. Еліміздің мәдени саласына үлесін қосып жүрген сахна шеберін Елбасы ұсынған «100 жаңа есім» жобасына кіруге әбден лайық деп ойлаймыз. Белгілі актер әңгіме барысында кино мен театрдың аражігін ажыратып берген еді.
Ержан НҰРЫМБЕТ,
театр және кино актері
– Кино өнері мәдениеттің басқа салаларына қарағанда адамға әсері бөлек деп жатады. Өзіңіз де осы салада қызмет етіп жүрсіз. Мұның себебі неде деп ойлайсыз?
– Қазір театрға қарағанда киноға қызығушылық өте жоғары. Неге десеңіз, кинода бүкіл техниканың мүмкіндігін көруге болады. Сонымен қатар, кино бүкіл өнер атаулының демократиялық орны деп ойлаймын. Онда музыка да, табиғаттың көркем суреті де, адам да бар. Бірақ кинода театрға қарағанда типаж көбірек ойнайды. Сол рөлге, сол кейіпкерге болмысы, ойы жақын келетін адам іздейді. Ал театрда олай емес. Театрда әр түрлі ампуладағы рөлдерді ойнай бастайсың. Бірақ егер маған таңдау түсетін болса, театрды таңдайтын едім. Өйткені, театр – тірі өнер. Театр от сияқты. Онда отырған әрбір көрерменнің демін сезіп тұрасың. Ондағы актерлік ойын да бөлек. Бүкіл оқиғаны кейіпкер ретінде қабылдап, сонымен бірге көрерменді ұмытпаймыз. Ал кинода кейіпкер жанды болғанмен ішіңдегі «менмен» бетпе-бет қаласың. Сондықтан да киноның айырмашылығы сол – онда ірі план деген болады. Бүкіл адамның ішкі жан дүниесін көзінен көруге болады. Ал театрда ондай жоқ. Театрда ірі планның орнын өз басым паузалармен толтырамын. Өзім осылай деп атағанмын. Пауза – актердің нағыз сыналатын тұсы.
Қазір көп көрермен шетелдің фильмдеріне қызығады. Мен кез келген фильмде қарапайымдылықты жақсы көремін. Өнердің үлгі тұтатын жері – қарапайымдылық. Қазіргі біздің фильмдерге жетпейтіні де – қарапайымдылық. Елді таң қалдырғысы келетін дүние жасағысы келеді. Ал негізінде қарапайымдылық ең үлкен дүние деп ойлаймын.
Шетелдік фильмдерді көп көре бермеймін. Өйткені, ол өте бояуы көп нәрсе сияқты. Көзді тартып қызықтырады. Көбінесе ішкі мағынасы, адамға салатын ойлары аздау болады. Сонысы маған ұнамайды. Бәрі емес, әрине. Арасында ойландыратын фильмдер де бар. Соларды көргенді дұрыс көремін.
Мен негізі актер болуды армандаған емеспін. Әнші болуды армандадым. Оған мүмкіндігім де болды. Бірақ әнші болу бұйырмады. Республикалық конкурстарда лауреат та болдым. Бірақ кейіннен ойымның бәрі актерлікке кетіп қалды.
Театрда шарттылық деген нәрсе болады. Шарттылықта керемет табиғатты қиялмен ойнаймыз. Сондықтан шығар, адамның киноға көп баратыны. Кинода ондай нәрсе жоқ, бәрі табиғи болады. Актерлердің ойыны да өмірге жақын болады. Өйткені, кинода театрдағыдай ойнай алмайсың. Ол экраннан өте жаман көрінеді. Ал театрды үлкейткіш айна дейді. Сондықтан кез келген нәрсені адамға түсінікті болуы үшін барынша үлкейтіп көрсетеміз. Кинода ішкі жан дүниеңді көбінесе көз арқылы біледі. Көз ешқашан алдамайды ғой. Ал сөзбен алдауға болады. Адамның ойының бәрі сөзінің астында жасырынып тұрады. Үнсіз тұрған адамның шын немесе өтірік ойлап тұрғанын көзінен көруге болады. Сондықтан кинода көбінесе әрекетпен ішкі жан дүние алға шығады. Ол көбінесе көз арқылы беріледі.
Кино саласы – тәкаппар сала. Оған кез келген актер сіңісіп кете бермейді. Оны ешкім түсіндіріп бере алмайды. Кейбір керемет ойнаған актерлер сол бір рөлімен қалып, одан кейін қайта шығарылмайды. Қазір кейде актердің орнына кәсіпқой емес адамдарды әкеліп түсіріп жатады. Әрине, оған қарсылығым жоқ. «Әр адам бір фильмде бір рөл ойнай алады» деген қағида бар. Бірақ ондай жерде актерлік техника жоқ екені көрініп тұрады. Қазір қазақ киносында серпіліс басталды. Жақсы жас режиссерлер актерлерді шығарып жатыр. Жақсы фильмдер өмірге келуде. Бұл, әрине, қуанарлық дүние.
– Актер болуды армандаған жастар ең алдымен нені ескеру керек? Кез келген адам оны меңгере алады ма, әлде ол үшін туа біткен қабілет болуы керек пе?
– Меніңше актерлік – ол ғылыми зерттеуші мамандық. Өйткені, актер қарапайым адаммен салыстырғанда өмірге басқаша қарайды. Актер – кез келген сұраққа жауап іздеуші, өзі өмір сүріп отырған заманның жаршысы. Ол адамзатты зерттеуші, адалдық пен адамдықты, бақыт пен бақытсыздықты, жақсылық пен жамандықты өз болмысы арқылы таразылаушы, ақылшы емес, көрерменге ой салушы! Әрине, біреуге ақыл айту ең оңай іс. Әр адамның өз жолы бар. Бірақ ең бастысы – жүректің тазалығы. Адамның ішінде өнерге деген махаббаты, сүйіспеншілігі болса сол тыныштық бермейді. Ылғи да елеңдетіп, алаңдатып тұрады. Актерлік жолда ең бастысы – еңбек қажет. бойдағы Алланың берген өнерге деген қабілетті өлтірмеу үшін еңбек пен мінез керек. Өнерде мінезсіз адамның өмір сүруі қиын. Өйткені, актерлік өнер адамның мінезі мен болмысының, қажыр-қайраттың, адалдықтың сынға түсетін жері. Осы сыннан сүрінбей өткендер ғана халықтың алғысына бөленеді деп ойлаймын.
– Әрбір актердің жанына ерекше жақын өзі сомдаған рөл болатын секілді. Сіз бұл жайлы не айтар едіңіз?
– Өзім сомдаған рөлдерімді бөліп-жармаймын. Өйткені, ол менің өмірімнің экранда қалған бір бөлігі сияқты. Сол рөлді ойнап біткен күні, сенікі емес осы рөлдің, яғни кейіпкердің жаңа өмірі басталады. Мен киноға түссем екен деп армандаған емеспін. Кім білсін, ондай ой болғанымен сонау жүректің түкпірінде жатқан болуы керек. Бұл туралы көп ойланбаппын. Ал киноға алғаш шақырту алғанда, абдырап қалдым. «Қолымнан келе ме, қалай болады екен?» деген ойлар болды. Бірақ сол өнердің ішінде жүріп үйрендім. Сомдаған рөлдерімнің арасында ерекше ыстығы – ол «Жат» фильміндегі Ілиястың рөлі. Өмірге деген терең көзқарасы, философиясы басқа. Бұл фильм адамның жалғыздығы туралы. Оны ерекше көретін тағы бір себеп бар. Өйткені, мен осы фильмге келетін кезде денсаулығым сыр беріп, ауырып жүрдім. Содан кейін «түсірілім алаңында ауырып қалсам, бұл рөл қалай болып шығады? Не бетімді айтамын? Ұят болатын болды ғой» деп қорықтым. Егер фильмді көрген болсаңыз, кейіпкер сарқырамаға түсіп, судың астында тұратын жері бар. Ол сарқырама Талдықорғаннан алпыс шақырым арыдағы Таубұлақ деген жерде екен. Сол жерге бардық. Біз барсақ, бір күн бұрын онда қар түскен екен. Бірақ күн суық болса да суға түсу керек болды. Нар тәуекел деп суға қойып кеттік. Сарқыраманың суы қаншалықты суық екенін білесіз. Судың соншалықты суық болғандығынан бірінші, екінші, үшінші дубльде есімнен танып қалдым. Содан кейін «осымен біттім ғой. Не болады енді? Елдің бәрін жерге қарататын болдым» деп ойлап жаттым. Содан әйтеуір кішкене есімді жинадым. Алматыға қайтып келдік. Таңертең оянып, көзімді жай ғана ашып, қорқып жатырмын. Бір таң қаларлығы, сол суға түскеннен кейін ауруымның бәрі өз-өзінен жазылып кетті. Мен соған таң қалдым. Сонысымен есте қалды.
– Болашақта көрермендеріңізді қандай жаңалықтармен қуантқыңыз келеді?
– Былтыр Украинада бір фильмге түсіп келдім. Олардың түсіру әдістері жинақы. Қай уақытты айтса, дәл сол мезгілде бастайды. Кедергі болатын еш нәрсе жоқ. Ол жақта фентези жанрындағы фильмге түстім. Жақында ғана триллері шықты. Қазан айында премьерасы болады. осы қыркүйек айында Қазақфильм түсірген «Талан» фильмінің премьерасы болады. Қазір тағы бір жобаны бастағалы жатырмыз. Ол да осы жылдың соңында немесе келесі жылы экранға шығып қалады.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен
Нұрлайым Жақыпқызы.