Жүрегін жыр тербеген
18.08.2017
1775
0

Қазақ арасында адам баласы туып-өскен жері мен еліне тартып туады деген тәмсіл бар. Бекер айтылған сөз болмаса керек. Оның ақиқаттығына айғақ болатын мысал мың сан. Расында да, атамекеннің тамылжыған табиғаты мен тамаша адамдардың ортасы жарық дүние есігін жаңа ашқан жасөспірімнің қиялына қанат бітіріп, жаны тас бұлақтың суындай таза, сезімі таңғы шықтай мөлдір, жүрегі самал желдей жылы, көңілі көктегі күндей нұрлы, талабы таудай биік, пейілі даладай дарқан болып қалыптасуына тікелей қатысты екендігін жоққа шығара алмаймыз. Жақсы адамдар, айтулы ақын-жазушылар, атақты суретші, әртіс сынды саңлақ өнерпаздар көбінесе осындай жер мен елден шығатыны шындық. Осы реттен алғанда, жер жұмағы Жетісудың перзенті Әміре Әрінге болмысынан ақындық қасиет даруы заңды құбылыс.

Жоғары оқу орнын бітіре сала жастайынан жорналшылық кәсіпке жегілген Әміре­нің қара мақаланың қызуы мен осы сала­да­ғы басшылық қызметтің қызығына бір­жолата беріліп кетпей, жүрегін тербеген жырларын жазып, көркемсөздің көшіне жүк артуы қуанышты жағдай. Әйтпесе, Жетісудың қазақ, орыс тілдеріндегі облыс­тық газеттерінің тізгінін ұстап, публицисти­калық тақырыптағы мақалаларының басын қосып, кітаптар шығарумен шектелсе де бір қаламгерге аздық етпес еді. Әміренің өзге әр­іп­тестерінен артықшылығы – ел-жұ­р­тымен бөліспесіне ықтияры жетпеген бойы­на біткен ақындық дарыны деп бі­леміз.
Мазасыз мамандықтың машақаты қан­ша­ма қисапсыз қолбайлау болса да, шы­ғармашылығын шетқақпай қалдырмай­тын Әміренің біз әңгімелегелі отырған «Ай­қа­бағы» ақынның үшінші жыр жинағы.
Әрине, ағалық жас – алпыстың төріне шыққан ақынның бар жазғаны осы-ақ па деуге болар. Әйтсе де, қомсынудың жөні жоқ. Мәселе көпіртіп көп жазғанда емес, өлең­дерінің өрелігі мен өрнегінің мәнді-маңыздығында ғой. Сондықтан азырқан­бай-ақ, айызымыз қанып, жүрегімізге шоқ салған отты шығармаларына тоқталып, пайымдағанымыз жөн болар.
Әміре ақын қай тақырыпқа қалам тербесе де, мүмкіндігінше өз сөзін, өз ойын, өз сезімін айтуға асық. Оның ақындық қол­таң­басының айрықша бір ерекшелігін бөліп айту парыз. Ақын әрдайым ағынан жарылып, өлең-жырлары арқылы оқырмандары­мен ой бөлісіп, сырласудың шын шебері. Бейне өзіңді жаныңа жақын, сыйлас та сырлас, мұңдас та мұраттас досжар кісімен аш­ық-жарқын әңгімелесіп отырғандай сезінесің. Ал бұл ақынның сыршылдығы әрі шыншылдығы. Меніңше, бұл да ақын­дық қолтаңбаның ерекшелік сипатының айғағы. Әрін ақынның өлеңдеріндегі өмірге көзқарасы көңіліңнен шығып, жаныңды бірден баурап алатын алабөтен қасиетімен қымбат. Өлеңдерді оқи бастағаннан-ақ жан сезімің арпалысқа түсіп, бірде арбалып, бір­де алданып, бірде түйсініп, бірде сүйсініп, қарап отырып қайран қаласың. Толғанысқа толы терең ой көкірек көзіңді ашып, сол сәт жан сезіміңді жарқырата сәулелендіріп жібергендей әсерге бөленесің. Ақын өлең-жырларын құрғақ баяндау емес, сырласу сарынында жазуының тағы бір артықшы­лы­ғы осы тәсілі. Мына бір шумақтарды оқ­ып көрсеңіздер, айтылған пікірдің ақи­қаттығына сенесіздер.
…Таңым атар
Көр енді мұнарланбай.
Жайнап кетті ой-қырым шырағдандай.
Тәуба деймін, мың шүкір Тәңіріме,
Көк байраққа қараймын құмар қанбай!

…Жас толқын!
Жаным алау – дем беремін,
Бәріңді сәмбі талға теңгеремін.
Өрлеңдер,
Өркен жайып, өрнек сала,
Сән қосып мынау ерен елге керім!
Еркін елдің ертеңіне сеніп, тәуелсіздіктің тұғыры тастай берік болуына, жас ұрпақтың жауапкершілігін сезіндіруге бұдан артық қан­дай сөз арналсын! Ұран емес, ұлық сөз­дің төресі бұл. Аңсап, армандап жүріп қол жеткізген Азаттықты аялап, жарқын бо­лашақтың баяндылығына аянбай атсалысу бүгінгі буынның азаматтық борышы екен­дігін еске салуы да және оны атақты тарих­шы-ғалым Қадырғали бек Жалайыр­дың аты­­нан жұптауы да арқалы ақынның тап­қырлығы:
…Азаттық алақанда алтын құсың,
Жайсаң ел!
Жайнақ төрде жарқынбысың.
Дәуірлеп заман өтер,
Дүр жаңғырар,
Асқақтап Адамзатта даңқың тұрсын!
Азамат ақынның бүгінгі қоғамдық-әлеуметтік өмірдің тыныс-тіршілігін тамыршыдай тап басып өлең өрнектеуі де өзгеше – өзінше. Қара бастың қамы емес, қалың елі қазақтың арман-аңсарын айтуға асық ақынның сөздері салмақты, ойлары орнықты, түйіндері тағылымды. Әміре әр­дайым ел тұрмысының бүгінгі кезеңін – қиындығы мен қызығын жұртшылық жүре­гіне жеткізе, ақиқатын ашып айтып, келешектің кемелді болуы әр қазақ баласы­ның перзенттік парызы екендігін еске сала сөйлейді. Қыс­қасы, ақын уақыт тынысын тап басып, тол­ғана жырлаудың шы­найы шебері. Оның өлеңдерін оқи отырып, парасатты поэ­­зияның көркем кө­ріністі, сәу­лелі сөз­деріне жолы­ға­мыз.
Осы орайда, қо­ғам­­­дық өмірдегі қиын­­­­­шы­лықтарды сы­пырта сынау қа­жет те шы­ғар, алай­да сол ауыртпа­лықтан құ­тылу­дың адас­тыр­мас жолын табу жөнінде ой-тол­ға­ныстармен бөлісу, жөн сілтеу әлде­қай­да пайдалы. Біздің жалпақ елге жа­на­шыр бол­ғысы келген, көзқарасы ізгі ниет­ті ақын-жазушылар осы бағытты ұстанса дейміз. Азаматтық ұстанымның ұтатын тұсы осы. Ал бүгінгі биліктің күрделі мәсе­лелерді ше­шудегі қаракет­сіздігін сынап, көздің жасын көлдету шарасыздықтың, біліксіз­дік­тің белгісі. Сол тұрғыдан келгенде Әрін ақынның ұстанымы ұлттың – қазақтың қамын жеудің жақсы да жарқын үлгісі іспетті. Шындығында, қоғамдағы кер­тартпа керенаулық құбылыстан арылу­дың амалын аңдап, барлап барып ақыл қосу – қа­ламгердің қайраткерлік қабілетіне тікелей байланысты. Әміре осы көзқарастың ақыны. Шындыққа жүгінер болсақ, егемен еліміздің өсіп-өркендеуі, ұлтымыздың кә­міл кемелденуі өз қолымызда екендігін сезінумен шектелмей, сол мақсатқа жетуге аянбай атсалысу әр қазақ азаматының мін­деті екенін түсініп, іске кірісу. Ақын өлең­дерін саралай келе санаңа осындай ойлар оралары хақ.
Ауылға бауыр басқан, оны ұлттық тал­бесігі санайтын ұрпақтың қазіргідей қатары сиреп бара жатқан заманда ақынның туған жердің түтінін аңсайтын қазақ баласының жандүниесін жырға қосуын хош көресің. Жаппай қалаға қоныс аударып, тіршілік қамымен тентіреп кеткен жастардың алтын бесік – ұлт ұясының қадір-қасиетін қа­шырмауын іштей тілейсің. Өйткені, ауыл ұлттық салт-дәстүріміздің, қазақы қалпы­мыздың қаймағы бұзылмаған киелі ошағы. Бұл да Әрін ақынның өлеңдерінде өрілген ойлардың жиынтығы. Аяулы атамекенге деген сарқылмас сағыныштың сырын ақ­тарған ақжарма жырлардың жан-жүрегіңді сыздатып, ерекше күйге бөлейтіні ғажап.
Қазақтың ұлттық жаратылысына жарасымды жандүниесін: мінезін, сезімін, ой-санасын сөзбен суреттеудегі шеберлігі мен шешендігі Әміре өлеңдерінің айрықша сын-сипатын айғақтап тұр. Ал мұндай адам­ның жан-дүниесін жібітетін, көңілін көкке көтеріп, санасын нұрландыратын ұла­ғатты сөзді табу, оны орнымен қолдану тек талантты ақынның басына қонған бақ. Мына жыр жолдары жүрегіңді қозғамай қоя ма?!
…Асығып балғын күндерге сонау,
Теңіздей толқып келем мен.
…Қырқа ма мынау қылығым қалған
Астында ардақ ауылым.
…Бұл белден ассам бұлқынып жүрек,
Ерік те бермес өзіме.
…Алдымнан шығар қалқатай, кәне,
Жүрген сол бірге жарасып…
…Қырқа да биік, еңселі қалпы,
Сағыныш екен бәрі де…
…Сарғая тосып тұрған да шығар,
Бейіті әке-шешейдің…
…Қырқаға міне шығып та қалдым,
Қымбатым ерен – сен екен.
Көзімнің жасын сығып та алдым,
Мерекем менің, берекем!
Мінекей, осынау бір өлеңнен алынған үзік жол-шумақтардың мұңайтар мұңын, шертілер шерін, сазды сағынышын, арба­ған сезімін жүрегіңнен өткізесің. Иә, бә­ріміздің де қайран қаражұрт – ауылы­мыз­дың көзімізге оттай басылатыны рас қой… Ендеше, Ә.Әріннің жер жаннаты Жетісуын шалқып-тасып, шабыттана жырға қосуын осындай отты сезімнің жемісі деп біле­йік.
…Әз жазира мекенім,
Иран-бақты не етемін,
Құрлық кезіп кетсем де,
Құрақ ұшып жетемін.
Шудалы шөп шалғының,
Жанға дәрі жалбызың.
Көркі жібек жайылған,
Жетісуым – жаз бүгін…
Туған жерге таңдану мен табынудың бұдан асқан үлгісі кемшін екендігіне келісейік. Осы сияқты ақынның жүрегіңді қозғап, жаныңды тербеп, көңіліңді күйге толтыратын өлең-жырларын қайталап оқи бергің келетінін қайтерсің?!
Әміре ақынның асқақ рухты, әз мінез­ді, қайтпас қайсар кейіпкерлерінің кескін-келбетін көз алдыңа келтіріп, жанды бейне­сін сомдаған сұңғыла суреткерлігі қандай ке­ремет. Сөздері ірі, бейнесі тірі, пиғылы пәк өлең кейіпкерлерінің –зиялы заман­дас­тарымыздың көркем образы шындықтың кө­рігінде шыңдалған текті тұлғалар екен­дігіне шүбәсіз сенесің.
Ақынның бірсыпыра өлеңдерінде бү­гінгі қазақ қоғамындағы маңызды мәселе­лер: тіл, дін, діл, салт-дәстүрдің жағдайы және оны жас ұрпақтың санасына сіңіруге қатысты ой-толғамдары қозғалған. Ұлттың бүгіні мен болашағы толғандырған ақын­ның ой-пікірлері де көкейкестілігімен кө­ңілге қонады. Жас ұрпақты ұлттық рухта тәрбелей алсақ қана елдігіміздің еңселілі­гіне, мемлекетіміздің мәңгілігіне жол ашылары ақиқат. Әрін ақын осы жөніндегі ойларын да өлең тіліне көшірген.
Қазіргідей ән де, әнші де көп заманда қазақтың халық әндерінің әуезі мен соған сай әрлі сөздерін жоғалтып алғанымыз жа­сырын емес. Өйткені, әнін шығарып, мәтінін жазып, өлеңін айтатын адам біреу. Сазында ұлттық сарын, сөзінде мәнді маз­мұн болмаған соң да ондай «әндер» құлақтан кіріп, бойды алмасы (Абай сөзі) бесенеден белгілі. Әміре шығарма­шы­лығының бір саласы ән мәтіндеріне арналуы жоғарыда айтқан кемшіліктен арылуға өз үлесімді қос­сам деген ізгі ниеттен туса керек. Сәтті қа­дамының жалғаса беруіне тілек қосқан жөн болар.
Мен Әміренің әр өлеңіне тоқталып, әр пікірімді тірілтетін мысалдарға жүгінбей, оның ақындық өнерін өзгешелеп, өзіндік қолтаңбасын танытып тұрғандығының сыр-сипатына тоқталып, жалпылама тү­йін­ді пікір айтумен ғана шектелдім. Жақсы ақынның жаныңа ләззат сыйлайтын сырлы жырларын оқуды көпшілік оқырмандардың ықтиярына қалдырдым…
Сөзімнің соңында Әміренің ақынды­ғына азаматтығы сай екендігі жөніндегі аз ғана пікірімді айта кетпекшімін. Ол қара­пайым­дылығы, кішіпейілділігі, кісілігі өзгені өзіне бірден баурап алатын қазақы мінезімен танылған жігіттің жайсаңы. Мен аз араласып, көп сыр бөліспесем де, оның осы адами қасиетіне тәнті болғанымды, мерейлі жасқа толған сәтте оның ашық-жарқын, жан баласын жатырқамайтын көп­шіл мінезімен сүйкімді азамат-ақын екенін айтсам артық болмас. Жақсы ақын­ның қандай адам екендігінен қалың оқырмандар қауымының азды-кем хабардар болғаны жөн ғой…

Қуанышбай ҚҰРМАНҒАЛИ,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір