ҚАРА ЖЕРДІҢ ЖҮРЕГІН ҚАРАЙТПАЙЫҚ
21.10.2022
3942
0

Белгілі жазушы Нағашыбек Қапалбекұлының «Жер жүрегі» деген кітабын қолыма ұстап отырмын. 2021 жылы «Әдебиет» баспа үйінен шығыпты. Интернеттен алып қоя салған гүл болмаса, мұқабаның дизайны тартымды жасалған. Жинаққа алты әңгіме, бір повесть еніпті.

Оқырманның қиялы қызық қой, оқымай тұрып, бұл пәлсапалық толғау шығар деп топшылағанмын. Ойым айдалада қалды. Өндірістік тақырыпқа жазылған повесть екен. М.Әуезовтың «Өскен өркенінің», Ғ.Мүсіреповтің «Оянған өлкесінің», Ғ.Мұстафиннің «Қарағандысының», Т.Әлімқұловтың «Дүбәрасының», Әкім Таразидің «Аяз бен Бибісінің» ізбасарындай әсер етті, елең еткізді. Елімізде 20-30 жылдан бері «өндіріс орындары бар, онда жұмыс істеліп жатыр» десе, «қане, қайда?», – деп өре түрегелетініміз секілді, уран өндірісі, геология туралы жазып отырған автордың суреткерлік қабілетінен бөлек, арнаулы мамандықтан хабары бар ма екен деген ой жүгіріп өтті. Қазақ жеріндегі уран кенін іздеген геолог Ғалымжан іс-әрекетіне оқырманын сендіре ала ма? 1000 данамен шыққан кітап 500 адамға жер жүрегінің дүрсілін тыңдата ала ма деген сұрақты үсті-үстіне қоя отырып, оқып шықтық. Автор уран өндірісін көзімен көргендей, жүрегімен ұққандай, әлеуметтік ортасының жай-күйін, тыныс-тіршілігін қапысыз біледі. Бұл повесте қандай оқиғалар жоқ дейсіз?! Мансапқұмарлық, моральдың бұзылуы, ақшақұмарлық, біреудің еңбегін қанау, билігі барларға жалпақтау… Махаббат та бар. Мына жері томпақтау екен деген ой басыңа кіріп шықпайды. Өзіміз көріп жүрген өмірдің өзіндей нанымды. Қазір мақтауға да, даттауға да тез ілесетін, кітап оқымайтын «оқырман» көп. «Өндірісте көзбояушылық үшін соттайды, әдебиетте жазасыз қалады», – деген сөз бар. Сондықтан біз екі ауыз сөзімізді жазғанда, «шығарманың өн бойына шақ киімді кигізе аламыз ба? Жөнсіз шарықтап ұятқа қалмаймыз ба?», – деген ой тұрды да, өзімізге сұрақ қойдық.
Повесте тартыс бар ма? Бар. Бадырақ көз, әукесі салбыраған қасқа бас божбан қара институттың директоры бас кейіпкер Ғалымжанды әбден тұқыртып алған. «Геология – көрінгеннің ермегі емес, ол – Жер-Ананы зерттейтін ең ұлы ғылым»,– деген сөз аузынан түспейтін директор оны мәстек аттай тепеңдетіп жіберген. Бұл оқиға одан әрі тереңдей береді.
Мінез бар ма? Бар. Ғылым академиясының есігінде отырған мұртсыз теке сақалды вахтер шалдан бір кездері Сарыарқаны түгел тінтіп, батыс пен шығысты шарлап, Созақ өңіріндегі елу жылға жетерлік уран кенінің орасан зор қорын тапқан Василий Бобровты жер арқасы қияннан тауып алғаны, содан қазба байлықтың нүктелері бар картаны аманатқа алғаны қандай тартымды суреттелген. Картаны беріп тұрып Бобров:
«Үйқамақтан босаған Сахаров мені шақырып алып әбден сөкті.
– Вася, сен адам баласының өміріне өлім себетін кенді тауып, көбейтіп жатқаныңа мәз болып жүрсің. Райыңнан қайт, тоқтат бұл ісіңді! – деп бір емес, бірнеше мәрте ескертіп, дәлелдеп, дәйектеп, санама сіңіріп тұрып айтып, ұрысты», – деген сөзін де құлағына құяды.
Шығарманы қызықтың үстіне қызықты етіп тұрған тағы бір нәрсе – геология саласына еңбегі сіңген, тарихта анық болған адамдардың тағдырының кірістірілуі дер едім. Қазақ геологы Байбатшаның, «Ақбақай» алтын кенін тапқан Дубек Дүйсенбековтың, уранды зерттеудегі еңбегі үшін Лениндік сыйлықты құпия түрде алған Халел Әубәкіровтың атын бұрын білмейтіндер осы шығарманы оқыса білетін болады.
Фактілер жанды ма? Жанды. Шығарма ішінде оған мысал көп.
Кейіпкер мұратына оп-оңай жетіп тұр ма? Жоқ, жо-жоқ… Ғалымжан таза пиғылды, жаңа тұлғаға лайық-ақ кейіпкер, бірақ мінсіз емес. Қазіргі замандас бейнесінің эталоны – іскер адамдар деп жүрміз ғой. Шығармадағы Ғалымжан бәрімізге таныс секілді. Автор оның бейнесін кең отырып, қысылмай, қымтырылмай жазған. Мінезінің, іс-әрекетінің кілтін тапқан. Ақыл, сезім, эмоция бірлесіп тұр. Соңғы отыз жылдағы жүйенің дамуын кейіпкер тағдыры арқылы әдемі өріп жеткізген. Дәл осы кезеңнің конфликтісін, проблемасын әсерлі бояумен суреттеген. Адам атаулыға мейірім, табиғатты қорғау мәселесінде қара бояумен боялған Бармақов деген кейіпкер бар. Ондай адамдар әр мекемеде кездеседі, үш адамның бірі екені анық. Қазіргі көп шенеуніктің прототипі.
Повестің тілі шұрайлы, айшықты суреттер мол. Мұның бәрі жақсы, ал өзіндік жаңалық, өзіндік ой, заманауи әсер болмаса, оқырманды әдебиеттен, оқудан жерітіп аламыз.
Осы жолы жазушы дәл осы жағына көп көңіл аударып, объектіні, жүйедегі қасиет қалмаған, адамгершілік сұйылып бара жатқан тұстарды «жүрегім ақ сөйле» деп отырып жазыпты.
Кейде шығарманың бір сөйлемі, бір азат жолы нар жүгін көтеріп тұрады. Мысал келтірейік:
– Жаныңды алуға келдім. Кәлимаға тіліңді келтір, – дейді жаналғыш Әзірейіл.
Періште екі ақ қанатын желбіретіп ұшып шығып:
– Әзірейіл! Бұл пақырыңыз небары қырық бес жас ғана жасады, тым жас. Кіндігінен ұл да жоқ, өзі де қу жалғыз еді…
… Неге үзіліп кете бермек? Неге жанын алуға асығып жеттің? Неге?
Әзірейілдің аузынан жын шашырады.
– Мұның үкімі – өлім! Ал тыңда Періште, бұл пенденің кінәлері мен күнәлары басынан асып кеткен. Ең сұмдығы Арқадағы жабалақ терісі білеуленіп кеткен, денесі тарғыл-тарғыл жеті кеншіні алып кетіп, емдетемін деген уәдесін орындамады. Былтыр қыста үшеуі жерленді. Қалған төртеуінің екі көзі төрт болып, мұны күткелі бес жыл өтті. Бұл бармады да, есіне де алмады, мүлде ұмытты. Адам өмірі ойыншық болып, кеудесін мансап басты, екі көзін байлық бітеді. Тіпті мұны ұшпаққа шығарған Бобров деген оқымыстының жалғыз ұлын тәрбиелеймін деп уәде беріп, ол аманатын да орындамай қойды.
… Бақсы кемпірді жер-жебіріне жетіп тілдеп, құртам, жоям депті. Жаратқан Ием алты басты қаранар ібілісті – тілі келмейтіндер коранавирус дегенді жердің астынан шығармай дуалап ұстап отыруға жіберген ол күзетші – әулие. Ұйықтап жатқан ол пәле оянып сыртқа шықса, жер бетіндегі адамзат атаулыға у демін шашып, емі табылмай қырып-жоюға кіріседі… алты басты қаранар ібіліс көп ұзамай оянып, у-зәрін шашып, бүкіл елді бір тарының қауызына сыйдырып, тобасына келтіріп, қынадай қыра бастайды.
Ал, мына Ғалымжан да байлыққа қолын шеңгелдей салып, көзі шелденіп, ештеңені көрмей, менсінбей, тәкаппарланды. Марқұм әкесі мен ата-бабалары жатқан жерді қоршатуды, құран оқытуды, құрбан шаламын дегенін де орындамай кетті. Туған ауылына мешіт саламын деп еді, оны да аяқсыз қалдырды. Ағайын-туған, ел-жұртына еш шапағаты болмады, ауылына бармағалы қанша болды?
Жаратқан ием бұған мұрагер ұл бермек болып, тоқалы Райханға рахымы түсіп, жүкті етті. Ал, мына қаныпезер Ғалымжан күнәһар өз ұлын өзі шарана күйінде өлтіріп, алдыртып тастады. Бұдан өткен сұрқиялық бола ма? Бүкіл жиған-терген байлығы шетелде. Бар қазына қаржысын жат жұрт, бөтен елге жасырын тығып ұстап отыр. Енді оның қызығын шетелдіктер көреді, алқынып-жұлқынып жинаған байлығы өзіне түк бұйырмай, басқа ел судай шашады…..
Бұл пендең – байлыққа құнығып, адамзатты құртып, жерді жоятын жойқын күш – улы кен уранды өте көп тауып берген күнәһар. Күллі тірі тіршілік, адамзат алдында, бәріне күш-қуат беретін қара жер алдында қылмысы өте ауыр. Тажал тапқан бұл жанға – ажал!
Ғалымжан тіп-тік тұрған қалпы жерге тізесіне, одан беліне шейін, омырауына дейін сіңіп, ата-бабалары жатқан қасиетті туған жерінің топырағына кіріп бара жатты».Түйін осы.
Жүйені, адамның іс-әрекетін, мінезін қопарып, кең толғап ет-жүрекпен жазылған шығарма оқыған адамның уайымын үсті-үстіне үдетіп, мүлде өзгерген өмірдің жамандығы қайтсе тыйылар екен дегенді ойлантады. Демек, ойлантқан шығарма – жақсы.
– Қазір жас жазушылар өсіп кетті, олардан төмен жазу ұят, озып кету қиын, – десе, енді бірі:
– Шауып қалған тарлан емес пе, жеткізер емес, – депті.
Шындығында Нағашыбек Қапалбекұлының осы шығармасынан оның бай тәжірибесін, салмақтылығын, ізденісін анық байқаймыз. «Үлкендер уақыт өзгерісіне ілесе алмай қалды, жазғандары оқылмайды, сөйлемдері бір сарынды» деген пікірлердің аузын «Жер жүрегі» аңқитып-ақ кетеді.
Осы кітапқа енген «Қара жердің құшыры» әңгімесі арқа сүйейтін, аяқ тірейтін туған жерінің жүрегімен жүрегі ұғыспаған бір кездегі жетім бала, кейіннен аудан әкімі болған Ахметтің тағдыры туралы. Шығарма ықшам да, жинақы.
«Көз» – бұрын тарихи дүниелерді жазып жүрген жазушының шығармашылығындағы бетбұрысты белең. Шытырман оқиғалы қылмыс оқиғасы.
Ескі мен жаңа ауысқан тұста таным-түйсікте, мінез-құлықта күрделі, қайшылықты құбылыстар көбейген. Жаңа проблемалар туындаған. Тұрмысты жақсартуды көздеп, өзге адами мұраттарды кері итеріп қою қалыпты өлшемге айналған. Әдебиетте осы тауқыметті «Көз» көтеріп тұр. Жазушы оқиғаны баяндамайды, іс-әрекет үстінде Шегір, Шәлтік, Боксшы… деген кейіпкерлер арқылы көрсетеді.
Заман тынышта адамдар ең асыл мұраттарға ұмтылса, өзгерісі мол кезеңде «Біз қылмыскерлер әулеті төбесіне көтеретін интеллигент – «сері ұрылар» дәрежесіне көтерілеміз. Оның не екенін білесің бе, ә? Біз вокзал, автобус, базарларда көрінгеннің костюмін, әйелдердің сөмкесін аңдып жүретін көртышқандықтан құтылып, қалтамызда уыс-уыс доллар, евро жүретін, ақшаны көсіп табатын ірі іспен айналысамыз. Ал, тыңда, жалаңаш кісіні ұры тонамайды. Қусирақ кедейге ешкім жоламайды. Біз атақты байларды аңдимыз…». Ұстанымдары осы. Әңгіменің оқиғасы сан-саққа жетелейді. Кейіпкерлердің ішінде ар алдында ақталайық деген бірі жоқ. Азған, тозған. Бірінің әйелі екіншісінің жетегінде кетеді. Ректор, проректор дегендерің бірінші курсқа түскен қыздарды бұзып қойған. Бұл ар адамгершілік пен ар тазалығы дегенді білмейді. Жазушы осыншама лас дүниені, қоғамның іріңді дертін қалайша жанын аямай жазды екен деп таңырқадым.
Осы кітапқа «Алтынның буы мен уы» деген әңгіме еніпті. «Көз бір уыс топыраққа тояды» деген мәтелдің қырық түрлі сценарийі бар ғой. Ең жеңіл түрі бір бай бір күні қалың сейфтің ішіне кіріп, ақша санап отырғанда, сейф есігі жабылып қалады. Кодпен ашылатын ол «итіңнің» тілін өзі ғана біледі. Сейфтің қалыңдығы сондай, оның ішінде тұншыққан дауыс сыртқа шықпайтын. Сонымен қыруар ақшаның ортасында бір жұтым ауаға зар болып, бишара бай ажал құшады. Кітаптағы әңгіме кейіпкері Қарғабай «Жалғыз өзі дуал ішінде күйбеңдеп, күлге аунаған тауықтай үсті-басы кір-қожалақ, салым-салымы шығып, жуынбай, моншаға түспей, жаман қолқақабар иістеніп, сақал-мұрты репейсіз кеңірдегіне шейін тікірейіп өсіп, шала естеніп, қорадан шықпай, етке үймелеген шыбындай төсек төңірегін сипалап, соның үстіне жатып, ырқ-ырқ мәз болып күлетін мінез тапты»,– деп суреттейді алтындертке шалдыққан кейіпкерін.
«Бермеймін, бермеймін!» – деп сұлқ түсіп жатқанда екі оқжылан атылып келіп, екі көзіне ұп-ұзын қып-қызыл екі айыр тілін оқтай қадап, сора жөнелгенде Қарғабайдың жаны үзіліп кетіпті.
Осы әңгімеде жазушы ең қажетті штрихтарды, детальдарды іріктеп алған. Негізі тіні – аңыздық хикаят. Жазушы оны өз лабороториясында қиял мен үстемелерді қоса отырып, әдеби туындыға айналдырған. Көркем шығарма адамды тек қана жағымды кейіпкерлерінің іс үлгісімен тәрбиелеп, шабыттандырып қоймайды екен, жаманды көрсету арқылы да сақтандыруға болатындығын жазушы шығармаларынан аңғардық.
Жалпы Нағашыбек Қапалбек­ұлының «Жер жүрегі» атты жинағын оқығанымызда оның суреткерлік талантына, бүгінгі заманауи дүние танымына және құнарлы тілмен кестелеп жазған шеберлігіне, қара жердің жүрегін қарайтпайық деген ниетіне әбден разы болдық.

Ділдәр МАМЫРБАЕВА,
Халықаралық «Алаш» әдеби
сыйлығының иегері

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір