Жүрегін әуен тербеткен Композитор Ермұрат Үсеновтің туындылары тамсандырады
03.08.2022
1087
0

Әуенге толы өңірде туып-өсті. Айналадағы табиғат түгел ән салатын. Құстың сайрағаны, шегірткенің шырылдағаны, жел соққанда қарағай басының суылдағаны, тастан-тасқа ырғыған бұлақтың сарқырағаны, соның бәрі бала Ермұраттың құлағына қайталанбас ырғақтарды құятын. Таудан бөшкелеп сүт таситын арбаның сықырынан сиқырлы саз табатын. Кейде сол арбаға Жалаулы мен Ұзынбұлақ арасындағы қара жолда туысшылаған әйелдер отырып, ән салып бара жатады.

Арба толы ауыл әйелдері арасында өз анасының жоқтығын көрген сайын он жасқа енді толатын Ермұрат іштей егілетін. Қайран ана қайсар ұл тоғыз жасқа толғанда дүние салған. Соғыс ардагері, бейбіт еңбектің бейнетқоры Қапашов Үсен жарсыз, баласы Ермұрат анасыз қалған. Бірақ бейнесі көңіл түпкірінде өшпестей сақталды. Жазушы болса, керемет роман жазар еді, суретші болса, ананың үлкен портретін салары даусыз-тұғын. Ермұрат Үсенов композитор атанып, «Анама» деген күй шығарды. Бұрындағы Құрманғазының «Қайран шешемінен» бастап, берідегі Секен Тұрысбековтың «Ақжүнісіне» дейін жалғасқан анаға арналған күйлер тізбегіндегі бір биік болып Ермұрат Үсеновтің осы туындысы тұр.
Көңіл мұнымен тыншыса, кәне. Ара-тұра тартылатын күй ұлын өмірге әкеліп, өзі өмірден ерте кеткен аяулы ана бейнесі үшін аздық етердей көрінді. Замандасы, жерлесі, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы болған Нұрлан Оразалиннің кітабын оқып отырғанда арасынан «Ойладым ана» деген өлеңге тап болған. Мұның жылдар бойы айтпақ болған ойы ақын қаламымен жазылған екен. Содан көңілді кернеген сағыныш сезімі осы өлеңнің жолдарын нота етіп өріп, ерекше ән дүниеге келді. Композитордың анасына екі бірдей өнер туындысын арнау сыры осындай.
Енді әлгі арбаны тиянақтайық. Қара жолмен кетіп бара жатқан арбаға көз салып қоймай, оның бөлекше сарынын құлақта сақтапты. Содан көптеген концерттерде орындалып жүрген «Көңілді арбакеш» күйі туды. Үлкен оркестр қостай отырып, күйді сазсырнаймен орындаған музыканттар қошеметке бөленді. Алғаш 1989 жылы фольклорлық-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрінің сүйемелдеуімен сазсырнайды сайратып Гүлнәр Бекетаева орындаған еді. Беріде осы музыкалық аспап арқылы өнер көрсетемін дегендердің ең сүйікті туындысы ретінде «Арбакештің» таңдалғаны талассыз. Тыңдаған жанның көз алдына таусылмай ирелеңдейтін майда топырақты қара жолдағы арбаның суреті келе қалады.
Осы шығармаға сүйсінген ауылдастары:
– Әй, Ермұрат, анау Сапан ағаңа арнаған күйіңді тыңдадық. Арбасының шиқылын аудармай келтіріпсің, – десетін ризалықпен.
Туған жерге арналған туынды «Көңілді арбакешпен» аяқталмайды. Ермұрат беріде кең тынысты «Қарқара жайлауында» деген симфониялық картина жазды. Басын мәңгі мұз басқан асқар таулар, өрге қарай өршелене өскен шыршалар, жасыл кілемдей құлпырған құнарлы сайлар, мөлдір сулы өзендер, саф таза ауа, осындай мамыражай табиғат құшағында еңбек еткен бейбіт ел – бәрі-бәрі музыкамен салынған картинаның өзегіне айналды.
Табиғаты тамаша Кеген өңірінің Ұзынбұлақ ауылында онжылдықты бітірген соң жас Үсенов Жалаулыдағы мектепте пионерлер жетекшісі болып жұмыс істеді. Мұндағы ең мықты ісі балаларға патриоттық ән салғызу болған. Мектептің оқу жоспарында ән сабағы бар да, оқушыларға Ермұраттай жас жетекші айтқызатын әндер бар. Кәдімгі жарыс.
Әлбетте, жас азамат жоғары білім алмай болмасын түсінді. Сондықтан өнер табалдырығынан аттауға ұмтылып, Алматыдағы Чайковский атындағы музыка училищесіне келді. Мұның домбырадағы орындаушылық қағылездігін ғана емес, өздігінен музыкалық туынды шығарар қабілеті барын бірден байқаған профессор Хабидолла Тастанов «училище сенің деңгейіңе сай емес» деп, Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияның домбыра класының даярлық бөліміне қабылдаттырды. Осы консерваторияда Ермұрат бір емес, екі рет оқыды. Алдымен домбырашы, одан соң музыкатанушы мамандығын. Бірінші жолы Қали Жантілеуов, Уәли Бекенов, Бақыт Қарабалина сияқты домбырашылардан оқыды. Екінші жолы музыканың теориясын Г. Зубкова, ­Б­. ­Аманов, С. Зарухова және басқа профессорлар түсіндірді.
Бірінші жолы студент ретінде Тәттімбеттің күйлерін орындап қоймай, оның ұңғыл-шұңғылын зерттеп курстық жұмыстар жазды. Ал музыкатанушы ретіндегі дипломдық жұмысына «Домбырадағы шертпе күйлердің ерекшелігін» өзек етті.
Жолын тапқан жас маман жолдамамен енді қанат жая бастаған Жезқазған облысына жіберілді. Арқа төсіндегі училищеде сабақ бере жүріп, музыкалық шығармалар жаза бастады. Сондай туындысының бірі «Домбыра мен фортепианоға арналған дастанды» 1979 жылы Қазақстан Композиторлар одағы ұйымдастырған жабық конкурсқа жолдайды. Жабық конкурс төрағасы Еркеғали Рахмадиев, құрамында Ғазиза Жұбанова, Кенжебек Күмісбеков пен Мәкәлім Қойшыбаев бар білікті де кәнігі мамандар бұл туындыны Гран-приге лайық деп шешті. «Авторы кім екен, жеңімпаздың атын білейік» деп келесі конвертті ашқанда, сонау Жезқазғандағы музыка оқытушысы Ермұрат Үсенов болып жарқ етеді.
Тосын танылудан кейін оған шақырту келген. Басқа емес, даңқы қазақ даласына кең жайылған Нұрғиса Тілендиевтің өзінен. Жалпы Нұрғиса ағасы талай рет Кеген тауларында домбыра шерткен. Ауданға өнер ұжымдарын бастап барып, ел ішінде концерт берген. Енді ондай құрметке сол Кегеннен шыққан өрен Ермұратты лайық депті.
Осылайша, 1981 жылы Нұрғиса Тілендиев жетекшілік ететін «Отырар сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің құрамына қабылданды. Оркестрдегі домбыра тобының концертмейстері болды. Ағадан іні көп нәрсе үйренді. Ұжым орындайтын шығармаларды таңдай да, талдай жүріп өзі оркестрлік поэма, кантата және оратория жаза бастады.
Шыны керек, бастапқы шығармаларында сол тұстағы авангардтық сарын, анығында Батысқа еліктеу болды. Өйткені оркестр құрамында жүріп Испания, Германия, Франция, Оңтүстік Корея, Түркия және көптеген мемлекеттердегі концерттерге қатысқан. Өздерін тыңдатып қоймай, өзгені де еститін, сондықтан жас композитордың еліктейтін шағы емес пе?! Сонда Нұрғиса ағасы «сенің бағытың да, жолың да – ұлттық музыка. Бар абыройды содан табасың, басқаға еліктесең, абыройсыз қаласың» деп кесіп айтады. Рас екен.
1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы жанын күйзелткен, алаңдағы жастарға жасалған жантүршігерлік жазалау әрекеттерін көзбен көрген Ермұрат Үсенов бірден «Желтоқсан жаңғырығы» деген күй шығарды. Оңашада Нұрғиса ағасына орындап берді. Ұстаз қатты толқыды. «Мұны ел алдына дереу шығару керек» деді. Бірақ атын әзірге Желтоқсан деп атамай, басқаша қоюға кеңес берді. «Заман өзгерер, қазақ та жақсылыққа жетер, ол уақытта шығармаң өзінің нақты атын табар» деген алысқа көз тастап. Осылайша, күй «Арнау» аталды. Бірінші орындалғанда «ұлы композитор Мұқан Төлебаевқа арналады» делінді. Және сахнада Нұрғиса Тілендиев 1987 жылы өзі дирижерлік етіп, оркестр тебіренте орындады. Ұстаз көреген екен. Арада бес жылдай уақыт өткенде, күй өзінің бастапқы атын алатын мүмкіндік туды. Тәуелсіздік келіп, заман өзгерді.
Арада жылдар жылжып, Нұрғиса ағасы өмірден өткенде Ермұрат ұстазына арнап «Реквием» жазды. Тыңдағанның тұла бойын шымырлатар туынды шықты. Онда – Нұрғисаның даңқын асырған «Ата толғауы», «Әлқисса» және басқа туындылары үйіріліп келіп, аспап біткен «Нұрғиса, Нұрғисалап», соны тыңдаған қалың ел Нұрғисасын қимай егіледі.
Осындай алда жүрген ағасы Нұрғиса Тілендиевті тақырып еткен соң Шәмші Қалдаяқовты қалай айналып өтсін?! Ермұрат қазақтың тағы бір аяулы композиторына арнап «Шәмші дастанды» жазды. Ол да домбыра мен фортепианода бірге орындалады. Халық сүйген композитордың көпшіліктің құлағынан өшпес вальстерінің, «Сыған серенадасының» элементтері құйындатып келіп, музыкалық дастан «Менің Қазақстанымға» ұласып барып, ақырын аяқталады. Шәмшінің туындылары еске түсіп қоймайды, мұңды аяқталған өмір жолы да тыңдағанның көз алдынан өтеді.
Жеке ел болып, еркіндікке шыққан шақта Қазақстан Мәдениет министрлігі Ермұрат Үсеновті түрік жеріндегі қандастардың өтініші бойынша домбыра үйрету үшін екі ай Түркияға жіберді. Жезқазғанда, Алматы музыка училищелерінде ұстаздық еткен ол енді Анадолыдағы талантты жастарды, тіпті арнайы іздеп келген ересек адамдарды домбыраға классикалық тәсіл арқылы үйретті. Өзі де бірнеше шығарма жазып қайтты.
Бір кезде «Отырар сазы» құрамында басқалардың шығармаларын шетелдіктер алдында орындаса, енді оның шығармалары шетелдерде орындала бастады. Ермұрат Үсеновтің камералық оркестрге арналған «Өмір дастаны» мен «Қазақ сувенирін» Айман Мұсаходжаева жетекшілік еткен «Солистер академиясы» АҚШ пен Жапонияда, Франция мен Италияда орындап, әлемдегі музыка сүйетін қауым алдында қошеметке бөленді.
Жолын ашқан Тілендиев шындығында, көреген екен. Ізінен ерген Ермұрат Үсенов өнердегі бағыты мен бақытын тұманды да күмәнді авангардтан емес, нақты да тамырлы ұлттық сипаттан тапты. Ел қорғаған батырлар құрметіне шығарған «Ұран» күйі – соның айғағы. «Түркі әлемі» туындысы да сондай. Ұстаздан «Ата толғауы» қалса, бұл толқынды жаңғыртып, екпіндетіп «Ғасырлар толғауын» жазды. Осының бәрі – үлкен концерттерде үлкен ұжымдар орындайтын сүйекті шығармалар.
Ермұрат Үсеновтің композиторлық табыстарының қатарына Абылай ханға арналған «Бабалар аманаты» және атынан-ақ заты сезілетін «Кенесары – ақ семсер» кантаталары жатады. Сонау – Ақан сері, Балуан Шолақ, Сәкен Сейфуллин ән арнаған көгілдір Көкше оның да жанын желпіп, «Жер сұлуы – Көкшетау» атты оратория жазды. Бұл туындылар тобы Қазақстан Республикасының жаңа астанасына қызметке барған кезінде туды. Не керек, жаңа елдің жаңа ордасы композитор шабытына шабыт қосқаны даусыз. Халық санасының жаңарып, жердің түлеген келбетін танытатын «Қасиетті кең дала» туындысы тағы бар.
Нұрғиса ағасының ақылымен дәстүрлі музыкалық арнадан ауытқымаған композитор қазақ ұлттық аспаптарының мол мүмкіндігін ашып көрсететін күйлер шығарды. «Көңілді арбакеш» бағын ашқан саз сырнайда орындалатын «Балдырғандар биі» мен «Дала таңы», жетігенде тартылатын «Желдірме», қылқобыз үлбірететін «Қазақ өрнектері», қара қобыз аңырататын «Толғау» мен «Күзгі әуен» – осы мақсатта туған және діттеген жеріне толық жеткен туындылары.
Ән жанры ұмытылмады. Ұлы ұстазынан «Құстар әні», «Алатау» мен «Саржайлау» сияқты ғажап әндер қалған соң бұл саланы да қамту қажет, үрдісті ұстану – міндет, қайткенде иесіз тастамауы тиіс-тұғын. Ермұрат Үсенов тура Нұрғиса ағасы сияқты белгілі ақындардың таңдаулы өлеңдеріне ән жазды немесе өз әуендеріне сөзді соларға жазғызды.
Нұрлан Оразалиннің өлеңіне толғанып, «Ойладым ана» әнін шығарғанын айттық. Одан басқа Мұқағалидан қалған мұраның бірі – «Аққулар, қош болыңдар» өлеңіне керемет ән тудырды. Сол киелі құс туралы тағы бір өлеңді ел астанасында араласқан Серік Тұрғынбековтен көріп, «Дариға-аққуды» жазды. ХХІ ғасырда қазақ ақындарының алдыңғы сапына шыққан, әрі Сарыарқа төсінде қатар жүрген Несіпбек Айтұлымен шығармашылық бірлестік барысында «Бабаларға сыйыну» мен «Жалт-жұлт еткен дүние» туды. «Жалт-жұлт еткен дүниені» қазақтың қаншама әншісі нәшіне келтіріп орындап жүр десеңізші. Жеке өзімізге Тамара Ас ардың орындауында тіпті тамаша естіледі.
Жүрегін әуен тербеген Ермұрат Үсенов әлі де қаншама әнші мен аспапта орындаушылар, тұтас оркестрлер мен басқа да музыкалық ұжымдар қуана қабылдайтын, қалың ел сүйсіне тыңдайтын туындылар берер. Біз әзірге барын түгел түгендей алмадық. Әр тұста басын шолып шықсақ керек. Домбырадан басталған мол мұра – тасқындай берсін деумен тоқтаймыз да.

Қайнар Олжай

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір