БІР АППАҚ БҰЛТ ЖҮРЕТІН ТӨБЕМДЕ КІЛ…
11.08.2017
1997
1

Белгілі ақын Есенбай Дүйсенбайұлының өмірден өткеніне де бес-алты жыл болып қалыпты. Кезінде оқырмандарына «Бозторғай ақын» атанған жыр жампозының өмірінің соңғы жылдары жазған өлеңдерін жұртшылық назарына ұсынып отырмыз.


Есенбай ДҮЙСЕНБАЙҰЛЫ


КҮН БАТАРДА
Күнелткен шөп-шөңгемен, дәріменен
Қосылдық біз де топқа кәрі деген.
Зейнеткер жасымда да бейнеткер боп,
Шимайлап ақ қағазды әлі келем.

Апыр-ай, неткен мұнша сірі жанмын,
Тағы да өліп барып, тірі қалдым.
Үмітті үптеп,
Үрей көлеңкесі,
Кеудеге кетпестей боп кіріп алдың.

Зырлатып ғұмыр атты ұршық әнін,
Білмеймін, бұл алда қанша күн шығарын.
Бүткіл аспан асты, жер үстінен
Бір жұтым ауа жетпей, тұншығамын.

Жатуға ұясына күн жайланып,
Батуға барады әнге ыңғайланып…
Мен кеше таң арайлы тал түс едім,
Түбінде кетерім хақ түнге айналып.

МЕН ӨЗІМНЕН АЛЫСТАП
Ау, күрең көк, күрең көк,
Шынымды айтсам нан ұстап:
Жұртқа жақын жүрем деп,
Мен өзімнен алыстап.

Кеткенімді (еріп тым!)
Енді біліп отырмын.
Күйін кешіп келіппін
Көкірегі соқырдың.
Өкініш боп тұғырым,
Тұрмын Тағдыр дөңінде.
Өте шыққан ғұмырым
Түсім бе, әлде өңім бе?

Өң мен түстей өмірден
Көшсек, бізді кім жоқтар?
Күн тұтылып көңілде,
Күрсінеді түнгі оттар.

От ошақта жарқылдап,
Шоққа айналып сөнеді.
Күл қап шоқтың артында,
Жоққа айналып өледі.

Еш жақсылық күтпегін,
Дүние бүгін бүлінді…
Жоққа айналсаң – біткенің,
Көкке ұшырар күліңді!

ӨМІР ЖҮГІ
Қара сөзден ақынға өлең жеңіл,
Пешенеге жазғанды көрем де бұл.
Абылайдың ақ бұлты сияқтанып,
Бір аппақ бұлт жүретін төбемде кіл.

Қайда барсам, сапарлас болып маған,
Асықтырып арманға жолықпаған,
Асқарала шыңдардан әрмен ұзап,
Аспан асып кетуден қорықпағам.

Келдім ойлап: «Жіберген көктегі Ием
Кием шығар жебеуші» деп, тегі, мен.
Жүгіргенде аспан – жер арасында,
Желден бетер жүйткитін жеп-жеңіл ем!

Қазір мені тартпайды гүл алаңы,
Сағынтпайды таудағы бұлақ әні…
Талай заман ақ бұлтым ауғанына
Талықсып мен төсекке құлағалы.

Баяғыдай жылқы айдап даламенен,
Ауыл жаққа бармаймын Аламенен.
Қақ төбемнен қара бұлт қарағалы
Аттап бассам, алқынып қала берем.

Әу дегізіп үміттің әупірімі,
Әзір бармын (кеудеде қаупім ірі)…
Басымды алып қашамын шығудан да
Басқышы көп қабатқа, тау түгілі.

Биігіне жеткізбей өлең де бір,
Көктен көмек күте ме көбең көңіл?!
Шыңға шығу әркімге ауыр дейді,
Жоғарыдан (түсуге) төмен жеңіл.

Ақ киемді есіме алып дәйім,
Қара түнде мен неге қамықпайын?!
Өмір жүгін көтеру сауға жеңіл,
Ауруға ап-ауыр табыттайын!

КӨШКЕРУЕН
Өмір деген өрт елі гүлдер елі,
Түрленеді, бауырым, түрленеді.
Біреулердің мұңынан бұл тірлікте
Бағы жанып – біреулер күн көреді!

Опа күтпей осындай әр адамнан,
Ойға батсам – ойыным тарағаннан.
Бақытың да, сорың да жерде жатса,
Не табамын аспанға қарағаннан?!

Аспан маған несібе асата ма?
Жерде бәрі – гүл ме, әлде тас ата ма!
Басқа шығып басынбақ болғандарға
Жүрем кейде биіксіп қасақана.

Көз жасыңа бауыр да, күлкіңе өш
Көлгірлерді ар қалай түлкі демес?!
Мен – жалғызбын, ел-жұртым – қарақұрым,
Көңілін табу бәрінің мүмкін емес.
Пенделіктің белгілі мұрат әні,
Күйдіреді, омырау бұлатады.

Кінәмшілдер қит етсең кінә тағып,
Бір-біріне күншілдер күл атады.
Мықты тұрған мың жылдық теректі де
Балтасы бар батыраштар құлатады.

Тілектестік кетсе егер нұрын бұрып,
Тіке басқан қадамың қырын жүріп,
Іліп-тартып, аяқтан сүріндіріп,
Ақиқатты жалғанға жығып берер,
Адалдықты арамға жүгіндіріп.

Табалау бар, күлу бар, жылау барда –
Бәрі заңды: сүріну, құлаулар да…
Көшер керуен,
Көшеді «Бұл кім?» деген
Жауап іздеп жаңбырдай сұрауларға.

Тырналардың ұзатып тізбек көшін,
Жаз көшеді жайлаудан күз жеткесін…
Көз нұрында жаңғырып келбетіміз,
Өзге толқын келеді біз кеткесін.

КӨР
1
Көшсем мен сөздің жөніне,
Бітпепті қылшық иекке…
Көр қазғаным жоқ өліге,
Бір-екі кірдім сүйекке.

Ұсақ де, мейлі ірі де,
Аз емес іштей ырзам да:
Көр қазғаным жоқ тіріге, –
Өзімнен басқа бір жанға!

Жер-жебіріме жетіп мың,
Жанды жер уайым болды азық.
Жалп етіп құлап кетіппін,
Жалынан Ардың қол жазып.

Жынды суды да тұтынып,
Атана жаздап «сорлы азғын».
Өңешке неше жұтылып,
Өзіме-өзім көр қаздым.

Илһамға тізгін бермек боп,
Түтінге көмей ыстаттым.
Өзімді-өзім жерлеп көп,
Өмірімді өзім қысқарттым.

Өкініштерді олжа ғып,
Шерткенде күйкі шер кеуде –
Шебер боп алдым көр қазып,
Өзімді-өзім жерлеуге.
Толғансам өлең,
Қайғы алып,
Батамын түпсіз түнекке –
Қаламым бейне айналып
Көрімді қазар күрекке.

Қазып боп…
Жермен бірігіп,
Көріме кіріп жатам да,
Тағы да қайта тіріліп,
Шығамын тірлік сапарға.

Содан соң (мадақ Тәңірге!)…
Жарыққа көзді үйретіп,
Жанымды тастап қабірге,
Тәнімді жүрем сүйретіп.

2.
Өмірбаян парақталған заманда,
Бәрі ақшаға қарап қалған заманда

Ақіреттің ісі емес пе ең ауыр –
Анау жақтан жарты құлаш жер алу?!
Адамын деп тиын-тебен жиғаннан,
Ал мен, сірә, өле кетсем, қиналман.

Көре алмасқа сорым талай болды азық,
Жас шағымда жүрді ол маған көр қазып.
Қазір менің қартайғаным белгілі,
Қазып даяр еткен шығар ендігі.
Дап-дайын сол көрге барып жатармын,
Күні бітсе бұл дүниедегі сапардың.

ТҮГЕНДЕУ
(Шаңғытбаев шайырша)

Өтті дүние дүркін-дүркін,
Ұбақ-шұбақ кетті көш.
Қуандық Шаңытбаев (Реквием»).

«Тәңірі етті телегейден теңізді»,
Қайда жорық жыраулары лебізді?!
Қашаннан-ақ дала қағанатында
Қылыш пен жыр,
Хан мен шайыр егіз-ді.

Хан Темір жоқ,
Темірхандар бар бүгін
Көк түрік боп көтеруге нар жүгін.
Әмір де жоқ,
Әмірхандар бар бүгін
Әлемге әлі жүргізбеген жарлығын.

Жауға салса, іліп түсер лашынжай
Батыр Баян болмағасын қасында-ай,
Күңіреніп жортатын күн түбінде
Хан Абылай қайдан болсын бүгінде!
Абылай хан жоқ болғасын,
Хан иеге қарсы қарап шабынып,
«Құл едің» дер қағынып
Бұқар жырау-дүлдүл жоқ.
Бұ заманның Бұқарлары сайрайды
«Бұл. Бұл орда, бұл ордаға» бұлбұл боп.

Хан Қасым жоқ,
Қасымхан бар
Жырдың қамын жейтұғын.
Кене хан жоқ,
Кенебаев Жұмаш бар
Көкке қарап ұлып ылғи,
Көкбөрімін дейтұғын.
Көш-керуенім қайда жетіп қонар деп,
Көз ілмейді кей түнім.

Махамбет жоқ,
Мақатаев жоқ тағы.
Махаңдары бүгінгінің
Мақсұттар боп… тоқтады.
Өшті жасын –
Көшті Қасым
Жалын жұтып,
От шайнап,
Жайнатып жыр шоқтарын.
Аңға шықса,
Қимай Сырдың құсын да,
Атып қайтар айдалаға оқтарын
Әбекем де…
Қалды жолы, соқпағы.
Алыптардың жоқ қой бәрі,
Жоқ бәрі.

Күн секілді шұғыла шашып батарда,
Көкжиекке кетті сіңіп,
Кетті бақи сапарға.
Сыңсып қалды Сырағамның орманы,
Сыр шертпейді
Қуанағам,
Ғафаң да.

Сабырхан ше?
Қайда Свет арқалы?..
Сабыр Адай,
Светқали,
Маралтайлар бар тағы –
Марабайдан келген көшті осылар
Кең өріске бастайды да,
Керуен алға тартады.

Ұлықбектер ұлындай боп енші алған
Сағиды енді шақырмайсың сен шайға.
Жұмағында –
Жұмекен мен Жұматай,
Жарасқан да,
Кеңшілік те…
Жатыр ұйықтап Кеңсайда.

Кеңсай жақ бір көш сияқты қаралы,
Көңілінде көбейтеді наланы.
Мырза Әли жоқ
Мырзан Қайғы бар бізде.
Дүйсенбек жоқ,
Е.Дүйсенбай бар әлі…
Енді қайта толмай ма деп қорқамын
Қазақтағы қара өлеңнің Аралы.

ПІКІРЛЕР1
Гүлдәрия 19.08.2017 | 13:43

Ақынды бақилық деп айта алмаймын…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір