Хас талантты тап басып танып, жасықты айыру да – өнер
11.08.2017
1897
0

Қазақ жазушыларының қай-қайсысы да әдебиетке адал, рухани сұранысты тола-йым өтеуге бел шешіп, еңбек етіп келеді. Кешегі кеңестік кезеңдегі көркемдік кеңістік пен бүгінгі және ертеңгі кеңістікті салыстырып, алдағыны болжауға әлбетте әулиелілік керек-ақ. Өз дәуірінде атағы кеңге жайылып, ел аузында жүрген қа­­ламгерлердің бүгінде сирек ай­т­­ылатынын, тіпті кейбі­рі­нің мүлде ұмыт бола баста­ға­нын ой­лағанда, талғам әле­мі­нің өз­гермелілігін аңдайсың. Бұның се­бебін анықтап, ой көзімен шолу – өз алдына бө­лек әңгіме… Тал­ғампаз оқыр­ман­ның азаюынан ба, әлде көр­кемдігі жағы­нан сын кө­тер­мейтін кітап­тар­дың кө­беюі­­нен бе, қазір «өлең де өлең, шөңге де өлең».
Иә, нағыз оқырман қай ке­­зең­де болса да өзіне керегін тауып, асыл мен жақұтты ажы­­ра­тып алары хақ.
Бүгінгі әңгімеміз де осы мә­селелер төңірегінде бол­мақ. 

– Кезінде жоғары бағаланған, көп оқылған шығармалардың бі­ра­зы бүгінгі көркемдік кеңіс­тік­те атала бермейді. Осының се­бебі неде? Жалпы, әсіре баға­лау­дың пайдасы мен зияны қан­дай?

Мархабат БАЙҒҰТ, жазушы:
– Қазір «Ке­зін­де олай еді, бұ­­лай еді», «Ке­ше оқырман қан­­дай еді, майға піскен нандай еді», «Кітапты жастана жатып оқи­тын еді», «Кітаптар мен «Жұл­дыз», «Жалын» журналдары шопандар мен механи­за­тор­лардың керзі етіктерінің қо­ны­ш­ында жүруші еді», «Пәлен жүз мың тираждармен таралушы еді», «Бүгін бәрі бұлай боп кетті, олай боп кетті» дегендейін ой-пі­кірлер жиі жазылады, көп ай­тылады. Осы төңіректе сұ­рақ­тар қай тараптан да аз қойыл­майды. Сауалдарыңыз сау­лайды-ай. Көркемдік кеңіс­тік, әдеби сын хақында да сан-алуан көзқарастар бар. Әрине, бұлай болуы заңды да. Уақыт бізге бағынбайды, біз уақытқа ба­ғынамыз. Уақыт бәрін сұрып­тайды. Іріктейді. Кеңестік ке­зеңдегі көркемдік кеңістік пен бү­гінгі және әлі түбегейлі қа­лып­­таса қоймаған ертеңгі ерек­­шелеу болатын көркем­дік­кеңістіктерді салыстыру оңай емес. Бір жылдарда өте-мөте оқы­лымды болған, мына за­ман­да атала бермейтін шығар­малардың бәрі бірдей біржолата ұмытылады, қайтара қатарға қо­сылмайды деуге де мүлде бол­майды. Рас, асыра сілтеуші­лік, әсіре бағалаушылық, ұран­шылдық, әсіре саясатшылдық пен әсіреқызыл идеологияшыл­дық арқылы алға шыққан, ас­па­н­дап кеткен көбік дүние­лер­дің күні өтеді, қарасы батады.

Нұрлан ҚАМИ, жазушы, драматург, аудармашы:
– Кеңестік дәуірде кітап көп оқылатын, оның толып жатқан қо­ғамдық-саяси-әлеуметтік-эко­номи­калық-тұрмыстық-эсте­ти­ка­лық себептері бар еді. Ха­лықтың оқуға құлшынысы жо­ғары болатын. Әсіресе, 1960-шы жылдардан бастап көркем әде­биеттің бұқара­лық-ақпа­рат­тық-ағар­ту­шылық-таным­дық-көркемдік деңгейі күрт өсіп, оқырман қауым­ның да бі­лігі артуына, бел­сенділігі өсуі­не едәуір ық­пал етті. Жыл сайын дерлік әде­биеттегі құ­бы­лыс болмаса да елеулі оқиға деу­ге тұрарлық кітаптар баспадан шығып жатты. («Инеш», «Ма­хаббат қызық, мол жылдар», «Жүрек қалауы», «Қан мен тер», «Көшпенділер», т.б.) Олар­дың бәрі де өз міндетін орындады – халықтың сұра­нысын қанағаттандырды. Уа­қыт өте ке­ле саны азайып, сапасы тө­мен­­деп кеткен оқырман сол шы­ғармаларды іздемесе бұның се­бебін әлгі кітаптардың на­шар­­лығынан, көркемдігі кем­шін­дігінен емес, рухани қа­жет­­тіліктің жоқтығынан іздес­тір­ген жөн. Өз басым қазақ әде­биетінде қандай да бір шы­ғарма әсіре ба­ғаланды деп есеп­темеймін, он­дай әрекет жа­сал­ған күнде де ха­лықты алдау мүмкін емес. Қа­зақ халқы асыл мен жасықты ажырата біледі.

Есей ЖЕҢІСҰЛЫ, ақын:
– Сұрақтың алғашқы бөлі­гіне жауап беру қызықты болып тұр. Көркемдік кеңістікте көп аталмай қалса, оған жазушы кі­нәлі емес. Біріншіден, бұл – уа­қыт елегі. Өз кезінде авторына ғана керемет ләззат сыйлаған шығармалар болады. Олар бел­гілі бір дәрежеде мақта­лынуы, сыншылар есебінде жүруі өте мүмкін. Кейін… қалады. Солай дұрыс. Жазылған дүниенің бәрі классика болса, осы күні адамзат баласы жер бетінде тек ізгі­лік­ке шомылып жүрер еді. Біз әдебиетке тым зор жүк артамыз. Оның да шөп-шаламы, «кәшегі» болатынын, болуға тиіс екенін ұмытып кетеміз. Екіншіден, көр­кемдік кеңістікте көп аталмаса, сол кеңістіктің өзінен хал кеткені. Әрине, КСРО деген алып мәшине болды. Ешкімді тырп еткізбеді. Сынды да қой­ғылап жүріп айтқызып, қой­ғы­лап жүріп мақтататын болды. Біз осыған әбден үйреніп қал­ған­быз. Нарық заманы келді де, әдебиет те сол қатынасқа түсті. Сы­лынды. Айналып келгенде, қа­зір әдебиет Қазақстанның 18 миллион тұрғынының 500 мыңына ғана керек. Сондықтан Ғ.Мүсіреповтің «Оянған өлке­сі», Т.Ахтановтың «Шырағың сөн­бесіні», З.Жәкеновтің «Көш­пелі алтыны» қазір аталмай жүр­се, олардың осал шығарма екен­дігінен емес. Шын оқырман бәрібір керегін тауып оқиды. Әсіре бағалауға келсек, ол оқыр­манның білімі мен автор­дың қалауына (немесе өлер­мен­­дігіне) байланысты.

Уа­қыт өте ке­ле саны азайып, сапасы тө­мен­­деп кеткен оқырман сол шы­ғармаларды іздемесе бұның се­бебін әлгі кітаптардың на­шар­­лығынан, көркемдігі кем­шін­дігінен емес, рухани қа­жет­­тіліктің жоқтығынан іздес­тір­ген жөн.

– Әрине, М.Әуезов жайлы әң­гіме басқа… Дей тұрғанмен, Әуе­зовтен соңғы О.Бөкей, С.Мұ­рат­беков, Ә.Кекілбаев се­кілді көптеген қазақ жазу­шы­лары­ның қаламынан туған көр­кем дүниелері әлі де өз құнын жо­ғалтқан жоқ. Ғұмырлық шы­ғармаларды танып, дұрыс ірік­теудің жолы қандай?
Мархабат БАЙҒҰТ:
– Құдайға шүкір, қазақ әдебиетінде өз құнын ешқашан жоғалтпайтын көркем дүниелер тіпті де аз емес. Қанша қатал қа­расаңыз да, кеңестік кезеңнің өзінде көркемдік құнарлары қалың, әлемдік сападағы әңгімелер, повестер, романдар, жыр жауһар­лары жаратылды. Олар ондап емес, жүздеп саналады. Мәңгілікке ұмтылған ұлтыңыз­бен мәңгілік бірге жасайтын талантты туындыларды «өз құнын жоғалтқан жоқ» деп төмендетуге болмайды. Оларды тану үшін де талант керек. Дұрыс іріктеу үшін де күш-жігер, рухани жаңару мен жаңғыру қажет. Бүгінгі және ертеңгі күндердің Асқар Сү­лей­меновтері, Әбіш Кекілбаевтары, Төлеген Тоқбергеновтері, Зейнолла Серікқалиевтері мен Са­ғат Әшімбаевтары керек. Ала­шыңыздың асыл дүние­ле­рін өзге тілдерге, әсіресе ағыл­шын тіліне құнарлы күйінде тәр­­жімалау қиын. Көп жағ­дай­ларда мүлде мүмкін емес. Бұлай болуы – қазақ тілі мен әдебие­тінің кем­шілігі емес, керісінше ар­­тық­шылығы сияқты. Бұл өзі өзгеше, өзгелер түгілі өзімізге тү­сініксіз, құпия құбылыс. Кие­лі қасиет дегеніміз абзал-ау. Мысалы, Абай аударылмайды. Дәл өзіндей тәржімаланбай келеді. Хакіміңіздің өзіндей болмаса да, өзіне жуықтау етіп аудара алған ешкім жоқ. «Абай жолы» әлемге тарады дейміз. Бірақ қалай, қандай сапада? Анатолий Ким неге қайта аударды оны? Мұқағалиыңыз: «Қызталақ, қазағыма тұтастай танылсам да жетер» деп нелік­тен шырт түкірген? Сондықтан өзімізді-өзіміз жерге ұра бермей, өзімізді-өзіміз танып алуымыз жөн.
Нұрлан ҚАМИ:
– Орыста «Пушкин – біздің барымыз» деген сөз бар. Ондайды біз де айта аламыз.
Сондай мақтаныштары­мыздың бірі – Әуезов. Фолькло­рымыз бен жыраулар поэзиясын, Абайды қоспағанда. Жал­­пы, өзімнің пайымдауымша, ақынның деңгейін білу үшін оның лирикалық өлең­дерін, жазушының қуатын анық­тау үшін әңгімелерін оқу керек. Әуезовтің әңгімелері – әлемдік деңгейдегі дүниелер. Ал «Абай жолы» эпопеясына кел­сек, ол туралы жылдап әңгі­ме айтуға болады. Ең бастысы – қай кезде жазылғаны, талап қандай еді, идеология кімнің мүддесін көздеді, оған дейін не бар еді, одан кейін не болды деген мәселелерді анықтап алу қажет. Басты талап – әрине, көркемдік. Егер біреу қазақтың тұңғыш роман-эпопеясының көр­кемдігі төмен десе, оны ха­лық жауы деп біліңіз. өткен ғасырдың 1937-ші жылда­рын­дағы қолдан жасалған жау емес – заманнан тыс, мәңгілік дұш­пан. Сондықтан кейбір тоғы­шарлар тәрізді өз тұнығымызға өзіміз түкірмейік.
Аталған үш жазушының қа­тарына өз басым көзі тірі үшеу­ді тағы қосар едім – Мұхтар Ма­ғауин, Дулат Исабеков, Тө­лен Әбдіков. Оралхан әдебиетке буырқанған сезімді, адамның өз-өзіне деген адалдығын әкел­ді; Әбіш қазақ прозасына те­реңдікті енгізді, дала пәлсапа­сын жырлады. Сайын әде­биет­тегі тазалықтың, шынайылықтың үлгісін көрсетті.
Мұхтар ағамыз туған халқы­мыз­дың асыл қасиеттерін қас­тер­­леуді басты қағидаға ай­нал­ды­рып, прозадағы дег­­­дар­­­лық­тың негізін қалады. Ду­лат аға­­­мыз қарапайым адам­ның бойындағы ұлылықты су­реттеу тұрғысынан көптеген жаңалық ашып, кейінгіге жол са­лып берді. Төлен ағамыз қа­зақ әдебиеті де әлем әдебиетінің ажырамас бөлігі екенін, «біз», «олар» деп бөліп-жаруға бол­май­тынын көрсетіп, әлем ха­лық­тары мен қазақтың ара­сын­дағы шекараны жойды. Ондай шы­ғармаларды классика дейді жә­не олар қай заманда да сұра­ныс­қа ие болып қала береді.
«Ғұмырлық шығармаларды ірік­теуге» келсек, оны уақыттың өзі іріктеп береді. Жоғарыда атал­ған жазушылардың осыдан 30-40 жыл бұрын жазылған шы­ғармаларын тағы бір оқы­ңыз, көркемдік талаптарға сай ма, емес пе – көзіңізді жеткізе­сіз.
Есей ЖЕҢІСҰЛЫ:
– Бұл сұраққа ойланып көр­меп­пін. Менің ойымша, бәрін оқыр­манның өзіне қалдырған дұ­рыс секілді. Егер оның қолы­на түгел дайын күйінде ұстатып, «мына автордікін оқы, мынаны оқы­ма» дер болсақ, ол оқыр­ман­нан бес күннен кейін-ақ айы­рылып қаламыз. Біз тү­сіну­ге тиіс нәрсе – қаламгерлік кез кел­ген адамның қолынан кел­мей­тіні сияқты, нағыз оқырман болу да екінің бірінің қолынан келмейді. Нағыз оқырман өзі ек­шеп алады. Оқымайтын адам­ға қандай көркем дүние ұсын­саңыз да, ішкі дайындығы бол­мағасын бағасын сезіне ал­майды. Қазір ел алдында жүр­ген әнші-әуенші, биші-ба­қан­шы, бақсы-құшнаштардан «қан­дай кітап оқып жатырсың?» деп сұраңызшы, бәрі «Абай жо­лын» айтады. Өтірік! «Абай жо­­лын» оқу үшін адамға әдеби дайын­­дық керек. «Абай жолы» оты­рып оқи салып сіңіре жө­не­летін жайдақ дүние емес. Мұн­дай жауапты ештеңе оқымаған адам ғана айтады.

Әлемдік әдебиеттің тарихында небір көп жазған, керемет жазған, таңдандырар таланттар аз емес. Бір өлеңімен, бір әңгімесімен, бір кітабымен өшпес өнеге қалдырғандар да жеткілікті. Қазекем сөздің халқы болғандықтан, «аз да болса саз» деген мағынадағы мақал-мәтелдермен жиі сақтандырады.

– Қазіргі кезде оқырман тал­ғамымен санаспай-ақ тоқ­тау­сыз жазып, кітап шығара бе­ретіндер көп. Мұндай шы­ғар­малардың көбеюі көркем әде­биетке қалай әсер етіп жатыр?
Мархабат БАЙҒҰТ:
– Кім болса соның кітап шы­­ғарып, талапшылдық пен талғамның төмендегенін пайдаланып, ақшасы барлардың ақ қағаздың, айналайын сөз кие­сінің обалына қалып жатқаны белгілі. Тіпті, бұл кесапатты ке­селдерге бойымыз үйреніп, еті­міз өліп кетті. Байшыкеш­те­ріңіз кейбір журналистерге, ақын-жазушыларға ақша беріп, ақысын төлеп те жаздырады. Бұрын «Әдеби өңдеген Пәлен­ше», «Жазып алған Түгенше» деу­ші еді. Қазір ондай да жоқ. Мұн­дай мәдениетсіздік, өрес­келдік әбден меңдеген дертке айналған. Бір сөйлем құрай ал­майтын біреулер «ақын», «жазу­шы», «ғалым», «академик» атанып жатыр. Қайсыбірін ай­­тайық-ай. Жақында бір «ға­лым» құрап-сұраған, қара ма­қалалардан жинақталған бір­неше кітабын қолтықтап келіп: «Жазушылар одағына өтуім керек еді, кепілдеме жазып бере саласыз ба?» де-е-еп тұр. Ал ең шошытатыны сол, жұртшы­лық­тың басым бөлігі көркем әде­биетіңіз бен «әлгіндейін кітап­тарды» шын жазушы мен «жаңағыдай жазушыларды» ажыратудан қалып барады. Алаш ардақтылары: «Ұлттың аман сақталып қалуы үшін ең кемінде халықтың он пайызы ояу болмағы ләзім-дүр» деген ғой. Сол «он пайыз» ояу шығар, не­ғыпты сонша дейміз. Күр­сі­ніп.
Нұрлан ҚАМИ:
– Қадыр ағамыздың бір өлеңін­де «Не жазсаң да правоң бар, халтурщик, Оқымауға пра­вом бар менің де» – деп келетін жол­­дар бар. Жаз­бақ түгіл кө­ше­ге пла­кат қылып іліп қой­са да ар­­зан­ның жілігі татымайтыны белгілі ғой…
Мәселе басқада – сондай кі­тапсымақтарды біреулер жата ке­ліп мақтайды. қазір жар­на­ма­ның заманы. кітап оқуды қойған халық сондайды құлағы ша­лған соң қазіргі мықты жазу­шымыз солар екен деп ойлап қалуы мүмкін. Бірақ бұл уа­қыт­ша құбылыс, әдебиетке еш­қандай әсер ете алмайды. Өйт­кені, әде­­биет­ті жасай­тын­­­дар – халтур­щик­­тер емес, на­ғыз жазушылар, олар «әде­биет – ардың ісі» деген ұлағатты сөзді шын мағына­сын­да түсінеді. Яғни на­ғыз жазушы арына ешқашан кір жұқ­тырмайды. Сөзі де, ісі де, ойы да таза болады. Өйткені, ар де­геніміз – адамның бойын­дағы тәңірлік сипат. Сондықтан да ата-бабамыз «малым – жа­ным­­ның садағасы, жаным – арым­­ның садағасы» деп серт бер­ген. Біз сол халықтың өкілі­міз.
Есей ЖЕҢІСҰЛЫ:
– Әуел баста әдебиетті, жалпы жазу өнерін әркімнен қыз­ға­натын едім.
Оған өмірді арнамаған соң, сонымен тыныстап, сонымен ауыр­мағасын, ең бастысы, әде­биетті хоббиға айналдырғасын, кітап шығарғыш адамдардікі бір сәттік (бес күндік, асып кет­се, бес жылдық) әуесқойлық бо­лып қала береді. Арнау өлең­дерден тұратын 60 беттік кітап­ша шығарып, сондағы өлең арналған адамдарынан көрімдік жинағандарды да көрдік. Кеңес заманында аудандық газетке мал төлдеуі сияқты науқандық шаралардан жазған есебін кітап қып шығарып, қолтаңба жазып бергендерді де көрдік. Фамилиясын дұрыс жаза алмайтын адамның өлеңші болғанын да көрдік. Мұның бәрі – әдебиет емес. Сондықтан жазғыш­тар­дың әрекетін көңілге алудың қа­жеті жоқ. Біз сияқты сәби ха­лыққа қазір бәрі таңсық. Мүм­кін үшінші-төртінші ұр­па­ғымыз ауысқанда ғана осындай бала мінездерден арылып қалармыз. Оған дейін жанкешті қаламгерлердің жазғаны бәрібір жетеді.

Жазылған дүниенің бәрі классика болса, осы күні адамзат баласы жер бетінде тек ізгі­лік­ке шомылып жүрер еді. Біз әдебиетке тым зор жүк артамыз. Оның да шөп-шаламы, «кәшегі» болатынын, болуға тиіс екенін ұмытып кетеміз. Екіншіден, көр­кемдік кеңістікте көп аталмаса, сол кеңістіктің өзінен хал кеткені.

– Соңғы кезде әдеби сыншылар мен аракідік оқырман тара­пы­нан авторлар жайлы «аз жазады, көп жазады» деген пікірлер айтылады. «Қалауын тапса, қар жа­нады» демекші, жазуын тапса, аз жазғанда немесе көп жаз­ған­да тұрған не бар? Мәселе қа­лай жазылуында емес пе? Сіз қа­лай ойлайсыз?
Мархабат БАЙҒҰТ:
– Әлемдік әдебиеттің тари­хын­да небір көп жазған, керемет жазған, таңдандырар та­лант­тар аз емес. Бір өлеңімен, бір әңгімесімен, бір кітабымен өш­пес өнеге қалдырғандар да жет­кілікті. Қазекем сөздің хал­қы болғандықтан, «аз да болса саз» деген мағынадағы мақал-мәтелдермен жиі сақтан­ды­ра­ды. Абай да аз жазған. Ғабит Мү­сірепов пен Асқар Сүлей­ме­нов те, Қуандық Шаңғытбаев та көп жазбаған. Әлбетте, бізде де көбірек һәм сапалы жазған дарындар баршылық. Гәп пен кеп сапада екені аксиома ғой.
Есей ЖЕҢІСҰЛЫ:
– Иә, мәселе шығарманың қалай жазылғанында. Қазір аз жазатындардан да, көп жазатындардан да бір жаман әдет байқап жүрмін – олар жазғанын оқырманға ұсынуға тым асы­ғатын секілді. «Шіркін, мына шығарманы жазып біткен соң бір ай суытып барып қайта қа­рағанда ғой…» деп өкініп қа­латын сәттерім көп. Ойы бар, орын­далғаны нашар шығарма кө­бейіп кетті. Әсіресе, жастар­дың ортасында. Әйтпесе қанша жазса да жаза берсін. Орын­дық­қа орнығып отырып жұмыс істей алатындарына сүйсінген дұрыс қайта.
– Әңгімелеріңізге рахмет!

Түйін: Бүгінгі әңгіме оқырманға ой саларын я елеусіз қаларын кім біліпті, оған етіміз үйреніп, көндігіп те кеткен тәріздіміз.
Әр әдебиетшінің көкейіндегіні сезіп, рухани дүниеге ой жіберіп қарау үшін де сергектік керек екенін ескерген едік.

Дайындаған: Гүлім Нұрланқызы.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір