Қарт Каспийден ерке Ертіске дейін
18.08.2015
1514
0

1

25-27 маусым аралығында Павлодарда Маңғыстау облысының мәдениет және өнер күндері болып, бірқатар әдеби, мәдени іс-шаралар жүзеге асырылды. Ең әуелі Нұрмұхан Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театрының әртістері Павлодар жұртшылығына өз өнерлерін көрсетті. Облыс орталығындағы Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыкалы драма театрында көрнекті қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматовтың «Ана-Жер-Ана» пьесасын сахналады.

«Жұмбақ жайлап, аңыз толған – Маңғыстау» деп бекер айтылмаса керек. Қарт Каспийдің ыстық сәлемі мен тарихи-мәдени құндылықтарын арқалай келген батыс өнерпаздары Кереку жұртшылығын бір марқайтып тастады. Әртістер өз кейіпкерлерінің образын жоғары деңгейде аша білді.

Маңғыстау театрының өнерпазы Құралай Мырзалинова Толғанай ананы, Жансая Құрманова Әли­манды сомдады. Ал актер Рамазан Ақтаев Сұбанқұлдың, Айбек Иманқұлов Қасымның, Ермек Арықов пен Еркебұлан Бекен Майсалбек пен Жайнақтың рөлінде ойнады. Сахнаның безен­дірілуі өте ескі өмірді еске түсіреді. Пойыз релстері мен шам орнатылған бағандар қазіргі күні тек кинодан ғана көретін осыдан елу-алпыс жыл бұрынғы қазақ өмірін көз алдыңа елестетеді. Спектакльдің басынан аяғына дейін «Жайдарман» және «Әлди-әлди бөпем» сынды қазақтың тамаша халық әндері шырқалып тұрды.

Қойылым павлодарлық талғампаз көрермен­дер­дің жүрегіне жетті. Олай дейтін себебіміз, театр өнерпаздарына деген қошеметтері шексіз болды. Соңында театр көрермендері Каспий жағалауынан арнайы келіп, Ертіс өңірінің өнерсүйер жұртшылы­ғына өнер шуағын шашқан қонақтарға алғыстарын жаудырды.
Айта кету керек, Маңғыстаудың бұл өнер ордасы еліміздегі 78 театрдың ішіндегі ең жасы. Өн­ер­паздары да кілең жастардан құралыпты. Соған қарамастан әлем сахналарында көрсетіліп жүрген беделі биік, деңгейі жоғары классикалық шығармаларды жүрексінбей ойнауда.

Маңғыстау облысының Павлодардағы мәдени күндері аясында бұдан басқа да бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылды. Атап айтар болсақ, облыс орталығындағы Естай атындағы мәдениет сарайында «жұмбақ жайлап, аңыз өрген Маңғыстау атты көрме ұйымдастырылды. Онда павло­дар­лықтар Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану мұражайының туындыларымен таныс болды. Осыдан кейін тұрғындар каспийлік талант иелерінің шығармашылық кешіне қатысып, өнерлерін тамашалады. Батыстық қонақтар арасында «Құрмет» орденінің иегері, Маңғыстау елінің ерке қызы, танымал әнші Тамара Асар және «Жас Қанат-2013» байқауының жеңімпазы, «Алтын қанат» жүлдесінің иегері Аида Балгелова да болды.

Жиын соңында Павлодар облысының әкімі Қанат Бозымбаев пен Маңғыстау облысының әкі­мі Алик Айдарбаев сөз сөйлеп, екі аймақтың эко­номикалық және әлеуметтік-мәдени байла­ныс­тарының маңызына тоқталды.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір