Әліпбидің «Ұлттық жобасы» жөнінде…
Тұрдақын ЖЕКСЕНБАЙ,
жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, тұңғыш қазақ энциклопедияшыларының бірі
Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты тарихи мақаласында: «Қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек… 2017 жылдың аяғына дейін ғалымдардың көмегімен, барша қоғам өкілдерімен ақылдаса отырып, қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдау керек» деген нақты тапсырма бергені бәрімізге белгілі.
Көптен бері сөз болып, көкейде жүрген бұл істі ғалымдарымыз бен барша қоғам өкілдері қуана құптап, қауырт үн қоса бастағанын баспасөз бетінен көріп, эфирден де естіп жүрдік.
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғалымдары жазған материалдардан институтқа латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиінің 100-ден аса жобасы келіп түскенін де білдік. Олардың авторлары белгілі бір ұжымдар мен жекелеген адамдар көрінеді. Кім болғанда да бұл іс-әрекет латын әліпбиіне көшуге деген ынта-ықылас пен құлшынысты көрсетіп тұрғандай. Оның зияны да бола қоймас. Кейде дананың айтатынын бала да айтуы мүмкін.
Әліпби ауыстыруда, ең алдымен, тіл мамандарының аузына қарайтынымыз анық. Сол мамандар не дер екен деп жүргенде үш үлкен ғалымның – ҚР ҰҒА-ның академигі, филология ғылымының докторы, профессор Өмірзақ Айтбайұлы және ҰҒА-ның А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, академик, филология ғылымының докторы, профессор Ерден Қажыбек пен А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының Бас ғылыми қызметкері, филология ғылымының докторы, профессор Әлімхан Жүнісбек бірлесіп жазған көлемді мақала жарияланды («Ана тілі» газеті, 18.05.2017). Ол мақала «Қазақтың ұлттық ен-таңбасының (кодының) бірі – ұлттық жазу» деп аталады.
Мақала кеңестік дәуірдегі әліпби ауыстырулар, қазақ әліпбиіне амалдап енгізілген орыс тілінің дыбыс, әріптері мен емле ережелері, оның тіл бұзар салдары, латын графикасына негізделген жаңа әліпбиге көшудің қажеттігі мен мақсат-міндеттері, латынға бұрын көшкен түрік, түрікмен, әзірбайжан, өзбек әліпбилерінің жай-күйі, ұлттық жазуымыздың реформаторы А.Байтұрсынұлы анықтап берген қазақ тілінің төл дыбыстары туралы айта келіп, латын әліпбиін негіз еткен жаңа әліпбидің жобасын ұсынады.
Авторлар: «Қазақ әліпбиінің бұл үлгісін ұлттық жоба деп отырмыз. Өйткені, қазақтың 28 дыбысының әрқайсысына тән 28 таңбасы бар… Жоба таңбалары түркі мемлекеттері ұсынған, Астанадағы Түркі академиясы қолдаған «ортақ латын әліпбиінің» құрамынан алынды» деген түсініктеме береді.
Жоба ана тіліміздің, мемлекеттік тіліміздің әліпбиі туралы болғандықтан, оған барынша байыппен қарадық. Ол бұдан бір ғасырдай уақыт бұрын араб әліпбиі негізінде Ахмет Байтұрсынұлы жасаған қазақ әліпбиін еске түсірді. Онда Ахаң анықтаған қазақ тілінің 28 төл дыбысы 28 араб әрпімен таңбаланған еді. Мына «ұлттық жобада» да сол 28 төл дыбысымыз латын әліпбиін негіз еткен 28 әріппен белгіленіпті. Яғни 21 төл дыбысымыз латынның соған жақын айтылатын 21 әрпімен, 6 төл дыбысымыз осы 21-дің алтауына қосымша белгі қою арқылы (Ǧǧ, Öö, Üü, Ŋŋ, Şş, İі), бір дыбысымыз – латын әліпбиінде жоқ «Әә» әрпімен таңбаланыпты. Ал латын әліпбиінде біз пайдаланбаған 4 әріп (Ff, Hh, Vv, Xx) қалыпты.
Бұл жобаны 42 әріптен тұратын қазіргі әліпбиімізбен қатар қойып қарасақ, одан «өзіміздікі» деген 28-ді бөліп алып, «өзгенікі» деген 14-ті қалдырыппыз. Сол 14-тің ішіндегі Ёё, Ии, Цц, Чч, Щщ, ъ, ь, Ээ, Юю, Яя дегендердің қалғанын біз де толығымен қолдаймыз. Өйткені, олардың қызметін жобада көрсетілген төл дыбыс әріптері атқара алады. Ал Вв, Фф, Хх, Нһ дыбыстары мен әріптері жөнінде олай айту қиын.
Біздің түсінігімізше, латын әліпбиіне негізделген жаңа әліпби бұдан бірер ғасыр бұрынғы қазақ тілінің емес, қазіргі қазақ тілінің әліпбиі болуы керек. Қазіргі қазақ тілінің жай-күйін, ұшан-теңіз лексикалық байлығын соңғы жылдары шыққан түсіндірме, аударма, терминологиялық және басқа сөздіктерден көруге болады. Мысалы, 2013 жылы ҚР ҰҒА-ның Тіл білімі институты шығарған бір томдық, 1488 беттік үлкен «Қазақ сөздігінде» 106 мың атау сөз бен 48300 сөз тіркесі бар екен.
Енді осы үлкен сөздікке және басқа деректерге сүйене отырып, әліпбидің «ұлттық жобасына» енбеген Вв, Фф, Хх, Нһ дыбыстары мен әріптері туралы өз ойымызды ортаға салайық.
1. «Вв» дыбысы мен әрпі туралы. Үлкен «Қазақ сөздігінде» «В» әрпінен басталатын атау сөздер саны 540-тай екен. Оның үстіне бұл әріп сөздің барлық буындарында, оның басында да, ортасында да, аяғында да келе береді. Демек, «в» әрпі қатысатын сөз тілімізде аз емес екен. Оған қоса жүздеген мың қазақтың аты-жөні әлі де «-ов, -ев, -ова, -ева» болып жазылатыны және бар. Осыншама көп сөзді «в» әрпінсіз қалай дұрыс жазамыз? Бір бөлімін «в» дыбысына жақын айтылатын «у» әрпімен (Европа–Еуропа) жазармыз. Бірақ бәрі бірдей ондай икемге келе бермейді ғой.
«В» дыбысын таңбалайтын «Vv» әрпі латын әліпбиінде дайын тұр. Сол әліпби негізінде жасалған туысқан түрік (v), әзірбайжан (v), өзбек (v) әліпбилері, тіпті араб жазуын қолданатын Қытайдағы қазақ әліпбиінде де «в» (ǧ) әрпі бар. Ал біздің «ұлттық жобада» ол жоқ болып тұр.
2. «Фф» дыбысы мен әрпі туралы. Аталмыш «Қазақ сөздігінде» «Ф» әрпінен басталатын атау сөздер саны 840-тан асады екен. Бұл әріптің сөздің басында ғана емес, ішінде де, соңында да келе беретінін ескерсек, бұл әріп қолданылатын сөздер бұл саннан бірнеше есе асып түсетіні белгілі. Бұған осы әріп қолданылатын адам аттары (Файзулла, Фариза) мен жер-су аттарын (Ферғана, Филиппин) және қосыңыз. Сонда тіліміздегі «ф» әрпі бар сөз бірнеше мыңға жетеді. Әліпбиімізде «ф» болмаса біз оларды қалай жазамыз? Біразын оған жақын дыбысталатын «п» әрпімен жазармыз. Бірақ жаңа ғана айтқанымыздай, бәрі бірдей ондай икемге келе бермейді ғой. Кейбірі тым қарабайырланып кетуі мүмкін.
Бұл әріп біз көшкелі отырған латын әліпбиінде (Ғғ) тұр. Латынға көшкен түрік (Ғ), әзірбайжан (Ғ), өзбек (Ғ) әліпбилері мен араб жазуын қолданатын Қытайдағы қазақ әліпбиінде де (ف) бар. Тек қана біздің «ұлттық жобада» жоқ.
3. «Хх» дыбысы мен әрпі туралы. Бұл дыбыс пен әріп негізінен араб, парсы тілдерінен енген сөздерде қолданылатыны белгілі. Тілімізде ондай сөздер де аз емес. Үлкен «Қазақ сөздігінде» бұл әріптен басталатын 475 сөз бар екен. Бұл әріп те сөздің басында (хабар), ортасында (асхана), соңында (тарих) келе беретіндіктен, тілімізде бұл әріп қатысатын сөз бұдан әлдеқайда көп екені айтпаса да түсінікті.
Бұл әріп жаңа әліпбиде болмаған жағдайда оның орнына оған жақын айтылатын «қ» әрпін қолданып, «хикая» сөзін «қиқая» деп, «химия» сөзін «қимия» деп, «храм» сөзін «қырам» деп, тағы сол сияқты жазады екенбіз.
Ахаң – Ахмет Байтұрсынұлы өзінің «Әліп-бій» оқулығының 1928 жылы Қызылордада шыққан 3 басылымында, бұл әріп әліпбиінде жоқ болса да, оған мән береді. Оқулығының 116 бетінде: «х. Бұл – «қ-ға» жақын дыбыстың әрібі. Қалың (әл-ауқатың) қалай? – халың қалай? Құрметті – хұрметті, қажы – хажы» дейді.
Бұл әріп латын әліпбиінде (Хх) тұр. Түрік (х), әзірбайжан (х), өзбек (х) әліпбилерінде, араб жазуын қолданатын Қытайдағы қазақ әліпбиінде де (ح) бар. Ал біздің «ұлттық жобада» жоқ.
4. «Hh» дыбысы мен әрпі туралы. Қазақ тілінде бұл әріптен басталатын сөз жоқ. Сондықтан ондай сөз үлкен «Қазақ сөздігінде» де жоқ. Бірақ бұл қазақ тілінде «Нһ» дыбысы жоқ дегенді білдірмейді. Ол сөздің басында болмаса да ортасы мен аяғында келеді. Олардың саны да едәуір бар: Гауһар, жауһар, жиһан, қаһар, шаһар, жиһаз, т.б. болып біраз жерге барады.
Ахмет Байтұрсынұлы бұл әріпті өзінің «Әліп-бійіне» енгізбеген, бірақ оның дыбысы тілімізде бар екенін айтқан. Аталған оқулығының 116-бетінде: «Һ әрібінің дыбысы қазақ тілінде бар. Шаршаған кезде «үһ!» деп күрсінеміз. Жақтырмағанда «түүһ!» дейміз. Өкінгенде «аһ!» дейміз. Ауырғанда «Әһ! Әһ!» деп ыңқылдаймыз. Осы сөздерден үһілеу, үһілемек, аһылау, аһыламақ деген сияқты сөздер туады. Бұл әріпті қазақ әліпбиінен шығарғанда мұнымен жазылатын сөздер аз деп шығарылып еді. Аз болғанмен тілде бар дыбыс болған соң, жоқтығы сезілетін көрінеді» дейді.
Бұл дыбыстың таңбасы да латын әліпбиінде (Hh) тұр. Оны осы әліпби негізінде түзілген түрік (һ), әзірбайжан (һ), өзбек (һ) әліпбилері де алып отыр. Ол араб жазуын қолданатын Қытайдағы қазақ әліпбиінде де бар. Ал бұл дыбыс қазақ тілінің төл дыбысы екендігіне қарамастан, ол қолданылатын сөздер қазіргі қазақ тілінде Ахаңның кезіндегіден әлдеқайда көптігіне қарамастан «Нһ» дыбысы мен әрпі «ұлттық жобада» жоқ болып тұр.
Сөйтіп, біз «өзіміздікі» емес деп, «ұлттық жобадан» шеттетілген 4 дыбыс жөніндегі өз ойымызды ортаға салдық. Қазіргі қазақ әліпбиі құрамында олардың болуы керектігін де айттық.
Солай болғанда латын графикасындағы болашақ қазақ әліпбиінде 32 таңба болмақ. Бұл аз да емес, көп те емес. Латынға бұрын көшкен түрік әліпбиінде 29 таңба, өзбекте де – 29 (үшеуі қосарланған әріп), әзірбайжанда – 32, араб жазуын қолданатын Қытайдағы қазақ әліпбиінде 33 таңба тұр.
Бәрін айт та бірін айт, халыққа керегі – жақсы әліпби. Жақсы әліпбидің қандай болатынын ұлттық жазуымыздың реформаторы Ахаң – Ахмет Байтұрсынұлы баяғыда-ақ айтып кетіпті: «Әліпби деген – тілдің негізгі дыбыстарына арналған таңбалардың жұмағы. Неғұрлым тіл дыбыстарына мол жетсе, арнаған дыбысқа дәл келсе, оқуға, жазуға жеңіл болса, үйретуге оңай болса, заманындағы өнер құралдарына орнатуға қолайлы болса, соғұрлым әліпби жақсы болмақ».
Халқымыз ғалымдарымыздан Ахаң айтқандай жақсы әліпбиді күтеді.
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.