«Қазақстанның қалыпты саяси жүйесін орнықтырудағы институттық реформалар»
Жуырда Елбасы Н.Ә.Назарбаев ұсынған бес институционалдық реформаны жүзеге асыру бағытында М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында «Қазақстанның қалыпты саяси жүйесін орнықтырудағы институттық реформалардың ролі» атты «Дөңгелек үстел» өтті. Институт өткізген іс-шараға ғылыми-зерттеу институттарының басшылары мен бас ғылыми қызметкерлері, ЖОО оқытушы-профессорлары, магистранттар мен PhD докторанттар, журналистер, т.б. қатысты. Шараны Институт директоры, ҚР ҰҒА академигі У.Қ.Қалижан «Президент және институттық реформалар» тақырыбындағы баяндамасымен ашты. Мекеме басшысы өз баяндамасында Президент Н.Ә.Назарбаевтың «Нұр Отан» партиясының XVI съезінде ұсынған бес институттық реформасының маңызына тоқталды.
Өркениетті отыз елдің қатарына қосылу идеясымен үндесіп жатқан «Ұлт жоспары – 100 нақты қадамдағы» жоспарлар Қазақстанды күрделі сынақтардан алып өтетініне және біртұтас азаматтық қоғам қалыптастыратынына сенім білдірді. Президент ұсынған реформалардың маңызын айрықша атап көрсеткен У.Қалижан: «Біз үлкен қоғамдық-саяси, рухани-әлеуметтік реформалар кезеңінде өмір сүріп отырмыз. Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев жаңа басқару жүйесін ұсынды. Үкімет пен Парламенттің өкілеттіктерін кеңейтіп, Президенттің әлеуметтік-экономикалық процестерді реттеудегі қызметіне тән қырықтан астам өкілеттіктерді заң шығарушы және атқарушы билікке беріп отыр. Осылай ел дамуының жаңа бағыт-бағдары айқындалу үстінде. Оған Н.Ә.Назарбаевтың: «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: Жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауы куә. Бұл – Қазақстанның жаңа дәуірі басталды деген сөз. Сондықтан да Елбасы базалық құндылықтарды сақтай отырып, Төртінші өнеркәсіптік революцияны жүзеге асыруға бейім Мемлекеттік саясатты ұсынды.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы ұлттық программалық даму кезеңдерін белгіледі. Бұған Нұрсұлтан Назарбаев ең әуелі өзі ұзақ дайындалды. Адамзаттың өркениет жолындағы ізденістерін өлшеді, өз ұлтының ізін кесті, жоғын іздеді. Ол жиһангез адамдай көне кітаптарға, ұлт шежіресіне үңілді. Осылай үштаған ұлттық реформа орнықты. Біріншісі – экономика, екіншісі – саяси реформа, үшіншісі – рухани жаңғыру. Бұл орныққан, қалыптасқан үштік Қазақстанның ұлттық бірегейлігінің кепілі болмақ», – деп ой қорытты. Қазақстанның үшінші жаңғыруы тұсында ұлт бірлігі мен жалпыадамдық құндылықтарды нығайтуда Елбасы ұсынған саяси реформалардың маңызы жоғары деп бағалаған ғалымдар осы тақырып аясында бірнеше баяндама жасады. Экономика Институтының директоры, ҚР ҰҒА академигі, э.ғ.д., профессор Ә.Ә.Сатыбалдин «Реформаның экономикалық негіздері» баяндамасында қазіргі әлемдік нарықтағы Қазақстанның экономикалық диверсификациясы мен жаһандық дағдарыстың ұлттық экономикаға ықпал ету жағдайында Президент Н.Назарбаев ұсынған «әуелі – экономика, сосын – саясат» қағидасының мәніне кеңінен тоқталса, Философия, саясаттану және дінтану институты директорының орынбасары, ф.ғ.д. С.Е.Нұрмұратов ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарды сақтап, қорғай отырып, рухани жаңғыру мәселелерін тілге тиек етті. Сонымен қатар, Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, т.ғ.д., профессор З.Е.Қабылдинов «Тарихи сана және реформа», А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, ф.ғ.д., профессор
Ә.Жүнісбек «Латын әліпбиіне көшудің жолдары», М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, Қазақстан халқы Ассамблеясы Алматы қалалық бөлімшесінің мүшесі, ф.ғ.к., доцент С.В.Ананьева «Ұлтаралық татулық – қазақ қоғамының алтын діңгегі» деген тақырыпта баяндама жасады. «Дөңгелек үстел» барысында
Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының қызметкері А.Ә.Нұржанов та сөз кезегін алып, жалпыұлттық жаңғырудың үшінші кезеңінің тарихи мән-маңызына тоқталды. Ғалым рухани жаңғырудағы тарихи жәдігерлердің роліне айрықша назар аударып, өзі арнайы зерттеген Алматы, Жамбыл облыстарындағы тарихи ескерткіштерді күтіп-баптау, қорғауға алу жайындағы ой-пікірлерімен бөлісті. Басқосу үстінде айтылған ой-тұжырымдар еліміздің қалыпты саяси жүйесін орнықтырудағы институттық реформалардың жүзеге асуында зияткерлік ортаның ерекше роль атқаратынын атап өтті.
Айнұр АХМЕТОВА.