Ұлттық психология және әдебиет
Өмірде таң қала қарайтын дүниелер өте көп. Соның бірі – ұлт. Ұлтта да мінез, өзіндік ерекшелік, ұстаным, кемшілік пен артықшылық болады. Біріншісі айқын көрінген кезде, екіншісі соның тасасында қалады. «Жақсы адамның жаттығы жоқ», – дейді қазақ. Сол секілді, ұлттың да жаманы жоқ. Алайда, әр халық өз кемшілігімен күресе алатын дәрежеге жетуі қажет. «Озық отыз елдің» қатарына кірмек ой бар. Құптарлық іс, әрине. Бірақ одан бұрын жоқты түгендеп, барды жетілдірмек керек. Пері мен періште ғана кемшіліктен ада. Ал ұлтты былай қойғанда, адамның бір басында анау айтарлықтай ағаттықтарды жаңылмай санамалап шығуға болар. Ұлт, бітім-болмыс, даму, өсу, өре төңірегінде «Дөңгелек үстел» ұйымдастырып, әңгімеге психолог пен педагогты тартқан едік.
Жанар АЛИЕВА,
психолог:
– «Психология» ғылымының негізі сонау Грекияда қаланған екен. Ежелгі гректердің сөздік қорында «псюхе» деген сөз болған. «Псюхе» қазақшаға аударғанда «жан», «рух» деген мәнге ие. Ал «психика» сөзі – «псюхе» сөзінің орыс тіліне қарай ыңғайланған түрі. Мысалы, АҚШ, Еуропа халықтары «псюхелі адам», яғни рухты адам десе, орыс ғылымына сүйене отыра тұжырым жасайтын қазақша оқулықтарында бұл сөз «психикасы күшті адам» деген мағына береді. Ұлттық психология әр ұлттың мінез-құлқын, ерекшеліктерін зерттейді. Мәселен, қазақ психологиясы жөнінде айтар болсақ, бұл тұста өзгелерге үйренетін нәрсе өте көп. Әсіресе, Батыс елдеріне. Англияда көршілері қайтыс болса, үйіне көңіл айтып кірмейді. Қазақта: «Қуанышты бөліссең көбейеді, қайғыңды бөліссең азаяды» деген керемет сөз бар. Қазақтар бірінің басына қиындық, қайғы-қасірет түссе, оны бәрі біріге жұбатып, жан-жақтан көмектесіп, бір-біріне жәрдемдесіп, қайғысын көтеріседі. Ал егер бірінің үйінде қуаныш болса, онда соған да қуана алады. Әгәрәки, қазақтың қандай да бір азаматы өз ағайынына қарайласпай, оған бармай, араласпай, қарақан басының қамын ғана ойлап кетсе, ондай адамды қазақ қоғамы қатты айыптайды. Төле би:
Бай болсаң, халқыңа пайдаң тисін!
Батыр болсаң, жауыңа найзаң тисін!
Бай болып, халқыңа пайдаң тимесе,
Батыр болып, жауыңа найзаң тимесе,
Жұрттан алабөтен үйің күйсін! –
деген сөзінен-ақ көп нәрсені аңғаруға болады. Қазақ ұлты өзінің қалыптасу жолында өзге мықты елдер секілді киелі, қадірлі дүниелерді сіңірді. Оның ішінде жауынгерлік, кеңпейілділік, бауырмалдық, мейірімділік, жомарттық, қонақжайлылық, балажандықпен қоса, батырға тән ақкөңілдік пен аңқаулық секілді қасиеттер де бар.
Ақерке БЕРШІНБЕКОВА, педагог:
– Қазақ халқы – өте қонақжай. Қазақ қонақты қатты сыйлаған. Сонда дастарқан жайып, тағамдар дайындап, ет асады. Үй иесі әңгіме-дүкен құрып, қонақпен бірге отырады. Реті келсе, ауылдағы әнші, күйшілерді шақыртып, әңгіме арасында қонақтардың көңілін көтереді. Үй иесінің балалары да қонақтарға қызмет көрсетеді. Осының бәрі үй иесінің адамгершілігін, имандылығын, сыйластығын аңғартады. Қазақ халқының қонақжайлылық қасиетін саяхатшылар мен ғалымдар қатты таң қала жазған. Ел арасында: «Құтты қонақ келсе, қой егіз табады. Қонақ келсе, құт келер. Қонақ қойдан да жуас, май берсең де жей береді. Қонақ аз отырып, көп сынайды. Асыңа тойғызбасаң да, ақ ниетіңе тойғыз. Иесін сыйлағанның итіне сүйек сал. Құтты қонаққа – тәтті тамақ. Жақсы болса алғаның, үйіңнен кісі кетпейді. Жаман болса алғаның, шын досың да шеттейді. Атың барда жер таны, асың барда ел таны. Қонақ бір күн қонса – құт, екі күн қонса – жұт. Шақырғанға бармасаң, шақыруға зар боларсың. Қонағын сыйласа, төрге шық дейді», – деген сөздер бар. Тегінде, осыншалықты таза халық қалайша жаман болсын?..
Бірде Ғабең – Ғабит Мүсірепов: «Бүгін ұлтшылдықпен күресу болып жатыр, ертең ұлтсыздықпен күресеміз», – депті. Рас, бүгіндері ұлттық тұтастық пен ынтымағымыз ыдырап, елім-жерім дейтіндердің азайып бара жатқаны өкінішті. Бүгін қазақтың
емес, қара бастың қамын ойлайтындар да көп емес. Әрқайсысы «бас басына би болғандар» (Абай) жетерлік. Өзгеге жаны ашымақ түгіл, өзін де аямайтындар, керісінше көмегі тиген күнде де көмекейі бүлкілдеп бір нәрсені дәмететіндер көбейді. Осыған қоса, өскелең ұрпақ санасын: «Бай боласың, бастық боласың», – деп улауда. Ұлтқа деген махаббат орнамаған жүректе, барша адамзатқа деген бауырмалдық қайдан болсын? Ұлтты сүйе білудің өзі де ұлылық екен. Шіркін, бір-бірін бауырындай көріп және қиын сәтте кеудеден итермей, қол ұшын беретін күн де алыс емес шығар. Сынаптай сырғыған Уақыт тоқтар емес. Замана беталысын бағамдай алмай, қайда бет алып бара жатқанын білмей абдырап, бағытынан адасқан, осынау бір жанымызда қазақты сүюге орын қалды ма екен, осы? Қазіргі мақсат – ұлттың жоғын жоқтап, кемін түзетуге ұмтылу. Ұлттық рух болмай, шынайылық ештеңе болмас. Бізде көп жағдайда билікті кінәлау басым. Дұрысы дұрыс қой, енді. Қызметте отырғандардың бәрі ел тағдыры үшін жауапты. Бірақ біз, Тәуелсіз Қазақ елінің азаматтары не істеп жүрміз? Өз ұрпағына ата шежіресін, ана тілін, жеті атасын, тарихын, әдебиеті мен мәдениетін түсіндіріп, қыз әдептілігін, ұлт айбары мен кешегі есіл ерлердің ерлігін балаларға дұрыстап жеткізе алдық па? Қазіргі қазақтың болмысын ет жеп, Наурыз мейрамын тойлап, атқа мінумен әбден шектеп тастағанбыз. Қазақтың қазақтығы өз ішінде, оның жанына бітуі керек. Үлкенін ардақтаған, салт-санасын бағалаған ел едік. Бүгінгі замандастарымыздың өзі салт-дәстүрімізді, қазақылығымызды ескіліктің жұрнағы деп қабылдайды. Неге? Себебі, негізден айырылып қалған. Қазір сатқындар, жағымпаздар, өтірікшілер көбейіп кетті. Олар қазаққа жаны ашиды деп ойламаймын. Баяғыда біреу имамға келіп: «Менің жасаған күнәларым басымнан асады. Маған Алланың кешірімін алып берші», – депті. Сонда имам: «Иә, сенің күнәларың бес арықтан лай су ағып құйылып жатқан тоғанға ұқсайды. Бірінші – көзің. Қыз-келіншектерге, мұсылман әйелдерге көзіңді сүзбе. Екінші – сенің аузың. Жақсы сөз айтып, дұға оқып жүр. Шариғат қаламағанды ішіп-жеме. Үшінші – сенің миың. Зұлымдықтың, әділдіктің, менмендіктің не екенін ажырата біл. Төртінші – сенің аяғың. Көргенсіз жерге баспа. Бесінші – ол сенің құлағың. Кесел сөзді терме. Осы бесеуі орындалған кезде бәрі жақсы болады. Мен сені күнәңнан арылта алмаймын. Сен өзіңді-өзің арылтасың», – деген екен. Дәл осы сөзді ұлтқа қатыстыра айтар болсам, он екі мүшеміз сау кезде елімізге еңбек етейік. Себебі, адам барында еш нәрсенің қадірін білмейді. Кез келген халықтың болмысын анықтайтын басты факторлар – мәдениеті, діни ахуалы, жүріп өткен жолы, тәжірибесі, табиғаты, саяси жүйесі мен геосаяси ортасы және интеллекті.
Жанар АЛИЕВА:
– Бүгіндері біршама мәдениеттанушылар адам интеллектінің күн санап артып бара жатқандығы туралы айтып жүр. Бұның басты себебі – «прогресте» екен. Яғни соған сай сана, ақыл-ой, ми, интеллект туралы түсініктің де өзгере бастағаны ақиқат. Интеллектуалды ұлт, интеллектуалды мемлекет, интеллектуалды орта, интеллектуалды ел сияқты ұғымдардың ел арасында қалыптасып, халық санасына толықтай сіңу үшін де ойшылдық, ойлылық, ақылмандық алдыға озуы қажет-ақ. Ресейлік философ Роман Акоян: «Интеллектуалды мемлекетке айналу үшін бес нәрсені ерекше атап өтер ем. Біріншіден, халықтың сауаттылығы (оқу, білім, кітапқа құштарлық), екіншіден, өнердің бағалануы, үшіншіден, ғылымның дамуына мүмкіндік жасау, төртіншіден, биліктің интеллектуалды синдикаттарды пайдалана алуы, бесіншіден, этикалық һәм эстетикалық нормаларды мықтап меңгерген патриот жастардың көбеюі». Қазіргі қазақ қоғамындағы көптеген көкейтесті мәселенің бірі – ой еңбегінің, жалпы ойшылдықтың аса құны жоқ екендігі. Өкініштісі де осы. Басқаны айтпағанда, «шоулық мәдениеттің» өзі бұқара санасын жаулап, жақсының не, жаманның не екенін айыра алмайтын дәрежеге жеткізді. Бұны құлдырау, құру, жойылу, деградацияның бастауы деуге негіз бар. Жылт еткен жылтыр дүниеге елеңдеп, бір күнде атақты боп, ал келесі бір айда есімін есіңе түсіре алмайтын дәуірде өмір сүріп отырмыз. Соның тасасында елге, мемлекетке, ұлтқа, қазақ ұлтына қажетті қаншама дүниеден құры қалып жүргенімізді бір сәтке ойласақ қой. Сондай-ақ: «Біз кімбіз?» деген күрделі сұраққа жауап іздегенде өткенмен қатар бүгінгі күні атқарылып жатқан жұмысты бірге саралау қажет. Біз әлі де болса бұлғағы мен бұралаңы көп жолымызды анық саралап, оның бүгінгі күнгі болмысымызға әсерін толық зерттеп, зерделеп үлгерген жоқпыз. Кеңес дәуірінде тарих бізге көбіне-көп уақиғалар тізбесі ретінде көрсетілді. Ал шын мәнінде, тарихтың бүгінгі күнге әсерін сезіну үшін негізгі үрдістерді, әр кезеңде қоғам алдында туындаған сынақтар мен жаңа талаптарды талдауымыз кажет. Сол алуан үрдістер, табиғат, қоршаған ортадағы өзгерістердің қоғамға әсері көп таразыланған жоқ. Дәстүріміз бен мәдениетіміз сыртқы факторлар әсерінен тежеуге ұшыраған. Бұның себеп-салдарын тарихтан іздеген жөн. «Біз нені дұрыс істемедік? Қай жерден қате жібердік?» деген қос сұраққа жауап беруіміз қажет. Кез келген алдыңғы қатарлы қоғам бет-бейнесін, құндылықтарын анықтауда ең шешуші роль атқарған – дін. Сондықтан қазіргі қазақ қоғамында дін тек құлшылыққа арналған дүние ғана емес, саяси қаруға айналды. Біз қазақтар бір нәрседен қорқамыз. Бірақ неден қорқатынымызды өзіміз де білмейміз. Кеңес дәуірінде бойымызды дендеген үрей әлі шырмап тұр. Дамыған елдер нарықтық экономикаға, яғни қазіргі заманғы экономикаға көшкен кезде сол буржуазиялық дәуірінен басталған үлкен рухани инъекция болды. Яғни материалдық құндылықтардың басып кетпеуіне қарсы инъекция болды. Осы себептен үздіксіз сол заманнан бастап Батыстың да, Шығыстың да ұлы ойшылдары сол инъекция арқылы халықтың рухани келбетін сақтап қалды. Ал бізде болса, өкінішке орай нарыққа көшкен кезде сол инъекция жасалмаған еді. Сондықтан да бізде қазір материалдық құндылық басым салмаққа ие. Артықшылығымыз – біз едәуір ашық қоғамбыз. Бірақ біздің ашықтығымыз Поппер жазған Батыс ашықтығынан гөрі басқа. Ашықтық кезінде көшпенді мәдениеті табиғатына сай қажеттілік болды. Өйткені, сырттан келген адаммен сұхбаттасу, қарсы алу, күту – табиғи қажеттілік еді. Ашықтық пен бөтен пікірге төзімділігіміз қатар келе жатыр. Бірақ бөтен пікірге төзімділік арнайы тәрбие арқылы емес, бөтен пікірге немқұрайлылық арқылы (мен бөтен идеологияны айтам) қалыптасты. Міне, осының бәрі біздің бүгінгі болмысымызды анықтап отыр. Сонымен қатар, қазақ халқы жаңалыққа құмар, жаңа ортаға тез бейімделгіш. Бұл да артықшылығымыз. Сол себептен дербестігіміз жаһанданудың жаңа үдеуімен тұспа-тұс келуі бір жағынын сын, екінші жағынан үлкен мүмкіншілік. Бірнеше ғасыр сенім мен заңнан билік жоғары тұрғандықтан шайылған құндылықтарды түзеуде дамыған елдерге қарағанда бізде биліктің мүмкіндігі мол. Алайда, билікте мүмкіндікті қосымша жауапкершілік деп түсіну жоқ. Бүгінгі қоғам ахуалын, моральдық дағдарысты біз ересектер өз жауапкершілігімізге алуымыз керек. Себебі, бүгінгі қоғамға ықпалды биліктегі де, қалталы да, парақор да, саясаткер мен зиялы да, орта және аға буын өкілдері.
Ақерке БЕРШІНБЕКОВА:
– Мемлекеттіктің тірегі – азаматтық, отансүйгіштік. Азаматтықтың да, экономиканың да тұрақты алға қарай жүруі үшін қажет ішкі еркіндікті мемлекет әлі жолға қоймай келе жатыр. Отансүйгіштік жағынан алсаң санаға әсер ететін сыртқы формалардың өзі де кейде кеш дамып жатады. Мысалы, сіз қазір Көктөбеге шығып көз жіберіңізші, жанарыңызға неше ту ілінер екен? Бір-екеуі-ақ шалынар-ау… Ал егер Сіз Стамбулда кез келген жерден қай жағыңызға қарасаңыз да, ондаған ту көресіз. Астана – әлемде мемелекеттік туы өте сирек ілінген астаналар санатында. Азаматтық болу
үшін азаматтық құқықтарды жүзеге асыруға жағдай туғызу керек. Сонда ол азамат мемлекеттің бет-бейнесін анықтайтын болады. Сонда мемлекет мүддесін қоғам қорғай алады. Мүддені қорғау үшін мүддені түсіну керек. Мүддені жалғыз билеуші топ түсінбейді. Билеуші топтың мүмкіндіктері қоғамның мүмкіндіктерін жүзеге асыру үшін берілген.
Біз қалыптасып келе жатқан мемлекетпіз. Сол үрдіс тезірек өзінің бір нәтижесін беру үшін әлі де болса билік тарапынан да, қоғам тарапынан да үлкен ішкі жұмыс қажет. Бәрінен бұрын мінез өзгеруі керек. Жасып қалғанымыз соншалық, жасқаншақ күйге түскенімізді де байқамаудамыз. Жаратқанға жақын, қанағатпен дос ел ек, Алашым аштан бұратылғанға ас ұсынып, жылу жинап беретін ғаламат ғұрпынан із де қалмағандай көрінеді. Туған бауырына қонаққа бармайтын, көршісі өлсе көңіл айтпайтын батысшыл мінез бізде қайдан пайда болды?.. «Кеден-кеден болды, кедергі неден болды?..» дегендей, қай жерден жаңылдық, қай жерден қателестік, ағаттық қай жерден кетті?.. Сұрақ көп, ал жауапқа келгенде жалтарамыз. Даттасаң жауыңа, мақтасаң досыңа бір сәтте-ақ айналып шыға келеді. Тәртіп бұзылған кезде, тәрбие де бұзылады. Егер дәл осы қанатты сөз бір пәлсапашыныкі болмаса, онда бұны бейтаныс автордың еншісіне қалдыруыңызды өтінер ем. Көздің құрты – қырмызы-қыздардың жаттың жанында жүргені жанға батады екен-ау.
Біз қандай едік? Қазір қандаймыз? Болашақта қандай болмақпыз? Кез келген өсер ұлт өзіне осы үш сұрақты қояды екен. Ел қамын ойлаған Едігелер де бұған бас қатырғаны анық. «Біз қандай едік?» дегенге толымды әрі мардымды жауап ала аламыз деген ойдамын. Уағында жер қайысқан қолмен Ұрымда ұрыс салып, Қырымда қырқысып, шапса тұлпар тұяғы талатын, ұшса құстың қанаты талатын ұлан-ғайыр Еуразияны билеп-төстеген елдің ұрпағы екенімізді ұдайы айтамыз. Даридың басын алған Тұмар патша, атын естісе ат үркетін Еділ патша, Әлемді жаулаған Ескендірдің жары Роксана, Үндістанда патшалық құрған Бабыр, Мысырды билеген Бейбарыс, сүйегі Сирияда жатқан «Екінші ұстаз» әл-Фараби, ортағасыр обсерваториясын жасаған аспантанушы Ұлықбек, Моғолстан тұсында өмір сүрген әйгілі тарихшы, жылнамашы Мұхаммед Хайдар Дулати, Орталық Азияны зерттеген Шоқан, барша орысты аузына қаратқан Бауыржан, қазақтың соңғы ханы Кенесары біздің бабамыз екені абырой емей, немене?! Осынша ұлыларды тудырған қазақ топырағы құнарлы, тұқымы асыл екені даусыз!.. Ендігі екі сауал – қазір қандаймыз? Және болашақта қандай болмақпыз? Келешек бүгіннен басталады. Сол себептен бүгінгі қазақ қоғамындағы рухани өзгерісті, рухани ахуалды сөз еткенді жөн көрдік. Толстойдың: «Бәрі Ресейді құтқарғысы келеді, бірақ өз жанын ешкім құтқарғысы жоқ…», – деген болатын. Дәл осы өлшем өз өміршеңдігін жоймағаны өз алдына, бұл замана туғызған рухани кодекс, этикалық нормаға айналып үлгерді. Қазақ өз жанын құтқаруға қаншалықты дәрмені бар? Және соған қаншалықты бейілді? Жалпы, бойымыздағы асқынып бара жатқан кесел мен жабысқан кесірді жоюға дайынбыз ба? Бүгінгі қазақ қоғамында түрікшілдер, арабшылдар, қытайшылдар, орысшылдар, тым батысшылдар мен әсіре шығысшылдарды қиналмай табасыз. Көзге көрінбейтін шекараның арғы-бергі жағына емін-еркін, еш қиналмастан өте беретін ұлтқа айналдық па?! Бүгіндері анасына ақыл үйретіп, әкесіне жөн сілтейтін ұрпақ дүниеге келді. Бұны биолог ғалымдар «адами аралдағы құндылықтардың ауысқаны» дейді екен. Мысыр пирамидасын төңкеріп қойғандай нәрсе. Бұнымен қатар, оңай олжа тауып, тез байығысы келетіндердің көбеюі – елдегі капитализмнің балаңдау дамыған түрі деуге негіз бар. Нарықтық қарым-қатынас кезінде социализм ортақтастырған адамдарды эгоцентристке, жеке өмір сүретін адам кейпіндегі аңдарға айналдырды. Күн санап индивидуалистер көбейіп, қоғамда іріген сүттей бөлшектелген топтар пайда болды. Ғайсаны сатқан Иудадай, ондай «бірлестіктер» капитал үшін ұлттық мүддені де аяқасты етуге дайын.
Жанар АЛИЕВА:
– Әлем әлеуметтанушылары: «Жер-шарында идея сарқылып бара жатқандықтан, адамдар идея мен форманы барынша пайдалануға ұмтылуда…», – деген тұжырымға келді. Адам ойын технология мен мультимедиялық мәдениет жаулаған заманда бұл пікірдің орынды екеніне еш күмән жоқ. Яғни бұл – болашақта табуға айналған дүниелерді бұза беруге болады дегенді білдірмей ме?! Құндылықтар құны жойылып, заң атаулысына да күмәнмен қарайтын заман туады деген сөз. Ұлтты оятудың бір формасы – әдебиетке қолдау көрсету. Әдебиет пен мәдениетсіз ұлт ретінде өспейміз.
«Қазіргі қазақ қоғамындағы ахуалды суреттеп, ірі-ірі конфликтілерді көрсететін туынды неге жазылмай жатыр?» деген сұрақ жазушыларға жиі қойылып жүр. Ондай шығарманы жазбас бұрын: «Бүгінгі қазақ қандай? Тәуелсіздік алғаннан бері ол қаншалықты өзгерді?» деген сауалға жауап берген дұрыс. Әдебиет – Ең жоғарғы сыйлықты алумен өлшенбесе керек. Ұлы сөзде ұят жоқ! Сыйлықтың айналасындағы әңгіме Августин Аврелийдің: «Алдым – өлдім» деген қанатты сөзімен сарындас секілді. Жас әдебиетшілер армандаған шынайы әдебиет осы ма? Ағалардың Жоғарғы сыйлық үшін таласып, бет жыртысып, бір-бірінің күнә-кемшіліктерін басылым бетіне көлдей-көлдей, пайдасы аздау мақалалар жазып, тырнақ астынан кір іздеу әдебиет емес.
Оқырмандар жазушыдан, ал жазушы өз кезегінде оқырманнан кінә іздеуде. Оқырман уәжі: «Жақсы туындылар жоқ», – дегенге сайса, жазушы: «Халық кітап оқымайды», – деген пікіріне берік. Алдымен халық пен оқырман деген екі ұғымды анықтап алайық. Мемлекеттің ішінде көптеген ұлттар мен этностар өмір сүретіндей, халықтың ішінде де өнерді сүйетін немесе өнерді өнер деп қабылдамайтындар бар. Бұрындары жазылған романды редакциялап қайтадан баспадан басып шығарудан жазушы ұта ма? Оқырман өз көзімен көрген, өз қолымен ұстаған, өзі сезінген, жүйкесіне тиген, жанына батқан мәселелер турасында оқығысы келеді. Егер сөз өнері дәл сол үдеден шықпаса, онда оқырманнан айырылдым дей беріңіз. Бар болғаны осы. Германияда драматургтар мен сценаристерді дайындайтын орталықтар бар екен. Оған біздегідей қолды байлайтын, уақытты өлтіретін толған құжат-қағаз қажет емес. Оларға керегі – бойыңыздағы қабілет-қарым әрі дарын ғана. Әлгілер орталықты тәмәмдаған соң кәсіби драматург деген диплом алады да, қаны сорғалаған тақырыптарға жаза бастайды.
Ақерке БЕРШІНБЕКОВА:
– Герман Мелвиллдың «Моби Дик» романын басында жалпы көпшілік қабылдамаған білесіз бе?! Тек теңізшілер мен балықшылар оқыған. Кейін ол кітап каютада іші пысқан жолаушылардың қолына түседі. Содан соң портта, жағажайлардағы тұрғындар мен демалушылар қызығушылығын оятады. Ал қазір ол шығарманы білмейтін адам жоқ шығар. «Моби Дик» тек балықтар туралы ғана емес, адамның қандай жауыз, сұмырай, надан, сонымен қатар қаншалықты мықты, саналы, ержүрек, батыл жаратылыс иесі екенін паш еткен роман. Сол секілді, қазіргі қазақ әдебиетінде де үлкен шығармалар жазылса. Бүгінгі тақырыпқа, бүгінгі проблемаға. Ондай туындылар аз. Іздейсің таппайсың. Тапқан күннің өзінде көркемдігі төмен. Амалсыздан Коэльо, Мураками, Акуниндарды оқисың. Әдебиет күшті болу үшін алдымен халықта талғам қалыптасу керек деп ойлаймын.
Жанар АЛИЕВА:
– Талғам мен жаңа дүниенің арасында қандай байланыс бар?.. Талғам қалыптасады, бұзылады, қайта қалпына келеді. Өміріңізде бір рет қана иіскеген әтір секілді. Есіңізде қалғанымен уақыт келе ұмыта бастайсыз. Сол әтірді екінші рет иіскегенде, есіңізге түседі. Талғам да сол сияқты. Басқа иістермен салыстырмайынша, оның озық және тозық тұстарын бағамдай алмайсыз. Ал талғамның бұзылуы иіс сезу, есту, көру, сипап сезу мүшелерінен айырылуымен тең. Талғампаздық жөнінде сөйлегенде бірден ескіні қозғаймыз. Жаңадан мысал келтіргендерді өте сирек көрдік. Неге? Тарихи талғам мен бүгінгі эстетиканың арасы жер мен Көктей ғой. Қайбір грек данышпаны: «Төбемдегі жұлдыздар мен аққан өзенге таң қалудан қалмаймын» дегендей, шетел әдебиеті турасында сөз қозғалса тыңдағымыз жоқ, бірақ солардың пікірі біз үшін аса қымбат болып шығады. Әдебиет, мәдениет, өнер турасында жазылған рецензия, философиялық эссе, очерк жанрында жазылған дүниелерді әлем демей-ақ қояйын, іргелес Ресей әріптестеріміз оқып, шынайы бағасын бере алатын дәрежеде жаза аламыз ба? Дулат Исабековтың пьесасы Лондонда сахналанды. Мойындауымыз керек, бұл қазақ әдебиетіндегі ірі оқиға болды. Алайда, дәл сол сапар туралы, қазақ драмасының ағылшын қабылдауындағы тылсым тұсы жөнінде ешкімнің сараптамалық мақаласын оқи алған жоқпыз. Қазақ пен ағылшынның ойын, сөйлеу, қимыл-қозғалыс, түсіну, түйсіну, жеткізу, көру, байқау, көрерменмен театр тілінде тілдесу ерекшелігі туралы көлемді дүние оқығымыз келгенін жасырудың қажеті жоқ шығар. Бірақ «болды» және «өттімен» шектелдік. Сапардан Отанына оралған соң Дулат Исабековтың «Жас қазақ үніне» берген сұхбатын оқыдық. Онда: «Ағылшындар бізді білмейді, оқымайды деп сырттай айта береді екенбіз. Қазақ жазушыларының көбісін ағылшыншаға аударып, кітабын кітап, аудиодискын аудиодиск күйінде сақтап қойған екен. Осыған қатты таң қалдым», – деді драматург. Сан ғасырлық әдеби дәстүрі бар Англияның қазақ әдебиетіне патша-көңілін аударып, соншалықты құрмет көрсеткені шынымен де таң қалдыратын нәрсе болды. Бірақ бұл әдеби жаңалықты да аса салқын қабылдадық…
Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Еуропада жұмыссыздық, аштық, қымбатшылық, жоқшылық белең алған уақытта халық уақытша өнерден қол үзуге тура келді. Себебі, кітап оқып отырып аштан қатқандарды барынша құрметпен жерлесе де, көбісі бүйтіп ажал құшқысы келмеді. Бетховен симфонияларын тыңдап жатып жоқшылықтан көз жұмғандарға артын ашып күлгендер болған жоқ. Және бұл құбылыс әпенделікке де баланбады. Жан бағып, бала-шаға асырау керек. Қырық сегіз-елуінші жылдарға таман ірі оқу орындары өзін жұмысын жалғастыра бастағанда элиталық топ балаларына алдымен әдебиетті, одан кейін музыканы, одан кейін барып сурет және мүсін өнерін үйретті. Сол кездегі Еуропа көзіне жас алып тұрып «Экономика мен қаржы сабағы қатар өтілмесін» деген заң қабылдады. Неге екенін білесіз бе? Өйткені, әдебиетті коммерцияға айналдырып, ақшаға айырбастауға түбегейлі қарсы болды. Дегенмен де, бүгіндері дағдарыстан шыға алмай жатқан Еуропаның әлсіз мемлекеттерінен халық жағдайы жақсы, шатқаяқтамай тұр деген елдерге жер аударуға мәжбүр. Бірақ классика мен коммерция деген қос ұғым тоқайласқан жоқ. Баспагерлер әлсіз шығармаларымен әлемге танылған жазушылардың арқасында пайда көрді. Себебі, капитализм оларды дамудың сол сатысына алып келді. Анти-исламдық һәм эротикалық сипатта жазатын Мишель Уэлбектың кітабына сұраныс өте жоғары. Оны басқан баспагер миллионер болатын дәрежеге жетті. Ал еліміздегі мәдени ахуал мүлде бөлек. Классиктеріміз сөрелерде сіресіп тұр, ал эстетиканың ауылынан алыстап кеткендерді оқу былай тұрсын, кітабының мұқабасына қарауға бейілді болмай шықтық. Нағыз ақын Халықтың өзі екенін ұмытып кететін секілдіміз. Біз кітапқа, шынайы өнерге Поэзия арқылы ғана ораламыз. Өйткені, тұқымға жазылған дүниені өзгерту қиындау. Түсінуге қиын, авторлық романдар жазайын десең халық оқымайды, ал даңғаза, дүбара, шикі нәрселерден әлі де жерінер емес. Дилемма! Ауада өзгеріс иісі сезіледі. Бірақ ол қашан боларын ешкім дөп басып айта алмайды. Бірақ ол жаңару алыс емес сияқты…
Егер есімнен шықпаса алпыс бес-жетпісінші жылдары Америка өнерінде коммерция басым болып, Бродвейдің ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс еді. Билеттер алдын ала сатылып кететін-ді. Сондағы көрсететіні – бір қатарға тізілген қыздардың жалаңаш саны, би, ән-думан, шоу және тек қана мелодрама. Бұндайдан жалыққандар Бродвейге келмейтін болды. Өзгеріс басы осыдан басталған-ды. Одан кейін отандық драматургияға аты әлемге әйгілі жазушылар келе бастады. Көш басында Теннесси мен Миллерлер тұрған еді. Басында театрдың алғашқы екі қатары ғана әзер толатын. Табысты ойлаған театр басшыларының ақшасы күйді. Үмітсіз шайтан. Олар сабырсыздық танытпай, әліптің артын бақты. Міне! Шоудан шаршағандар шынайы, психологиялық, ұлттық проблеманы арқау еткен театрға асыққан көрерменде есеп болмады. Арты жаман болған жоқ. Сондағы драматургтардың пьесалары Голливудта экранизацияланды… Дәл сондай күйді қазір біз де бастан кешудеміз. Шу мен ду көп, шынайылық жоқ. Сондай бір жағдайға бой үйреткеніміз соншалық, әншінің айтқан әр сөзі ақиқат ретінде қабылданатындай көріне бастады. Сондықтан әдебиет, мәдениет пен өнердің өрісі кеңеймей, ұлт та өспек емес.
Әзірлеген Әлібек БАЙБОЛ.