Бір халық бір тілде сөйлесін
«Тілі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деген Ахмет Байтұрсынұлы нақылын оқулықтардан оқи алғанымызбен, көңілімізге әлі сіңіре қоймағандаймыз. Бір елде өмір сүре отырып, екіге жарылған өзен сағасындай екі тілде сөйлеуіміз хақындағы «дастанды» айта-айта жауыр қылдық. Енді өз тіліміз туралы естудің өзін намыс санап, шаршай бастаппыз. Ширек ғасыр өтсе де «тіл, тіл» деп әлдекімдермен айқасып келеміз. Әсілінде, біз күресіп жүрген «жаулар» өз қаракөздеріміз екені ойға түскенде, санаңа келген сан сауалға жауап таппай қиналасың. Туған тілінің жоғалып бара жатқанын түсінде көріп «тілім ертең құритын болса, бүгін-ақ өлуге дайынмын» дейтін Ғамзатов жырынан артық ана тілдің қасиетін сездірген кім бар? Әрине, қаншама ғұламалар тіл туралы айтып та, жазып та қалдырған. Ал халқының арасынан шыққан екі адамның жат тілде сөйлесіп тұрғанын қабір астынан еститін Ғамзатов жырындағы кейіпкер дәл бүгін бәрімізге таныс өз қандасымыздың образын еске түсіреді. «Тіліміз жоғалып бара жатыр» деп дабыл қаққанмен, сол тілдің қасиетін әрбір адамның жүрегіне сіңдіре алу – екі бөлек іс секілді көрінеді. Ана тілімізді қомсынып, өзге тілдің әуеніне тамсанып жүрген бір уақытта, күндер келіп, Расулша айтқанда, «өлеңдерін қазақ тілінде жазатын ең соңғы ақынның» жырын естуге зар болып қалмайық. Тіл төңірегінде қазақ тілін ерікті түрде үйретіп жүрген әуесқой тіл маманы, «Ситуативный казахский» кітабының авторы Қанат Тасыбековпен әңгімелескен едік.
Қанат ТАСЫБЕКОВ,
әуесқой тіл маманы,
«Ситуативный казахский» кітабының авторы
– Мамандығыңыз филолог болмаса да, қазақ тілін үйренуге арналған «Ситуативный казахский» атты кітап шығардыңыз. Қазірдің өзінде үш томы жарық көрді. Оған сұраныс аз емес секілді?
– 2012 жылы «Ситуативный казахский» атты кітабымның бірінші томы жарыққа шықты. Ол кезде мың данамен шығарған едім. Сол кітапты оқырмандар екі-үш айда талап алып кетті. Сұранысқа байланысты оны қайта шығардым. Бүгінгі таңда жалпы тиражынан сатылғаны отыз алты мың данаға жетіп қалды. «Меломан» кітап дүкені алты мыңнан аса кітап сатты. Қазірге дейін бұл кітаптың үш томы жарық көрді. Таралымы жылдан-жылға үдей түспесе де төмендеп жатқан жоқ.
Негізінен, менің мамандығым филолог емес. Жылқы шаруашылығының маманымын. Бала кезден жылқыға құмар болып өстім. Орыс тілді болғандықтан, бала кезімде жылқы туралы орысша өлең жазатын едім. 1981 жылы Алматыдағы малдәрігерлік институтты бітірдім. Одан кейін Мәскеудегі Тимирязев атындағы академияға аспирантураға түстім. 1984-1988 жылдар аралығында үш жылдан артық сонда болдым. 1988 жылы жылқы шаруашылығынан кандидаттық диссертация қорғадым. 1990 жылы доцент болып, ал 1994 жылы «Болашақ» бағдарламасымен жылқы шаруашылығы бойынша Францияның Дижон қаласынағы Бургундия университетінде докторантурада оқыдым. 1998 жылы елге қайтып келіп, ауыл шаруашылығы саласында бизнеспен айналыстым. 2010 жылдары өмірімде үлкен бұрылыс болды. Ақшадан, күйбең тіршіліктен басқа да дүниелер бар ғой деп ойладым. Мен өзім қазақ болып тұрып неге қазақ тілінде дұрыс білмеймін? Сондықтан тіл меңгеруге бел будым. Ол кезде кітап жазу туралы ойлаған жоқпын. Ең алдымен тілді біліп алайыншы деген ой болды. «Елу жыл – ел ағасы» деген сөз бар ғой. Елуден асқанда өз тілімді үйренуге бел шеше кірістім. Жиындарда бата бергізіп, сөз кезегі келгенде қазақша дұрыс сөйлей алмағаныңа ұялады екенсің. Сөйтіп, тіл оқи бастадым. Бір-екі жылдай оқығаннан соң, қарап отырсам, біршама дүниелер жиналып қалыпты. Қазақта мақал бар ғой «Білгенді білдірмесең білгенің бар болсын» деген. Осыны неге бөліспеске деп «Ситуативный казахский» деген кітап жаздым. Орыс тілді бауырларымызға қазақ тілін оқуды оңайлату мақсатында өз тәжірибеммен бөлісіп жаздым. Мен тіл үйренгенімде белгілі бір әдіспен оқимын деген ой болған жоқ. Логикалық тұрғыдан қарағанда, бізде нәтижелі әдістеме жоқ. Өйткені, көріп отырғанымыздай, орыс мектебін бітіргендер қазақша сөйлей алмайды. Тіпті, үлкен басшылардың өзі қазақша сөйлеуге мұқтаж. Олар оған міндетті ғой. Қазір аздап сөйлей бастады. Осындай тұлғалардың өзін сөйлеткізе алмай жатқанның себебі – әдістеме жоқ. Сосын қалай оқысам екен деп ойладым. Қазақтың «орыс ойына келгенін істейді» деген мақалы бар. «Орыс ойына келгенін айтады» дейді. Орыстар шынында да емін-еркін сөйлейді. Қалай бастағысы келсе солай бастайды. Не айтса да өз еркінде. Ал біз ондай емеспіз. Мысалы, келін түсіру тойында басқаша сөз сөйленеді, ал қыз ұзату тойында басқа бір сөздер айтылады. Мен осыны қару қылдым. Мысалы, әр жерге барғанда дайындалып бару керек. Қолданыстағы сөздерді жаттап, барған жерінде қолдану қажет. Біз тойшыл халықпыз. Осындай атаулардың ең маңыздысы – қаза. Тойларда «кешіріңіз мен қазақша шорқақтаумын, орысша сөйлейін» дегендер әлі де кездеседі. Ал қазаға барғанда сіз «мен орысша айтайын, я очень жалею, приношу соболезнования» деп айта алмайсыз ғой. Осындай жағдайларға байланысты туындаған «Ситуативный казахский» кітабы, қазақша «Жағдаяттық қазақ тілі» деп аталады. Осындай жағдайлардың төресі – қаза. Қазаға барғанда, тойға барғанда айтылатын арнайы сөздер бар. Соларды жаттап, соны қолданып сөйлей бастағанда адамдар қанаттанады. Өзі дұрыстап сөйлей бастағаннан кейін қанаттанады. Біздегілер қазақ тілін француз, ағылшын тілін оқытқан секілді оқыта бастайды. Оны оқығандар шала-пұла әңгіме-дүкен құрғысы келіп, шатасып қалады. Менің кітабымда күлкілі иллюстрациялық суреттер бар. Сонда тойдағы шамдар бар ғой. Соны үйленіп жатқандарға беріп тұрып «жатқан жеріңіз жарық болсын» дейді. Орысшадан аударғанда дұрыс болғанымен, қазақша мағынасы басқаша естіледі. Адам өзі білген сөздермен, жаттап алған ережелермен әңгіме-дүкен құруы мүмкін емес. Кішкентай балалар, не ересек адамдар болсын тіл үйренгенде ол тілде сөйлейтін адамдар қандай сөз тіркестерін қолданатынын ұғып алып, жаттап, қайталап үйренеді тілді. Адам өз-өзімен әңгіме-дүкен құруы мүмкін емес. Осылай топшылағаннан кейін бірінші кітабымда осындай жағдайлардағы сөз орамдарын келтірдім. Оның ішінде мыңға жуық сөз орамдары болды.
– Біршама уақыттан бері ерікті түрде тіл саласында қызмет етіп жүрсіз. Кезінде ата-анасының ықпалымен орыс сыныбына барып, өз тілінен ажырап қалған қаншама қандастарымыз бар. Сондай жандар өзінің ана тілін үйренуге қаншалықты қызығушылық танытады?
– Адамдар сан алуан пікірлі болады ғой. Негізінде адамдар үш топқа бөлінеді. Құбылыс немесе феномен болсын, біріншісі – соны жақтайтындар, екіншісі – оған қарсы шығатындар және үшіншісі – бейтарап жандар. Сондықтан қазақ тіліне келгенде де орыс тілділердің бір тобы ұялғанынан ана тілін үйренуге ұмтылады. Ал екінші бір топ қазақ тіліне қарсы шығып, оны керек етпейді. Ал үшіншіден, адамдардың дені – бейтарап жандар. Бұлар жұмысбасты болғандықтан, өз шаруаларын ғана ойлайды. Міне, осындай жандармен жұмыс істеу керек. Біздің тіліміздің әдемілігін, болашағы зор екенін соларға ұқтыру қажет. Біздің діттеген нысанамыз сол адамдар болуға тиіс. Оларды «сен оңбағансың, мәңгүртсің, қазақша білмейсің» деп төмпештеп, кеудесінен итеруге болмайды. Керісінше, әдепті түрде салт-дәстүрімізді ұтымды жерден көрсетіп, ақырын-ақырын тіл жақтаушыларға қарай тартуымыз керек.
– Қазақстанда түрлі ұлт өкілдері тұрады. Солардың қазақ тілін меңгеруге деген ұмтылысын қалай бағалар едіңіз?
– Өзге ұлт өкілдері арасында қазақ тілін үйренуге тырысатын адамдар өте көп. Мен мұны кітап сатылымынан байқаймын. Басқа ұлт өкілдері, мәселен, орыстар қазақ тілін үйренуге ешқандай қарсылық білдіріп отырған жоқ. Олар тілді оқып, меңгеріп алғысы келеді. Біз өзіміз оларға үйрете алмай отырмыз. Олардың қазақ тіліне деген құлшынысын кітап сатылуы жағынан байқаймын. Қазір бізде тілді үйретіп отырған тіл комитетінің адамдарының бәрі қызыл майын тамызып сөйлейтін тіл төңірегінде жүрген жандар. Бірақ олар тіл білмейтін адамдарға тілді қалай үйрету керек екенін білмейді. Біздің осал жеріміз – осы. Бізге қазақ тілін дәріптейтіндерге, сонымен айналысатын ұжымдарға тілді қалай үйрету керек екенін, қандай мақсаттарды қою қажеттігін, оларды қалай бақылау тиістігін, оның нәтижелерін қалай көру керектігін білетін адамдарды қою керек. Олар өздері ақын-жазушыларды қойып қояды да, олар майын тамызып әңгіме айтады, қазақ тілінің мүшкіл жағдайы туралы өлең жазады. Одан ешқандай нәтиже жоқ. Сонымен осылай жиырма бес жыл жүрміз. Ал басқа ұлт өкілдері тіл үйренгісі келеді. Анда-мұнда барып жүріп, амандасудан бастағанда «қал қалай?» дегенді естиді. Сосын «қал қалай?» дегенді сөздіктен қараса «қал» дегенді тауып алады. Ал «қал» деген бетіндегі «мең». Сосын олар «меңің қалай деп неге сұрады қазақтар?» деп ойлайды. Негізінде «хал қалай?» ғой. Біз сөйлегенде «қал қалай?» деп айтамыз. Бірде-бір жерде осыны түсіндіретін түсіндірме жоқ.
Мен бірінші кітабымда жағдаяттық сөздерді сипаттадым. Қаза, келін түсіру той, қырқынан шығару, т.б. Екінші оқу құралы – диалог. Яғни екінші кітабым диалог деп аталады. Негізгі оқулықтарда « – Сіздің атыңыз кім? – Менің атым Сәкен… – Алматы үлкен қала ма? – Иә, Алматы үлкен қала» деген секілді диалогтар. Адам оқыса күлкісі келеді. Біз өмірде өйтіп сөйлемейміз. Сондықтан мен диалогтарымда өмірге бейімделген, ұлтаралық мәселелерде қолданылатын диалогтарды келтірдім. Оны қазақша жаздым. Орысша тура сөзбе-сөз аударма емес, баламалап көрсеттім. Қазақша оқиды, ал астында орысшасы бар. Керек болса, орысшасын тауып алады. Үшінші том – сөздік. Сөйлесу деген – ол саған айтқанды түсініп, лезде жауап қайтару. Орыс тілділер орысша ойлағандықтан, қазақша жауап беру үшін қиналады. Бірдеме айтқысы келеді. Ойына орысша сөздер келеді. Бірақ қазақша үйреніп жатқаннан кейін қазақша айтуы керек. Ал еш жерде мұндай сөздік болмапты. Менің үшінші кітабым осы жағдайға арналған. Көптен бері көрмеген екі адам кездеседі. Ол адамдар «сколько лет, сколько зим?!» деп ойлайды. Ал оның қазақшасы қалай? «Қанша жыл, қанша қыс?!» десе күлкілі ғой. Сосын кідіріп қалады. Ал мұның қазақшасы «көрмегелі қай заман?!». Осындай төрт мыңдай сөз тіркестерін қолдандым. Адам орысша «нет дыма без огня» деген секілді сөздерді ойлайды. Ал оның қазақшасы қалай? «Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды». Орысша бір нәрсені ұтам деп «чертов-с два!» дейді ғой. Оның қазақшасы «атаңның басы!». Немесе шешесі баласына аяқ киім алып береді. Ал ол оған симайды. Сосын «на тебя не напасешься» деп ойлайды орысша. Оның қазақшасы «саған шақ келмейді» деген сөз. Міне, осындай тура баламалы сөздерді жеткізетін сөздік шығардым. Мұндай сөздік бұрын болмаған. Қазір ол үлкен сұранысқа ие болып отыр.
– Сіз атқарып жүрген қоғамдық іс ойыңыздағыдай нәтиже берді ме?
– Менің көңілімнен шығады. Отыз алты мың жақсы тираж ғой. Герольд Бельгер «Қанаттың кітабы таптырмайтын еңбек» деп жылы лебізін білдірген еді. Мені баласындай жақсы көрді. Сол кісі «бұл әр қазақтың үйінде болуы керек кітап» деп айтатын. Әлеуметтік желіде де адамдар «істеп жатқан жұмысың ғылыми институттардың жұмысы» деген секілді жылы сөздер жазып жатады.
– Болашақта қандай жоспарларыңыз бар?
– Болашақта осы жұмысты жалғастырғым келеді. Күні ертең Моңғолияға барып, орысша сөйлемей, тек қана қазақша сөйлеп, өз бауырларымыздың арасында малын бірге қайырып, қымызын ішіп, әңгіме айтып келемін деп жоспарлап отырмын. Өйткені, маған тілдік орта жетіспейді. Соны іздеп Моңғолияға барғалы жатырмын. Қазіргі жұмысыма қарап көп адам «қазақ тілділер мен орыс тілділердің арасында көпір секілді болып отырсыз» деген пікірлер айтады. Мен өзім «Мәміле» деген клуб аштым. Ұлттық кітапханада қазақ тілін үйренемін деген ересек адамдар әр сенбі сайын сағат 11:00-де сонда жиналып, орыс тілділер қазақша сөйлеп, қазақ тілділер соларға көмектеседі. Менің ең негізгі мақсатым – бір халық болу. Бір халық деген бір тілде сөйлеуі керек. Бір тілде сөйлегеннен кейін бір-бірімізді түсінетін боламыз. Бір-бірімізді түсінгеннен кейін бір-бірімізді жақсы көре бастаймыз. Ал бір елде отырып қазақ тілділер мен орыс тілділер болып бөлінген өте қауіпті жағдай. Әлеуметтік желіні қарасаңыз, орыс тілділермен кәдімгідей үш қайнаса сорпасы қосылмайтындай болып отырмыз ғой. Сондықтан қазақтарды татуластыруымыз керек. Мұның бәрі тілге байланысты. Орыс тілділерді қазақ тіліне баулу қажет. Бәріміз бір тілде сөйлеуіміз тиіс. Бір тілде сөйлегеннен кейін бір халық боламыз. Бір халық болғаннан кейін алдымызда тұрған кез келген қиыншылықтардың бәрін жеңеміз.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен
Нұрлайым БАТЫР.