ТІЛДІ ШҰБАРЛАУ – АРДЫ ШҰБАРЛАУ
Физика-информатика саласының маманы болғаныммен, қазақ тіліне деген жанашыр азаматтың бірі ретінде келешек ұрпағымыздың өз тілін шұбарлап сөйлеуі қынжылтады. Бұл басқа тілді білмесін дегенім емес, үйренсін, бірақ өз тіліңде таза сөйлесе деген ниет. Егеменді ел болып, ес жиып, етек жия бастаған бұл күндері осындай ойға қонбайтын, солақай сорақыларды көзбен көріп, қолмен ұстай отырып, қазақ тілі мәселесі жөнінде толғанбай тұра алмаймыз.
Ел басшымыз «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деп бекер айтқан жоқ. Біз мәңгілік ел боламыз деп жатырмыз, ал мәңгілік елдің тілі өзге тіл болмауы керек. Осыны бойында қазақтың қаны аққан әрбір тұлға білуі керек. Ана тілін құрметтеу әрбір ұлттың парызы.
Тілсіз қоғамның қандай түрі болса да өмір сүре алмақшы емес, ол тілдің өзі қоғам бар жерде ғана пайда болып, өмір сүреді. Демек, қоғамнан тыс, бөлек тіл жоқ. Тіл – қоғамның жемісі. Тіл әрбір адамға ана сүтімен бірге еніп, қалыптасады. Тіл байлығы – әрбір елдің ұлттық мақтанышы. Ол – атадан балаға мирас болып қалып отыратын баға жетпес мұра.
Сондықтан әрбір ата-ана өз перзентінің, от- басында, көпшілік ортада қанша тіл білсең, өзгеден сонша кез биік екенін, дегенмен, алдымен туған еліңнің мемлекеттік тілін білуге міндетті екенін ұдайы бақылап түсіндіріп отыру парыз деп білгені жөн. Себебі, «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілерсің» деген мақал бекер айтылмағаны рас.
Тілді қастерлеу әрбір қазақстандықтың міндеті. Бұл – менің де міндетім. Өйткені, бүгінгі таңда мемлекеттік тілді өз дәрежесінде үйрету – тіл мамандарына үлкен міндеттер жүктеп отыр. Өзге ұлттардың мәдениетімен таныса жүріп, өзге ұлт өкілдеріне халқымның тілін, салт-дәстүрін, мәдениетін, әдебиетін үйрету сала мамандарының міндеті болса, ұл-қыздарымыздың сөздік қорын дамыту, дұрыс сөйлеуге, сауатты жазуға үйрету, сөйлем құрылысын түсіндіру ата-ананың міндеті.
Мен үшін қазақ тілі – анамның асыл сөзі, ата-бабамның көнеден қалған, туған халқымның өзіме аманатқа қалдырған ең қасиетті мұрасы секілді. Маған ана тілім Абайдың ақылы, Мұхтардың қанатты сөзі, Ақанның әні, Құрманғазының күйі болып естіледі. Өйткені, мен туған халқымның бүкіл қасиетін бойыма ана тілім арқылы дарытып өстім. Оң-солымды, жақсы-жаманды, тіршіліктің ащы-тұщысын туған тілім арқылы таныдым.
Сондықтан «Балаңа басқұр қалдырғанша, тозбас дәстүр қалдыр» деп ата-бабаларымыз болашақ қамын қатты ойлап бекер айтпаса керек. Қазақ халқы бар тарихын көшіп жүріп өткізсе де, «батпаққа батырмай, құмға шашпай, жұртына қалдырмай, шабындыға алдырмай, барлық жинаған сөз байлығын күй мен жырын бізге жеткізді. Бұл – бәрімізге де қымбатты мұра, бай қазынаң», – деп сөз зергері Ғабит атамыз айтқандай, көнеден келе жатқан тілімізді одан әрі өрісін кеңейту, өркендету – жастардың, біздердің, еншімізде.
Аманжол Алданиязұлы,
Д.Қонаев атындағы жалпы
орта мектебінің мұғалімі.
Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданы.