ӘР ҚАЗАҚТЫҢ БАСПАНАСЫ БОЛСА…
«Заманауи әлемде елдің қуаты ең алдымен азаматтарының білімімен өлшенеді», – деген еді Елбасы. Бүгінде «Болашақ» бағдарламасымен білімін шетелде жетілдіріп, алған тәжірибесін елінің игілігіне жұмсап жүрген жастардың саны аз емес. Солардың бірі, құрылысшы Олжас Сүлейменов те Елбасы ұсынған «100 жаңа есім» жобасына кіруге әбден лайық деп айта аламыз. Жас та болса Шанхайдағы халықаралық құрылыс компанияларымен иық тірестіре қызмет етіп, бүгінде елге қайтып, қазақ құрылысын өркендетуге атсалысып жүрген маманмен Қазақстанның болашағы төңірегінде әңгіме өрбіткен едік.
– Жақында Польшаға іссапармен барған екенсіз. Шетелдік кәсіпкерлер мен компаниялардың Қазақстанға деген ықыласын қалай бағалар едіңіз?
– Иә, жақында ғана Польшаға барып келдім. Кезінде бір мемлекет болып, Кеңес үкіметі ыдырағаннан кейін бөлініп, Еуропа Одағына кіріп, қазіргі кезде дамуы қарқынды мемлекетке айналып отыр. Бұл мемлекеттен үйренетініміз көп деп есептеймін. Ал егер шетелдік компаниялардың Қазақстанға деген қызығушылығын айтатын болсақ, өте жоғары деңгейде. Өйткені, Қазақстан үлкен нарықтың ортасында тұрған мемлекет. Бір бөлігі Еуропада тұрса, шығыс жағында Қытай бар. Екі алпауыт мемлекеттің ортасында тұр.Каспий арқылы Иран және басқа да мемлекеттерге шығуға мүмкіншілік бар. Сол себепті, қазіргі кезде Қазақстан ТМД елдерінің ішіндегі ең жақсы платформа деп айтуға болады. Өйткені, саясатымыз өте жақсы. Мемлекет экономикасы да қарқынды дамып келе жатыр. Бірақ істейтін жұмыстар өте көп. Шетелдік компаниялар бізге келуі үшін оларға жақсы жағдай жасап, қолдау көрсетілуі керек. Қолдау көрсетілмесе де жұмыстарына кедергі жасамау қажет. Шетелдік компаниялардың келгендерінен қорықпай, қайта оларға жағдай жасайтын болсақ, жұмыс орындары көбейіп, экономикамыз дамиды. Құрылыс саласын алсақ, бізге шетелдік құрылыс компаниялары келетін болса одан біз қорықпаймыз, қайта бәсеке жоғарылайтын болса мемлекетіміздің компаниялары да сапасын көтеріп, жақсы жұмыс істеуге тырысады. Әрдайым халықаралық деңгейдегі бәсекеге дайын болады. Дүниежүзілік сауда ұйымына кіріп жатқан кезде осылай жақсы дайындалмасақ, көп нәрседен қалып қоямыз. Басқа шетелдік компаниялардан артық болмаса, еш жеріміз кем емес. Бәсекеге үйреніп, соған сай болуға тырысу керек. Сонда сапамыз да жоғарылайды, жұмыс істеу деңгейі де түзеледі. Әрине, ең бастысы, сыбайлас жемқорлықты құртып, шетелдік компанияларды көптеп тарту қажет.
– Кәсіпкерлікпен айналысып жүрген жастардың алдыңғы қатарында өзіңізді көреміз. Негізгі салаңыз туралы айтып өтсеңіз.
– «Болашақ» бағдарламасымен Қытайда бес жыл білім алып, төрт жыл қызмет істеп, тоғыз жыл сол елде тұрып келгенмін. Шанхайдағы халықаралық құрылыс компанияларында, немістік, жапондық құрылыс орындарында жұмыс істедім. Содан кейін мемлекеттік қызметте болып, қазір қайтадан өз мамандығыма оралып, алған білімімді өз салама жұмсайын деп құрылыс компаниясында жұмыс істеп жатырмын. Құрылыс саласы өте күрделі болса да ең маңызды бизнес түрінің бірі деп айтуға болады. Өйткені, бизнестің қай саласы болсын, құрылыспен байланысты. Міндетті түрде сапалы деңгейдегі құрылыс қажет. Астанамыз салынып жатыр, басқа қалалар бар. Сол себептен, Қазақстандағы құрылыс саласы түзелетін болса, қарқынды өссе мемлекетіміздің дамуына үлкен ықпалын тигізеді. Құрылыс саласы ұзақ мерзімді, жоғарғы сапаны талап ететін өте күрделі салалардың бірі деп айтуға болады. Ал құрылысшылар мемлекеттің дамуына өз еңбегімен, қара терімен үлесін қосатын азаматтар.
– Қазақстан жастарының болашағы үшін Қытайда оқудың маңызы қандай деп ойлайсыз?
– «Болашақ» бағдарламасы Елбасымыздың ең үлкен, маңызды стратегиялық шешімдерінің бірі деп есептеймін. Неге десеңіз, өзге елдермен тереземіз тең болып, қазіргі кезде дүниежүзілік алдыңғы қатардағы жоғарғы оқу орындарында қазақ жастары білім алуы бұрын біздер армандап та көрмеген іс еді. Қазіргі кезде «Болашақ» бағдарламасының арқасында он екі мыңнан астам студент бітіріп, мемлекетке келіп қызмет істеп жатыр. Ешқайсысы қытай, не американдық болып кеткен жоқ. Әрине, неше түрлі азаматтар кездесіп жатады. Жалпы айтқанда, «Болашақ» бағдарламасының нәтижесін, бұйыртса, алда көретін боламыз. Оның уақыты әлі келген жоқ. Өйткені, олардың басым бөлігі 2000 жылы барған студенттер. Сол кезде үлкен топтармен жібере бастады. Бір жібергенде жеті жүзден астам студентті шетелге аттандырды. Ол уақытқа дейін аз көлемде жіберетін. Ал 2000 жылдан кейін өте көп студент «Болашақ» бағдарламасының иегері атанып, шетелге барып оқу бітіріп, жақында ғана қайтып келді. Олардың үлесін болашақта көреміз деп есептеймін. Сол кезде қазақтың басына алтын ғасыр туады деп ойлаймын. Ал егер Қытайды айтатын болсақ, ол біздің саяси маңызды көршіміз. Біз Ресей мемлекетін жақсы білеміз. Тілін де, дінін де, салт-дәстүрін де бәрін білеміз. Өкінішке орай, Қытайды өте төмен деңгейде танимыз. Ол көршімізді жақсы тануымыз керек. Қазіргі кезге дейін бірде-бір қытайтану институт жоқ. Бұл – өте үлкен қателік деп есептеймін. Сол үшін Қытайға барып білім алып келген жастар ол жақтың тілін, салт-дәстүрін, менталитетін үйренсе игі. Қытайдың тілі өте күрделі, ал менталитеті одан да күрделі. Сол себептен, ол жақтан білім алып келген жастар ертең екі елдің арасында көпір болып, қарым-қатынасына үлкен үлесін қосады деп есептеймін. Қытай бір жарым миллиард халқы бар алпауыт мемлекеттердің бірі. Сол себептен, біз оларды жақсы тануымыз, терең білуіміз керек. Ал ондай кезде қытайтану институты болмаса да бізге сол жақтан білім алып келген қытайтанушылар өте қажет деп есептеймін. Сондықтан қазіргі кезде бизнесімізді де, компанияларымызды да халықаралық деңгейге шығару керек. Әсіресе, Қытай нарығына шығару қажет. Адамдар Қытайға шығу қиын деп өзін шектеп жатады. Негізі біз одан өзімізді шектемеуіміз керек. Қиын түгі де жоқ. Қазақстанның компаниялары Қытайдың да нарығына кіріп, жақсы жұмыс істеуге болады деп есептеймін. Ол кезде міндетті түрде бірінші сұрақ, әрине, кадр мәселесі. Кадрлар қажет. Сол кезде Қытай мемлекетінде білім алып келген жастар жақсы үлесін қоса алады деп ойлаймын.
– Болашақ Қазақстанды қалай елестетесіз? Өз салаңызда қандай жаңалықтар күтесіз?
– Қазақстанның болашағы зор болады деп есептеймін. Себебі, қазір мемлекеттің дамуындағы ең маңызды мәселелердің бірі – жаңа технологиялар болса, екіншісі – адами ресурс. Бізде адами ресурс өте жақсы. Жастарымыз білімді, таза, дұрыс жұмыс істеуге дайын, бәсекеге сай. Әрқайсысы көшбасшылыққа дайын болса, мемлекетіміз қарқынды дамиды деп ойлаймын.
Ал егер құрылыс саласын алатын болсақ, әрине, өте көп өзгеріс қажет. Жаңа технологиялар қолдану керек. Баяғы кеңес үкіметінен қалған технологияларды қолданып, құрылыс саласы сол деңгейде бола бермеуі керек. Себебі, бұл мемлекетіміздің маңызды салаларының бірі. Сол себептен, халықаралық деңгейге сай, жақсы сапамен, жаңалықтармен және құрылыс саласына қатысты заң жобасы да өзгеруі тиіс. Кеңес үкіметінен өзгермеген заңды қолданбай, жаңадан заң жобасын қабылдап, жаңа технологияларды іске қосу қажет. Қазақ мемлекетінде он сегіз миллион ғана халқымыз бар. Күрделі мәселелердің бірі, әрине, баспана. Ең басты үміттенетінім, болашақ Қазақстанда қолжетімді баспана мәселесі шешіліп, әр қазақтың баспанасы болса деген ниет. Оған аянбай тер төгуге дайынмын. Біздің басты мақсатымыз да, арманымыз да – осы. Баспананы адамдарға қолжетімді қылсақ, одан асқан қуаныш жоқ деп есептеймін. Өйткені, көп мәселелердің себебі де, жастардың қиналатыны да – сол. Әр азамат баспана мәселесін шешу керек. Сонда халқымыз бақытты өмір сүре алады. Құрылысшылардың барлығы соған бірігіп, атсалысып, мемлекетпен осы мәселеде бірге жұмыс істеу керек.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен Нұрлайым БАТЫР.
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.