Жолдың бәрі ауылдан басталады
Бағзыдан бізге беті әжімденіп, шимайланып жеткен жолдардың жазуына үңілсек, байырғының не демегін ұғар ма едік? Бабалар жүрген, аталар басқан қара жолдың қадір-қасиетін сезініп, бұрынғының жолын бүгінгіге жөнімен табыстай алғандардың да дерегін біле жүрген абзал. «Әрбір халықтың, әрбір өркениеттің баршаға ортақ қасиетті жерлері болады, оны сол халықтың әрбір азаматы біледі. Бұл – рухани дәстүрдің басты негіздерінің бірі. Біз – ұлан-ғайыр жері мен аса бай рухани тарихы бар елміз. Ұлы Даланың көз жеткізгісіз кең-байтақ аумағы тарихта түрлі роль атқарған», – дейді Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасында. Туған жерге қатысты жағдаяттарды ауызға алғанда, әркімнің де туған жеріне бастап алып барар қара жолдар тарихы еске түседі. Біздің бүгінгі кейіпкер – ұзыннан-ұзын көсілген жолдардың басы-қасында жүрген маман. Үкіметке біздегі жолдарды тиімді түрде қайта жөндеу мәселесін көтеріп, республика аумағындағы жолдарды қалпына келтіріскен тұлға. Ауыл-ауыл мен әркімнің де туған жеріне бастап апарар қара жолдың тағдырын шешіскен, байырғының қара жолын шып-шырғасын шығармай, үзбей, бұзбай бүгінгі күнге дейін созған.
Сұхбаттасымыз «1945–1990 жылдар аралығында Қазақстан аумағында 95 000 шақырым жол асфальтталды. Оның 17 мың шақырымы ғана республикалық маңыздағы жол еді. Сол 17 мыңның ішінде 3-4 мың шақырымы ғана – бүкілодақтық маңызға ие болды», – дейді. 1998 жылы, жеке компанияда жұмыс істеп жүрген жерінен Көлік министрлігіне шақырту алып, Қазақстандағы жолдың негізгі мәселелеріне тоқталып, сараптама жасайды. Қазақстанда жол қалай болуы керегін анықтайтын жалпы Концепция, 1998 жылдан 2005 жылға дейінгі аралықты қамтитын бағдарлама және «Автокөлік жолдары» туралы заңның жобасы да осы уақыт аралығында қаралады. Елбасы 2001 жылды «Жол жылы» деп жариялағаны белгілі. Бұл еліміздегі жолдың одан әрі дамуына серпін берді. Концепция, жоба, заң дайын болғандықтан жолдың жұмысы да алға басты. Біздің кейіпкеріміздің тікелей араласуымен осы уақыт аралығында республикалық маңыздағы – 17 мың шақырым жол 23 мың шақырымға дейін көбейеді.
Одан өзге, біздің бүгінгі кейіпкеріміздің бас болып атсалысуымен, төрт жолды өз қаражаты есебінен салдыртып бергені бар. Олар – Сүйінбай бабаның бейітіне апаратын, Үшқоңырға шығатын, Астана түбіндегі Қабанбай батыр кесенесі басына апарар, Қарасай мен Ағынтай батырлардың кесенесіне апаратын жолдар. Одан өзге, Жандосов ауылына мешіт те салдырған атымтай жомарты.
Ендеше, Елбасының «Туған жер» бағдарламасы аясында өлкеге жасаған өнегесін көпшілікке насихаттауға әбден лайық тұлға деп есептей келе, Серіктес Тоққұловпен өскен өлке, туған жер, әркімнің туған жерінен басталар қара жол жайлы әңгіме қылын шерттік…
– Туған жеріңіздің өзгелерде жоқ деп айтар қандай артықшылығы бар?
– Туған ауылым – Алатаудың етегіндегі Музей Жамбыл елді мекені. Алматы облысы, Жамбыл ауданына қарасты өңір. Музей Жамбылдың ең негізгі ерекшелігі, кереметі сол, бұл мекен – Жыр алыбы Жамбылдың туған жері. Кішкентайымыздан Жамбылды туысымыз деп өстік. Мектепке бара жатқанда күнде музейдің жанынан өтеміз. Айына бірнеше рет музейге барамыз. Сондықтан болар, Жамбылды ауылымыздың көзі тірі ақсақалы деп қабылдадық. Жамбыл Жәкемді арамызда тірі жүргендей елестеттік.
Ауылымның екінші ерекшелігі, Музей Жамбыл – Алматыдай алып қаланың дәл түбінде орналасқан. Абыр-сабыры өмірі таусылмайтын нән шаһарға соншалықты таяу тұрса да, заманауи өмірден сырт, жайбарақат жатқан ел. Бұрыннан солай еді. Қазір де сондай.
Біздің ауылдың тағы бір ерекшелігі – дауыстары әуезді, әңгімелері дәмді қариялар көп болды. Олар бізге байырғыдан қалған әңгіме-дастандарды, туған жердің тарихы жайлы тәмсілдерді көп айтатын. Ол ақсақалдардың әрқайсының бір-бір өнері бар еді. Мысалы, Сансызбай деген атамыз жүйрік ұстайтын. «Сансызбайдың сары аты» атанған атақты жылқысын көрген де арманда, көрмеген де арманда еді, шіркін! Мұсабай бүркітші қарияның қыраны – аяғынан шынжырлап қойған дәу бүркіті әлі күнге көз алдымда. Осындай ақсақалдардың қолдарына су құйып, әңгімелерін тыңдап өстік.
– Ауыл тұрғындары негізгі кәсібінен бөлек, қосымша қандай еңбекпен айналысатын еді?
– Сол кездің өзінде ауыл тұрғындары мал ұстайтын. Бес-алты қой, екі-үш сиыр әр үйден табылатын. Одан өзге, біздің ауылдың бауы мен бағы әсем еді. Алма ағашы – Музей Жамбылдың көркі ғой. Әр ауланың бақшасында көкөністің неше түрі жайқалып жататын.
– Туған жер келбеті өзгерді ме?
– Қатты өзгерді деп айта алмаймын. Ауылым бұрыннан еңселі еді, сол сән-салтанатын әлі де жоғалтқан жоқ. Иә, ауылға барар жол жақсарды: түп-түзу, тап-таза, сапалы. Кішкентай мектептің орнына үлкен мектеп салынды.
– Тұрғын саны өсті ме?
– Өсті, әрине. Бұрын біздің ауыл тұрғындары бір атаның балалары едік. Бәрі бір-біріне туыс болатын. Қазір ауылдан басқа жаққа кеткендер көп, ауылға сырттан келгендер бар – тұрғын саны едәуір артты. Кейбірінің жүзіне қарап, кімнің баласы екенін шырамытамын.
– Соңғы рет ауылыңызға қашан бардыңыз?
– Бір жеті бұрын. Жеңгемнің асына ағайын-туыс жиналдық.
– Демек, ауылға жиі ат басын бұрасыз ғой. Балаларыңыз да байырғы баба мекенінен алшақтамаған болар?
– Ай аралатып барып тұруға тырысамыз. Ауылға үй салсам деймін. Аталарымнан қалған жер бар, бәлкім, өзім көшіп барармын, мүмкін балаларымның біреуі тұрақтар – Музей Жамбылда балалардың ғана емес, немерелерімнің де тәтті естеліктері сақталғанын қалаймын.
– Мамандығыңызға қатысты сауалмен әңгімемізді аяқтасақ деймін. Кім-кімнің де туған жеріне бастап алып барар қара жолдың тағдыры сізді қаншалықты алаңдатады?
– Осы таңда Қазақстанда 95 мың шақырым жол бар. Оның 23 мың шақырымы республикалық маңыздағы жол да, қалғаны жергілікті маңызға ие. Меніңше, 95 мың шақырымды түгел мемлекеттік маңыздағы жолдардың қатарына қосу керек. Ауыл-ауылдан басталатын жолдар мен көпірлер ескіріп барады. Жергілікті әкімшіліктің мұндай жол мен көпірді жөндеуге шамасы жете бермейді.
Жалпы, мысал келтірер болсам, АҚШ-тағы жол 5 млн. шақырымға, Қытайдағы жол –
3 млн. шақырымға, ал Ресейдің жолы 2 млн. шақырымға созылып жатыр екен. АҚШ пен Қытайдың жолдары өте сапалы. Ресейдің жолы олармен салыстырғанда, сапасы төмендеу дегенімізбен, біздің жолдардан жақсырақ. Ұлан-ғайыр даламыздың күретамырындай созылып жатқан, 95 мың шақырымға созылған өз жолымызды да тастай қылып жөндеп алсақ деген арманым бар.
Жол саласына қатысты адам оның өте қызық, тартымды мамандық екенін түсінер еді. Бір ауыл мен екінші ауылдың арасында жол жоқ. Сен сол жолды саласың. Ертең сол екі ауыл ағылып бір-бірімен байланыс түзей бастағанын көргенде, өз-өзіңнен қуанышты сезімді бастан өткересің. Қара жолдың Қазақстан үшін маңызы өте жоғары. Бізде су жолдары жоқ. Өзендер аз. Пойыз жолдары бірнеше бағытпен ғана өтеді. Ұшақпен жүру – қымбат. Кеңес өкіметінің кезіндегі шағын авиация жоғалып кетті де, ол сала енді-енді жанданып келеді. Сонда қалатын нәрсе не? Тек қана – қара жолмен ағылған көлік. Сондықтан жолдың Қазақстан үшін маңызы өте зор.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әзірлеген Қ.СЕРІКҚЫЗЫ.
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.