Мұқағалиға құрмет
Мұқағали – қазақ әдебиетінің төрінен орын алған дара тұлға. «Мен жырламаймын, сырласамын» деп өзі айтқандай, әр адам оның жырларынан іздегенін табады. Мұқағалиды құрметтейтіндер мұқағалитануға қызмет етуде. Замандастары естеліктер мен толғаныстарын жазады. Зерттеушілер ғылыми еңбектерге ден қойды. Ақын өлеңдерінің әнге айналғаны қуандырады. Осынау игі істердің қатарына «Мұқағали» журналын қоссақ, әңгімеміздің мазмұны толыға түседі.
Міне, осындай жақсы істің басында ақынның өзге жанашырларымен бірге «Мұқағали» журналының редакторы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын Батық Мәжитұлы да бар. Журнал беттерін парақтағанда, ақынның әдемі, таңдаулы жырларын қайта оқисың. Жаңаша көзқараспен ой түйесің, сырласасың. Ақынның көзін көрген замандастарының мақалалары мен естеліктеріне тебіренесіз. Журналдың айдыны кең: одан прозаны да, поэзияны да, деректі шығарманы да, зерттеулерді де жолықтырасың. Қазақ жерінде ақынға арналған игі істердің куәсі боласың. Әсіресе, Мұқағали ақынның күнделіктерінен үзінділерді оқығанда, бей-жай қала алмайсың. Өмір жолының жеңіл болмағанын көресің. Кей сәттері ашу-ызаға булығып түйілгенін, кей кездері іштей арпалысқа түскенін жүрекпен сезінесің.
Мұқағалидың ақындығын бағалайтын әр шаңыраққа көзқуаныш болып жетіп жататын журналдан көптеген қызықты материалдарды оқуға болады, ал оның ар жағында еселі еңбек атқарып жатқан шығармашылық топ бар десек, оның басында ақын, журналдың редакторы Батық
Мәжитұлы тұрғаны сөзсіз.
Туындыларын оқи отырып байқағанымыз, ақын түр қуалап, әлдебір жасандылықпен жалаулата сөйлеуге ұмтылмайды екен. Өлеңдерінен салмақ, терең ой, азаматтық толғаныс аңғарылады. Заманның келешегіне алаңдайды, бүгінгі жасқа сенім артады. Жинаққа аты берілген кітаптағы беташар «Ататолғау» атты өлеңінде ақын былай деп толғанады.
Ей, ұланым, үмітім!
Алдаспаның қайраулы,
Ер-тұрманың сайлаулы.
Құйрық-жалы таралған,
Байшұбарың байлаулы.
Оянады ұл он үште,
Ұмтылады жеңіске.
Кертартпамен келіспе,
Безбүйрекке беріспе.
Аярлыққа алданба,
Қараулықты қолданба,
Жау іздеме жалғанда.
Иілгенге иілгін,
Шүйілгенге шүйілгін.
Ақсауытты киінгін,
Адалдыққа сүйінгін,
Қорғаны бол қазақтың!
Дәстүрлі толғау үлгісінде төкпеленіп жазылған туындыдан бүгінгі уақыттың үні естіледі. Заман – бұрынғы заман емес. Дегенмен, сағасы үзілмей бұрыннан бүгінге жеткен жақсы қасиет, ата дәстүр-салтымыз бар. Қазақ деген халықтың басына небір қиын қыстау күндер туғанда да, елді сақтап, бізге жеткізіп, жалғастырып отырған сол орасан алапат күштер болатын. Бәлкім, мұны бір ауыз сөзбен Ұлттық рух деп айтармыз. Талай қан қасап жылдарды басынан өткерген қазақ деген халық үзілер шаққа келсе де, үзілмей аман қалған. Ақын қазіргі жастардың бойынан да сол ежелден қанымызға сіңген жақсы қасиеттерді, ата дәстүр салтымызды көргісі келеді.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында да осы жайлар айтылады. Біз әркімге еліктеп, анадан ананы, мынадан мынаны алып, бойымызға жапсырғанмен, жаһандану иірімінде өз-өзімізді сақтап қала алмаймыз. Бізді сақтап қалатын ғасырдан-ғасырға жеткен қазақтық келбетіміз, ата дәстүр-салтқа беріктігіміз. Сол себепті де, қазақтық келбетіміздің игі дәстүрлері мен жақсы қасиеттерін дамытуымыз, сақтауымыз керек. Қазіргі уақытқа сай келмейтін, Елбасы айтқан «ысырапшылдық пен астамшылдыққа, даңғойлық пен кердеңдікке жол бермеуіміз» қажет.
Ақынның бір топ туындылар жүйесі ұлы тұлғалармен сырласуға құрылады. Олардың кейбірін лирикалық поэмаға, кейбірін шағын монологқа жатқызуға болады. «Ұлы Абаймен сырласу», «Жамбылға наз», «Мұхтардың монологы», «Жыр перзенті» туындылары — осындай үлгідегі шығармалар.
Ұлы тұлғалармен сырласу үшін өз тарапыңнан ішкі дайындығың, шын толғанып айтатын азаматтық пайымың болуы керек. Сөз қуалап, жалаулатып сөйлей беру алысқа апармайды. Ал Батық ақынның ұлы тұлғалармен сырласуы сырға толы. Күрделі, қайшылықты заман мен ұлы тұлғалар қатысын өзінше зерделеп, жанына аяздай батқан өткен кеңестік қоғамның кереғар жайларын, халық басына нәубет әкелген ауыр жылдарын, әділетсіздігі мен астамшылдығын тарата жырлап, қазіргі Тәуелсіздік кезеңінің бағасын білу қажеттілігі жөнінде ой түйеді. Ұлы тұлғалардың халық қамын ойлаған, сол жолда талай өткелекті, қиын-қыстау кезеңді басынан өткерген лирикалық образдарын жасайды.
О, ұлы ақын! Өзіңменен сырласайын,
Жүрек шөлін өлеңмен бір басайын.
Өңіріне Семейдің ұшып барып,
Ұлы ойыңды тербеген қырды асайын.
Сенен қалған ғажайып бояулармен,
Үлбіреген әдемі гүл жасайын.
Алтын қалам қайда екен Сіз ұстаған,
Ақ мәрмәрға оюлап жыр қашайын! –
дейді ақын жан сарайын ашып. Батық ақынның шығармашылығында біздің байқауымызша, азаматтық толғаныс басым. Ол жеке бастың күйтің сезімін айтудан гөрі елдік мәселені айтуды алға қояды. Осы бағытта шын толғанып, шын тебіренеді. Ақынның Абаймен сырласуында да ақын өмір сүрген орта мен оның басынан өткерген түрлі жайларды бүгінгі уақыт көзімен салмақтай, саралай келіп, қазіргі уақыт мәселесіне назар аударады.
Сынадың кеп – шен үшін ұлтын сатып,
Шелтірейіп жүруді ұнатқанды.
Бойындағы өзінің мінін білмей,
Анасы мен халқына кінә артқанды, –
дейді ақын сырласудың бір тұсында. Өлең жолдарында айтылған шындық – бүгіннің де сөзі.
Батық ақынның шығармашылығынан көрінетін тағы бір ерекшелік деп – дүлдүл ақын Ілияс Жансүгіров үлгісіндегі дәуір тынысын бейнелеген эпикалық сарынның бүгінгі уақыттың мазмұнына сай түрленіп, жаңарып берілуін айтар едік. Бұл Ілияс ақынды қайталау, не көлеңкесінде қалу емес. Бұл – дәуір тынысын, уақыт белгісін белгілі бір шегіне жеткізе отырып, қызуын түсірмей, мөлшер мен шектен асып кетпей жырлай алу. Эпикалық сарын, эпикалық қуат – ақыннан үлкен ізденісті, азаматтық толғанысты, не нәрсенің болсын мөлшері мен шегін жіті біліп, дәуір тынысын тап басып бейнелеуді талап етеді. Әйтпесе мұндай шығармада жел сөзді қуалап, татымы жоқ бірдеңеге айнала салу қиын емес. Бұл ретте ақынның біз жоғарыда айтқан ұлы тұлғалармен сырласу үлгісінде жазылған туындыларының оқырманмен бөлісері мол.
О, Жәке! Өзімізше біз де ақынбыз,
Сезімбіз, әдемі ұйқас, ізгі ақылмыз.
Ақжолтай армандадық тура жолды,
Міне, енді, нарық дейтін құзда тұрмыз! –
дейді нарық заманының күрделілігін ұлы ақын Жамбылмен бөлісіп. Жамбыл заманындағы ақындық, ақындық даңқ, абырой қандай еді! Халықтың құрметіне де бөленді, өкімет тарапынан да бағаланды. Халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтап жырлаған ақын халықтық өнердің қандай болуы қажеттігінің үлгісін танытты. Жамбыл жырлары ғасырлық қазақы дәстүрді бойына жинаған халықтық қасиетімен, асау мінезімен қымбат. Сол дәстүр қазір қандай жағдайда? Нарық заманы көп жайтты өзгерткен. Сонда да жыр жазылуда. Шын ақын сонда да халықтың сөзін, үміті мен мұңын айтуда. Қазақ деген ұлан-ғайыр халық таланттан қай кезде де кенде болмаған.
Ата салтты сіңірдік, ғұрыпты еске,
Сүйеу болдық ниеттес, үміттеске.
Жарқ еттік те жалт еттік Төлегендей,
Жұматай боп қиылдық қырық бесте!
Жертөлені жүрсек те баспана ғып,
Майыспадық жанарды жасқа малып.
Қиыстырып қиыннан тас қаладық,
Бәрібір, жыр жазуды тастамадық, –
дейді ақын жыр-Жәкесіне.
Батық ақынның ұлы суреткер Мұхтар Әуезовке арналған өлеңдер циклі де ойлы өрілген. Қазіргі уақыт биігінен оның тұлғасын қайта тануға, бағалауға ұмтылады. Ұлы Мұқаң өмір кешкен уақыттың күрделілігі мен шын халықтық өнерге жол бермеген, қиянат жасаған заманның қысастығын бейнелейді.
Тағдырынан кім қай жаққа қашады?
Сабыр жасап, оның түбін тосады.
Шіркін, өмір! Міз бақпастан сол кезде,
Қаталдығын Әуезовке жасады.
Бәлкім адам, бәлкім, қоғам кінәлі,
Тізеге сап, бұрап, қысып сынады.
Ұлылықтың тұзы жеңіл, жолы ауыр.
Ұлы болып жаралған соң – шыдады! –
деп ой қозғайды. Ақынның ойынша, Абай мен Жамбылды, Әуезов пен Мұқағалиды тану – қазақ деген халықтың жасампаздығы мен талантқа дарқандығын түйсіну болып табылады. Мұндай тұлғалардың бүгінгі жалғастығы да тегін болмаса керек. Сол себепті де, автор бұл туындыларында тек оларды құрметтеу, бағалау сезімімен шектелмейді. Халықтың осындай дарқан жасампаздығы мен заманның құқайына төтеп берген өрлігін бүгінгі ұрпақтан да көргісі келеді. Қазіргі жас соларды біліп өссе, соларға қарап ой түзесе деп тілейді.
Есіңе ұста ибалы қыз, намысты ұл,
Бәсекелес толқын өмір – жарыс бұл.
Қия жолмен арманыңды қуғанда,
Әдісіңді Әуезовпен салыстыр!
Сомдайды өрнек алтыннан да, жезден де,
Мақтап бәрін шатастырған сөзге ерме.
Талантыңды, түйсігіңді, өреңді,
Әуезовтің талғамымен безбенде! –
деп тілек білдіреді.
Ақын өлеңдерінің ауқымы кең. Өмір қандай күрделі, аумалы-төкпелі, тосын сыйлы болса, ақынның туындыларынан да сондай тіршілік іздері көрінеді. Алайда, оның шығармаларында, жоғарыда айтқанымыздай, азаматтық толғаныс пен парасаттылық, кісілік басым екен. Туындыларынан қара аспанды төндіріп, «жоқ та жоқ» дегенді асыра айту мен еңсеңді езе түсетін сарын байқалмайды. Дүние-тіршілікке сын көзімен қараса да, өлеңдерінде әлдебір сәулелі үміт, жақсылыққа сенім оқырманына ой салады. Анасын іздеген мұң мен сағыныш та мына тіршіліктің заңын, адамның бағасын тірлікте түсінуіне құрылған («Тынбай сені сағынады жалғызың»). Баласымен сырласуы да ашық үнді, нұрлы сенімге толы болып келеді («Балама сыр»).
Ақынның өлеңдерінде Мұқағали құрметті орын алады. Мұзбалақ ақын бейнесі оның шығармашылығында тұтас желі болып өріледі. Әсіресе, автордың туған жер туралы әдемі, сырлы жырларында Мұқағали бейнесі, оған құрмет сезімі асқақ көрініс тапқан. Себебі, ақын өлеңдеріне арқау болған Хантәңірі де, Қызылбұлақ та, Қошқар-Талас пен Қос Шибұт та, Қарасаз бен Шалкөде де, Көктөбе мен Байпақ та, Қайшыбұлақ пен Байынқол да, Ақбұлақ пен Шоғансай да – Нарынқолдың көрікті де бай өлкесі олардың ортақ мекені. Таза ауасын сіңірген, мөлдір суын ішкен, асқақ тауын көріп рухтанған. Алыс кетсе сағынған, ән-жырына айналған. Бұл жер қазақ балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың да, көрнекті әдебиет сыншысы Сағат Әшімбаевтың да, парасатты Әлнұр ағасының дүние есігін ашқан жері. Ақын туған жердің көрікті табиғаты мен бүгінгі тыныс-тірлігін сол өңірден шыққан әйгілі тұлғалармен бірлікте жырлайды.
Қарасазға бұрылып сәлем берем!
Тұлпары озған мекен бұл, әні өрлеген.
Алты алашқа атағың тарап кетті,
Ақындықтың қайнарын сенен көрем.
Өлең, өлең! Жаныңды сол емдеген,
Өнер десе, ел-жұрты елеңдеген.
Тас жаратын қуатын таланттардың,
Мақатаев тағдыры дәлелдеген.
Қарасуға қыста да қақ тұрмайды.
Сөз өрнегі оңайдан таптырмайды.
Ақынжанды мұндағы ағайындар,
Әу дей алмай отырсаң жақтырмайды, –
дейді ақын Мақатаев дүние есігін ашқан жердің қасиетін танытып.
Тұтастай алғанда, Батық ақынның шығармашылығынан ортақ пафос, желі байқалады. Ол – еліміздің ертеңгі тұтқасы болатын жастардың алдындағы үлкендердің жауапкершілігі. Ақын өзін де сол елдің ертеңіне алдаңдайтын үлкендердің қатарына қосады. Қалай дегенде де, қазіргі жастардың, ұрпақтың қалай өсіп қалыптасуында үлкендердің орны, тағылымы ерекше. Олар өз мойындарынан жауапкершіліктің жүгін алып тастай алмайды. «Жақсы сөз – жарым ырыс», жақсы сөз – ел мерейін көтереді. Жақсы ниет, тілектен жақсылық өркен жаяды. Ақын өлеңдері осындай тағылымды желіге құрылған.
Сондықтан да сөзі салмақты, ел ертеңіне алаңдаулы. Өлеңдерін де өлең үшін жаза салмай, толғантқан ойы мен жүректі мазалаған сезім-күйін өрнектеу үшін қалам мен қағазға жүгінеді. Біз ақынға шығармашылық табыс тілейміз.
Сәмен ҚҰЛБАРАҚ,
филология ғылымының докторы,
М.Х.Дулати атындағы
ТарМУ-дың профессоры.