ҮРКЕР – АДАСТЫРМАЙТЫН ЖҰЛДЫЗ
21.07.2017
2812
0

Ноғай халқының перзенті деген атқа лайық тұлға Сүйін Қапаев бауырлас қазақ пен ноғай халықтарының арасын жақындатуға еңбек сіңірді. Оқта-текте Қазақстанға өзі келіп немесе түрлі тақырыптарда хаттар алмасып, қазақ жазушыларымен, ғалымдарымен әдеби-мәдени байланыстарын үзбеген. «Белгілі әдебиеттанушы-ғалым Рахманқұл Бердібаевпен ағайын-бауырдай болып кетіп еді», – дейді жазушының ұлы, белгілі ақын, жазушы, публицист Иса Қапаев. Ал Рахманқұл Бердібаевтың «Байкалдан Балқанға дейін» деген еңбегінде екі ел әдебиетшілерінің арасындағы бұл байланыстың қалай басталғаны туралы айтылған екен: «Есентуки – Черкесск маршруты бойынша автобустың таңертеңгі алғашқы рейсімен тоқсан шақырым жердегі облыс орталығына әне-міне дегенше келіп жеттім, жұмыс күні бастала бере мен облыстық «Ленин йолы» газеті редакциясының табалдырығын аттадым… Маған керегі ноғай редакциясы болғандықтан, бірден «Ленин йолына» бардым. Сол жерде газеттің редакторы Баубек Карасовпен, газеттің бөлім меңгерушілері жазушылар Фазыл Әбдіжалиловпен, Сүйін Қапаевпен таныстым», – деп еске алады. Араға ғасырлар салып, екі халықтың арасында қайта орнаған алғашқы байланыс туралы болғандықтан осы жолдардың жалғасына да қысқаша тоқтала кетелік: «Менің келуім ноғайлар мүлде күтпеген оқиға еді. Әдепкіде аң-таң болған әріптестерге: «Қазақ пен ноғайдың іргесі бөлініп, қонысы жырақтағалы бері бірнеше ғасыр өтті ғой, содан сіздерді ағайы­ным еді деп іздеп келген қазақ бар ма?», – дедім мен әзілдеп. «Жоқ, бұған дейін ноғайды арнайы іздеп келген қазақ болғанын білмейміз», – деді жы­лы шырай білдіріп. Шын туыстар кездескендегідей еркін әңгімелесіп кет­тік…». Міне, осылай басталған зиялылар арасындағы әріптестік байла­ныс терең тамырлы бауырластық сезімді қайта жаңғыртса керек.

Ноғай халқының әдебиеті ерте за­мандардан басталады. Ноғайлы дәуірінің ауыз әдебиетіндегі батыр мен билер туралы жырлар көп­те­ген түркі халықтарының, соның ішін­де ноғайдың да ортақ мұрасы. Қа­зір ноғайлар Ресей Феде­ра­ция­сының құрамында Дағыстан, Қа­ра­шай-Шеркеш Республикасы, Став­рополь өлкесі, Астрахан об­лыс­­тарында, т.б. жерлерде тұрады. Кө­бірек бөлігі Түркияда қоныс­тан­ған. Тағдыр талайымен әр ай­мақ­қа тарыдай шашырағанына қара­май, өр рухты халықтың ауыз әдебиетімен бірге жазба әдебиеті де қатар дамыған. Туған елінің ме­рейін асқақтатып, әдеби тілін да­мы­туға орасан зор үлес қосқан бір­туар перзенттерінің шығарма­лары ағылшын және ТМД ұлттары­ның тіліне аударылып, соның ар­­-
қ­асын­да ноғай тілі мен мәдениеті әлем елдеріне танымал болып отыр.
ХХ ғасырдағы ноғай әдебиеті­нің қалыптасуы мен дамуының бас­тауында тұрған тұлғалардың бірі жазу­шы, ақын, публицист, ноғай халқының сүйікті перзенті Сүйін Има­мәлиұлы Қапаев. Оның алғаш­қы шығармалары сонау отыз жасы­ның өзінде-ақ, «Құрмет» ор­де­ні се­­кілді мемлекеттік жоғары ма­­рапат­қа ие болған. Әдебиет саласына сіңірген зор еңбегі үшін 1995 жы­лы оған Қарашай-Шеркеш Рес­публикасының халық жазушысы деген атақ берілген,сонымен қатар 1997 жылы «Достық» орде­ні­мен ма­рапатталған. Дағыстан Респуб­ликасының еңбек сіңірген қайрат­кері. «Бекболат», «Үркер», «Уақыт іздері» романдары мен «Ошақ», «Жу­сан», «Ақшоқырақ ауылында», «Жердің жылуы», «Мен ораламын, Қанитат», «Но­ғай­дың үйі» секілді повестері оқырмандардың сүйікті шығар­маларына айналған. Бұлар ноғай халқы өмірінің әр кезеңіне ар­налған шығармалар. «Буырқып аққан Тазасу» жинағы қазақ, қара­қалпақ тілдерінде жарық көрген.
Сүйін Қапаевтың поэзиясы ха­лық даналығының мөлдір тұны­ғынан сусындаған нәзік лиризмге толы. Өлеңдері көптеген тілдерге ау­дарылған – қазақ, украин, ағыл­шын, неміс, поляк тілдерінде әлем халықтарына ноғай рухы бо­лып үн қатты. Ел арасына таралып кеткен көптеген өлеңдері халықтық сипатқа ие болып, тамырын терең­ге жайды. Сүйін Қапаевтың шы­ғар­малары Қарашай-Шеркеш, Да­ғыстан және Астрахан облыс­тарының мектептерінде кеңінен оқытылады.
Сол жолғы кездесуден кейін ара­дағы қатынас үзіліссіз ұзақ жыл­дар бойы сақталған. Рахаңның іл­геріде аталған еңбегінің «Но­ғайлы деген ел еді» дейтін тарауы­ның алғашқы жолдары: «Менің туысқан ноғай халқының тарихы мен тағдырына көңіл бөліп, азды-көп­ті ғылыми ізденістер жасай бас­тағаныма аттай жиырма үш жыл болыпты», – деп басталады. Со­нымен қатар, ноғайдың көрнекті жазушысы Сүйін Қапаевтың әң­гімелері мен повестер жинағының «Жазушы» баспасынан шығуына, Қазақстан туралы естелік әсерлерін «Алматы ақшамы» газеті арқылы та­ныстыруына да өзінің септес­ке­нін еске алады. Сүйін Қапаевтың ұлы Исаның еске алуындағы «ағайын-бауырдай» болып кетіп еді деген сөзіне осы айтыл-
ғандар то­лық дәлел бола алса керек.
Осы орайда тақырыпқа қа­тыс­ты болғандықтан, туысқан ноғай халқын іздеу бақыты бізге де (осы жолдардың авторы) бұйырғанын қыс­қаша айта кеткенді жөн көріп отыр­мыз. 2009 жылы шілде айында Қарашай-Шеркеш Респуб­ли­ка­сы­ның астанасы Черкесск қала­сын­да тұратын Иса Қапаевтың үйін­де болғанда, көп мәлімет­тер­ге қаныққан едім. Сол жолғы та­ныс­тығымыз арада сегіз жыл бойы үзілмей келеді. Ноғайларды із­деп келген адамды қонақ үйге тү­сіру әбестік болып саналады екен. «Минеральные Воды» деген жер­де ұшақтан түсіп, Черкесскіге таң қараңғысында жеткен мені ұзақ уақыт көрмеген бауырындай құшағын жая қарсы алды. Қонақ үй туралы екі ауыз сөзге келтірмей, үйі­не ала жөнелген. Апта бойы ер­кін көсіліп айтылған әңгімелерден кейін «Иса аға» деп кеттім де, нағыз ағаға тән болмысымен үнемі көз ал­дым­да тұрады.
Әке жолын қуып жазушы бол­ған ұлдың да басты арманы – ноғай халқының болашағы, туған елінің тағдыр-тарихы, тілі мен мәдениеті. Сол үшін түн ұйқысы төрт бөлінген жан. Көптеген кітаптардың авторы, Эркин-Халктағы «Ноғай мә­де­ниеті мен тарихының халықтық музейін» негізін қалап, жасақтаушы (жалпы таныстық үшін қысқаша беріп отырмыз). Айтайын дегеніміз, бі­раз еңбектері қазақ тіліне аударылып, біздегі баспалардан жарық көр­ген. Екі халықтың арасындағы бай­ланысқа қосқан үлесі және бас­қа да еңбектері үшін жазушыға 2009 жылы Қазақстан Респуб­лика­сы­ның мәдениет қайраткері атағы берілді. Сол жылы «Егемен Қазақ­стан» газетіне жазған хатында: «Мен өзімінің шығармашылық ғұ­­мы­рым­да қос халықтың әдебие­тін бір-бірінен ажыратып қарап көрген жоқпын, алдағы уақытта да бір-бірімізге жақындай түсу бағытында күш-жігер аямайтынымды айта отырып, ҚР Мәдениет және ақ­парат министрі Мұхтар Абрарұлы Құл-Мұхаммедке, қазақ халқының шығармашылық интеллигенциясына, көп санды оқыр­мандарыма үлкен ризалы­ғымды білдіремін және барша жақсылық­тарды ті­леймін», – деген болатын. 2011 жы­лы Астанада Л.Н.Гумилев атын­дағы Еуразия Ұлттық уни­вер­си­те­тінде өткен халықаралық кон­ферен­цияда баяндама жасады, ар­найы біздің өтінішімізбен студенттерге ноғай тілінде ноғай әдебиеті бойынша дәріс оқыды. Үйлерімізде қонақта болды. Еліне жеткеннен кейін жазған хатында «Жүрегімнің бір кесегі Қазақстанда қалды», – деп ағынан жарылғаны есімізде. Текті әкеде туған текті ұл кешегі Рахманқұл Бердібай, Сүйін Қапаевтар бастап салып кеткен қазақ пен ноғай арасындағы сол байланыстың кеңеюіне мол үлес қосып келеді.
Ісімен де, сөзімен де өзінің ту­ған еліне, тіліне деген сүйіспенші­лі­гін дәлелдеп өткен Сүйін Қапаев­тың ілгеріде еңбектері мен атақ­­тарына қысқаша тоқталдық. Ал шығармаларындағы терең тол­ғаныстармен шертілетін сырлар өзін­ше бөлек. Туған тілдің тұ­ны­ғына құныққан сөз зергерлерінің басынан кешкен сүйіспеншілік се­зімі оның да жанын шарпымай қал­маған секілді: «Тіліміздің әле­мінде мен білмеген сөзлері көп, со­ларды бір қарап шығайын деп, мен йаңы йазып баслағанымда Ашықұлақ Дагестан ноғайларды қыдырып шықтым. Оннан Астрахан ноғайларыман да йолықтым. Бізде мұтылған көп сөзлерді мен олар бетте таптым. Оларды көріп мен бізім тіліміздің айлақ бай еке­нін білдім. Сөзді білер үшін хал­қыңды әрүу етіп танымаға керек екен. Өйткені, халықтың арасында йүрмеге, онымен бірге йаның-қа­ның бір болмаға тиіслі. Өз тілі әдемге анасының сүтімен, атасы­ның қанымен сіңеді.
Өзімде – көзім, көзімде – сөзім, сө­зімде – тілім. Тіліміздің деңіздей тереңлігін, дәриядай кеңлігін, йа­нымдай тәтлілігін, деніңе қаның­дай кереклігін сезіп, мен бұлай деп йаздым:
…Ана тілім, ана сүтпен
Қанға сіңдің, жанға сіңдің.
Дұныя көріп, сені біліп,
Соқпақ сайлап, йолға міндім…
Ана тілім – ноғай тілім
Мен тірімен сеніменен,
Сенсіз болған бір күнімді
Тең етермін өлімменен…», –
деп жа­зыпты «Құранның нұры» атты кі­та­бында. Кейбір сөздер мен дыбыс­тардағы ерекшеліктер екі тіл ара­сын­дағы дербестікті емес, диа­лектілік, тіпті говорлық дәрежедегі бір тілдің екі бұтағын елестетеді. Егер тарих тегершігі басқаша айналса, ноғай тілінің жергілікті ерек­шелігі болып отырар ма едік. Тіп­ті, біртұтас ноғай тілді халық болуымыз да мүмкін еді ғой. Сырт қарағанға осылай көрінеді, дегенмен қазірге туыстас екі тілдің ара­қатысы туралы нақты мәлімет беруді, болашақта жазылатын «қазақ-ноғай тілдерінің салыстырмалы грамматикасының» еншісіне қалдыра тұруға тура келеді. Екінші бір ескерерлігі – тіл туралы қазақ ақындарының да өлең жолдары осыған өте жақын. Тарихи тамыры ортақ жүректерде төл руханиятына шөліркеуден туған махаббаттың сарыны да ортақ болады екен.
Туған халқына өлмес мұра, ар­тына тәрбиелі ұл қалдырған, түркі жә­не ТМД елдерінің әдебиеті әле­міндегі бірегей тұлға Сүйін Қапаев­тың туғанына биыл 90 жыл толып отыр. Ол өзінің бір романын «Уьлкер», яғни «Үркер» деп атады. Таби­ғатын танығаннан болса керек, «Үркер Күн мен Айдың аспандағы жүретін жолына жақын тұрады… Үркер күннің шығысынан шығады, оңтүстікпен жүреді, күнбатыстан батады. Үркер адастырмайтын жұл­дыз», – деп жазады зерттеуші ға­лым Хасен Әбішев (Әбішев Х. Аспан сыры. Алматы: «Жазушы», 2009. – 264 бет.). Ұлы адамдар да ұлы жолмен жүреді. Биіктен жар­қы­рап, халқының адастырмас жұл­д­ы­зына айналады. Сүйін Қа­паевтың ноғай халқының үстінен жарқыраған жұлдызы да Үркер секілді.


М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қызметкерлері:
(Солдан оңға қарай отырғандар): Жарылқасын Әбішев, Серік Негимов, Әзімхан Алманов, Айтжан Айдашев. (Ортаңғы қатарда тұрғандар): Көбей Сейдеханов, Қабиболла Сыдиқов, Мардан Байділдаев, Әнуар Дербісәлин, Сүйін Қапаев, Рахманқұл Бердібаев, Күлән Ұзақбаева, Қайролла Иманғалиев, Әбділхамит Нарымбетов, Едіге Тұрсынов, Яхуда Амандықов, Шәкизада Құттыаяқов. (Артқы қатарда тұрғандар): Мырзабек Дүйсенов, Есенгелді Жақыпов, Әбділхамит Райымбергенов, Көпбосын Панзабеков, Өтеген Күмісбаев, Мұхамедрахым Жармұхамедов, Төлеубек Алпысбаев.
1986 жыл, 16 сәуір.
(Сурет профессыор Серік Негимовтің архивінен алынды).


Жазды күндері кеші батса артынан таңы сығалап тұратын Арқаның біртұтам түніне үйренген жұрттың көбі сағат он екіні өткізбей жастыққа бас қоймайды. Астанадағы Еуразия университетінің екі қызыл үйінде тұратын шығармашыл тұрғындардың көбіне бұл жылдағы әдет. Шамамен сағат бірден кеткен кез. Қол телефон шыр ете қалды. «Серік Негимов» деген жазу шығып тұр екен.
– Ассалаумағалейкүм!
– Бекжан жатып қалған жоқсың ба? – деді, сәлемімді алудан бұрын «мазаламадым ба?» деген сыңаймен.
– Жоқ, ояумын.
– Сен ноғай жазушысы Сүйік Қапаев­ты білесің бе?
– Сүйін шығар, Иса Қапаевтың әкесі ме?
– Сүйік деп жазып қойыппын. Ұйықтамасаң сыртқа шық. Мен бір су­рет таптым.
…Кілең көршілер (сыртта жүрген Кенжеғали Мыржықбаев, Дихан Қамзабекұлы, Мақсат Алпысбес, т.б.) қол телефонның жарығымен суретті қарап жатырмыз. Ортада Серік ағаның өзі суреттегілерді таныстырып, әр­қайсысы туралы тамылжыта есте­лік­тер айтып отыр. «Бекжан, сен мы­на суретті Иса ағаңа жібер, қуанып қалсын», – деді сәлден соң. Ойланып қалдым: биыл Сүйін Қапаев 90 жасқа толу керек еді. «Тарихи сурет екен, мүмкін газетке береміз», – деп едім, тұрғандар да қостай кетті.
Секең суреттегілердің ішінде бірнеше адамды жыға тани алмады. «Бұларды бір білсе, Бауыржан Омаров біледі. Соған хабарласып көрші», – деді маған тапсырып. …Баукең қолына тие салысымен, бізге белгісіз болған төрт-бес адамды сол күні-ақ анықтап шықты, аттарын ғана емес, өздерін де (қашан, қайда оқыды, қандай тақырып­та еңбек жазды, қазір қайда? т.б. туралы телефонмен айтылған әңгіме-дерек­тер жеке мақалаға арқау болар­лық). Сонымен бәрі түгел болды – әрқай­сысы қазақ руханиятының та­ри­хында өзіндік орны бар тұл­ғалар.
…Сурет қазақ зиялыларының но­ғай ағайынға деген сол кездегі құр­метінің белігісі болса керек. Бүгін де бәсеңдемепті.

Бекжан ӘБДУӘЛИҰЛЫ,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымының докторы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір