Үздіктерді анықтаған «Үркер – 2024»
08.10.2024
91
0

30 қыркүйек күні еліміздегі бұқаралық ақпарат құралдары мен баспасөз өкілдеріне берілетін «Үркер» ұлттық сыйлығы табыс етілді. Бұл сыйлық Мәдениет және ақпарат министрлігінің жанынан құрылған қазылар алқасының талқысынан өтіп, үздік деп танылған газет-журналға, ақпараттық портал мен сараптамалық мақалалар жазған журналистерге, т.б. беріледі.
Қазылар алқасының шешімімен қазақ сайттарының көшін бастап, баспасөз әлемінде әйгіленген, өзіндік мектеп қалыптастырған, ашық пікір алаңына айналып, ұлттық, қоғамдық ойлардың дамуына ұйытқы болып келе жатқан «Abai.kz» ақпараттық порталы биылғы дәстүрлі «Үркер – 2024» Ұлттық сыйлығының «Жылдың үздік жаңалықтар порталы» номинациясы бойынша жеңімпазы атанды. «Абай-ақпарат» қазақ интернет кеңістігін дамыту қоры» қоғамдық қорының президенті, сайттың алғашқы бас редакторы, жазушы Дәурен Қуат: «Бұл – қазақ журналистерінің, менің достарымның, «Abai.kz» ақпараттық порталына үзбей мақала жазып отырған салмақты, салиқалы авторлардың ортақ жеңісі», – десе, порталдың қазіргі бас редакторы, саясаттанушы Нұргелді Әбдіғани марапаттау сәтінде сөз алып, ел тағдыры, халық төзімі сынға түскен су тасқыны кезінде порталдың қауіпті аймақтан тікелей ақпарат таратқанын, сонымен бірге бұл жеңіс – медиа қауымдастыққа ұйыса бастаған қазақтілді сайттардың жеңісі екенін айтты.
Баспа, радио, интернет-журналистика саласындағы жетістіктер үшін берілетін бұл марапат өңірлердегі мультимедиялық журналистиканың дамуына ықпал етуге, журналистиканың мәртебесін арттыруға, медиадағы кәсіби стандарттар мен критерийлерді бекітуге бағытталған. Биыл байқауға 400-ден астам өтінім түсіп, үміткерлердің қатарына 52 БАҚ пен БАҚ өкілдері өткен еді. Үздік жұмыстарды беделді журналистер, саланың еңбек сіңірген қайраткерлері мен халықаралық медиа сарапшылардан құралған қазылар алқасы анықтады.
Сонымен түрлі номинациялар бойынша «Жылдың үздік сұхбаты» – Нұрлан Оразғалиевке (Inbusiness.kz), «Жылдың үздік репортажы» – Юлия Абрамоваға (Nur.kz), «Әлеуметтік тақырыптағы үздік материал» – Ксения Евдокименкоға (Time.kz), «Жылдың үздік журналистік зерттеуі» – Байкенже Нұрлатқа («Astana Aqshamy»), «Жылдың үздік аналитикалық материалы» – Тимур Ниталиевке (Ulysmedia.kz), «Радиостансыдағы үздік жоба» – Қымбат Досжанға («Қазақ радиосы»), «Жылдың үздік фотосуреті» – Сали Сабировке (Оlympic.kz), «Үздік өңірлік БАҚ» — «Наш Костанай» газетіне, «Халықаралық БАҚ-та Қазақстан туралы жарияланған үздік материал» (баспа, радио, интернет-журналистика саласында) – Торғын Әшеноваға, «Омбы қазақтары» газетіне, «Үздік подкаст» — NeQuryltay-ға, «Үздік YouTube арна» – Sayahat Time-ға (balbal.kz) бұйырды.
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қатысушыларға Ұлттық сыйлыққа қызығушылық танытып, отандық медианың дамуына қосқан үлесі үшін алғысын білдіре келіп, еліміздегі масс-медианың қызметіне табыс тіледі.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір