Көне Талхиздің жаңа тынысы
Қазақстанның Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы жұмыс сапарымен Алматы облысындағы «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне барып, музейдің тыныс-тіршілігімен және ондағы жәдігерлермен танысты. Сондай-ақ, Арыстанбек Мұхамедиұлы Талхиз, Рахат және Өрікті көне қалашықтарында болып, қазақстандық археологтармен кездесті.
Мәдениет және спорт министрі Талхиз қалашығын «Есік» қорық-музейі қарамағына өткізу мәселесі қаралып жатқанын айтты. «Ең бірінші кезекте жер-кадастрлік мәселелерді шешіп алу керек. Сондай-ақ, біз тарихи-мәдени нысандардың туристерге қолжетімділігін, инфрақұрылымы мен коммуникацияларын жақсарту жөнінде әңгімелестік. Бұл жерде туристерге сапалы сервис көрсететін визит-орталықтар салу қажет», – деп атап өтті Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Арнайы топ бұдан кейін Есік қаласынан оңтүстікке қарай 5 шақырым жерде жатқан Рахат қалашығына барды. Рахат – Сақ патшаларының резиденциясы болған, Алтын адамды соңғы сапарға осы жерден шығарған деген болжамдар бар. Рахат қалашығын Шанси провинциясының археологиялық институтымен (ҚХР) біріге отырып зерттеудің алғашқы кезеңі аяқталды. Зерттеу нәтижесінде, ерте темір дәуірімен орта ғасырларға дейінгі кезеңдерге жататын артефактілер табылған. Топырағын түртіп қалсаң тарихы сөйлеп ала жөнелетін өңір өзін зерттей түссең берері көп екенін сенсациялық Алтын адамымен-ақ дәлелдеген. Әйгілі қазақ археологі Бекмұханбет Нұрмұханбетовтың құрметіне ұйымдастырылған «Нұрмұханбетов экскавейшнс» экспедициясы екі айдың (мамыр-маусым) ішінде Өрікті обасынан б.э.д. IV-III ғасырлардан қалған сүйектер мен үш алтын моншақ, бір темір түйреуіш тапқан. Араны соншама уақыт бөліп жатқанын есепке алсақ, бұл – аса қымбат мұра есептеледі. Сол сияқты, Өрікті обасында, «Есік» қорық-музейіне қарасты Өрнек ауылдық аумағында Оңтүстік Корея, ҚХР және отандық археологиялық экспедициялар зерттеу-қазба жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қытайлық мамандармен бірлескен зерттеу жобасы алдағы 5 жыл бойы жалғасатын болады. «Есік» қорық-музейінің археологтары мен кореялық бес бірдей институт атсалысқан жұмыстар да жемісін берді. Өрнек ауылы маңында былтырғы жылы сақ дәуіріндегі әйелдің жерленуі мен керамикалық ыдыстар және алтын бұйымдардың бөлшектерімен танысудың сәті түскен. Кәрістермен бірлескен жұмыс та жалғасын табады. Министрдің айтуынша, зерттеу жұмыстарының екінші кезеңі енді басталады. Бұл жолы Рахат қалашығында қазба жұмыстары жүргізілетін болады.
Қазіргі таңда қоғамның рухани жаңғыруы бойынша Елбасы қойған міндеттер аясында археологиялық жұмыстарды жандандыруымыз қажет. «Қазақстанның киелі жерлері» арнайы жобасын іске асыру аясында біз Қазақстанның мәдени-географиялық белдеуін және киелі картасын қалыптастырамыз.
«Қазіргі таңда біз ортақ зерттеу жұмыстарының екінші кезеңіне өтудеміз. Бұл жұмыстар корейлік мамандармен бірлесе Рахат қалашығында өтетін болады, «Есік» қорық-музейі археологиялық қазбаларды жүргізуге республикалық және шетелдік ұйымдармен шарттық қарым-қатынастар орнатылып, қазіргі таңда Оңтүстік Корея және ҚХР ғылыми ұйымдарымен ортақ жұмыстар жалғасуда. Қазіргі таңда қоғамның рухани жаңғыруы бойынша Елбасы қойған міндеттер аясында археологиялық жұмыстарды жандандыруымыз қажет. «Қазақстанның киелі жерлері» арнайы жобасын іске асыру аясында біз Қазақстанның мәдени-географиялық белдеуін және киелі картасын қалыптастырамыз», – деді
А.Мұхамедиұлы музей қызметкерлері және қазақстандық археологтармен кездесуінде.