Рухани жаңғыру және қазіргі тарих ғылымы
Ханкелді ӘБЖАНОВ,
ҚР ҰҒА академигі
Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы екі стратегиялық міндетті күн тәртібіне қойды: біріншісі – ұлттық сананы заманауи биікке көтеру үдерісінде қазақтың қазақ қалпынан айырылып қалмау; екіншісі – жаңаша жаңғыру үстіндегі әлемдік өркениет тұлпарының құйрығынан емес, жалынан ұстап, тәуелсіз еліміз бен халқымызды тарих шаңына көмілуден сақтау, ең дамыған 30 елдің қатарына ену.
Қос міндетті шешу үшін экономика, саясат, ұлттық қауіпсіздік, әлеуметтік инфрақұрылым, биік технологиялар қаншалықты маңызды болса, қоғамдық-гуманитарлық ғылымдар да соншалықты қажет. Айталық, қазақтың қазақ екенін айшықтайтын ұлттық код болмысын түсінуге физика, химия, биология, генетика ғылымдары азды-көпті шылбыр ұстататыны рас-ау, бірақ тарих, тіл, мәдениет, философия, этнология, әдебиеттану ғылымдарынсыз қайдан шыққанымызды, қандай белестерден өткенімізді, тапқанымыз бен жоғалтқанымызды дұрыс ұғынудан қалып, Лин Баоны Елібаймен, Абылайды некесіз туған ұлмен шатастырған адасуларға жол береміз. Демек, бағдарламалық мақаладағы: «егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды», деген тұжырымда теориялық, методологиялық, танымдық зор әлеует жатыр.
Рухани жаңғыруға серпін беретін көшелі ғылым – тарих ғылымы. Ұлы далада тарихи ілім мен сана сақ заманында-ақ жоғары бағаланғанын Геродот шығармалары куәлендіреді. Тарихқа тағзым кейінде де бір мысқал кеміген жоқ. Бабаларымыз тәрізді тарихтан ұрпақ сабақтастығын көрудеміз, оны өркениеттік, ұлттық, рухани кемелдіктің кепілі ретінде құрметтейміз. Тарихи ақиқат пен тарих ғылымдарының арасынан қыл өтпейтін тұтастыққа қол жеткенде рухани жаңғырудың тынысы ашылары сөзсіз.
Қай қоғамда болмасын, ғылымның ілгерілеуі мен іркілісі, нәтижелері мен жаңалықтары адам факторына тәуелді. Тарих ғылымында да солай. Нақты мысалдарға жүгінсек, тоталитарлық қыспақта жүріп-ақ С.Асфендиаров, Т.Рысқұлов, Ә.Марғұлан, Е.Бекмаханов, О.Ысмағұлов сынды ғалымдар өлмес зерттеулерін жазған жоқ па! Әрине, мемлекеттің ғылымға қатысты саясаты көп мәселені анықтайтынын жоққа шығармаймыз. Әйтпесе отарлық дәуірдегі Қазақстанда кәсіби тарихшы даярлайтын бірде-бір оқу орны болмағанын қайтіп түсінуге болады. Есесіне кеңестік жылдары ашылған тарих факультеттері мен кафедралары, ҒЗИ-лары қатаң партиялық, идеологиялық бақылаудан көз ашпады.
Тарихшылар үшін нағыз шығармашылық еркіндік тәуелсіздікпен келді. Зерттеуге тыйым салынған тақырыптар мен құжаттар тар қапастан жарыққа шықты, жаңа мамандықтар ашылды, шетелдік әріптестермен кәсіби байланыс ұлғайды.
Қазақстандық тарих ғылымының бүгінгі адами әлеуетін 200-ге жуық ғылым докторлары мен 800-ден астам ғылым кандидаттары құрайды. Олар жүздеген кафедраларда, ондаған ҒЗИ-ларда шоғырланған. Араларында ҰҒА-ның 8 академигі, 4 мүше-корреспонденті бар. Тарихшы ғалымдардың негізгі дені тәуелсіздік тұсында ғылыми атақ-дәрежелерін алғанмен, үздік нәтижелерімен көзге түсіп жүргендері маман ретінде кеңестік дәуірде қалыптасқандар. Тәуелсіз Қазақстанда туып, тарихшы мамандығын иеленген жастар ғылымға енді келе бастады. Алдағы 8-10 жылдан кейін бұлардан жас Қозыбаев, Ақышев, Арғынбаев, Нұрпейіс, Сүлейменов шыға бастаса, ұстаздарына айтар алғысымыз шексіз.
Формациялық, танымдық, құндылық тұрғысынан өтпелі дәуірге тап болған аға буын тарихшылар қауымын интеллектуалды қазынаға қосқан үлесіне қарай үш топқа жіктеуге болады. Бірінші топ әлеуметтік-кәсіби қызметінде, ізденісінде алға да шығып кетпеді, артта да қалып қойған жоқ. Диссертацияларында, мақалаларында, тіпті монографияларында бұрыннан белгілі немесе жаңадан ашылған қағидалар, фактілер, үдерістер қайталанды. Кейбіреулері, әсіресе КОКП тарихынан диссертация қорғағандар тарихқа материалистік, таптық көзқарастарынан арыла алмады. Бұлар соған қарамастан тарих ғылымы мен тарихи білімнің еңбекқор насихатшылары еді. Басым бөлігі ЖОО-ларда еңбек етіп, қоғамдық тарихи сананы қалыптастыру міндетін абыроймен атқара алды. Тұтастай алғанда, Елбасы мақаласының рухында айтсақ, оқу анасы – қайталауды ұлықтағанымен өмірдегі өзгеріске шығармашылығы бейімделмегендер тобы өсіп шықты.
Бірақ бұлар ғылымның соры емес еді. Ғылымның соры екінші топ – плагиаторлар, яғни сумақайлар. Білетіндердің айтуынша, соңғы жылдары ғана ғылымдағы жемқорлар 5 млрд теңгені жымқырыпты. Қазіргі тарихшы ғалымдар қатарында шамамен әрбір бесінші жан – сумақай. Әшкереленгендері – бір тоғыз, әшкереленбегендері үйірімен үш тоғыз. Бірен-сараны үлкенді-кішілі ғылыми-педагогикалық немесе ғылыми ұжымды басқарып отыр.
Сумақайлар рухани жаңғыруға олжа салмайды, бірақ жалған ұраншылдығымен, жылпостығымен ғылымдағы әлеуметтік-кәсіби және рухани-имандық тазалықты бір қарын майдағы құмалақтай шірітері сөзсіз. Кеңестік жылдары әрбір он ғылым кандидатына бір ғылым докторынан келетін. Бүгінде ол арақатынас 1:4-ке жетті. Ғылым докторларының көбейгені емес, лайықсыздарының жойдасыз тайраңдауы алаңдаушылық туғызуда. Ғалымның да, ғылымның да қадірін кетіргендер – осылар. Төніп келе жатқан апаттан интеллектуалдық әлеуеті құтқару үшін ЖОО-ның үш сатылы жүйесіне, Ғылым академиясын қоғамдық бірлестікке көшіруге мәжбүр болдық.Елбасының мақаласында айтылған, «бізге инженерлер мен дәрігерлер ғана емес, қазіргі заманды және болашақты терең түсіне алатын білімді адамдар да ауадай қажет», деген сөзден кемеңгерлікті көремін.
Рухани жаңғыру үдерісінің алдыңғы шебінде әлеуметтік-кәсіби жаңғыруды әлдеқашан бастарынан өткерген тарихшылар тобы келе жатыр. Бұлар ғылымға жегілген әріптестерінің үштен бірін құрайды. Арасында дүниеден озғандар да бар. Мәселен, тәуелсіздік таңы атқанда академик М. Қозыбаевтың жасы 60-тан асып кеткен болатын. Қырандай қайта түледі. Азаттықтың он жылы ішінде бұрынғыдан да өнімді еңбек ете алды, баға жетпес мұра қалдырды. Ал бүгінгі академик Б. Байтанаев 1991 жылы орда бұзар отызға енді ғана кірген еді. Отан тарихы мамандығын археологияға алмастырған ол іргелі зерттеулерін дүниеге әкелуде.
Нағыз ғалым атағына лайықтылардың еңбегімен отандық тарих ғылымының теориялық, методологиялық, деректік негіздері жаңаша түледі, өткеніміздің ғылыми келбеті «ақтаңдақтардан» арылды, қиянатқа ұшыраған тұлғалардың есімі мен ісі халқымен қайта қауышты, тарихи ой-сана дұрыс қалыптасуда, ұлттық тарих пен ғылымның халықаралық танымалдығы артты. Рухани жаңғыру жайлы мақалада: «біздің әлеуметтік және гуманитарлық біліміміз ұзақ жылдар бойы бір ғана ілімнің аясында шектеліп, дүниеге бір ғана көзқараспен қарауға мәжбүр болдық» делінген. Жаңашыл да жасампаз тарихшы ғылымдар осы құрсауды бұзды. Сонысымен жас пен кәрінің азаттыққа адалдығын, жер мен тілге құрметін, азаматтардың бірлігі мен ынтымағын, тәуелсіздіктің интеллектуалдық іргетасын нығайтты.
«Өлеңге әркімнің де бар таласы» дегендейін, ұлттық тарихымызға басқа сала мен мамандық иелерінің ден қоюы үлкен құбылысқа айналып отыр. Араларында әуесқой да, әуесқой емес те, терең ойлы да зерттеушілер бар. Бұлар – тарих ғылымы мен ғалымдарының құрамдас бөлігі.
Елбасымыз бүгінгі замандастарымыздың жетістіктері тарихына назар аударуды ұсынғаны белгілі. Бұл идеяны «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы арқылы іске асырғанды жөн санап отыр. Осы орайда «жаңа есім» мәртебесіне лайық 100 тарихшы ғалым жайлы кітап шығаратын уақыт келді деп білемін.
Қазіргі тарих ғылымында кінәрат жоқ деген ойдан аулақпын. Ақиқаттан ауылы алыс, сана мен жүрекке берер нәрі жоқ, ойсыз шатылған кітаптар жетіп артылады. Кейбіреулерінің авторына Нобель сыйлығының сайқымазақ нұсқасы Шнобель сыйлығын беруге болады. Ғалымдардың атына орынды-орынсыз сын да айтылуда. Қалай десек те, шын сыннан қорытынды шығарудың реті келіп тұр. Біріншіден, уақытты ұттырмай, рухани жаңғыру бағдарламасы аясында тарих ғылымының әлемдік кеңістігіне ену жолдарын тапқан жөн. Бұл үшін қазақстандық шеңберден шығып, тарихи зерттеулер жобасына халықаралық конкурс жариялау керек. Бәсекелік орта адамды ширатады.
Екіншіден, ең бастысы – жоба нәтижелері іргелі монография, оқулық, құжаттар жинағы, соны жаңалық түрінде қалың оқырман құзырына ұсынылғаны. Бұған дейін жобалар өкілетті органға есеп берумен аяқталып келді. Өзін ақтамаған осынау тәжірибеден қол үзген жөн.
Үшіншіден, жобаның орындаушысын анықтағанда ҒЗИ-ларға басымдық берген дұрыс. Біз ЖОО-лардың қабілет-қарымына сенбей отырған жоқпыз. Үлкен педагогикалық жүктемемен жүрген профессор-оқытушылар ғылыми жобаны дер кезінде әрі сапалы орындай алмай қалуы бек мүмкін деген қаупіміз бар. Көз жеткізу үшін эксперимент жүргізсе, артықтық етпейді. Мәселен, бір жобаны екі ұжымға – ҒЗИ мен ЖОО тарихшыларына беріп, қайсының нәтижелері өрелі екенін анықтау арқылы.
Төртіншіден, ғылым кеңістігінде ағылшын тілі үстемдік құрып тұрғандықтан үздік тарихи зерттеулерді ағылшыншаға аударудың мүмкіншілігін арттырған абзал. Ұсынысымыз «Қазақстан-2050», Үшінші жаңғыру стратегияларымен үндесіп тұр. Алдағы 10-15 жыл бойы осы мақсатқа мемлекет қаржы бөлсе, әлемдегі интеллектуалдық танымалдығымыз артары сөзсіз. 2030 жылдан әріде тарих ғылымына шет тілін еркін меңгерген мамандар келумен мәселе өзінен өзі шешіледі.
Бесіншіден, нарықтың көздегені мен өлшемі – табыс. Гуманитарлық ғылым иесінің табысы, айлығының мөлшері еш сын көтермейді. Тарихи зерттеулерді коммерциялау тетігін әзірге ешкім тапқан жоқ. Сондықтан тарих ғылымын нарыққа жығып бермеу үшін мемлекет тарапынан шұғыл шара қолданылмаса, бүгінгі әлеуетті сақтап қалу, ғылымға талантты жастарды тарту қиынның қиыны болғалы тұр.
Алтыншыдан, ғылымның көсегесін көгертетін факторлар көп. Соның ішінде екеуі аса маңызды: бірі – ғылымның ішкі сұранысы, өзекті зерттеуді қажетсінуі, екіншісі – билік тарапынан мемлекеттік ғылыми тапсырысты біліктілікпен түзуі. Екеуі тепе-теңдігі мен үйлесімін тапқанда интеллектуалдық серпіліс туады.
Өкінішке қарай, қазіргі тарих ғылымында таразы басы тең емес. Тарихшылардың, яғни төмендегілердің, сұранысы да, ұсынысы да баршылық. Тұтастай алғанда, қандай тақырыпты зерттеу керектігін әрбір ғалым өзінше анықтауда. Ғалым атын жамылған насихатшылар мен сумақайлар бар екенін ескерсек, олардың жобалары қарақан басының қамынан аспайтынын мойындауымыз керек. Ал жобалардың озығын қолдауға, тозығын сылып тастауға жоғарыдағы Ғылым комитеті қауқарсыз, Ұлттық ғылыми кеңестің мүмкіншілігі шектеулі. Ғылым комитеті ғылыми жобаны ұсына да, іріктей де алмайды, яғни мемлекеттік тапсырыс беруден тыс қалған. Ішкі құрылымы нақты ғылым саласымен айналысуға бағышталмаған. Ұлттық ғылыми кеңес тәуелсіз эксперттер жобаға қойған бағадан асуға құқығы жоқ. Түптеп келгенде, ғылымға мемлекет атынан басшылық жасайтын өкілетті орган бар болғанымен оның құзыреті міндетіне сәйкес емес. Ендеше, қазіргі тарих ғылымындағы жасампаз әлеуеттің толық ашылмауына басты себеп – оны ұйымдастырудың, іргелі нәтижеге жегудің мемлекеттік моделі түзілмегені. Қоғамдық-гуманитарлық ғылымдар биліктің араласуын мейлінше азайтуды талап ететін экономика, кәсіпкерлік емес. Бұл салада билік пен интеллектуалдық элитаның одағы мен бірлесе қимылдауы мейлінше маңызды. Әзірге ақиқаттың қисынынан ғалымның қалауы үстем түсуде, ғылыми жобалардың өзара байланысы мен сабақтастығы сақталмай, ала-құла ізденістерге жол ашылуда. Бас-басына би болғанның кері ғылымды басиесіз қалдырды, жемқор мен сумақайдың күні туды.
Ахуалды тез арада сауықтындырмаса, рухани жаңғыру, Елбасы ескерткендей, құр жаңғырыққа айналып кету қаупі бар. Менің ойымша, «Ғылым туралы» Заңға тиісті өзгерістер енгізіп, Ғылым министрлігін бөлек шығару қажеттілігі әбден пісіп-жетілді. Жаңа өкілетті органның ішкі құрылымы бұрынғы Ғылым академиясының бөлімшелеріне мейлінше жақын болғаны жөн. ҰҒА академиктері мен мүше-корреспонденттерінің ғылыми жобаларға алдын-ала сараптама жасаудағы рөлін күшейтуден еш ұтылмаймыз.
Дербес ғылым министрлігінің қажеттілігін жалаң статистикадан да байқауға болады: ғылыммен 20-25 мың адам айналысады, ал білім саласындағылар бұдан жүз есе көп. Әрине, жүздің жырымен жүрген министрліктің бір пайызға бөлер уақыты да, күш-қуаты да бола бермейді. Иә, біреу үшін біз қазір бір пайыз ғанамыз, бірақ сол бір пайыз да жүз пайыз ықылас пен қолдауға зәру.
Ең бастысы – Елбасы ұлықтаған рухани жаңғырудың таяу жылдардағы алты міндет-жобасымен (қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру, «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық», «Туған жер», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы», «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет», «Қазақстандағы 100 жаңа есім») қоғамдық-гуманитарлық ғылымдардың, оның ішінде тарих ғылымының да аясы шектелмеуі керек. Тек осы жобаларға ғана қаражат бөлінетін болса, біраз мамандықтан айрылып қаламыз. Мақаланың егжей-тегжейлі бағдарлама емес, бағдар екенін қаперден шығармайық.
Рухани жаңғыру ұзақ уақытты талап етеді. Оған септесетін тарих ғылымы бір қадам болса да үдерістің алдында жүргені дұрыс. Үзіліссіз жұмыс істеуге даяр адами капитал бар, соны ұқсататын саясат пен билікке сұраныс күн санап артуда.