Дәутайұлы дүрбісіндегі замана келбеті
Өткен ғасырдың жетпісінші-сексенінші жылдары балалар мен жасөспірімдер әдебиеті бойынша өткізіліп тұрған республикалық жабық әдеби конкурс көптеген жаңа, жас дарындардың есімдерін елге танытты. «Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады», жүзден жүйрік шыққан жас авторлар уақыт өте келе, буыны бекіп, бұғанасы қатайып, әдебиетіміздің белгілі өкілдеріне айналды. Солардың бірі – әрбір жазған шығармасы ілтипатқа ілігіп, әрбір жаңа повесі осы конкурстың жүлдесін иеленген, бұрын аты белгісіз болса, енді бірден көзге түсіп, әдеби қауымның да, қалың оқырман қауымның да назарын аударған, сол кездегі жас талант Несіпбек Дәутайұлы. Барлық дерлік мақалаларда, баяндамаларда, пікір алысуларда қазақ әдебиетіне жас дарынның келгені айтылғаны, жазылғаны есімізде.
Сол бәйгеде суырылып, оза шапқан, жүлдені қанжығаға байлағандардың біразы бүгін ұмытыла бастаса, алғашқы қарқынынан танбай, шабысқа шабыс қосып келе жатқан дарындардың бірі емес, бірегейі – Несіпбек Дәутайұлы.
Тыйымы көп, тізгіні – темір, шындығы байтақ өмірмен байланысы әлсірей бастаған жетпісінші-сексенінші жылдардағы қазақ прозасына Несіпбек Дәутайұлы шығармалары арқылы нақты уақыттың нақты жүгін өз иығымен көтерген, қым-қуыт қайнаған тірліктің, мәселе – құбылыстар мен құбылыс – мәселелердің қақ ортасында қасқиған немесе өңменге оқтай қадалуға әзір өзекті өзгерістерден өзегі талған қиялдың қанатын қырқатын биқисап қиқым сәттерден шаршап сансыраған, тірлігі мен тағдырына таныстары да, толағайым қоғам да киліге бергесін шарасы азайған, жүдеген, немесе жүдегеннің иығына шығып, үдеген жаңа кейіпкерлер келді.
Қазақтың ұлттық рухының ұлы ұстыны – қарапайым ауылдың салқар өмірінің сан алуан астыртын немесе үстірт назарға елеусіз ағыстары мен сапырылысқан толқындарын түгендемек түгіл, түстей алмайтын әріптестер аз емес еді. Немесе шақтап шамаласа да, анықтап аршып, айта білетін, ең бастысы кәдуілгі тіршіліктің өзіндей табиғи айшықтай білетін қаламгерлердің жеткіліксіз кезінде Несіпбек Дәутайұлының дүрбісіне заман келбеті тағы бір өзіндік қырынан байқалды. Дүрбінің аумағы қамтыған өмір – өңірді бөлекше танытатын өз мәнерімен, келеңсіздікке келісімпаздықпен жәдігөйленіп қарай алмайтын жауынгер мінезімен, жанға тотияйын, жүрекке у қорғасын салған әбілеттікті қаламмен түйремей қайтпайтын қайсарлығымен айрықшаланғанына содан бері жарияланған шығармалары куә. «Ақ көгершін», «Алма ағаштың бұтағы», «Жол» сияқты жүлдегер шығармаларынан бастап, «Аты жоқ әңгіме» кітабына дейінгі аралықтағы барлық ізденістері – соның мысалы.
Бір қызығы – Несіпбек Дәутайұлы жазуды жаңа бастаған кезде, қатарластарының барлығы да бірнеше кітаптан шығарып үлгерген. Ал, қызу өмірдің қақ ортасынан келген, алғашқы адымын бәйге алудан бастаған Н.Дәутайұлының алғашқы кітабы 36 жасында жарық көрді. Көрнекті, қабырғалы қаламгерлері иін тіресіп, белгілі, белді бедел иелерінің есімдерінің өзі-ақ имендіретін шақта қазақ әдебиетіне өз айтары бар, қолтаңбасы қалыптасқан, көру мен көрсету, көрнектеуі және басқаша дарынды жазушының келгенін бірден мойындатты. «Өмірді жақсы біледі», «өмірдің өзінен алынған», «тың характерлер жасаған», «жаңа тақырыптар әкелді», «күн тәртібіндегі зәру мәселелерді көтерген» деген сыңайда сол кезде жиі айтылатын, үйреншікті немесе дағдылы мезгілауи талдаулар жазушының «Аты жоқ әңгіме» кітабын оқығанда, қаламгердің қиялы мен қаламы қаусырған көркемдік әлемді толық қамти алмайтынын мойындау керек. Сол аталған сипаттардың барлығын дәйектеуге лайықты мысалдар бұл кітапта да жетіп артылады. Алайда көркемдік әлемі бұрынғы дағдылы сипаттардың сорабына симайтыны және шәксіз. Ендеше қазақ прозасында жаңа көркемдік әлем ашылды – Несіпбек Дәутайұлының әлемі.
Кейіпкерлері табаны тиген Жамбыл өңірінде ғана емес, байтақ еліміздің барлық түкпірінде ғұмыр кешіп жатыр. Жеке адамның табиғатына тән сипаттар мен сол адамдарды дедектетіп, өз дегеніне жүргізген тұрмыстық-әлеуметтік, т.т. ықпалдар, құбылыстар, барлық адам баласына тән. Сол Барлықтың өкілдеріндей елестейтін кейіпкерлер галереясына бәрі келген секілді. Түгелдей өз көзімізбен көрмесек те, әрқайсысы тек өзіне ғана тән мінез-тағдырымен дараланған келіншектер мен күйеулер, балалар, әжелер, аталар, көршілер, олардың таныстары, батырлар, әншілер, бастықтар, сайқалдар, қарақшылар, ойнастар, саудагерлер, бизнесшілер, ірілі-ұсақты бастықтар мен бастықсымақтар, т.т. Әлеуметтік статусы мен сол статусына лайық салмағы, әлеуметтік тобы мен соған сәйкес қарекеті арқылы бүгінгі өмірдің әрі өзгермелі, әрі өзекті шындығын шектемей, шып-шырғасын шығармай алға тартқанда, ыңыранған ұлы уақыттың уысында тыпырлаған тірлік иелері мен Тіршіліктің өзара тікелей тәуелділігі мен бейтарап сезілетін, алайда түптеп келгенде, сатылы, жанама тәуелділігін мойындамасқа шара қалмайды. Бүгінгі болмысымызды осынша мол қамтып, көптеген құбылыстардың сабақтасу контексінде жанып тұрған, ділгір мәселелермен бетпе-бет келген қыруар образ-характерлер әкелген Несіпбек Дәутайұлы сияқты қаламгер әдебиетімізде кемде-кем.
Осының барлығын сіз де көргенсіз, естігенсіз, ендеше білесіз. Өз бетімен өтіп, көрмегендей кетіп бара жатқан кісілерді – кейіпкерлерді осылайша ай-шайға қаратпай, «тарпа бас салып», тартыншақтауға мұршасын келтірмей, тамам елдің алдына шығарғанда, «осыным қалай болар екен өзі!» деп, күмілжімей, күлбілтелемей, қалтырамайтын қайратты қолмен қайтарып, шашау шығармай жинап әкеліп, ширатып ұсынған Несіпбек Дәутайұлы қаламының «долылығына» сүйсінесіз де, қуанасыз. Сүйсіндіру шеберлігіне байланыстылығы түсінікті шығар, ал қуандыратыны – баршаны бағамдап жатуға уақыты кем, қарапайым қалың елдің өзінен өткен қарапайым тіршілік тынысын, тағдырының талқыға түскенін қарапайым мұңы мен сырын, өздерін өздеріне көрсетті, ал көргеннің өзін танымасқа шарасы жоқ-ты. Әркім өз күнінің көлеңкесіне көміліп, қағаберісте ұмытылып қалмады, тасаға тарс бекітіліп, ешкімге білінбей, белгісіз қалпыңда «тірідей өлмеді», сұлулығы мен сиықсыздығы үнемі алма-кезек аунап түсіп, сансыратқан тірлішіктің кілтипандары айдай әлемге айқындалған, салмағы ауыр ақиқат-мазмұн әлеміне сілтеді. Бұл сөздің дәлелі ретінде туындыларды жеке –жеке талдап жатуға мақала көлем көтермейді. Жиып айтқанда, Н.Дәутайұлы шығармалары адам мен пенденің табиғатын, бейтарап уақыт пен қоғамның сырын, сипатын, осылардың қарым-қатынасын туындайтын күрделі шындық пен сол шындықтағы жеке адам мен қоғамның, заманның, адам табиғаты мен қоғам табиғатының, сол табиғаттағы үйлесімдер мен қайшылықтардың трагедиясын бірде қатал бейнелейді, ішінара юмор араластыра әжуалайды да, қиналады.
Сырт қарағанда момақан, бәлкім, содан ба сыр бермес сыпайы, бірсарынды көрінетін тірліктің іс жүзінде жындай қайнаған, сапырылысқан, қайшыласып қидаласқан «микробтарын» жазушының микроскоп көзі қалт жібермейді. «Момақаныңыздың» ішіне үңілгенде басы қайда, аяғы қайда, бірден ажырату, ұғыну, сараптау қолдан келуі қиын шаруа екенін ішіңіз сезгенде, басталуы, шиеленісуі мен түйін-тиянағы бар тарихи оқиғалар, аңысын аңдағанда адаспайтын аласапырандардан басқаша екені анық, алайда бәлендей мән беріп жатпаған қарапайым өмірдің ырықты-ырықсыз қарым-қатынастар, эмоциялар жарысқан, жанұшыраған қисапсыздық әлемі екеніне тағы да көз жетеді. Осы әлемге жазушы зер салғанда, негізінен, үш түрлі авторлық, көркемдік тұрғыдан таразылайды.
Бірінші. Өмір-өзен табиғат тарту еткен арнасымен, ешкімді «мазаламай», өз бағытымен маңып барады. Көз алдыңыздан өтіп жатқан кино кадрлары секілді. Автор – сырттай бақылаушы, әрі бейтарап бейнелеуші. Көкейіндегі көмбені «мінекей» деп, жарқ еткізіп ашып салмайды. Қалай ойлайсыз – патша көңіліңіздің қалауы мен қиялыңыздың қанатына байланысты. («Ақ күшік», «Көгілдір көйлекті келіншек»).
Екінші. Мәселе көтеруге ден қою. Идея айқындығы талас тудырмайды. Өмірдің өзекті өртейтін немесе қашсаң, құтыла алмайтын шындығы көкейтесті мәселесі көкірекке кіріп алады. Заманның, адамның құбылымы, сыры мен сипаты сол арқылы белгі береді. Мәселен, «Өнеш, Комбинатор, алжапқыш», «Батыр», «Шал», «Көрбай», «Тілалшақ», «Бір қияр екі жұмыртқа, Ботабай», «Мәкеңдер, Малсекеңдер, заман».
Үшінші. Реалистік, сюрреалистік бейнелеу-сезіну бірлесе өріліп, бірін бірі толықтырып, әдемі жарасым табады, модерндік, постмодерндік бояулар көркемдік мазмұнға ұласады. Содан түзілген постмодерндік мазмұн-тұтас шығарманың бойындағы суреткерлік-философиялық концепция,
реалистік тұрғыдан толғаса, себеп-салдарына «көз жеткізу» көп уақыт-көлемді алатынын сезгендіктен, мүмкіндігінше іріктеп-жинақтау, аз көлеммен байтақ кеңістікті қамту, оқырманның эмотивтік-эстетикалық қабылдауына тәжірибелік үлес қосу, қиялына «жұмыс істету» арқылы сезіну мен фантазиялық әлеуетін нығайту. Мәселен, «Айғыр кісі», «Құмға қашқан құйын», «Қанқызыл жалқын»…
Әрқайсысына дәлел, мысал келтіріп, дәлелдеп жату – арнайы, көлемді зерттеудің жүгі. Алғашқысына ғана аздап тоқталсақ…
Айталық, «Ақ күшік» повесі мен «Көгілдір көйлекті келіншек» атты әңгімесінде өмір материалдары қаз-қалпында «берілген» сияқты әсер қалдырады. Шүйдесі шодырайған зор мәселе алға ұмтылмайды «мені көр» деп. Автор – жазушы тек алыстан бақылап, кейіпкерлерінің не істеп, не қойғанын сырттай сипаттап, тізіп отырғандай немесе солардың сөздерін, т.т. бейнежазбаға түсіріп алып, жолдап жіберіп жатқандай. Жазушының кейіпкерлеріне бүйрегі бұратынын-бұрмайтынын бірден аңдау оңайға түспейді, бейтарап бақылаушы секілді.
«Ақ күшік» повесінде баласы болмай, екі айрылған жас отбасының – Қалдыбай мен Бекзаттың күйзелістері мен екі айрықтағы күндерін автор екі жаққа да алаңдап, ортада ары-бері жанұшырған Ақ күшік арқылы сабақтастырып, өзінше тәсіл тапқан. Тасыған өзен көпірді де, көпірден өтпекші Ақкүшікті де жұлып әкеткеннен кейін, сюжет желісі тұйықталады. Өзеннің екі жағында бірін-бірі сыйлайтын, өкпеге қиса да, өлімге қимайтын екі жас, екі тағдыр қалды.
Шығарманы оқи бастағанда, бұл Ақкүшік «не үшін қажет, не бітірер екен?» деген түйткіл түртінектейді. Біраз еңсеріп, Ақкүшікке бой үйренгеннен кейін, «қалай аяқталар екен?» деп іштей «дәу де болса» осы тұстан шығады-ау деп шамалап отырғаныңызда, күтпеген жерден шешім жасалады. Шешім болғанда, повестің көркемдік мазмұнын түйіндейтін, тиянақтайтын көркемдік шешім емес, сюжеттік шешім. Бұл екеуінің «бірлесіп» кететінін де, әрқайсысы өзіндік функция атқаратынын, бірақ қалай дегенмен сабақтасып жататынын, бірінің қызметін екіншісі атқаруы мүмкін екенін ескерген де артық емес.
Екі жастың өзегін өртеген өкінішін, көмейге кептелген өксігін білдіргенде де, «сараң диірменші Павел, т.б. кейіпкерлердің әрқайсысын тура мінездегенде де, жанама мінездегенде де, тілдік штрих, детальдар арқылы танытқан да, жазушының төгілген тілі риза етеді. Іркілдеуден де, тасырқаудан да мүлдем аулақ. Жазып емес, айтып отырғандай әсер қалдыратын ерекшелігі – басқа да шығармаларына тән. Осындайда қазақтың баяғы байырғы ауызша әңгіме айту тәжірибесі еріксіз еске түседі. Шарай топтың ортасында суырылып шығып, көпті өзіне үйіріп, әңгіменің майын тамызып айтатындар бүгінде жоқ та шығар. Бірақ кезінде көзкөргендердің айтып, жазып кеткені аз да болса бар. Мәселен, Жамбылдың айтқан әңгімелері повесть, романға бергісіз екенін қызыға айтып-жазып кеткен Сәбит Мұқановтың мақаласы жадымызда.
Н.Дәутайұлының сөз саптау ширақтығы мен дәлдігінен, жинақылығынан ұмытыла бастаған дәстүр ойға оралғанда, көп қабатты, көп қырлы халықтық-рухани көркемдік тәжірибенің қайнарынан еркін сусындағанын көресіз.
Сөз саптауы ғана емес, көріністер, сәттер, ситуациялардың қиюласуы, басталуы, өрбуі, шиеленісуі мен шешілуі жазу техникасын әбден игерген, соның қуатымен қазақ прозасында өзіндік өрнегін қалыптастырған жазушының шеберлігін танытады.
Аталған повестің арқауы – көпке көзтаныс, сахараның қай қиырына барғанда да алдан шығатын, айналып өту мүмкін емес қарапайым ауыл өмірінің көріністері. Бір-бірімен селбесіп, күн көретін тіршілік қайда да бар. Бұл туындысында автор белгілі бір мәселе көтеруге ден қойып, кейіпкерлерді соған қарай іріктеп, шындық материалын да соған бейімдеп талғаудан аулақ секілді сезілгенімен, сол тіршілік иелерін – тағдырларды біресе шырқ үйіріп, біресе қақпақылдап, бір арнадан екінші арнаға лақтыратын күш – заман ағысы, қарапайым тіршілік қарқыны екені, сол заман мен тұрмысқа еңсермей қоймайтын ықпал – қоғам, мемлекет, саясат үшеуінің басын біріктірген дәуір – уақыт екені ойда тұрады. Бір қарағанда, кәдуілгі табиғи тіршілік ағысы елеусіз ғана сырғып өтіп жатқан сықылды. Қайта қарағанда, қай-қайсысының да сыртқы әлеуеттің – орта, салт, дағды, тұрмыс, т.т. қайда қашса да құтқармайтын, төніп келіп төңкеріп тастайтын екпініне өзінің көңілі томай, бір бұлқынып, тыпырлап қалатыны, өз ұғымындағы күңгірт өмірден басқа – жарық дүниеге ұмтылғысы келетіні де қылаңытады. Алайда Бекзат пен Қалдыбай да, диірменші Павел мен қырықтардағы әйел Матрена да, «кез келгенге жалпаңдап, көрінгеннің қолына су құйып өскен» күйеуін менсінбей ажырасқан уыздай жас келіншек Роза, малтапқыш Өрікайдар да – іштей бұлқынысы булығып жүріп, шаңда бір «бас көтергенімен», үлкен әрекеттер жасауға, ең алдымен, парасаты, сосын жігері жетпейді. Әр сәтті өз көңілін демдеуі үшін пайдалана білуі — әлсіздігі ме, қулығы ма, әлде екеуі қабаттас па, белгісіз…
Пейзаж, портрет, диалогтардан жазушы қаламының ерекшелігіне – динамикалылығы, сезімталдығы мен мергендігіне мысалдар қырғын. Бірін ғана еске ала кетейік: « – Уймись! – әйел диірменшінің қолын қағып тастады. Бірақ көздері күлім қағып тұр. – Что готовить к обеду?». Осыдан-ақ диірменші шал Павел мен Матренаның арасындағы қарым-қатынас, т.б. сипаттар бірден аңғарылады.
Әдетте, көп шығармаларда басты кейіпкерлері табысып, не шабысып, не ажырасып, немесе түрлі хикмет-хикаяларды бастан кешіріп, тартыс, коллизия, сюжет соған қарай өрбіп, небір тайталас, айқас, шиеленіс ширығып жатушы еді. Немесе бай болып, барша мұратына жетуші еді, не марқұмға айналатын. «Ақкүшікте» түк те таңғалдырмайтын, әбден жауыр болған жаттандыға айналған қарапайым ғана тіршілік тәрізді. Сол тіршілікке жазушының көзі түсіп еді, сиқырлағандай, жан бітіп жүре берді. Көз алдымызды сан алуан эмоцияларға, бояуларға, сан қилы оқиға, әрекеттерге толы дүние тіріліп келгенде, «е, бопты!» деп, немқұрайды кете алмай, байланып қаласыз. Бұған дәлел ретінде мысал келтіретін болсақ, шығарманы басынан аяғына дейін қайта көшіріп шығуға тура келер еді.
Көз алдымызда – әуре тіршіліктің әуре философиясы. Әркім өз түсінігіне сәйкес ілбіп, өз ойының, енді бірде сезімінің жетегінде. Қарекеттері «ұйымдаса», ұлғая, сығылыса келе, әрекетіне апарса, әрекетінің жаңғырығы қарекетіне таралады, ендігі бет-бағдарына әсер ететін импульске айналады. Шынтуайтында ойлана келіп, ең қажетті шешім жасауға қай-қайсысы да құлықты. Алайда, баршаны қақпақылдап әкеткен ұлы ағыс – уақыт, ағыс-қоғам, ағыс – ортаның ырқымен ығысып, амалсыздың күйін кешу – массаның машақаты, миллиондардың «еншісі» мәжбүрлігі. Өзге былай тұрсын, тым құрыса өз өмірі үшін байыпты қадам жасауға белсенділігі кем кейіпкерлер болмыс – тіршіліктің жөңкілген ағысымен, жаңқадай лақтыратын толқындарымен тайталасуға әрі еріншек, әрі жүрексіз. Бас қатырып жатпай, «Басқа салды, біз көндіктің» ноқтасына бағынуды өзіне қолайлы, оңай өмір сезінеді. Көңілін көншітпейтін жағдайға көнгісі келмесе де, көндігуге сылтау тауып, өздерін өздері алдап жүрген тірлік иелері. Адам баласы өмір сүрген қай заманда да қалмай, қапталдаса беретін шындық бүгінгі күні тағы мөлиіп тұр. Неге? Ашық айтқысы келмей, астарлап ұсынған автор – бейтарап, оқырманы – куәгер. Бағзыдан белгілі өмірдің баяғыдан аян шындығы алдыңызға келгенде, жалтара алмайсыз – жаныңыз ашиды. Көмектесе алмайсыз – құдіретіңіз жоқ. Күйінішіңіз бен сүйінішіңіз, үмітіңіз бен қынжылысыңыз араласып, күпті қылады – тірісіз!..
Бәрін, бәлкім, тағдырға, заманға жабуға болар… Абай айтқандай, «замана оны илемек». Белсіздігі емес, ұрпақсыздығы үшін іштей күйреген еркек, қиындықтан қажыған, күнкөріс үшін еркектің қойнына өз «еркімен» баруға мәжбүр келіншек – бәрі – әрі өз ұғымының, әрі ықпал – уақыттың, ықпал – тіршіліктің құлдары.
Қазіргі өмірдің осындай қарама-қарсылықтары мен қайшылықтары бүгін ғана ма екен? Заман – қоғамына иліге алмаған, иленгісі келмеген, Тіршілік – Ағыстың өнімсіз күйбеңі мен күлді көмеш күйтіңіне, күнделікті киліккіш китіңіне көндіккісі келмей, мазасызданғандардың да, аласұрғандардың да, арыстандай айға атылғандардың да ақыр бір күні қуаты қожырап, барып-барып таусылған шақтағы айтатын «арман-айы» мен «жалған-айы» жанына жалын шашып, күйдірмеуші ме еді?! Шарасыз күңіренгендер мен күйінішін білдірудің жолын таппай, жағдайдың мәжбүрлеген естанды пендесіне, ырықсыздан уақытша миғұла – есуастарға, еріксіздерге – адамзат комедиясының кейіпкерлеріне айналғандар қайда да қашан да күн кешкеніне басқаның бәрінен бұрын ең алдымен әдебиет айғақ.
Ендеше «Ақкүшіктегі» шындық – кешегі шындық – өткеннің тозаңының астында тұншығып жасырынбай, Өмір деген сәуленің көлеңкесіндей қашанда қалмай ілесіп келеді. Қалай ұғынады, қалай байыптап, бағалайды – әркімнің өз қалауында. Автор белсеніп араласпайды, анадайда – аулақта.
Алпысыншы жылдардағы қазақ прозасында кеңес өмірінің салтанатына, кезең идеологиясына көбірек мән беріп, көлеңкелі дегеннің барлығын – іс-әрекет, оқиға, сәт, сан қилы қатынас, т.т. жарқын болашаққа – коммунизмге шеру тартқан аршынды адымдарға тұсау, игі беталысқа кедергі, ілгері басқанды кейін тартқан кертартпа делінгені, ал қайшылықтар, келеңсіздіктер жеке адамның өзіне ғана тән кемшіліктер ретінде назарға алынғаны мәлім. Жетпісінші жылдардың соңына қарай, сексенінші жылдары әлгіндей «көлеңкелер» мен «көлеңкелілік» енді бұрынғыдай ескінің қоғамдағы сарқыншағы, қарақан бастың қамынан аса алмайтын күйкілік деп қана емес, заманның қоғамның олқылығы, өзекті мәселесі ретінде бейнелене бастады. Жеке басқа табынушылықтың зорлық-зомбылығын өз көздерімен көрген, бертінгі қорлығын да бастан өткерген, жүректері шайлығып, беті қайтып қалған аға буын өкілдері мәжбүрлік салдарынан сақтана сездіріп, абайлап аңғартқан ақиқаттардың астары енді осы жылдардағы Н.Дәутайұлы сияқты жастар прозасында жаңаша, айқынырақ сипат алды. Әлеуметтік, адамгершілік, қоғамдық мәселелер ашығырақ, батылырақ көрінуге бет бұрды. Шаруашылықтағы олқылықтар, жеке адам мен ол араласқан ортаның ахуалы, «ауа райы» енді әлеуметтік-қоғамдық шындық, мәселе ретінде, өмір жаңғыртқыштық әлеует-арна немесе бері тартудың орнына кері тартудың сынға алынуға тиісті мысалдары мен құбылыстары ретінде байыпталуға ойысты.
Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін қызыл тілден кісен алынып, поэзиямызда, прозамызда қыруар жаңа эксперименттер жасалды. Рас, бұл процесс әзірге толық та лайықты бағасын алған жоқ… Несіпбек Дәутайұлының аталған кітабына кеңес дәуірінде жарық көрген шығармалары да енгенімен,басым көпшілігі – тәуелсіздік кезеңінің жемісі. Бұрынғы прозамызда майын тамызып, әңгімеленбейтін эротика, маскүнемдік, жемқорлық, ойнасқорлық, жезөкшелердің тіршілігі, кісілігінен айрылған әке мен ұл, т.т. жазушының сергек қаламы объективті ұлы өмір ағысының жиіркеніш тудыратын сұмдық сорақылықтарын дырылдатып көз алдымызға әкеледі.
Бұрындары прозамызда еміс-еміс елес беріп, орағытып өтетін, немесе емеурінмен емексітіп, тартыныңқырап жұмбақталып, торғын перденің аржағында толықсып тосатын, нәзік ибамен, жұмсақ қылығымен қытықтап, ынтығын жасыра алмай ишаралайтын эротика Н.Дәутайұлы туындыларында кейіпкердің көңіл-күйін, психологиясын ашатын эмоциялық, логикалық кілт, бояу, сонымен бірге психологиялық мағына-астарға, сюжет желісіне әсер ете аларлық эмоциялық-эстетикалық бірлікке айналып, неғұрлым аулақтасаң, соғұрлым ынтықтыратын жаратылыс тылсымы, өмірлік табиғи қажеттілік, эмоциялық мазмұн ретінде ишаралап икемдеуге бейім, дербес бостан көркемдікке ұласады. Мұндай деңгейге жеткізетін, әрине, автор қаламының қуаты, шеберлігі. Сидаңдаған, сумаңдаған, салаңдаған мазмұндау емес, кестедей кербезделіп, келісімін тапқан кестелі тіл, өзара сабақтасқан интонация, алға жетелей беретін, жалықтырмай үйіретін ырғақ – ізденістің, шеберліктің дәлелі. Бұрын көрмеген кісі – кейіпкерлер, бұған дейін көзімізге «көркемделіп» көрінбеген қарым-қатынастар арқылы ішіміз сезіп, білсе де, айызқандырып айтылмаған өмірдің сырлары көңіл күйі мен қарапайым тіршілікке әсер ете аларлықтай сиқырлы жан мен тән жарасымының табиғатын айқындайды. Олай деп те, былай деп те айтуға желеу-сылтау бергенімен, эротикалық бояулар Несіпбек Дәуітайұлы прозасының қазақ әдебиетінде ерекшеленетін өзіндік сипаттарының бірі деп айтуға керек.
Табиғи түйсіктердің жұмбағына жауап іздегенде, жазушының қаламы сол әлемді барлау мен шарлаудан бас тартпайды, індете іздеп, білмей қоймайды, сол білгеніне иландырмайынша, бір кідірмейді. Кідірмейтіні – мүдірмейді, іркілмей, шегінбей, діттеген нысана өріне шыққанша, өршелене түседі. Бүгінгі өмірде кездесетін кемшіліктер, жанға батқан өзекті мәселелер десеңіз де, әртүрлі образ характерлер десеңіз де, тосын шешімдер жасау тапқырлығы, шығармаларының динамикалылығы десеңіз де, бәріне де мысал жетіп артылады. Қаламгер жазатын басқа ештеңе таппағандай «алысқа» баруға ерініп, айналасындағы, немесе барған-көрген, жүрген жерлеріндегі көзі шалғанды қалам-шалғысымен шауып, бөкеске сала берген сияқты әсер етуі де мүмкін. Бірақ қаламгердің құпиясы – тереңде.
Адамды пенде ететін, пендені адам қылатын, оқиға -әрекет түгіл, белгілі бір сәт, мезеттің өзі адамды ширатып, шынықтыратын, омақастырып ойсырататын, бір отқа, бір суға салып, естен тандыратын, есін жиғызатын – тылсымға бара бар Тіршілік атты ғажайып әлем. Адамды сан тұрғыдан, түрлі ракурстан көруге, танытуға таптырмас тапжылмас алаң-майдан екенін еріксіз сезіндіретін. Бір кездегі мәкең-малсекеңдерден бастап, кейінгі Көрбай, Ботабай, Өрікайдарларға дейінгі аралықтағы кейіпкерлер – образдар – тағдырлар адамзат өркениетінің қай кезеңінде де бар, айырмасы – әрқайсысы өз дәуірінің, өз ортасының «құмырсқалары» мен жаяу-жалпылары, жансебілдері мен жалмауыздары.
Бұлардың барлығы жиыла келгенде, адам шіркінді қапысын қалдырмай тану мен таразылауға жетелейді. Жазушының осы ыңғайдағы өмір зерттегіш белсенділігін, суреткерлік сергектігін былай қойғанда, сол сұмпайысы мен сыпайысы, адалы мен алаяғы, сайқалы мен саңлағы ию-қию араласып, быжынаған тірлік иелерінің барлығы да, ең алдымен, адам атты әулеттен екені, барлығының дерлік өз еліміздің азаматы, бәрінің де қазақ екенін қаперінде ұстайтынын, көргені көңіліне сыймағасын жазуға, айтуға мәжбүрлігін ескергенде, адамға деген қалтқысыз ықылас, құрметтің өшпей, үнемі қоздап жататынын аңдайсыз. Адамды таныту, сол арқылы талдау немесе талдау арқылы танытуға келгенде, кейде қатал, кейде қатыгез сезілсе де, түптің түбінде жанашырлықтың толғануға бейімделгені аңғарылмай қалмайды. Не өзі, не ой-сезімі тыпырлап, тыныш таппайтын адам арқылы қашса, құтқармайтын, құрсауға алса, құлдиға жіберетін тапжылмас қамал-қоғамды, осы қоғам арқылы болғанына болпы, толғанына мәз, өзімшілдігі ерен, өзгеге керең немесе байыбы уайымға, уайымы ұмтылысқа бастаған адамды ұғыну өмірлік міндетіміз, әрі тіршілігіміздің қажеттілігі екенін, онсыз өмірде өрлеу жоқтығын сан түрлі ситуация-оқиға, ситуация-сюжет, психология-ситуациямен бетпе-бет келтіріп, мөлдіретіп суреттеу – қоғам мен адамның өзін өзіне таныту. Бұл асқарға жететін қаламгерлер сирек. Олай болса, бүгінгі айтулы жазушы, жетпістің асқарына алқынбай жеткен Несіпбек Дәутайұлының шығармашылығы – дәуір шындығының шежіресі.
Бекен ЫБЫРАЙЫМ.
ПІКІРЛЕР1