Өмір сырына үңілген жазушы
Жылдар жылжып уақытпен бірге адам да, қоғам да жаңарып, жадысы жаңғырып, тұрмыс түрленеді. Бірақ әрбір ұлттың сан ғасырлар бойына ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, желісін үзбей келе жатқан асыл қасиеттері
болады. Солардың маңыздысы да, мәндісі де отбасылық құндылықтар. Қазақ отбасындағы ата мен әженің, ер мен әйелдің, ұл мен қыздың өмірлік қағидалары өмірдің тұтқасына айналған.
Қалыптасқан қағидаларға бағынған.
Өз басының жеке мүддесінен гөрі бала бақыты, отбасы бүтіндігі мен бірлігі басты қазық болған. Соның арқасында талай тарих теперіштерінің тезінен тізе бүкпей өткен қазақ болмысына Кеңес кезеңінің де көлеңкесі аз түскен жоқ. Ал адам болмысын тұрмыс билеп, ақша мен байлық, билік пен мансап ғасырлардан келе жатқан құндылықтарды көмескілей бастаған тұс талай тағдырларды тәлкекке ұшыратты. Әрине, жеке адамның өзін іздеуі, іштей ширығуы, жеке ар-намысы, бостандығы сезімі үшін күресі бір қарағанда айып емес. Оған адам баласы мүдделі де. Алайда, ақшаның буына мас болып өмір сүру, жалғанды жалпағынан басу деп түсінетін тоғышар жандар кесірінен отбасылық құндылықтар да, аяулы сүйіспеншілік сезімдер де тапталып жатады. Бұл мәселелер көркем прозада әр түрлі дәрежеде көрініс тауып келеді. Осы тұрғыдағы Мира Шүйіншалиеваның «Өкініш» атты повесінің де айтар ойы ерекше. Адам атаулыны менсінбейтін, қызмет пен ақшаның буына мас болған Аманның бейнесі типтік дәрежеге жеткен. Өкінішке қарай, қарны тойса халық қамын ұмытып, қарақан басының қамын күйттеп кететін осындай жандардың кесірінен қазақ қоғамы қанша зардап шегіп отыр. Повестің негізгі кейіпкері Ақкүн қарапайым ғұмыр кешкен мектеп мұғалімі. Ата-ана үмітін ақтап, бала жасынан әдепті, арлы өскен ауыл қызының әке-шешесіне, шәкірттеріне деген мейірімі, ұстаздық ісіне адалдығы нанымды штрихтармен берілген. Ал оның жан дүниесінің астаң-кестеңін шығарып, өмірін мазасыздыққа ұшыратқан махаббат мәселесін беруде автор өзіндік даралық қолтаңбасын танытқан. Себебі, жұмыс бабымен жолы тоғысқан, қызметі ғана емес жас мөлшерінде де көп алшақтық бар, білдей мансап иесінің алдымен Ақкүнге көзі түсіп, емеурін білдіруі, тіршілік талқысымен ұмытылып кеткен бұл жайттың көп жылдар өткен соң қайта жаңғыруы – повестің өн-бойын ұстап тұрған негізгі арқау. Қаламгер өз кейіпкерінің мектеп жасындағы балауса сезімі, алғашқы рет ұнатқан баласына жанындай құрбысының сатқындық жасауы, ғашығының інісінің мұның қыр соңынан қалмауы арқылы үлкен ой тастайды. Жаратылысынан адал, сезімтал қыздың жан түкпіріндегі құпия қоймасын ақтаруда жазушы психологизмнің ең ұтымды әдісі – күнделікті қолданған. Жан баласына ашық айта алмайтын жүрегін құрсаған толқыныстарын, аяулысына деген бал сезімдерін, өмірінің өкініші мен шаттығын, өзіне деген бағасын беретін Ақкүннің күнделігінің әрбір күні эмоциялық хал күйге, жан сілкіністерінің сипатын танытатын тұнып тұрған лирикалық прозаның ғажайып үлгісі. Ешкімге қиянат, сатқындық жасамай, өз жанының жұмағымен өмір сүруді қалайтын қыздың арқа сүйеген ханзадасы мүлде кереғар жан. Ақшаны оңды-солды шашқан белді мекеме басшысына Ақкүннің байлану себебі – оның ақшасы емес, ғашықтығын айтып үздіккен сөздері мен азаматтық қамқорлығына, мейіріміне шөліркеуі. Сондықтан да ол барлық жағдайлардан бас тартқан. Әйтеуір көзсіз көбелектей байланып қалған қыздың жан дүниесіндегі арпалысты сезімдерді ашуда жазушы елес, ішкі монолог, түс, диалогтарды қыздың жиған жүгіндей ғажап қиюластырған. Осындай әдіс арқылы ғана кейіпкерлерінің, әсіресе адамдық болмысы оқырман алдында сатылап ашыла бастайды. Ақкүннің өзі құрметтеген, жанына серік тұтқан ағасына деген ынтықтығы артқан сайын Аманның да ақиқат бейнесі таныла бастайды. Ақкүн үшін аяулы сезім мен тәтті сөздер Аман үшін күнделікті кез келген уақытта беті жылтыраған қыз келіншекке қиналмай айта салатын қалыпты сөздер. Оны жаман адам деуге болмайды. Өз кәсібін дөңгелеткен, қарамағында сан мың қызметкері бар мекемені ұстап отырған беделді басшы. Сырт қарағанда бақытты отбасының отағасы. Повесте Аманның отбасымен қарым-қатынасы, сүйіп алған жары Асылханға деген көзқарасының өзі бөлек әңгіме етерлік мәселе. Шығармада бір отбасындағы туыстықтың, әке, бала, немере арасындағы дәстүрлі қарым-қатынастың құрдымға кетіп бара жатқандығы, оның себепкері кім деген мәселенің жауабы ізделеді. Әкелік, аталық парызын ақша, дүниемен айырбастап, елден артық үй-жай мен көлік, қызметпен қамтамасыз ету деп ұғынатын Аманның отбасы мүшелерінің бет-бетімен жүруі бүгінгі бірқатар қазақ отбасына тән жағдайлар. Жат үрдістерден жұқтырған жаман үлгі. Жастай қосылған жарының жеңіл жүрісін қанша жасырып, бүркемелеумен күні өтсе, келін, құда-құдағидан қысылмай жасы келген сайын жеңіл жүрісін өршіткен Аманның қылығы жасыруға келмей қалады. Себебі, бұл қылығын ол өмірдің заңы, серіліктің шарты деп есептейді. Аманның жолын айнытпай көшірген, самолетпен шетелде түстік ішіп, бірнеше қабат бір үйді бір өзі иемденіп, түске дейін бір көлік, түстен кейін бір көлік мінетін дарақы еркетотай қызының бейнесі де бүгінгі астамсынған талайлардың өмір сүру нормасы. Аман даңғойлығының көшірмесі, шетелге кеткен ұлы Демеудің де Дэвид болып өзгеріп, сан жылдар туған жерге ат ізін салмауы заман шындығы. Бала жастан жоқшылықтың зарын тартып өскен Асылханның жақсы тұрмысты иемденіп, бала сүйіп, әйелдік бақытқа бөленгендей көрінгенімен, іштей бақытсыз күй кешетін жағдайын тағдыры арқылы берген. Сырт көзге бәрі әдемі, үйлесімді. Әйеліне онан артық не керек деп есептейтін Аманның әйелінің жан әлеміне үңілетін құлқы да уақыты да жоқ. Тіпті, ашықтан-ашық кез келген төменетектіге айырбастап жүре береді. Жазушы Аманның әйелінің қызғаныштан жасаған қылықтарын баяндайтын тұста жылы юмормен өре отырып, нанымды суреттейді. Оның бұл істерін отағасының назарын өзіне бұрудың, отбасы бақытын сақтаудың амалы деп ақтап алады. Әйелдің қалтасындағы есебі жоқ ақшасын кім-көрінгеннің аузына тосып, желге ұшырып жасарудың сан амалын жасап, Қытай мен екі араны жол қылатын әрекеттерін сипаттау арқылы да бүгінгі қыз-келіншектер өміріндегі өзекті мәселені қозғайды. Елге тұтқа боларлық отбасының ішкі сиқы осы. Атасы мен әжесі қайта жігіт, қыз болуды көксеп, жасарудың жолында, ал ұл-қызы бет-бетімен кеткен отбасының немерелері бұны түсіне алмай дал болуы да заңдылық. Бұл да бүгінгі қазақ өмірінің көлеңкелі жақтарының шынайы көрінісі деуге болады. Аманның өзімшіл, даңғойлығы бала жасынан дарақыланып, ата-әженің бар жақсысын ішіп жеп, ой түймей өскендігінде. Әжесінің қарсылығына қарамай үйленгенімен, әйелін құрметтемейді. Оның жаттанып кеткен тас бауырлығы, туған-туыстан қол үзген мейірімсіздігі, туған ата-анасына топырақ салуға да бармаған безбүйректігі, әжесі көз жұмған бойда бар малын сатып, қалтасын қампитқанына мәз болған қылықтары менменшіл, дүниеқоңыздық мінезін тереңдеп аша түседі. Осы штрихтарды авторлық баяндау арқылы бере отырып, жазушы кейіпкерінің адамдық болмысын ашудың өзгеше әдісін танытқан. Қолында билігі, астында тағы, қаржысы бар, беделі биік, өзін жарты құдай сезініп, «не істесем де өзім білем» дейтін жанның шын бейнесін танымай, оның жылы сөзі мен мейіріміне малданып, өзін-өзі жүнжітіп жүрген Ақкүннің жанжарасы мен арман-аңсарын да тереңдей берген. Өз-өзіне қанша қарсы тұрса да ағасына деген сезімі ырқына көнбейтін сезімінің құлына айналған қыздың қылығын беруде халық танымындағы бақсы- балгерлердің әрекеті өте шебер әрі нанымды қолданылған. Адам баласының тірі жанға ашқысы келмейтін сырларын бөліскісі келетін, соған демеу болатын сүйеніш күш іздеуі өмір шындығы. Ал жаратылысынан адал, намысшыл Ақкүннің бұрын өзі мән бермейтін түрлі бақсы-балгерді жағалап, олардың айтқан шарттарының бәрін орындауға тырысуы, сол үшін ақшасын да, анасы сыйлаған әшекейлерін де аямай құрбан етуі әйел жаратылысына тән нанымды суреттер. Осы тұста жазушының емшілік, соның ішінде дуалау, көріпкелдік сияқты ұғымдарға сеніп қоймай, халықтық сенімді терең, жан-жақты білетіндігі аңғарылады. Өз алдына бөлек күрделі бұл мәселе шығарма құрылымындағы кейіпкер болмысын ашудың бір тәсілі ретінде шебер қиюластырылған. Әсіресе, түн қараңғысында көршісінен күрек сұрап, Аманға оқылған дұғаның күшін қайтаратын заттарды саябаққа көму әрекеттері, көз алдында тұрған кілтті көрмей, асып-сасып абдырауы өте шебер, нанымды бейнеленген. Алайда, Ақкүннің жасап жүрген істерінің бәрі ізгілікке бағытталған. Оның бар мақсаты – сүйікті ағасын қалайда зиянды әрекеттерден тазарту, қорғау. Сол арқылы ғана оны өзіне бұруға болады. Дуаның және өзге адамдардың әсерімен ғана өзінен жырақтап жүр деп ойлайтын аңғал сезімі шығарманың шынайы суреттері. Бақсы-балгерге сену ежелден келе жатқан халықтық түсінік. Жазушы кейіпкерлерінің тығырыққа тірелген тағдырларын осы тақырыпқа қатыстыра отырып, бұл жайттың да бүгінгі күннің ең өзекті мәселелерінің бірі екендігін ғажап көрсеткен. Оның жай ескілік сенімнің сарқыншағы емес, құдіретпен байланысы бар қасиет екендігін көрмеген, білмеген адамы жайлы айнытпай болжай алуы арқылы және сертті сақтамаған бақсының өле алмай қиналу детальдары арқылы әдемі көрсете білген. Адамның әлсіздігін пайдалану арқылы оны табыстың көзіне айналдыру, оған сенген адамдардың аянышты тағдыры күнделікті өмірде кездесіп жататын кейіпкерлер. Тіпті, оған жоғары білімді, өзі елдің баласын оқытып жүрген Ақкүннің алдануы да көп жайды аңғартады. Ал сиқыр мен магияны ағайынды екі қыздың арамдық, азғындық жолында пайдалануы арқылы бұл мәселенің бүгінгі кері сипатын танытады. Ешуақытта маңдайы терлеп еңбек етіп көрмеген, ұры әкесі мен салақ, жүргіш шешесінен татымды тәрбие ала алмаған, арам аспен асырап баққан отбасынан өрбіген, анасы бір, әкесі бөлек екі қыздың ақша табу жолындағы арсыздық істері ойдан шығарылған оқиға емес, өкінішке орай бұл да бүгінгі біздің қоғамымызда көрініс тауып отырған өзекті мәселенің бірі. Ақша табу үшін арсыздық әрекеттердің қандайын да таңдап жатпайтын ағайынды қыздардың үлкені бұл істе тісқаққан тәжірибелі, күндіз көшенің, түнде түнгі клубтың көбелектері. Бір сұмдығы, әлгі азғын қыздың сырты жылтыраққа әуейі Аман басқарған білдей мекеменің хатшылығын атқарып, Аманның өзінде, оның ұжымында «ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстауы». Оның небір сұрқия істерінің кешіріліп, ашық-шашық тәніне, тәнін бұлдаған арсыздығына малданған Аманның адамдық кейпінің де айқара ашылар тұсы осы. Қасиетті қызмет орнын жынойнаққа айналдырған әрекетінің ақыры өз басын жұтатынын әуелде сезбейді, сезгісі де келмейді. Өзінің бір сәттік қызықтарына көңілі тоқ, шат-шадыман кейіпте күн кешеді. Оның осы нәпсіқұмарлық осалдығын пайдаланып, хатшысының күндіз-түні әзәзілдік айласын асырып жүргенін жазушы нанымды бейнелеген. Әсіресе, ағайынды екі қыздың диалог арқылы берілетін өзара әңгімесі олардың бар-болмысын айқара ашып қана қоймай, оқырманын жирендіріп, бойын мұздатады. Әрине, жамандық, арамдық жолы қашанда қысқа. Тіпті, ол бір анадан туған екі қыздың ақша, дүние үшін араздасып, бірін-бірі өлтіруге дейін баруы, ақыры екеуінің арамнан тапқаны бұйырмай қаңғып кетуі автордың арамдық, азғындықтың жолын тиюға деген шешімі. Повесті оқып отырып, көзсіз көбелектей жетпес қиялдың соңында алтын уақытын сарп еткен Ақкүнді ақтарыңды да, айыптарыңды да білмейсің. Бұл – жазушының адам болмысындағы еркіне бағынбайтын сезім арпалыстарының сырын таныту арқылы өзіне тән кейіпкер тұлғасын сомдай білетін қаламгерлік шеберлігін танытатын тұстар. Мира қашан да кейіпкерінің ішкі болмысына терең үңіледі. Өзімен-өзі іштей арпалысқа түскен кейіпкердің өзін-өзі қоштауы, кінәлауы, қолдауы, жазалауы, қуануы, өкінуі арқылы кейіпкер болмысының бөлектігін даралайды. Бұл – психологиялық прозаның амал-әдістерін терең меңгерген қаламгер қабілетінің өзіндік болмыс-бітімі дегім келеді. Осынау өзің өмірде көзің жетіп, куә болған жайттардың көркем тіл, өрнекті сөз, сыршыл сезім арқылы мөлдіретіп қағазға түсірген қаламгер қыздың талантты туындысы арқылы өмір сырына қайта үңілесің.
Дүйсенгүл ЖАҚАН,
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты фольклортану бөлімінің аға ғылыми қызметкері.