Хан Тәңірінен қанат қаққан қыран
ҰБТ-ға дейін мектеп бітірушілер қазақ әдебиетінен шығарма жазатын. Алтын медальға ұсынылғандардың шығарма жұмыстары білікті мамандардан жасақталған аудандық, облыстық сарапшылар тексеруінен өтіп, лайық деп танылғаннан кейін ғана медаль иегері бола алатын.
Бір жылы облыстық сарапшылар мүшесі ретінде Алматыға шақырылдым. КазПИ-ден оқушы шығармасы туралы еңбек жазған ғалым, облыс мектептерінен тәжірибелі екі-үш мұғалім облыстық оқу басқармасы бастығының бұйрығымен тексерушілер құрамына еніппіз. Оқу министрлігінен арнайы өкіл қатысып отырды. Өкілдің алдында шығарма тексерудің қиындығын сұрамаңыз. Тікеннің үстінде отырғандай қиналып-ақ бітесің. Қол жүрмейді. Жанарың бір сөйлемге байланып қалғандай. Өзі шыққан төбесінің биік болуын қалаған білім басқармасы қызметкері: Министрліктің өкіліне кемшіліктерді көрсетпеңдер дегендей, бізге ым қағып қояды.Өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай сауысқандай сақтықпен, асқан ептілікпен жұмыстарды дін аман алып шығуды міндеттейтіндей. Іштей арпалысып, әлекке түсіп, жанды шүберекке түйгендей қиналыс үстінде бейтаныс үміткерлердің тілекшісіне айналғанымызды өзіміз де байқамайтынбыз. Сонымен шығарма тексеру – жүйкеңді жүндей түтіп, бойдағы күш-қуатыңды сорып алатын өндіріс секілді.
Жұмыстан соң Тұздыбастаудағы Нұрғали ағайымдікіне бардым. Зейнеп жеңгем әдеттегісінше құшақ жая қарсы алды. Қаланың қақ ортасында тұратын туыстар бола тұра осылай қарай жетелейтін жеңгемнің ыстық ілтипаты, ақ қардай кіршіксіз көңілі, айрықша құрметі болса керек. Бұ жолы да етженді денесін жеңді игеріп алдымнан күліп қарсы алды.
– Өңің келіспей тұр ғой. Ауырып қалғаннан саумысың? – деді бетіме қарап.
– Шаршағандікі ғой. Күні бойы шығарма тексердік.
– Ой, тәйірі-ай, со да жұмыс боп па? Дәп бір жер қазғандай…
– Жеңге-е, біздің жұмыстың қасында жер қазу әлдеқайда жеңіл.
О кісі қайтып сөз таластырмады. Жеңгемнің қоңыр қызыл шайынан кейін шаршағанымды да ұмытып, тыңайып сала бердім.
– Әй, қыз, – деді жеңгем көңіл күйімнің қунақ тарта бастағанын байқап. Әлгі Сағат бауырың үлкен бастық болыпты. Ақжарма тілегімізді білдіріп, құтты болсын айтып шықпаймыз ба, – деді құдды ауылдағы көрші үйлердің біріне бас сұғатындай-ақ. Сағат бауырың дегені Сағат Әшімбаев.
– Дұрыс айтасыз. Қазақ ССР телевидение мен радио хабарлары жөніндегі мемлекеттік комитеті төрағасының орынбасары еді, енді төрағасы болды.
– Елден шыққан бір ұлдың қуанышына ортақтасу да жақсылық қой. Анасы Сәйіпжамалмен кезінде тонның ішкі бауындай тату құрбылар едік.
Осы сәт өткен күндерден бір сурет көз алдымда тұра қалды. ҚазПИ–дің филология факультетін бітіріп, дипломның қолға тиюін күтіп жүрген кез. Курстас жігіт институтты бітіру кешіне шақырды. Бардық. Анадайда терезенің алдында бейтаныс екі жігіт отыр екен. Жанары тұңғиық ойлы, қара торысын шырамытатын секілдімін.
– Сағатсың ба? – дедім қасына жақындап.
– Иә. – Ол да орнынан жедел көтерілді. Мен де сіз бе, сіз емес пе деп отыр ем. Сағаттың ҚазГУ-де оқитынын білетінмін. Ойланып қалдым. «Туыс жақын емес, жүріс жақын» деп бұрынғылар бекер айтпапты-ау. Бір ауылдың тумасы болғанымызды қайтейін, бір-бірімізді жыға танымадық. Ойлап қарасам, өйтетіндей жөніміз де бар екен. Ауылда мектеп жеті жылдық. Оқуын аудан орталығындағы Нарынқол орта мектебінен әрі қарай жалғастыратындар да бар. Жеті кластық біліммен шектеліп, еңбекке араласатындар да кездеседі. Мен бастауыштан соң Нарынқол орта мектебінде оқып, сол мектепті бітірдім. Ағайым Жұмабектің қызмет бабымен ата-анаммен бірге көрші аудан орталығы Кегенге қоныс аударып, елден ерте жырақтадым. Сағаттың Сарыбастау ауылындағы (Қарасаз) орта мектепте оқитынын құлағым шалған. Алғыр ақылды бала боп өскенін, мектепті алтын медальға бітіргенін естіп жаттық.
Елге бір барғанымда, Сағаттың үйленгенін естідім. Сағаттың келіншегі жүзінен нұр төгілген өте ибалы, көргенді келін екен. Апалап іші-бауырыңа кіріп кетеді. «Жақсыда жаттық жоқ деген сол, әне», – деп сүйсіне сөйлеген әңгімеші.
Бірде Алматыдағы мұғалімдер біліктілігін арттыру институты методисінің шақыруымен қалаға жолым түсті. Жұмысымды тәмамдап, жазған-сызғандарымды қалдырып кету мақсатымен «Қазақстан әйелдеріне» бас сұқтым. Әдеміше келген ақ сары өңді бөлім меңгерушісімен ә дегеннен-ақ әңгімеміз жараса кетті. Сөй-лесе келе Сағаттың зайыбы Шәрбану екенін білдім. Кішіпейіл, инабатты келін атанған журналист, жазушы Шәрбану Бейсеновамен осылай таныстым.
Батыс, Шығыс классиктерін оқуды мектеп қабырғасынан алғыр жас іздегенін кітаптан тапты. Уақыттың жасампаздық құдіретін Сағат ерте ұқты. Дүниеге шыр етіп түскен сәби он жылдан кейін бала, жиырма жылдан кейін әке боп өзгеретінін, уақыт үстемдігімен қарияға қалай айналғанын адамның өзі де сезбей қалатынын жақсы біледі. Сондықтан уақытқа есе жіберіп алмау жағына баса назар аударды. Бұның бірден-бір жолы – әр минутты кәдеге жарата білу. Уақытты желге ұшырып сайран салуға жұмсайтындар кейін бармақ шайнайтынын көріп те жүр. Сағатқа Алла берген
ақыл, парасаты, дарыны жолында кесе көлденең жатқан кедергілерді былай ысырып тастап, ілгерілеуге жол ашты. Дарынның 99 пайызы еңбек деген екен бір ғұлама. Еңбектену, іздену нәтижесінде жиырманың ішінде-ақ «Сын мұраты» еңбегін жарыққа шығарды. Осы еңбегі үшін Қазақстан комсомолы сыйлығының лауреаты атағын иеленді. «Талантқа тағзым», «Парасатқа құштарлық» кітаптарын оқырмандармен қауыштырды. Жасындай жарқырап жоғарғы қызмет орынтағына отырды, өзі болған қыз төркінін танымайды психологиясынан аулақ еді. Жоғарғы қызмет халықтан биік еместігін, үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсетуді жастай санасына сіңірген Сағат кішілік-кісілік өнегесінен айныған емес. Оның қатар жүрген үзеңгілестері, қоян-қолтық араласатын інілері, туыстары Сағаттың кеуде қағу әдетінде жоғын қашан көрсең сол – ақжарқын қалпынан айнымайтынын тілге тиек етеді. Зейнеп жеңгем екеуміз Сағаттың үйіне ат басын тіредік. Сағат үлкен ұлы екеуі бізді сыртқы есік алдында күтіп тұр екен. Сағаттың сондағы бейнесі осы уақытқа дейін көз алдымда. Бізді көріп туған ауылы Жамбыл көшіп келгендей қуанды. Амандық-есендік сұрасқан соң, есік ашып бізді алға оздырды. Қонақ бөлмеге бастады. Шәрбану да келіп амандасып мәре-сәре. Билік орынтағы отырғандарды төменгілерді көрмейтін, көрсе де көзге ілмейтін, жоғарыдағылар алдында қоғадай жапырылатын мінез қалыптастыратыны туралы оқығаным аз емес. Сондықтан әлгінде осылай қарай келе жатып іштей күдіктенгенмін. Бұным бекер екен. Сол бізбен қауышу сәтіндегі Сағаттың ойлы жанарынан шашыраған қуаныш ұшқындары, аңқылдаған ақ пейілі туған жеріне деген сағыныш белгісіндей еді. Шәрбанудың асы піскенше әңгіме айтып, жалғызсыратпады.
Қонақ бөлмесінің төрт қабырғасы сірескен кітаптар. Батыс пен Шығыстың кілең ұлылары осында жиналғандай әсер етті. Менің кітапқа қарайлап отырғанымды байқап: «Біздің бар байлығымыз –осы», – деді. Дарыны дара, жолы сара Сағаттың ыстық ілтипатына бөленіп, жылы лебізін естіп марқайып қалғанымды несіне жасырайын. Жақсы да, жақсылық та баршаға ортақ деген ғой. Аз ғана уақытта Сағаттың биік адамгершілігіне куә болдық. Тұла бойы тұнған өнегеден сомдалғандай еді. Өзінің іс-қимылдары арқылы ұлына үйге келген қонақты, үлкендерді қалай қарсы алып, қалай сый-құрмет көрсетуді ұқтырғандай. Сағат қамшының сабындай қысқа ғұмырында елінің ертеңіне қызмет етті. Адами болмысымен, адамгершілік сипаттарымен жастардың үлгі тұтар азаматы, тұлға боп қалыптасты.Күні бүгінге дейін Сағаттың жылы бейнесін көкіректерінде сақтаған жастар баршылық.
Біз әңгімелесіп отырғанда Сағаттың сыйластықтары жарасқан інілері үш жігіт келді. Ішінде Тұрсынжан Шапай бар. Қалғандары есімде жоқ. Шәрбану бәрімізге дастарқан жайды. Күні бойы жұмыста кешке табалдырығынан аттаған қонағын жайдары жүзбен қарсы алып, дәм татқызуға әбден төселген отанасының жүзінен еш кейістік, реніш сызы байқалмайды.
Ер-азаматын сыйлаған қашанда қонақжай дәстүрімізді жалғастырушы шаңырақтың алтын діңгегі деп ұқтық отанасын.
Тамақтан соң риза қош көңілімізді білдіріп, үйге қайттық. Былай шыға бере жеңгем: «Айды толғанда көр, жігітті болғанда көр» деген. Сағат бойына ойы, ақылына көркі сай жігіттің сұлтаны бопты. «Тфа-тфа», тіл көзден сақтасын. Жақсы әйел де жігіттің бағына бітеді. Екеуі бір-біріне бап қосылыпты. Көңілді майдай ерітетін елпілдеген аңқылдақтығын айтсаңшы. Ой, айналайын. Алла көсегесін көгертіп, бағы жана берсін», – деп күбірледі.
Неге екені қайдам, Сағатты ойласам, тасты жарып шығатын аконит деп аталатын шөп тамыры есіме түседі. Көргендердің айтуына қарағанда, аконит түнде өзінен жарық шығарып тұрады екен. Елім деп өмір кешкен Сағаттың жаратылысын емдік қасиетімен адамдарға тек пайдасын тигізетін аконитпен ғана ұқсастық табамын.
Тұрсынхан ШӘЛДИБЕКҚЫЗЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.