ҰСТАЗ
Танымалдылықты Тәңірден бір сұрап, адамнан бір сұрап иемдене алмай жүргендер қаншама. Ал біздің кейіпкерімізге мұндай бедел өз қалауынан да тысқары жағдайда келді деуге толық негіз бар. Бұл сөзімізге мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың білікті ұстаз Аягүл Төреқызы Миразоваға Еңбек Ері атағын беру туралы Жарлығы куә. Себебі, елдегі ең жоғарғы билік инстанциясына ешқандай жалғандықтың құзыры жүрмейтіні айтпаса да белгілі. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасындағы тұңғыш Еңбек Ері атағы елге еңбегі сіңген көрнекті екі тұлғаға берілді. Олардың бірі – әдебиетіміздің классигі Әбіш Кекілбаев, екіншісі – елге белгілі ұстаз Аягүл Миразова болатын.
Елдің түсінігінде Әбіш Кекілбаев – әдебиеттің классигі болса, Аягүл Миразова – педагогиканың классигі.
Жаңаша оқытудың негізгі атқарушы күші – жас ұстаздар. Дегенмен, педагогикалық институт бітірген көптеген жас мұғалімдер қазіргі кезде мектепке жұмысқа баруға онша құлық таныта бермейді. Өйткені, мұғалімдердің қазіргі жалақысы бүгінгі тұрмыстық қажеттілікті өтеуге жеткіліксіз. Сондықтан мамандығы бойынша жұмысқа келгендердің біразы көп ұзамай басқа салаға ауысып жатады.
Оның үстіне мұғалімдерді аттестациялау деген шаруа тағы бар. Осының бәрі жас мұғалімдерді білім беру ұйымдарынан шеттетеді деп есептейді тәжірибелі педагог.
Ол кісінің айтуынша, он жылға дейінгі өтілі жоқ мұғалімдерге тұрақты жалақы төлеу тәртібін енгізу қажет. Ал одан кейінгі жалақының өсу шарттары бюджетке қатысты анықталса, құба-құп.
Өкінішке қарай, қазір жалақыны есептеу тәртібінде жұмыс өтілі 20 жылдан асқан мамандардың еңбегі көп жағдайда ескеріле бермейді. Осындай олқылықтардың жиынтығы түптің түбінде білім беру жүйесіндегі кемшіліктерге әкеліп соғады деп есептейді Аягүл Миразова.
Тәжірибелі маманның пайымынша, ұстаздың кәсіби білігі, одан да бетер танымдық білігі – саланы өркендетудің басты кепілі. Әсіресе, оның жас ұстаздарға қатысы үлкен. Өкінішке қарай, қазіргі педагогикалық оқу орындарын бітіріп келген жас ұстаздардың білім деңгейі заманауи білім беру жүйесінің реформаларын жүзеге асыру талабын қанағаттандыра алмай отыр.
Аягүл Төреқызы мұның сырын қазір қоғам арасында екіұдай пікір тудырып отырған ҰБТ төңірегіндегі күрделі жағдайдан іздейді. Себебі, ҰБТ-ның жағдайын министрлікте отырған мамандардан гөрі тікелей осы шаруаға іс жүзінде басшылық жасап отырған маман педагогтың жетік білуі заңды.
Кейіпкеріміздің айтуынша, қазір педагогикалық оқу орындарына негізінен ҰБТ жүйесі бойынша 50-60 балл жинаған түлектер қабылданып жатады. Ал ондай шәкірттің басты мақсаты – түптің түбінде мектепке келіп, оқытушылықпен айналысу емес. Оларға керегі – базалық білімі бар деген диплом алу ғана.
Соған орай, тәжірибелі ұстаз болашақта ұстаз болатын нағыз мамандарды білімді түлектер арасынан іріктеп таңдау керек деп есептейді. Алда-жалда мұғалімнің жалақысы молайса, қазіргідей мұғалімдер тапшылығын бастан кешпес едік, керісінше мұғалімдік орын тапшы болар еді деп тұжырымдайды Аягүл Төреқызы.
***
Аягүл Миразованы толғандырып отырған тағы да бір мәселе бар. Ол – әлі де болса басынан дау арылмай тұрған, тың үдерістер мен әлемдік деңгейдегі реформалардың қарсаңында тұрған білім беру саласының бұқаралық ақпарат құралдарындағы насихаты.
Тәжірибелі ұстаз алдымен салаға байланысты сол саланың қыр-сырын жетік білмейтіндердің қоғамдық пікір тудыруына қынжылады. Қазіргі қолданыстағы ең танымал ақпарат құралы – теледидар. Газет-журналды жұрт тегіс оқи беруі де күмән тудырады. Ал теледидарды үлкендерді айтпағанда, салаға тікелей қатысы бар балалар да жаппай көріп, ондағы жақсылы-жаманды пікірлерді бойына сіңіреді.
Аягүл Миразованың айтуынша, телеарналар кейінгі кезде мектептердегі қол жеткен табыстардан гөрі кездейсоқ, келеңсіз оқиғаларды жиі жарнамалайтын көрінеді. Әлбетте, қоғамның барлық саласы сияқты білім беру жүйесі де кінәратсыз емес.
Маман есебінде біздің кейіпкеріміз оны жақсы біледі. Алайда, кейбір теледидар хабарларына қарағанда, «мұғалімдер – негізінен азғын, бұзақы, білімсіз, тіпті ұстаз деген мәртебелі атақтарға лайықты емес, кездейсоқ біреулер» сияқты. Соның бәрінің саланы, оның қыр-сырын жетік білмеуден туындайтыны айдан анық.
Қандай қиын жағдай болса да, ұстаз өзінің азаматтық ұжданын сақтап қалуды парыз санайды. Яғни Шәкәрім қажыша айтқанда, «Нысап, әділет, мейірім – үшеуін қосып айтқанда ұждан бар».
Біздің кейіпкеріміз қазіргі мектепті ұстап тұрған да осы нысап, әділет, мейірім деп біледі. Әрі оны өзінің ұстаздық жолында басты қағида етіп ұстанады!
***
Соңғы кезеңнің формациялардың өзгеруіне байланысты реформаны барынша көп кешкен бір саласы – білім беру жүйесі. Оның себебі де айқын. Ағымдағы саясат пен социологиядан да дерегі кемел Аягүл Төреқызы бұл орайдағы сан алуан пікірлер тасқынын кертартпалық деп емес, мемлекет ұстанып отырған саясатты дұрыс жүзеге асырудағы игі ізденістер деп қабылдайды. Соған өзі де қоғамның бір мүшесі есебінде үлес қосуға тырысады.
Бір қуаныштысы – қазіргі қоғамымыздағы оң ізденістерге деген қолдау жоғары. Бүкіл қоғам болып ізденген әрекеттердің басты бағдарға алынуының өзі – ғажап жағдай.
Аягүл Миразова қазіргі қоғамда әр түрлі даулы пікір тудырып отырған үштұғырлы тіл мәселесіне де бейжай қарай алмайды. Оны ұрпақтың болашағы деп түсінеді. Әрі бұл саясатты ұстаздармен қоса, ата-аналардың да қолдағанын қалайды.
Шынында да үш тілді меңгеру – ағымдағы заманауи талап. Бірақ білікті ұстазды осы игі мақсатты қандай әдіс-тәсілдермен және қандай жолдармен жүзеге асыруымыз керек деген сауал алаңдатады.
Қазіргі қоғамда дау тудырып отырған үштілділік мәселесінде де тәжірибелі маман өз пікірін білдіреді. Үштілділікті игерудің сынақтан өткен екі жолы бар деп есептейді.
Оның біріншісі – оқу жоспарындағы вариативтік сағаттарды пайдаланып, жалпы орта мектептердегі қазақ, орыс, ағылшын тілін оқытудың апталық сағаттарын арттыру.
Екіншісі – қазіргі «Дарын», «Назарбаев зияткерлік мектебі» сияқты заманауи білім ошақтарын көбейтіп, ондағы қабілет мүмкіндіктері ерекше балаларды жаңаша оқыту қажет. Өйткені, аталмыш білім ошақтарында тиісті материалдық-техникалық оқу базасымен қоса білікті кадр мамандар да жеткілікті.
***
Бауыржан Момышұлынан «Бір жаққа сапарға шықсаң алдымен өзіңе қайда бара жатырмын деп емес, қайдан келе жатырмын деп сұрақ қой» деген данышпан сөзі қалды. Бұл тұжырымды жағрапиялық тұрғыдан емес, пәлсапалық тұрғыдан қарастыру қисынды екені айтпаса да түсінікті.
Мәселе адамның ұшқан ұясына, туған жеріне байланысты.
Бүгінде кең байтақ Қазақстан Республикасына танымал білім беру ісінің маманы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері болып отырған Аягүл Төреқызы Мира-
зованың балалық шағы тарихи Тараз жеріндегі айдын шалқар Билікөл өңірінде өтіпті.
Кейіпкеріміздің әкесі кешегі дүркіреп өткен Ұлы Отан соғысына қатысып, екінші дәрежелі мүгедек болып оралыпты. Алайда, ол кісі айтқан сөзге де, өз ісіне де берік, айналасындағы жақын туғанын ешқашан алалап бөлмейін, қолынан келсе адамға жақсылық жасауға дайын тұратын өте адамгершілікті кісі болыпты.
Аягүл Төреқызын жақсы білетін адамдардың айтуынша, көрнекті қоғам қайраткерінің қазіргі елге танымал тұлғасының қалыптасуында осы Төре ақсақалдың үлкен ықпалы болғанға ұқсайды.
Қазақы түсінікте қыз бала алдымен анасына тартып тууға тиіс. Ел-жұрты Аягүл Төреқызының анасы Зухра туралы да ұдайы жылы пікірлер білдіреді. Зухра апамыз өте салмақты да сабырлы, артық ауыз сөзі жоқ, не айтса да ойланып, толғанып барып сөйлейтін данышпан кісі екен.
Біздің кейіпкеріміздің бір отбасындағы тоғыз баланың тұңғышы. Жалпы, педагогикада тұңғыш баланың өзінен соңғы іні-қарындастарына тигізер әсері мен ықпалы туралы жиі айтылады. Бұл орайда Аягүл Төреқызының соңынан ерген бес інісі мен сіңлісінің де жолы болғаны сөзсіз. Өйткені, алдарында өздері үлгі тұтарлық, үлгі тұтуға татырлық, ел танып мойындаған әпкелері болды.
Бүгінде бір қауым елге басшы болып отырған белгілі тәлімгердің белсенді қызмет еткен жылдары ел тарихындағы өтпелі кезеңге дөп келді. Күні кешегі тоталитарлық кезеңде қазақ мектептерінің, жалпы қазақша оқу ісінің қаншалықты қысым көргені әммеге аян. Айналасы оншақты жылдың ішінде республика бойынша 700-дей қазақ мектебінің жабылып қалғаны туралы деректер бар.
1991 жылы ашылған іргелі қазақ орта мектебіне директор болу туралы ұсыныс айтылғанда да Аягүл Төреқызының көкейінде осындай ұлт болашағын ойлаған патриоттық ниет жатты.
Ол кезде өзі директор болып баруға тиісті мектеп салынғанына 100 жылға жуық уақыт болып, ескіріп тозған, бұрынғы 8 жылдық орыс мектебінің ғимаратына орналасқан болатын. Оның үстіне қазақша білім беретін база да тапшы еді.
Жалпы, республикадағы қазақ мектебін ашуға атсалысқандардың арасында аса белсенділік танытқан адамдар ішінде қазақтың белгілі қаламгер жазушысы Шона Сма-
ханұлының аты аталады. Сондай-ақ, сол кезде Чехов атындағы орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің маманы Дәрия Сарқытбаеваның да осы бір игілікті шараға айтарлықтай үлес қосқанын білеміз.
Ал бүгінде өзі басқарып отырған №159 қазақ гимназия-мектебінің ашылуына күш салғандардың арасында Аягүл Төреқызының өзімен қоса белгілі өнер қайраткері Асқар Тоқпанов пен қоғам қайраткері Жүніс Ыбыраев бар.
Сол кезеңнің ауыртпалыққа толы сәттерін біздің кейіпкеріміздің өзі былайша толғана есіне алады:
– Сонау тәуелсіздігімізді енді ғана алып, оңымыз бен солымызды жаңа тани бастаған тұста ашылған бұл мектептің алғашқы күйі тіпті мүшкіл десе де болар еді. Өзі ескі интернаттың орнына ашылған. Алғашында бар-жоғы 300-ге жетпейтін оқушы оқыды. Мектепте жөні түзу не парта, не тақта болған жоқ. Күрделі жөндеуден де өткізілмеген, үшінші қабат толы темір төсек еді. Алғашында мемлекет тарапынан да мардымды көмек бола қоймады, себебі мектептің орнына ашылған мектепке ешнәрсе берілмейтін. Сонымен қоса ол кездегі елдің жағдайы да нашар еді ғой. Дегенмен, мектептен балалар саны жылдан-жылға көбейіп, ата-аналардың да қызығушылығы арта түсті. Олар оң көзқарас танытып, мектебімізге шама-шарқы келгенше көмек көрсетті. Қазақ «Бай болсаң халқыңа пайдаң тисін, батыр болсаң жауыңа найзаң тисін» демей ме? Міне, ата-аналардың балалары үшін жасаған көмектерінің арқасында аяғымыздан тік тұрып кеттік…
***
Бүгінгі таңдағы қоғамдағы ең әлсіреп тұрған саланың бірі – ұлттық тәрбие екені күмәнсіз. Осыны ескерген білікті ұстаз өзі басқарып отырған білім ошағының жанынан ұлттық этнотәрбиеге ден қойған «Әжелер» клубын ашты.
Атының өзі айтып тұрғандай, бұл жерде есімізге Абайды тәрбиелеген Зере, Шоқанды тәрбиелеген Айғаным сияқты әжелеріміз түседі.
Қазақ жағдайында әжелердің үлкен культі бар. Жасөспірім бала қашанда алдымен сол әженің тәлімі мен тәрбиесінен үлгі алады.
Жалпы, мектеп жанынан құрылған «Әжелер» клубының артында қазақ қоғамында орны ерекше әйел тақырыбы жатыр. Сонау матриархат заманынан бері әйел адамның отбасымен қоса, қоғамды тәрбиелеудің басты тетігі болғаны дау тудырмайтын шындық. Оған байланысты қазақтың ұлы жазушысы Ғабит Мүсіреповтен қалған «Әйел оянбаса, еркек тұрмайды» деген қағида тағы бар.
Осының бәрі Аягүл Төреқызының қоғам мен мемлекетке, тұтастай қазақ халқына, оның болашағына сіңіріп отырған үлкен еңбегі дер едік.
***
Аягүл Төреқызының елге танымал болған тағдырының Алматыдағы Ыбырай Алтынсарин атындағы №159 гимназиясымен байланысты екенін танымдық сана жақсы біледі.
Мектептің педагогтар ұжымының кәсіби деңгейі де жоғары. Мәселен, мектепте 16 жоғарғы санаттағы ұстаз, 34 «Білім беру ісінің үздігі», 4 «Еңбек ардагері» медалінің иегері, 2 «Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі», 6 «Ы.Алтынсарин» медалінің иегерлері, 23
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасының иегерлері еңбек етеді.
Әлбетте, дәл мұндай білікті ұстаздар еңбектенетін мектеп республикада жоқ десе де болады. Осының өзі-ақ Аягүл Төреқызы басқарып отырған білім ошағының Қазақстан Республикасының болашағына қосар сыбағалы үлесінің айқын айғағы.
Ақтолқын Күлекеева,
«Үздік педагог» төс белгісінің иегері.