Ол өз қиялымен ғана өмір сүрді
Алақандай мақаланың қағазға түсердегі азабын қараңыз! Алпысбай Шымырбаев, Алпаң… Иә, кіммен бірге кім оқымай жатыр, ашқұрсақтау студенттік дәуірдің ащы-тұщысын кім-кіммен бірге татпай жатыр.
Мұның бәрін тізе берсеңіз, бірінен соң бірі жалғасын тауып, тізбектеле беретін – «түске кірер қызық дәурен». Бәлкім, сол кезде оның «қызық дәурен» болғандығына кімнің таласы бар дейсіз, ал қазір өткен шақты қаншалықты сағынышпен еске алайын десең де, ара-тұра бір өкініштің салқын сызы жонарқаңды «жалаң қылыштай» тіліп өтеді екен. Неге? Осы сұрақ белгісінің тасасына жасырынған талай тағдыр иесі, мына біз куәгер болған сәл күрделілеу заманның қызық-шыжығын бірге көруге, әрбіріміздің басымызға түскен ауыртпалықты һәм қуанышты жағдайларды да бірге бөлісуге толық құқы бар сол боздақтардың жарқын бейнелері еске түскенде, әлдебір қатты түйіннің тамағыңнан не ары, не бері өтпей қинайтындығын жасырып қайтейік?! Бүткіл курстың бар баласы құшағына сыйса ауырсынбай көтеріп алып, қамкөңілділерінің маңдайларынан сипап, ауылдан келіп, қала тіршілігін бейнебір жұмақтай сезінгені соншалық, баяғы еркетотай мінез-құлықтарынан арыла алмай жүргендерін: «әй, шешек, ойнақтап жүріп от басып алма, сессия жақын, Қожекеев ағайдың бір қаһарына іліксең, одан оңай құтылмайтындығың есіңде болсын» деп кең пішілген кеудесімен, кіршіксіз пейілімен әрқайсымыздың жүрегімізде мәңгілік сақталып қалған Би-апаңның, Бибігүл Мәтенованың жарқын жүзін ұмытуға бола ма?! Қайран Ғабиден Құлахметов қандай азамат еді! Жазушылар одағындағы басшылық қызметте жүргендігіне қарамай, курстастары дегенде қалтасын-дағы соңғы тиынын санап беруге дайын тұратын, жазу-сызумен айналысып жүргендерге қолынан келер көмегін аямайтын, «ана батырдың аяқалысы жақсы еді ғой, тіршілік қамытына жегіліп, қаламнан қол үзіп кеткеннен сау ма?» деп өткен-кеткенге сұрау салып жүретін. Ербол Шаймерденовтың ақындығымен қоса, көсемсөзшілдігі, рәмізтанушылығы, аудармашылығы, қиын жерден жол тауып кететін ақылдылығы және жаңаша ойлай білетін қабілет-қарымы осы күндері бәрімізге қажет болып тұр! Күні кешеге дейін әкімшілік қызметтен қол үзбеген Омар Әпековті, өзі де сұлу, шығарған әні де, әуелеген әуені де сұлу Марат Нұрқалиевті, жер қозғалса қозғалмайтын сабырлы мінезге бай Оразхан Жарқынбековті, жүзінен шуақ шашып жүретін Төрехан Рамбердиевті, қолына қандай шаруа алмасын әлінің келгенінше тиянақты, мұқият, аса жауапкершілікпен орындап шығатын Арынғазы Мырзағалиевті, дүниені топан су қаптаса да көп қинала қоймай, жағасы жайлауда жүретін Рысбек Сүгірбековті, қайда жүрсе де ел-жұрттан хабар алып тұратын, күлсе де барымен ақтарылып күлетін Қайыпжан Сегізбаевты… аз-маз тіршілігімізге шүкірлік айтып, аман-есен жер басып жүрген біздердің, біздің ұрпақтарымыздың ұмытуы мүмкін бе?! Бұл жайсаңдарға қандай теңеу айтсаң да жарасар еді, бірақ бүгін бар болмысыңды аққа ұйытып отырып, «жатқан жерлерің жұмақ болсын, жүздерің пейіште шалқысын, сендер көрмеген қызықты бала-шағаларыңа бұйыртсыннан!» басқа не дерсің!
Уақыт шіркіннің ұшқырлығына көз ілеспейді. Алпысбай Шымырбаевтың о дүниеге аттанғандығына да қырық күн толды. Өмір-ай! деп бет сипайсыз амалсыз. Алпысбай университет партасын сынып партасынан ажырата алмай, біраз жылын арман құшағында өткізді. Ұяң, өзгелердің өзеуреген сөздеріне де көп қосыла бермейтін, «ұрып кетті, соғып кетті»-ден басталып, ақырында «міне, мені көрдіңдер ме, мен пәленшекеңнің сеніміне ие болдыммен» аяқталатын, ары-арасында көңілі кеткен қыздарын киноға қалай шақырғандығын, саусағын алғаш рет қалай қысқанын айтып, түннің бір уағына дейін ыстық демі басыла қоймайтын студенттер қауымының бітпейтін де қоймайтын «жыр-дастандарынан» да бойын аулақ ұстайтын. Өзімен-өзі бұйығылау тірлік кешті. Біреудің ойқастап алдына шығу, «шығармашылық ортада» ретін тауып өзін көрсету, көсемсіп сөйлеу, қағазға түскен алғашқы «шимайының» сиясы кеппей жатып жұртқа жария ету – Алпысбай рухымен сыйыспайтын құбылыстар еді. Университет қабырғасында жүргенде-ақ мектептегі соңғы қоңырау әсерлерін әдемілеп «тасқа басып», мектеп тақырыбына көбірек қалам тартып жүретін жас журналистің бірден жолы болды. Бала психологиясын бес саусақтай білетіндігі былай тұрсын, кейде білдей маман, университет тәмамдағандығын есінен шығарып алып, өзі де бала болып кетуді «кейін шегінуге» баламайтын Шымырбаев «Қазақстан пионері» басылымында біршама жыл жемісті қызмет істеді. Пайымдауымша, Алпысбайдың қаламы осы кезеңде ұштала түсті, бала жанын жан-жақты түсінуге тырысты, балаларға қандай шығармалар керектігін де ой сарабынан өткізе білді. Білгендігі өз басының пайдасына шешілді. Жазушылар одағындағы сан түрлі сессияларда балалар тақырыбына үзбей қалам тартып жүрген Шымырбаевтың есімі дуалы ауыздардан әркез құрметпен айтылып жүрді. «Үміт құсы», «Қарлығаш ұя салған шаңырақ» атты балаларға арналған әңгімелер жинағы осы жылдар
ішінде дүниеге келді. Кейін бұлары «Ғарышкер қазақ қызының махаббаты», «Бас поштадағы жаңғырық», «Хош иістер әлемі», «Егіз мұнара» секілді жинақтарға жалғасты.
Алпысбайдың бала мінезді жүріс-тұрысынан ба, әлде тірі жанға жамандық тілемейтін кіршіксіз ақ мақтадай ақ көңілінің әсерінен бе, әйтеуір жұрт Шымырбаевқа еркелегісі, не оны еркелеткісі келіп тұратын. Бір-екі ауыз әңгімелері-ақ кісіні көп-көрім әсерге бөлейтін. Оның бойында жалғандық сезімі атымен жоқ-ты. Әлдебір құрдастарының әзіл-қалжыңдарын да ол өмірдің шынайы құбылыстары деп қабылдайтын. Әзілге әзілмен жауап беруінің арғы астарында да философиялық пайымдар тұншығып жататын. «Білім және еңбек» журналында, «ҚазГор» жобалау академиясының баспа орталығында, өмірінің ақырғы күндеріне дейін Алматыдағы Орталық музейде қызмет істеді. Бұл орайда оның тыңғылықты, жазған мақаласынан шашау шығармай діттеген мақсатын «ондыққа» дәл тигізетіндігін қайталағымыз келіп тұрған жоқ, айтқымыз келгендігі – оның қарапайым, бір есептен елеусіз ғана айтыла салатын ауызекі әңгімелерінің де бірден «Деген екеннің» қармағына ілігіп, ел арасына ертегідей тарап кететіні еді. Себебі, Алпаң (кейде есімі өстіп өркештеніп айтылатын) қандай ортада болмасын бөстекі, бос сөйлемейтін. Күнделікті тіршілік ағымына орай айтыла салатын сөз орамдарында да «мидың мың градустық домнасында» қайнап шыққандай сап-салмақты ой ағыстар бұрқ-сарқ қайнап жататын. Біреудің әдресіне бөгде сөз айту, біреуді ғайбаттау, тұзы татымсыз, ғұмыры қысқа, күндердің күнінде кәкір-шүкір болса да пайда көріп қалуым мүмкін-ау деген есеппен біреулерге жалбақтау, жарамсақтану – Алпысбай табиғатына жат мінез еді. Ол тек өз қиялымен ғана өмір сүрді. Осы тұсты әлі де шегелеп айтқымыз келеді: сыртқы дүниенің аласапыран тіршілігін елең қылмай, күн сайын балаққа жармасып жататын пенделік атаулыны да қаперге алмай, түнімен қадалып отырып қағазға түсірген екі-үш сөйлемінің ертеңінде асты-үстін аударыстырып, бір өшіріп, бір жазып, қашан елге ұялмай ұсынуға болады-ау дегенше байыз таппай, өз қиялымен алданып, көңіл демдейтін шабытты да содан алып, тып-тыныш өмір сүру қандай рақат! Бәлкім, бұл «шарықтауымыз» да сәл артықтау болар, ойламаған тұстан андағайлап алдыңнан шыға келетін күнделікті отбасының сан түрлі проблемалары да онсыз да жаны нәзік Алпысбайды сарсанкесекке салмады деп кім айта алар. Ол соның бәрін үн-түнсіз өзі қабылдап, бәрінің «айыпкерлігіне» өз жауырынын тосып үйренген-ді. Керек десеңіз, ол бір ауылда бірге өсіп, бір ауылда тәрбиеленген сүйікті жары Гүлжәмилаға да дауыс көтеруді «артық шаруа» деп есептейтін. Балаларын да солай, ине-жіптен шыққандай тәртіпті етіп тәрбиеледі.
Еларалық «Ғажайып Үндістан» журналының жарық көруі мен елге таралуы– Шымырбаев есімімен тығыз байланысты. Ол үшін жұмыстың ұсақ-түйегі деген болған емес, қандай істі болмасын барын салып, жан-тәнімен атқарып шыққанша тыным көрмей, жападан-жалғыз шапқылайтын да жүретін. Осы үнсіздік пен осы тынымсыздық байқаусызда жүрегіне жүк түсірді ме екен, а?! Әй, қойшы, тірілердің қайбір далбаса-сәуегейлігі таусылған… Алдың жарық, артың аман болсын, Алпысбай!..
Қуаныш ЖИЕНБАЙ.