Білімді қоғам – бәсекеге қабілетті қоғам
30.06.2017
2397
0

Лаура ДӘУРЕНБЕКОВА,
Назарбаев университетінің доценті,

филология ғылымының кандидаты

Сапалы білім алу – заманның талабы мен сыны.
Білім мен ғылымға қатысты көзқарас пен ұстаным әр ғасырда эволюциялық дамуды бастан өткеріп келеді. Ғасыр талабына сәйкес білім нарығында мықты бәсекелес көп. Заманалармен бекіген дәстүрлі кәсіп күрделі өзгерістерге ұшырап, жаңа мамандықтар легі жылдам көбеюде. Демек, білім алу, ЖОО-да оқуға қатысты көзқарастар да өзгеше. Қазір білімді адамның сипаты үлкен мазмұнға ие. Осы орайда сол мазмұнға лайық маман иесіне білім беруді көздеген Назарбаев университетінің іс-тәжірибесі жайлы сұхбатымыз биылғы жылғы түлектерге де ой салар деп ойлаймыз…


– «Баламды медресеге біл деп бердім» деген Абай заманынан бері қарай жылжысақ, бүгінгі ата-ана және түлектің өзі жоғары білім беретін оқу орнын таңдағанда, ең алдымен қандай жайттарға көңіл бөлуі керек деп ойлайсыз?
– Бүгінгі ата-ана баласының болашағы жарқын болуы үшін мамандық таңдауда қателес­тір­меуі керек. Көбінесе әкесі, не шешесі өмірде өзінің қолы жетпеген арманына баласының жеткенін қалайды да, әлі оң-со­лын тани алмаған баланы шатас­тырады. Әке-шешесінің қа­лауымен мамандық таңдаған бала өмір бойы қоғамнан өз орнын таба алмай жүрері анық. Сон­дықтан да балаға жоғары сыныпқа көшкеннен бастап, қоғамға қажетті мамандықтардың қыр-сырымен таныстырған абзал. Яғни оқу орындарына бағыт бере білу керек. Қазіргі кезде жоғары оқу орындарында арнайы мектеп бітірушілер үшін «ашық есік» күндері өткізіліп жүр. Онда абитуриенттер әрбір маман­дық бойынша ақпарат­тар ала алады. Кейбір оқу орындары аудан­дарға арнайы барып, оқу­шы­лар­мен кездесу ұйым­дас­ты­руда. Бұл, әри­не, бала ойына түрткі болар құп­тарлық іс. Қызығу­шы­лы­ғымен таңдаған ма­ман­дығына барған бала бола­шақта да өз ісіне жауап­кершілікпен қарайтын тұлғаға айналары сөз­сіз. Бір қуанарлығы, «балам оқысын, қайтсем де баламды оқы­туым керек» деген ұғым қа­лыптасқан. «Оқымаса да екі қолға – бір күрек табылады» деген түсінік жойылған деуге болады. Демек, қазіргі кезде қо­ғамда бәсекеге қабілетті болу үшін білімді бәрінен де биікке қоя білетін дәрежедеміз.
– Тәуелсіздік алғаннан бері білім және ғылым саласы көп ре­фор­маға ұшырады. Осы өзгерістер еліміздегі ЖОО сапасының жақсаруына әсер етті ме? Назарбаев университетінің мысалы аясында сондай өзгерістердің бірқатарын айтып берсеңіз.
– Жаңа реформаның аясында елімізде жоғары оқу орындары­ның көшбасшысы Назарбаев университеті бой көтерді. Бұл оқу орнын білім мен ғылым әле­мі­нің көкжиегі десек те болады. Заманауи құрал-жабдықтар­мен жабдықталған, халықаралық академиялық стандарттарға сай университет – білім сапасының жақсаруына ерекше әсер етері сөзсіз. Мамандықтарды айта кетсек: жоғары бизнес мектебі, жоғары білім беру мектебі, жо­ғары мемлекеттік саясат мектебі, гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар мектебі, медицина мектебі, ғылым және технология мектебі, инженерия мектебі. Ескере кететін бір жайт, маман­дықтар факультет емес, «мектеп» деп аталады. Оқу ағылшын тілінде жүргізіледі. Студентке академиялық еркіндік берілген. Демек, студент оқу жылының басында маман­ды­ғына сай мін­детті пәндерді қай семестрде оқығысы келеді – өзі таңдайды. Бі­рін­ші, екінші курс­тарда пән­дерді көбірек оқып, жоғары курс­та диплом жұмысымен айналыссам дейтіндер бар. Немесе жаздық демалыс күндерін қыс­қартып кейбір пәндерді аяқтап тастасам деп жоспарлайтындар да бар. Таңдау өз еріктерінде бол­ғандықтан, отандық бас­қа оқу орындарда­ғыдай курс-курс болып оқы­май, жоғары курс пен төменгі курс сабақтарда аралас отырады. Жақ­сы жағы студент кезі­нен-ақ, бала алға тал­пынуға, мақсат қо­йып, сол мақ­сатқа жетуге ұм­тылуға қа­лып­тасады. Жоспарлауды үйрене­ді.


Назарбаев университетінің студенттері білімге, ғылымға құштар. Университет аяқтамай жатып, ғылымдағы нәтижелерін көрсетіп жатыр. Студенттер шет елдерде өткізілетін түрлі конференцияларға, жобаларға қатысып, гранттар ұтып алып, білімдерін шыңдай түседі. Оқуды аяқтағаннан кейін де олар АҚШ, Ұлыбритания, Еуропа, Азия елдерінің белді жоғары оқу орындарында магистратура, докторантураға білімдерін жалғастыру барысында еш қаймықпай, психологиялық тұрғыда дайын болып барады. Басқа мемлекеттердің ғылымдағы тәжірибесімен танысып, пікір алмасудың студент үшін қаншалықты маңызды екенін осы университетте дәріс оқыған сәттен бастап сезіндім.


–Назарбаев уни­вер­ситетінде кімдер оқиды? Еліміздің жо­ғары оқу орындарымен салыстырғанда, оқуға тапсыру ерекшеліктері қан­дай?
– Бір қуанарлығы, университетте ауылдан шыққан қара­па­йым қаракөз балаларымыз көп. Осы арада олар «ағылшын тілін қалай, қайдан үйренген» деген сияқты сұрақтар туындайды.Өңірлердегі Назарбаев зият­кер­лік мектептері, білім және инновация мектептерінен келген бала­лар үшін ағылшын тілін жақсы меңгергендіктен, университетке түсу жеңілірек болады. Арасында орта білім беретін мектептердің де бітірушілері бар. Олар көбінесе өз еркімен, репети­торлардың кө­мегімен ағылшын тілін меңгер­гендер. Абитуриент алдымен даярлық мектебіне (Foundation)емтихан тапсырады. Бұл орта мектепті аяқтаған және жоғары акаде­миялық әлеуетке ие студенттерге арналған бір жыл­дық базалық курс. Мұнда универ­си­тет­­тің бакалавриат бағдарла­маларына дайындық жүргізіледі. Курсты оқудың маңызы өте зор. Баланың ағылшын тілі жетіледі, ағылшын тілінде лекция тыңдап көзі, құлағы үйренеді. Сондай-ақ, мамандық таңдауға да зор мүмкіндіктер ашылады. Жалпы, университетке тапсыру үшін nu.edu.kz сайтынан толық ақ­па­рат алуға болады. Тағы бір ескерте кететін жайт, талапкерлер уни­верситетке қыс, көктем мезгілдерінде тапсыратындық­тан, кез келген абитуриент алдымен осы университетке бағын сынап көруіне болады. Ал жаз айында еліміздің басқа оқу орындарына ҰБТ тапсыра алады.
– Өмірін ғылымға арнайтын студент жастарды тәрбиелеу, ғылымға ба­ғыт­тау ісі бүгінгі таңда қалай жүргізіліп жатыр?
– Назарбаев университетінің студенттері білімге, ғылымға құштар. Университет аяқтамай жатып, ғылымдағы нәтижелерін көрсетіп жатыр. Студенттер шет елдерде өткізілетін түрлі конфе­ренцияларға, жобаларға қаты­сып, гранттар ұтып алып, білім­дерін шыңдай түседі. Оқуды аяқ­тағаннан кейін де олар АҚШ, Ұлыбритания, Еуропа, Азия елдерінің белді жоғары оқу орындарында магистратура, докторан­тураға білімдерін жалғастыру барысында еш қаймықпай, пси­холо­гиялық тұрғыда дайын болып барады. Басқа мемлекеттер­дің ғылымдағы тәжірибесімен танысып, пікір алмасудың студент үшін қаншалықты маңызды екенін осы университетте дәріс оқыған сәттен бастап сезіндім. Сондықтан да Қазақстанның басқа оқу орындарының студент­теріне де осындай мүмкіндіктер жасалса деген тілек бар.Президентіміз Н.Назарбаев «Бо­лашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Басқалардың ең озық жетістіктерін қабылдай білу, бұл – табыстың кілті» деген болатын. Демек, жастарды ғы­лымға бағыттауды ерте бастап, өзгенің озық жетістіктерін қолмен ұстап, көзбен көрсетудің тиімді жақтары көп.
– Гуманитарлық ғылымдарды игеру бізге онша қиындық тудыр-майды деген түсінік бар. Жалпы, сол түсінік-таным дұрыс па? Бү­гін­гі таңда гуманитарлық салада еңбектеніп жүрген ғалымдары­мыздың еңбегі қазақстандық ғы­лым­ды қаншалықты биікке көтерді?
– Қайсы ғылымды алсақ та, қиындық тудырмайтыны жоқ. Мынау оңай, мынау жеңіл деп бөле алмаймыз. Рухымызды жаңғыртатын, патриоттыққа көш бастайтын – гуманитарлық ғылым. Қазақ Ұлттық универси­те­тінде білім алдым. Нағыз әде­би­ет­­танушы, тілші ғылым кори­фей­ле­рінің алдында дәріс тың­дадым деп мақтанышпен айта аламын. Осы ғалымдардың еңбегі маман дайындауда, ғалым дайындауда пайдаланылып жүр. Әлі де пайдаланылады. Ағылшын тілі заман талабы десек те, қазақ тілінде жазылған іргелі ғылыми еңбек­терімізді, ғалымдарымыз­ды сызып тастай алмаймыз. Қай­та ол­ар­дың еңбектерін ағылшын тіліне аудару арқылы әлемге таныламыз.
– Назарбаев университеті студенттерінің ортақ портретін жаса десе, оларды қалай бейнелер едіңіз?
– Назарбаев университетінің бүгінгі студенттері болашақта еліміздің көркеюіне үлес қоса­тын, үш тілді меңгерген бәсекеге қабілетті, еңбекқор, алдына қой­ған мақсатына жетуге ұмтыла­тын интеллектуалды көшбасшы тұлғалар болып шығады деп батыл айта аламын.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен Қ.СЕРІКҚЫЗЫ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір