Қырғыз төріндегі Отарбаев фестивалі
30.06.2017
2880
0

Қырғыз бен қазақ бауырластығы туралы әңгімені бастаған жан бірер ораммен тоқтай алмасы анық. Біздер үшін иек астындағы ғана болып саналатын өткен ғасырдан-ақ мысал іздесек, Жамбыл мен Тоқтоғұлдың сабақтастығын айтпай өте алмаймыз. Кенен Базар мен Назарын жоқтап, Алатаудың арғы-бергі бетін күңіренткенінде Оспанқұлдың қырық жігітпен арнайы іздеп келіп, басу айтатыны да бүгінгінің есінде. Ұлы Мұхаңның, Мұхтар Әуезовтің Шыңғыс Айтматовқа деген қамқорлығы, достығы қазақ-қырғызға ортақ әңгіме.
Белгілі жазушы-драматург, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Рахымжан Отарбаевтың драматургиясы негізінде Бішкекте өткен Қырғызстан театрлары фестивалінің ашылу салтанатында да қырғыз ағайындар бұл елдегі театрлардың дамып, өсіп-өркендеуі үшін қырғыз қаламгерлерімен бір қатарда Мұхтар Әуезов, Жұмат Шанин сынды қазақ азаматтарының да болғанын зор құрметпен еске алып жатты.
Қырғызстан Республикасы Мәдениет, мағлұмат және туризм министрлігінің қолдауымен, Қырғыз театр қайраткерлері одағы және Т.Әбдімомынов атындағы Қырғыз Ұлттық академиялық драма театрының ұйымдастыруымен өткен бұл фестивальде Қырғызстанның сегіз театры бақ сынады.

Шығармашылығы прозамен ғана емес, драматургиямен де ты­ғыз байланысты қаламгер, «Парасат» орденiнiң иегерi Рахымжан Отар­баевтың қырғыз елінде өткен бұл фестивалі нағыз мереке іспетті.

Фестивальдiң ерекшелiгi – кө­рермен бiр спектакльдi бiрнеше театрдың сахналауында көрiп, са­лыстырып, баға беру мүмкiндiгiне ие болды. Мұны қазылар алқа­сы­ның төрағасы, режиссер Еркін Жуас­бек те атап өтіп, «Бір замандарда біз Солтүстік Қазақстанда Ғабит Мүсіреповтің мерейтойына ұйымдастырылған фестивальде «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» спектаклінің сегіз түр­лі нұсқасын көргенбіз. Әр ре­жис­сердің бір оқиғаны сан түрлі жет­кізуінің, әр актердің бір бейнені әр түрлі көрсетуінің куәсі болған­быз. Бұл шығармашыл адамдардың шабытын шыңдайды», – дейді.
Р.Отарбаевтың қырғыз сахна­сын­да қойған әр спектаклі – қо­ғамдағы өзекті мәселенi кө­тередi.Қырғыздың екі бірдей теат­ры: «Тағдыр» (Т.Әбдімомынов атын­дағы Қырғыз Ұлттық ака­де­мия­лық драма театры) және «Жарык қайда» (К.Жантөшев атындағы Ыстықкөл облыстық музыкалық-драма театры) деген атпен сахна­ла­ған туынды – драматургтың «На­ша­қор туралы новелла» шығармасы әр түрлi интерпретациялануымен ерекшеленді. Екі театр қойы­лы­мын­дағы оқиға желiсi ортақ бол­ғанымен, ширығуы, актерлердің ойнауы басқа. Т.Әбдімомынов атын­дағы Қырғыз Ұлттық ака­де­миялық драма театры қойған «Тағ­дыр» спектаклінде сахна шы­мыл­дығы ашылысымен даңғаза му­зыкаға арбалып, секіре билеген жас­тар көрінеді. Еркінен айрыл­ған, албыр-жалбыр киін­ген тобыр топтың психология­сын қырғыз актерлар сәтті жеткізе ал­ды.


Иә, бұл қойылымда тағдыр бар. Екі қойылымның әрқайсысынан қал­ған әсер әр түрлі. Есірткіге еліт­кен бір сәттік әлсіздіктің соңы не­мен аяқталады? Нашаға еліккен жан­ның отбасындағы қарым-қа­тынас қалай өзгереді, нашақор ба­ласы бар отбасының мойнына ар­тылар салмақ қандай?
Рахымжан Отарбаевтың дәл осы «Тағдыр» әлеуметтік драмасын ерек­ше әңгімелеп отырған се­бе­бі­міз – бұл қойылым қырғыз теат­­рын­да рекордтық көрсеткіштегі шы­ғарма болып саналады екен. Қыр­ғыз театр қайраткерлері ода­ғы­ның төрағасы Жаныш Құлмам­бетовтің: «Көрші елдердің ешбір дра­ма­тургтері қырғыз театрына дәл осыншалықты жақын болған емес. Оның Т.Әбдімомынов атын­дағы Қырғыз Ұлттық академиялық драма театры сахналаған «Тағдыр» пьесасы көрерменге алты жүзге жуық рет көрсетілген. Бұл – тәуел­сіз Қырғызстан театры тарихын­да­ғы рекорд. Тек Шыңғыс Айт­ма­тов­тың «Ана – Жер-Ана»,Шат­ман Са­ды­бакасовтың «Ақ боз ат», Бексұлтан Жакиевтің «Әке тағдыры» шығармалары ғана мың­ға жуық рет қырғыз сахнасында қойыл­ған еді. Оның өзі Кеңес Ода­ғы кезінен бері қойылып келе жат­қан шығармалар. Ал Рахымжан Отар­баев қырғыз сахнасына ел тәуел­сіздігін алған уақыттан соң, 1994 жылы, «Әбутәліп әпенді» пье­сасымен танылды. 1995 жылдан кейін қырғыз театрында ұлы баба­лары­ның жолын жалғаған – Ра­хым­жан Отарбаев. Біз Әуезовтің төрт мықты пьесасын сахналасақ, Отар­баевтың 11 спектаклі 22 жыл бойы сахналанып келеді. Рахымжан – қырғыз бен қазаққа ортақ дра­­матруг», – деуінде қырғыз кө­рер­менінің қазақ драматургі шы­ғар­масына деген құрметі жатқан жоқ па?
Қырғыз драматургі Сұлтан Раев замандас қаламгер жайлы: «Ра­хымжанның өзгешелігі – бүгін­гі заман кейіпкерлерін көрерменге жеткізе алуында. Ол бүгінгі көрер­мен іздеген моральдік, қоғамдық зор мәселелерді қозғай алатын жазу­­­шы. Рахымжан Отарбаев дра­матур­гиясына арналған фести­валь­дің Қырғызстанда өтіп жатқаны – оған деген қырғыз сахнасының құр­­­меті, сыйы деп ұғыңыз», – дей­ді.


Жалпы, фестивальдің өтуіне қыр­­ғыз тарабы мұрындық болған екен. Ұйымдастырушылардың ай­туын­ша, 1995 жылы Р.Отарбаевтың «Абай – сот» деген пьесасы тұңғыш рет қырғыз сахнасында қойылып, жер­гілікті халық өте жақсы қабыл­дап­ты. 1994 жылы Т.Әбдімомынов атын­дағы Қырғыз Ұлттық акаде­мия­лық драма театрында тұңғыш рет Халықаралық Айтматов театры ашылады. 1995 жылы осы өнер шаңы­рағы «Жәмила» пьесасын сахналауға дайындалып жатқан тұсы екен. Шыңғыс Айтматов Бельгиядан телефон шалып: «Театрды қандай қойылыммен аша­сыңдар?» – деп сұрайды. «Жә­ми­ламен», – деп жауап береді мұн­да­ғылар. «Жәмила» 25 жылдан бері қойылып жатқан қойылым ғой. Басқа не бар?», – деген Шыңғыс Айтматовқа қазақ драматургі Рахымжан Отарбаевтың «Абай – сот» деген пьесасы барын жеткізеді. Бұл – Абайдың 150 жылдық мерейтойы тойланатын жыл еді. «Жәмиланы» тоқтатыңдар. Қойылымның премьерасына өзім келіп қатысамын. Театрды «Абай – сотпен» ашыңдар», – дейді Шыңғыс Айтматов. Сөйтіп, Халықаралық Айтматов театры Рахымжан Отарбаевтың «Абай – сот» қойылымымен ашылыпты. Қойылымға Шыңғыс Айтматовтың өзі қатысып, Рахымжан Отарбаевқа ба­тасын береді.

Арада жиырма жыл­­дан аса уақыт өткенде сол сах­на­ға жеке республикалық фес­ти­валімен келген Рахымжан Отарбаев: «22 жыл бұрын, 1995 жылы жап-жас қалпымда осы сахнаға кө­теріліп едім. Алдыменен «Әбу­тә­ліп әпенді», ізінше «Абай – сот» де­ген пьесамды қырғыздың ға­жайып режиссері Ескендір Ырыс­құлов қойып еді ғой. Абайдың рө­лін қырғыздың ұлы актері Советбек Жұмаділов сомдаған еді. Сол «Абай – сотты» жалғыз қырғыздың емес, қазақтың, әлем әдебиетінің патриархы атанған Шыңғыс Айтматов отырып тамашалаған. Тап осы арада ұйымдастыру шараларымен шапқылап, қомызын сайлап, сол кездегі мәдениет министрі Шолпанбек Базарбаев жүріп еді. Алдымызда қырғыз поэзиясының ғажап тұлғасы Сүйінбай ағам Ералиев, ғажап актриса Сәбира Күмішәлиева отыратын. Солардың ортасынан жақсыдан қалған көзіндей болып Омарсұлтан ағамның бүгінгі фес­ти­вальден табылғанына шүкір­ші­лік етемін. Шын мәнінде драматург ретінде тұсауымды кескен осы театр, осы сахна.


Фестиваль барысында әр театр өз шамасына қарай шеберліктерін көрсетті. «Актриса», «Қошалақтағы оқи­ға», «Жарык кайда?» спектак­ль­деріне мін таға алмаймын. Әри­не, сәл-пәл кемшіліктер болды. Бі­рақ оған да өкпелей алмаймын. Өйт­кені, бауырлас халық сенің мәр­тебеңді көтеремін деп күннің ыстығында, ораза айында елдің түкпір-түкпірінен ат сабылтып, бүкіл декорациясын арқалап келіп жатыр. Кім үшін, не үшін? Қазақ өнері үшін. Сондық­тан фестивальге қатысқан осынау театр ұжым­дарына зор алғыс біл­діремін. Қырғыздың мәдениет министрі Түгелбай Қазақовтың өзі осы фестивалді өткізуге нұсқау бе­ріпті. Қырғыз театрларында 22 жыл­дан бері менің пьесаларым сах­на­лануда. Мынау сол еңбегімді қо­рытындыла­ған фестиваль болды. Әйтпесе қырғызда керемет дра­матургтер аз емес. Шыңғыс Айт­матовтың шығармаларының өзі не тұрады? Кезінде есімі Одаққа танымал болған Мар Байджиев, Бексұлтан Жәкиев, Мұрза Қапаров, Сұлтан Раевтың шығармалары қазақ сахнасында да қойылып жүр. Бұлар елге кеңінен танылған драматургтер. Солардың ішінде менің фестивалімді өткізіп жатқандары қазақ өнеріне деген құрметтері деп білемін.
Мені алақанына салып, драматургия саласындағы қадамыма қолдау көрсеткен Шыңғыс Айтматов, Ескендір Ырысқұлов, Советбек Жұмаділов сияқты әруақтар әлі күнге мені желеп-жебеп жүр­ген сияқты сезінемін.
Әйтпесе қырғызда керемет дра­матург аз ба?», – деп ризашы­лы­ғын білдірді.
Қазылар алқасының төрағасы, өнертану ғылымының кандидаты, театр режиссері Еркін Жуасбек фестивальдің жалпы жұмысына былай баға берді: «Фестиваль» деген сөзді тікелей аударғанда «мереке» деген ұғымды білдіреді.
Р.Отарбаевтың қырғыз жерінде 20 жыл бұрын басталған драматург ретіндегі жолын түйіндеп, бірнеше театрды шақырып, пьесаларын қоюдың өзі де мереке емес пе? Әрине, бір фестивальмен, бір спектакльмен, бір автордың қойылым­да­рына баға беру мүмкін емес. Әр театр­дың, әсіресе Кеңестер өкі­ме­тінен келе жатқан репертуарлық театрларда қолданылатын режи­сер­лік шешімдердің неше түрлі ба­ғыты болады. Шығармашылық труп­­паның құрамына байланысты кей театр отты, жалынды жастарға, ал кей театр тәжірибесі мол үлкен актерларға сенім артып, солардың арқасында репертуарды толық­тырып отырады. Фестиваль аясында бірнеше қойылым көрдік. Бүгінгі таңдағы театр өнеріне ор­тақ режиссура деген саланың әл­сіз­дігіне, актерлік саланың ша­ла­пайлығына тағы да көз жеткіздік. Қойылымдарды бағалағанда ре­жис­серлік жұмысқа да, сахналық қойы­лымдағы актерлік шешімге де, жалпы ұжымның шығар­ма­шы­лық келбетіне назар аудардық.
Ең бастысы, түрлі театрлардың, актерлардың, театр саласындағы мамандардың бас қосып, бір-бірінің шеберліктерін байқау, пікір, тәжірибе алмасуы үлкен олжа болды. Бұл фестивальде бір спектакльді әр театр әр түрлі қойып жатты. Мұның да өз қызықтары бар. Бір кейіпкерді әр актер өзінше жасайды. Кейіпкер жасау үшін актердің қиялы көп әсер етеді ғой. Драматургтің жазғаны сол арқылы түрленеді. Р.Отарбаевтың өткір тілін, ұшқыр қиялын, астарлап жеткізетін шеберлігін сахналық үл­гіде әдемі дүние жасаған Т.Әбді­момынов атындағы Қырғыз Ұлт­тық академиялық драма театрының жанынан құрылған студияның «Актриса» спектаклі болды. Бүгінгі таңда комедия қою қиын. Олар фарс жүйесін тауып алған екен. Шын мәнінде студия­ның жастары осы спектакль арқы­лы тек театрдың ішіндегі ғана емес, жалпы адамдық мәселені көтерді. Олар бір театрдың ішіндегі оқиға­ны көрсете отырып, екі елдегі ке­лең­сіз­дік­терді әдемі, астарлы күл­кі­ге ұлас­­тыра білді. Әр актер өз ке­­йіп­ке­рінің характерін тапты. Қарап отырсаңыз, жеңіл жүріске, бай­лық­қа, оңай олжаға, атақ-даңқ­қа ұм­ты­латын адамдардың түрлі әрекеті, олардың талас-тар­тысы спектакльде жеңіл дүние сияқты көрін­ге­ні­мен, астарлы күл­кімен жақсы бе­ріл­ген. Қырғыз елімен мә­дени байланыс бұрыннан бар. Біз­дің театрлар осы елде өтетін фес­тивальдерге көп қатысады. Осы­дан үш жыл бұрын М.Әуезов теат­ры Бішкекте он­күндік өт­кізген. Қырғыз театрлары біздің ел­дегі болып жатқан фестивальдерге қатысып жүр. Тілі, діні, түбі бір халықтың етене араласуы өнердің дамуына, халық­тың рухани тереңдеуіне көп әсер етеді. Жал­пы, қырғыз ағайындар басқа ел­дің жазушысын өз елдеріне ша­қырып, арнайы фестиваль өткізуді бірінші рет қолға алып отырған көрінеді. Р.Отарбаев шығар­машы­лығына қырғыз театр­лары қатты көңіл аударып отыр»
Фестиваль барысында Рахымжан Отарбаевты қырғыздардың мәртебелі атағы – «Қырғыз өнеріне өлшеусіз еңбек қосқаны» үшін сыйлығымен марапаттады. Қыр­ғызстан Мәдениет, мағлұмат және туризм министрі Қазақов Түгел­байдың ра­зышылық хатын Министр кеңесшісі Әб­ділдаев Тыныш­тық Құрбанұлы табыстап, қ­а­лам­герге шапан жауып, құрмет көр­сетті. Сондай-ақ, қырғыз қа­лам­герлері Рахымжан Отарбаевқа қыр­ғыз әдебиеті мен өнеріне сіңір­ген еңбегі үшін Мемлекеттік сый­лық беру керегі жөнінде бастама көтерді.
Бішкекте өткен айтулы фестивальде сегіз қырғыз театры өнер жа­рыстырып, бақ сынады.
Бәйгеге қатысқандардың бәрi де орын мен сый-сияпаттан кенде қал­ған жоқ.
Ош облыстық Бабыр атындағы өзбек музыкалық-драмалық теа­т­рының шығармашылық ұжымы «Күзгүнүн сыры» спектаклі үшін (Қоюшы режиссер Еркін Байназаров); Қырғыз Ұлттық Т.Әбдімо­мы­нов атындағы театрдың шығар­ма­шы­лық ұжымы «Моно Лиза» қойы­­лымы үшін (көркемдік жетек­шісі Марат Қозукеев); Касымалы Жантөшев атындағы Ыстык-Көл облыстық музыкалық драма театры «Жарык кайда» шығармасы үшін (режиссері А.Кускаков);
Т.Әбді­момынов атындағы Қырғыз Ұлттық академиялық драма теа­т­рының шығармашылық ұжымы «Тағдыр» спектаклі үшін (Режиссері Егемберді Бекболиев); Қошқар музыкалық драма театрының шы­ғармашылық ұжымы «Моно Лиза – Мончок» спектаклі үшін (Қоюшы режиссер Жумғалбек Қарабалаев) марапатталды. Ең мықты дебют номинациясымен Т.Әбдімомынов атындағы Қырғыз Ұлттық акаде­мия­лық драма театры қойған «Моно Лиза» спектаклінде Барыс­тың рөлін сомдаған Қанболат Ата­қанұлы марапатталды.
Екінші пландағы ең үздік әйел рөлі сыйлығын Қошқар музыкалық драма театры қойған «Моно Лиза – Мончок» спектаклінде «Моно Лиза рө­лін сомдаған Элиза Тансыкова алды. Екінші пландағы ер адамның рөлі марапатын Қасы­малы Жантөшов атын­дағы Ыстық­көл облыстық му­зы­калық театры қойған «Жарык кай­да» қойы­лымында көрші шал­дың бейнесін сомдаған Шәршен Дүйшөнкулов алды. Бірінші план­дағы ер адамның рөлін үздік сом­дағаны үшін Бабыр атындағы Ош мемлекеттік акаде­миялық өзбек театры сахналаған «Күзгүнүн сы­ры» қойылымында атаның рөлін сомдаған Қырғыз Республика­сы­ның еңбек сіңірген артисі Махмуд Рахматов марапатталды. Әйел за­тының рөлін үздік сомдағаны үшін Т.Әбдімомынов атындағы Қырғыз Ұлттық акаде­миялық драма театры сахналаған «Тағдыр» әлеумет­тік дра­масында ананың рөлін сомда­маған Айсал­қын Оспанова жүлдегер болды.
Тақырыпты кәсіби деңгейде ашып бергені үшін Ш.Термечиков атындағы Шу облыстық театрының шы­ғармашылық тобы («Қошалақ­тағы оқиға».Көркемдік жетекшісі – Асыл Нәбиева) және Б.Кыдыкеева атындағы Жас көрермендер театрының шығармашылық тобы («Моно Лиза». Режиссері – Е.Ша­ла­баев) марапатталды.
Бас жүлдеге «Актриса» пьесасын сахналаған (режиссері – Еркін Егем­бердиев) Т.Әбдімомынов атын­­дағы Қырғыз Ұлттық акаде­мия­лық драма театрының жанынан құрылған студияның жастары лайықты деп табылды.

Бас жүлде ие­ленген театрға қаржылай сый­лық­пен қоса, Р.Отарбаев: «Сахнаға жиі шығып, ысыла берсін, үлкен ортаны көрсін деп, күзде Атырау қаласына театрдың гастрольдік сапарын ұйымдастыруды мойныма алам», – деген уәдесін берді.
Қырғыз театр қайраткерлері ода­ғының төрағасы Жаныш Құл­мамбетов: «Қырғызстан театр қай­раткерлерінің «Эргүү» («Шабыт») ұлт­тық театр сыйлығында ғана осын­дай ірі жүлде қоры бар. Басқа кез келген деңгейдегі (респуб­ли­калық, халықаралық) қырғыз фес­тивальдері мұндай ірі жүлде қо­рымен әзірге мақтана алмайды. Р.Отарбаев драматургиясының не­гізінде өткен бұл фестивальдің жүлде қоры отандық театрлар үшін ре­корд. Бұл жағынан да театр ұжым­дары атынан алғыс білдіре­міз», – деген алғысын жеткізді.


Бішкекке Қазақстанның түпкір-түпкірінен жеткен бір топ қаламгер, өнер қайрат­керлері: Несіпбек Дәутайұлы, Жұмабай Шаштайұлы, Мереке Құлке­нов, Сұраған Рахметұлы, Сүлеймен Шадкам, Еркін Жуасбек, Мұхтар Байжұманов, Сансызбай Бекболатов, тағы бір топ қаламгер қауым Атабейітке барып, 1937 жылы атылып кеткен боздақтардың, Шыңғыс Айтматовтың, 2013 жылғы Сәуір оқиғасы құр­бан­дарының әруағына бағыштап құран оқып, рухына тағзым жасады. Одан бөлек, Шыңғыс Айтматовтың музей-үйінде қонақ болып, қаламгерінің басқан ізіне дейін айрықша құрмет көрсетіп отырған қырғыз жұртының ілтипатына бөленді. Қазақстаннан және шетелдерден арнайы жеткен қонақтардың құрметіне Бішкек қаласындағы Ала-Тоо алаңында әр күні кешкісін әр театр ұжымы концерттік бағдарлама әзірлеп, сый көрсетті.  Ежелден бір туған қос халықтың бауырластығы мәдени шаралар арқылы тіптен арта түскендей сезілді…


Тыныбек Сыдықов,
театртанушы, Қырғызстан Мәдениет, мағлұмат және туризм министрлігінің өнерді дамыту басқармасының бас маманы

Қырғыз-қазақ бауырластығы театр қойылымдарынан да байқалады

– Р.Отарбаев шығармаларына қойылған фестивалінде қай шығарма сізге көбірек ұнады?
– Қазақ-қырғызға ортақ драматург Рахымжан Отарбаевтың фестиваліне Қырғызстан аймақтарынан келген сегіз театр қатысты. Әр түрлі жанрдағы шығармалар сахналанды. Әрине, репертуарға, режиссураға, актерлік шеберлікке байланысты берер бағамыз да сан түрлі. Өзіме «Актриса» қойылымы ұнады. Т.Әбдімомынов атындағы Қырғыз Ұлттық академиялық драма театры жанындағы студияның студенттері, театр табалдырығынан енді аттап келе жатқан жас балалар ғой. Қойылымның режиссуралық шешімі тамаша. Қойылымда динамика, үйлесім бар. «Менмін» деген ұлттық кәсіби театрларды артқа қалдырып, жас талаптың алға шығып кеткені қуантты. Фес­тивальде әлеуметтік тақырыптардың сахналанғаны ұнады. Қазір әлемде сан алапат соғыс жүріп жатыр. Сол соғыстардың ең ауыры, ең қорқы­ныштысы нашамен күрес. Күллі ұрпағың есірткіге уланса, басқа ұлттық мұраттарға қалай жетпексің? Сон­дықтан бүгінгі қоғамда өзектібұл проблеманы театрлар жақсы алып шықты.
– Бүгінгі қырғыз театры, қыр­ғыз ғана емес, жалпы театр кө­теруі керек тақырыптар қандай деп ойлайсыз?
– Әуелі, қырғыз жайына тоқ­­­талайын. Біздің театр түрлі қиын­дықтардан өтті. Енді-енді бо­йымызды тіктеп, еңсеміз тү­зу­­лене бастады. Осы күні қыр­ғыз театрлары көптеген алыс-жа­қын шетелдерден қан­жығасы майланбай қайт­пайды. Иә, біздің жастардың да заманауи техниканы құп көріп, рухани дү­ние­ден, кітап оқудан, театрға барудан алшақтап кеткен тұстары болған. Шүкір, осы күні заманауи техникадан да адам қатты шаршайтыны белгілі болды. Жастар театрға көптеп келе бастады.
Ал дүниежүзі жағдайына келер болсам, тақырыптан бұрын, олар­дың театр мамандарын даярлау дәстүрі жайлы көбірек айтқым келеді. Еуропа елдерінде бір ғана Шекспирді екі жыл оқып, талдайды. Олардың театр мамандарын даярлайтын дәстүрі еш мызғымайды. Сөйткен алапат дәстүрі бар, салтына мығым ағылшындар, өзге де Еуропа жұртына қазақ барса, қырғыз барса олар біздің өнерімізге таңдай қағып, тамсанады. Демек, біз, ең алдымен, ұлттық дәстүрі­мізді, мінезімізді сақтап, оны бүгінгі қоғаммен қабыстыра білгенде ғана өзгеге тартымдымыз.
– Ұлттық сипатты сақтау демекші, қазіргі заманғы қырғыз қа­лам­герлерін Қырғызстан театрлары қаншалықты жиі сахналайды?
– Былтыр біздің елде «Тарих және мәдениет», биыл «Иман, әдеп жә­не мәдениет» жылы деп екі жылдан бері қырғыз мәдениетіне, өнеріне, руханиятына, оның ішінде драматургияға да ерекше көңіл бөлінді. Жастарды тәрбиелеу ісі жолға қойылды. Театр және сын бойын­ша жастар түрлі курстардан өтті. Қырғызстан театрларында қойы­лымдардың 60-70 пайызы қырғыз жазушыларының шығар­малары болуы тиіс деген талап бар. Театрлардың барлығы: қырғыз, орыс, өзбек, Опера және балет, ұлттық, облыстық, аудандық деңгей­дегі шығармашылық ұжым осы талапқа сай қызмет етеді.
– Алыс-жақын шет елдермен, оның ішінде түрік мемлекеттерімен тәжірибе алмасу жұмыстары қалай?
– Өте жақсы. Қазақстаннан, Өзбекстаннан, Тәжікстаннан маман шақырамыз, өзіміз де сол театрларға барамыз. Күні кеше ғана Сәбит Досановтың бір шығармасымен Астанаға барып келдік. Тәжікстанның театры Баткенге, Оштағы өзбек театры Ташкентке барып, олар бізге келіп, қойылымдар қойылып жатыр. Өзбектер ақша бөліп, «Бауырым» деген шығарманы бірлесе сахналадық. Қазақстанның біршама қаласында түрлі фестивальдерге қатыстық. Одан бөлек, Рахымжан Отарбаев драматургиясы бойынша ұйымдастырылған фестивальдің де екі елдің шығармашылық байланысын арттыруға септігі тиері сөзсіз. Жалпы, бір-біріміздің шығармаларымызды барынша көп сах­наласақ, туыстық, бауырлық қарым-қатынасымыз беки түспей ме. Бұл жағынан алғанда, ауыз толтырып айтар мысал баршылық. Қыр­ғыз-қазақ бауырластығы театр қойылымдарынан да бай­қа­лады.
– Әңгімеңізге рахмет!

Қарагөз СІМӘДІЛ.
Алматы – Бішкек – Алматы.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір